ЕЛ ТІРЕГІ – ЕЛБАСЫ

06-05-13-news_2

Еліміздің барлық аймақтарындағы мектеп оқушыларының Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың түр-тұлғасы, болмыс-бітімі, парасат-пайымы туралы шығармалары «Пре­зидент пен Перзент» кітабында жария­ланған. Олардың жүректен шыққан жазба­ларында   Елбасының ерен еңбегі, ел үшін ат­қарған істері жөніндегі ой-толғамдары шынайы­лықпен суреттелген.

ЕЛБАСЫ АЛДЫНДА ӨЛЕҢ ОҚЫДЫМ

Мен тарихы терең, рухы мықты елдің ұрпағы екенімді мақтан тұтамын. Бастауыш сыныпта Отан, жер, ел туралы өлең, мақал-мәтелдерді таласа жаттап алғанымыз болмаса, тереңіне бойлай бермеппіз.

2008 жылы Астана күніне қарсы Астана құрдастары Елбасымен кездесуге мүмкіндік алды. Барлық  сынақтан өтіп, Елбасына оқушылар атынан өлең оқитын бірден-бір оқушы ретінде мені таңдады.

Әрине, мен көп іздендім, Елбасы туралы оқыдым, еліміздің тарихи жолына көз жүгірттім. Бұл кездесу менің көзқарасымды өзгертіп қана қоймай Отанға, елге, жерге деген сүйіспеншілігімді арттыра түсті. Балаң жүрегімде шоқ пайда болды десем де, артық болмас.

Ақордадағы  Президент резиденциясында біз Елбасыны күтіп тұрған сәтте, ол ертегі кейіпкеріндей жан-жағына шуағын шашып келе жатты. Қазақ «Патшаңды әмір тұт» деп бекер айтпаған ғой. Қазақтай елдің патшасы бекер адам емес екенін сол сәтте-ақ түсіндім. Елбасы бізге қарап тұрып: «Балалар, мынау жасалып жатқан істің барлығы сендер үшін, сендердің оқып, білім алуларыңа, қызмет етулеріңе қандай да болмасын, қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, әлі де жасайтын боламыз», – деді. Мен енді ғана түсіндім, ен далаға қолмен қойғандай күрделі архитектуралы әсем ғимараттар, көздің жауын алатын гүлзарлар, ойын-сауық орындары біздің игілігімізге қызмет етеді екен. Қандай бақыттымыз, балалар!

Біздің ата-бабаларымыз ұлтарақтай жер үшін қанын төккен даламызда бүгінгі ұрпақ «Тәуелсіз Қазақстан» деген мемлекет орнатты. Халқына жарқын болашақ сыйлаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегін халқы көрегендік деп бағалайды.

Жеке ел болып, ішкі-сыртқы қарым-қатынасымызды жолға қойдық. Сарыарқаның төсіндегі жаңа қала – Астана әлем елдерін мәмілеге шақыратын, келісім мен бейбітшіліктің қаласына айналды. Бүгінде Президентіміз еткен еңбегінің, төккен терінің нәтижесін халқымен бірге көруде. Елбасымыз көшбасшылық қасиетін мемлекет руханиятының еңсесін тіктеп, ертеңін болжаған шағында қапысыз танытты. Нұрсұлтан атамыздың жастардың білім алуына жасап жатқан игі істері өте көп. Елбасының «Болашақ» стипендиясы бойынша жыл сайын гранттың көбеюі біздерді еріксіз қызықтырады. Президент жыл сайынғы халыққа Жолдауында білім, ғылымға ерекше көңіл бөлуде.

Ұлы Абай айтқандай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар-мінез деген нәрселермен ғана озбақ». Ендеше, жастарға жасалып жатқан әрбір қадамды қалт жібермеуіміз қажет. Біз, жастар, Тәуелсіз елдің болашағын Елбасы бізге аманат етіп отырғанын жақсы түсінеміз.

Елбасымен кездескен сәттегі балаң жүрегіме түскен шоқ отқа айналып, мені келешекте Назарбаев Уни­верситетіне жетелесе деп армандаймын.

Біздің Елбасы – кемел Көшбасшы.

     Ақбота БЕЙБІТ,

     №61 орта мектептің 8 «А» сынып оқушысы.

     Астана қаласы.

 

БІЗ ЕЛБАСЫМЕН МАҚТАНАМЫЗ

Кеудесіндегі жүрегі «Мен қазақстандықпын» деп соғатын әрбір қазақ жері тұрғынының мақтанышына айналған Астана күннен-күнге бой түзеп, әсем де сұлу ғимараттарымен көздің жауын алады. Шет  елден келген қонақтарымыз Астананың көркіне тамсанып, халқының қонақжайлығына таңдай қағады.

Өз мемлекетімізде өткізілген Азиада ойындарында көк туымыз 32 рет көк аспанда желбіреп, әнұранымыз қырандай қалықтаса, Лондонда өткізілген Олимпиадада 13 рет желбіреп, спорт майталмандары елімізді әлемге паш етті. Осы кезде «О, бабалар, армандарың орындалып, үкілі үміттерің ақталып, аманатың сақталып, елің танылып, жүректер жарылып жатыр», – деп жар салғым келді. Көңіл-күй серпілісімен сырымды ақтарсам, оның еш айыбы жоқ деп ойлаймын. Менің көңілімді серпіп, жүрегімді тербеп отырған бүгінгі күннің жеңістеріне жеткізуші, елін Абылай бабамның ақ жолымен, Махамбет бабамның өр рухымен басқарып отырған еліміздің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Әрбір ел басқарушының бойында елін соңынан ерте алатын, оған қамқорлық, жанашырлықпен қарайтын қабілет болуы тиіс. Осының бәрін мен Елбасының бойынан көремін. Бүкіл әлем мойындап, қабілетін танып, көре­гендігіне бас иіп отырған Елбасын мақтаныш тұтам. Оның Қазақстан халқына жолдаған Жолдауындағы «Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, XXІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру. Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақ мерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады»  деген сөздері соның нақты дәлелі емес пе?

Мен Елбасымды мақтамаймын, онымен мақтанамын. Олай болса, білекті түріп, сананы оятып, оған қолдау көрсету – бүгінгі күні біздің міндетіміз.

Менің балаң жүрегім болашағымның жарқын, көңілім шат, білімім терең болуы үшін жан аямай тер төгіп жүрген Президентімнің әрекеттерін түсінеді, сезеді. Сондықтан да мен: «Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнгі қиындықтарынан тайсалмай, халқымды соқтықпалы, соқпақсыз жолдан алып шығып, дұрыс бағытын таңдап, ата-баба жолын жалғастырып, Ұлт Көшбасшысына айналған Елбасы, Сізге көп-көп рақмет! Бұдан әрі де ел тірегі болып жүре беріңіз», – дегім келеді.

Қазақ халқының бүкіл ғұмырында ата-бабам ұстаған бөрілі көк байрағы желбіреп, елі ынтымақта, жері бейбітшілікте болуы – ұрпақ тілегі. Елбасы – сол елдің тірегі. Ал біз, өсіп келе жатқан жас ұрпақ, Елбасымыздың тіреуі бола аламыз!

    Мөлдір АҚҚАЗИЕВА,

     Б.Момышұлы атындағы  №131 мектеп-лицейдің

     9 «А» сынып оқушысы.

     Алматы қаласы.

 

ЕРЕКШЕ ЕСІМ

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев…  Иә, бұл есімді еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін біледі. Халқымыз Елбасыға үлкен сенім артты. Сенім жүгі ауыр. Сол салмақты жүкті біздің Тұңғыш Президентіміз биік адамгершілікпен, адалдықпен жоғары деңгейде атқарып келеді. Ол елді ең қиын да шешуші тұстан алып шықты. Мына ғасыр  – ғаламтанудың жаңа кезеңі. Әлем кеңістігін кезіп кете алатындай деңгейде көкірек оянды. Осындай кезеңде мықты саясаткердің елді басқаруы бізді қуантады.

Нұрсұлтан деген есімі өзіне сай. «Нұр» деген – барлық адамға бірдей құйылатын шуақ. «Сұлтан» деген мырза ұғымын береді. Елімізде ел басқару ісінде сәтті қадамдар жасап, айналасына нұр құйып, мырзалық танытып келеді. Сол еңбектің нәтижесі – елімізде бейбітшілік пен келісімнің мығым орнауы, 130-дан  астам ұлттардың тату-тәтті өмір сүруі.

Көреген Елбасы барлығымызды үнемі алда болуға шақырып келеді. Өзінің де өмір баспалдақтары оңай болмаған. Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған ол бүгінде ұлтымыздың көшбасшысына айналды.

Елбасы дүниеге келген күн Астана қаласының туған күнімен қатар келеді. Астананың ауысуы – тарихқа алтын әріппен жазылатын үлкен оқиға. Күннен-күнге көркейген сүйікті қаламыз сәулетті де сәнді Елордаға айналды.

2012 жылдан бастап жаңа мемлекеттік мейрам күнтіз­беге енді. Желтоқсан айының бірінші жұлдызы – Президент күні. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлы 1991 жылы бірінші  желтоқсанда халықтың басым  даусымен ел қалаулысы атанды. Осы жылдар ішінде Қазақстанда және шет  елдерде көптеген мәдениет орындарының бой көтеруі Елбасы есімімен тығыз байланысты. Алматы және Анкара саябағында ескерткіш орнатылса, Иордания мен Түркия мемлекетінде көшелерге аты берілді. Қазақстанда Назар­баев мектебі мен Университеті бар. Әлеммен терезесі тең Назарбаев университетінің ашылуы – үлкен жетістік. Әлемді мойындатқан Кембридж университетінің қуаты мен күшіне бір жылдары қызыға қарасақ, қазір соған қол жеткізіп отырмыз.

Өз халқына қолынан келген жақсылықтың бәрін жасап жатқан Елбасымызбен мақтанамыз. Осындай іргелі мемлекетті басқару үшін асқан көрегендік, білім, адамгершілік керек. Осы қасиеттердің барлығы тал бойына тоғысқан Президентіміз –халқымыздың ең таңдаулы адамы.

Нұрсұлтан аға еліміздің саяси көкжиегінде керекті кезеңде бой көрсетті. Өрге тартқан өмір көшінің ең алды болуымыз, ең алдымен, осы кісінің еңбегі. Оған табиғат жағымды дауыс, мықты денсаулық, асқан парасат сияқты қасиеттерді берген, үнемі  алысқа қарайды. Ұлы ойшыл Сенеканың «Бұл әлемде біздің қай жерде тұрғанымыз емес, қандай бағытта жылжып бара жатқанымыз маңыз­ды»  деген қағидасын басшылыққа алады. Сондықтан да «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспарын жасады. Жыл сайын Жолдауларын жолдап келеді. Биылғы кезекті Жолдауы да халықтан қолдау тапты.

Мен Тәуелсіздіктің төрінде 1998 жылы дүниеге келдім. Тәуелсіздіктің жетістігін халықпен бірге көріп, бақытты өмір сүріп келемін. Маған оқу үшін барлық жағдай жасалған. Болашақта Елбасы сияқты елімнің таңдаулы азаматы болуға тырысамын. Бір данышпаннан: «Дүниеде кім бақытты?» – деп сұрапты. Сонда данышпан: «Елін бақытқа кенелткен адам бақытты», – деген екен. Халықтың дамуына сара жол салған, қазақстандықтарды бақытқа кенелткен қадірлі Елбасы, Сізден асқан бақытты адам жоқ шығар  мына дүниеде.

     Ақнұр ТҰРҒЫНБАЕВА,

     Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназияның

     8 «А» сынып оқушысы.

     Алматы қаласы.

 

ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА

«Елу жылда – ел жаңа» деген сөзге сүйенер болсақ, қазіргі Қазақстан – арман Қазақстан. Бәлкім, Елба­сымыздың  салиқалы саясатының әсерінен болар, еліміз егеменді еркін ел ретінде өзге елдермен терезесі тең бақытты ғұмыр кешуде. Мен үшін Н.Ә.Назарбаев – тек Елбасы ғана емес, сонымен қатар ізгі ниетті терең ойлы, өмір жайлы көп білетін тұлға.

Біздің  Елбасы – сегіз қырлы, бір сырлы көреген адам. Ол асқан сәулетші, ең жас қаланы гүлдендіріп, сәулетіне сәулет қосты. Астанадағы «Бәйтерек», «Бейбітшілік пен келісім сарайы», «Думан», «Хан шатыры», т.б. сәулетті көркем құрылыстарының сәулет жобасын Елбасымыз өзі салып, нұсқау берді.

Белесті бәсекелерде қазақ атын шартарапқа шарық­татып, спортшыларымыз биіктен көрінгенде Көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз ойнап сала бергенде, тұла бойың ерекше күйге бөленеді. Мәні мен мағынасы жарасқан Әнұран авторларының бірі – Елбасы.

Нұрсұлтан атамыз ат құлағында ойнап, шахматтан «мат» қойып, домбыраны күмбірлете күй тартып, әншілік өнерін де бойына тұндырған.

Ол – шешен. «Қазақстанның  болашағы – қазақ тілінде»  деген бір ауыз ұран сөзінде өзін өзгеге үлгі етіп, бұқаралық ақпарат құралдары, теледидардан сөйлеген сөзінен қазақ тілінің бай, оралымды, әуезді тіл екенін  дәлел етіп, көңіліңе мақтаныш ұялатады.

Елбасының елеулі істерін бір шығарманың  барысында  қамту  мүмкін емес. Сондықтан  бүкіл ұлтымыздың айбын­ды абыройы, киесі атана алған Елбасымызды мақтан ете отырып, біздер, өскелең жас ұрпақ, оның арманын іске асыратын тірегі болып, еліміздің Көк Байрағын биіктете берейік.

  Аягөз ЖӘНІБЕК,

     Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицейінің

     9-сынып оқушысы.

     Бұланды ауданы, Ақмола облысы.

 

ПАРАСАТ-ПАЙЫМ БИІГІ

Мемлекет басшысы болу  – өте қиын шаруа. Кейде жақын адамдардың өзі ортақ тіл табыса алмай қалады. Бір сыныпта оқысақ та, біздің де сабақта бір шешімге келе алмай, таласып қалатынымыз  бар. Бүтін бір мемлекетті басқару, әртүрлі ұлт өкілдерінің басын қосу, бірлігін сақтау – кез-келген басшының қолынан келе бермес машақатты іс. Осындай жауапты да қиын міндетте үлкен парасаттылық танытып жүрген Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев – менің ұғымымда, кемеңгерлік пен даналық үлгісі.

Біз бақытты балалық шақты бастан кештік. Ата-ана­мызға еркеледік, достарымызбен алаңсыз ойнадық. Ал жас Нұрсұлтанның балалық шағы ел өміріндегі қиын кезеңдер­мен тұспа-тұс келді. Бірақ әже өнегесі, ана тәлімі мен әке тәрбиесі оның бала жастан ширақ, батыл болуына ықпал етті.

Н.Назарбаев жастайынан өзінің білімге құштарлығын танытып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Оның бойын­дағы үздіксіз ізденіс, ісіне деген адалдық пен тиянақ­ты­лық – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Бала шақтан қа­лыптасқан адами қасиеттер оны биік белестерге жетеледі.

Н.Назарбаев жас кезінен бастап адамды еңбегі мен қабілетіне қарай бағалаған. Ол өзгені осындай қасиетіне қарай сыйлап, сонымен қатар өзінің де қабілет-қарымын таныта білді. Жалынды жастық шақта албырттыққа жол бермей, әрдайым арман-мақсатында ойлылық, көрегенділік танытты.

Ел ертеңі  жастардың  білімі мен білігі, ары мен намысы, қайраты мен жігеріне байланысты. Көкейтесті мұратқа жету үшін терең білім, күш-қайрат, шыдам қажет.

Н.Назарбаев үнемі ел жастарына сенім артады, олардың биік шыңдарды бағындырғанын қалайды. «Тәуелсіз Қазақстанның жастары, нақ сендер елдің ең басты байлығы болып табылатындарыңды және біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының болашағы сендерге байланысты екенін есте ұстаңдар»,  – деген Елбасы жастарға көп үміт артады. Мен бұдан ел әдебиетін, тарихын терең меңгеріп, адамдық биік белесті бағындыруым керек екендігін сезіндім, алдыма үлкен мақсат қойдым. Асыл арман, мақсатқа жету жолында кездескен қиындықтар мен сәтсіздіктерге қарсы тұрамын. Себебі мен – ел ертеңімін, өз елімнің перзентімін. Мен қиындықта құрыштай шыныққан Н.Назарбаевтың өнегесін болашағыма бағдар етіп ұстаймын. Сонымен қатар, мен өзімнің достарым мен замандас­тарымның Елбасы саясатын қолдап, үнемі биіктерден көрінетініне сенемін.

Мен алдағы атар таңдарда да елімнің бейбіт, тыныш өмір сүруін қалаймын. Тағылымы зор, ұлтаралық бірлікті нығайтуға ерекше мән берген, рухани-мәдени жаңаруларға қол жеткізген Елбасы  – мен үшін парасат-пайым биігі.

Света АБНАСИРОВА,

     М.Құсайынов атындағы   дарынды

     балаларға арналған  мамандандырылған

     мектеп-интернатының

      11-сынып оқушысы.

      Ақтөбе облысы.

 

БӘРІМІЗДІҢ ӘКЕМІЗДЕЙ

Елбасы – еліміздің тірегі. «Ел тыныштығы – бейбіт­шілік»  деп еліміздің бейбіт өмір сүруіне еңбек етуде. Елімізде әр  түрлі  ұлт өкілдері  ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатыр. Біздің ауылымызда да көптеген  ұлт өкілдері тұрады. Мектебімізде де әр ұлт балалары оқиды. Барлы­ғымыз  бір елдің баласы болғандықтан, бір үйдің баласындай сыйласып, достықта өмір сүріп жатырмыз. Біз еліміздің  дамып, күннен-күнге өркендеуінде Елбасы­мыздың еңбегі зор екенін жақсы түсінеміз.

Нұрсұлтан Әбішұлы ана  тіліміз – қазақ тілінің дамуына да ерекше мән беруде. Өйткені, «Тіл халықтың бірден-бір белгісі» деген ұлағатты сөз бар емес пе. Мен де ана тілімнің дамуына үлес қосқым келеді. Сондықтан даналарымыз бен ақын-жазушыларымыздың шығарма­ларын оқимын. Абай оқулары, Мұқағали оқуларына қатысамын. Өзімнің тіл байлығымды арттырып, Елбасымыз сияқты ақылды, шешен, өз елімнің патриоты болғым келеді.

Халқының көңілінен шығатын Елбасының ойға терең, сөзге шешен болып келуі ол  кісінің  көп оқып,  жан-жақты білімді  болуынан. Сондықтан  мен де терең білімді болғым келеді.  Екі тілде де шешен сөйлеп, көсілте жаза білетін Нұрсұлтан ағамызбен мақтана аламыз.

Елбасының орасан әсерлі-мәнерлі, күйлі-қуатты ойлары намысыңды қайрайды, дүниетанымыңды тереңдетеді, рухыңды асқақтатады, тіліңді байытады.

Биылғы жыл – Астана үшін де, Елбасы үшін де, дүйім  ел үшін  де елеулі жыл.  Астана қаласы – елі­міздің жүрегі. Астана – еліміздің мәдениеті мен өрке­ниетінің  белгісі. Және Астананың осындай дәрежеге жетуіне де Елбасымыз  басшылық етті. Мен де Астанамен  қатарлас өсіп келемін.

Қазақ  халқында үйдің тірегі әке деп саналады ғой, ал Нұрсұлтан Әбішұлы – елінің тірегі, халқының қорғаны, тыныштығын сақтаушы. Әке  баласына қалай қамқор болса, ол кісі халқына солай қамқор, бәріміздің әкеміздей.

   Әйгерім ДАУШЕВА,

     Н.Алдабергенов атындағы

     орта мектептің  8 «А» сынып оқушысы.

     Балпық би кенті, Көксу ауданы,

     Алматы облысы.

 

 

СЕНІМ МЕН СЕРПІН

Бүгінгі Қазақстан – жалғыз қазақ халқымыз ғана емес, күллі Қазақстан халықтарының ортақ Отаны. Сондықтан олардың тарихы, тағдыр-талайы да ортақ. Міне, Қазақстан өзге елмен терезесі тең түсер дәрежеге де жетті.

Осы сөзді айтқанда еліміздің ең бірінші Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қаһармандық еңбегі, даналық келбеті есіме түседі. Сонымен қатар, егеменді елімнің бүгінгі келбеті көзіме елес береді. Бүгінгі елімнің басында бостандық, болашағында сара жолы бар десем, артық айтпағандық болар.

Еліміздің қысқа мерзім ішінде тасыған табыстарға жетуіне пейілі таза, ақылы дана, талабы таудай халқымыздың ауызбіршілігінің үлесі де бар. Қысқа мерзім ішінде Елбасы тәуелсіздік жолындағы күрестен өтті. Халқымыздың алдына уақыт қойып отырған міндеттердің ауқымы мен жауапкершілік жүгін арқалап, азаматтық парызы алдында, бүгінгі және келер ұрпақ алдында ұялмастай іс атқарып шықты.

Тәуелсіз өмір сүру үшін ерлік керек болса, Елбасы асқан ерлік көрсеткені белгілі. Тәуелсіз өмір сүру үшін бейнет шегу, еңбек сіңіру қажет болса, ел тәуелсіздігі жолында бейнет көрді, тәуекелге бел байлады. Тәуелсіз өмірге жету үшін асқан ақыл қажет болса, Елбасымызда ол да жоқ емес. Ал төзім керек болса, біздің елдің басшы­сынан асқан сабырлы адамды ұшырастыру да қиын шығар.

Қанша заман бойы, қандай қиындық көрсе де сабырмен шыдап, келешегінен үміт күткен халқымызды Елбасы болашағына сендіре білді. Еліне деген махаббаты Елбасын айрықша қуаттандырды.

Елбасының мемлекет басына келуі Қазақстанды тәуелсіздікке жеткізді. Мемлекетке, елге құт әкелді. Тәуелсіздікке, егемендікке жету жолы сонша қиын, ауыр болғанда, сол тәуелсіздікті сақтап қалу, нығайту Қазақстан елі үшін, Елбасы үшін үлкен сын болды. Қазақстанның тәуелсіздігін ақиқатқа айналдыру Ел мен Елбасының алдындағы басты мақсаты еді. Осы орайда Президентіміз экономикадағы дағдарыстан құтылуға, адамдардың ертеңгі күніне деген сенімін күшейтуге ерекше назар аударды. Дағдарыс кезеңінде біздің мемлекетіміздің тынысын ашқан бір жәйт – Елбасының халқын өз бетінше еңбектенуге бейімдей алғаны. Жас мемлекетті қауіптен аман алып шыққан күш халықтың өз күші және Елбасының көрегендігі еді.

Елбасы ел ішіндегі саяси тұрақтылықты, ұлттар арасындағы түсіністік пен ынтымақты сақтап, нығайтуға бар күш-жігерін жұмсап келеді. Осы мақсатта атқарылған істер де зая кетіп жатқан жоқ.

Елбасының біздің заманымыздың ғаламат мемлекет қайраткері екеніне сенімдімін.

     Шарифбек ЗАКИРОВ,

     №2 мектептің 8 «Б» сынып оқушысы,

     Талғар ауданы, Алматы облысы.

 

 

ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҮРЕГІММЕН СЕНЕМІН

Жер бетінде елінің тәуелсіздігін, халқының бостанды­ғын ойламайтын жұрт жоқ шығар. Бұл тәуелсіздік – басқа қонған бақ, астыға тиген тақ. Бақты бағалаған халықты бастайтын тақ иесі де болуы керек деп ойлаймын.

Басты біріктірер басшысыз ел болу қиын. Тәуел­сіздігімізді алғаннан кейін халықтың басын біріктіріп, өз алдына ел қылуды ойлаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ халқының Тұңғыш Президенті болды. Сол кісінің бастауымен еліміз әлемге танылды.

Ел сенімі ақталды деген осы. Ал Нұрсұлтан аға оны тек өзінің жетістігі деп есептемей, «Ғасырлар тоғысында», «Тарих толқынында», тағы басқа еңбектерінде халықты өткеніне үңілтіп, бүгінге шүкіршілік етуге шақырып, бұл еркіндікті бізге ешкім сыйға тартпағанын немесе аспаннан түспегенін  айтқан.

Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа Жолдауы –  біздің адаспайтын жолымыз, айқын бағдарымыз. Елбасы жасөспірімдерге «Еліміздің ертеңі – сендерсіңдер, сондықтан қазақтың тарихын біліңдер, математика, физика, химия пәндерін жақсы оқыңдар. Өз тілдеріңде, яғни қазақша таза әрі сауатты сөйлеңдер» деп әрқашан өсиет айтады. Қазір мені «Болашақта елім үшін не істей аламын?» деген ой толғандырады. Ал осы сұраққа жауапты тек көп іздену мен мол білімнің арқасында табуға болатынын түсінемін. Сондықтан менің басты мақсатым – талмай оқу, білімнің биік шыңдарын бағындыру.

Туған жерім Қызылқоға өңірі –  облыстағы ең алыс ауданның бірі. Алайда, ол ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше қолайлығымен, құнарлы топырағымен, жайы­лымдық далаларымен ерекшеленеді. Осынау аталар аманатындай ғажайып өлкемде соңғы жылдары көгілдір отынның  келуі, тас жолдың салынуы, ауыз сумен қамтамасыз етілуі –  Елбасы саясатының бір көрінісі.

Ар-намысты ту еткен  Елбасымыз бен үкімет басын­дағы ағаларымыздың аянбай еңбек етуі осы нұрлы күндерге жеткізді.

Өзін өз ұлтына, барлық қазақстандықтарға ақыл-парасатымен, білімдарлығымен сыйлата білген Нұрсұлтан Әбішұлының халықаралық деңгейдегі беделінің зор екендігі де күнделікті ақпарат көздерінен айқын сезіледі. Елбасымыз арқылы күллі әлем Қазақстанды тани түсуде. Елбасының шет  елдерге әрбір сапары «қанатымен су сепкен қар­лығаштың тірлігіндей» ел қамы екені даусыз. Халқы үшін қызмет етуді бақыт санайтын Елбасымыздың көшіне ілесер әрбір жас ұрпақ өз елін, жерін жан жүрегімен сүюі керек. Рухы күшті адам осылай етеді.

Мен – елдің ертеңі болар ұрпақпын. Болашағыма үлкен сеніммен қараймын. Ертеңгі күнімнің жарқын болуына терең білім мен жоғары адамгершілік сезім арқылы жетуді мақсат етемін.

Мен жұдырықтай жүрегіммен Нұр-аға бастаған елімнің нұрлы да шуақты күндерінде білімді де өнегелі ұл-қыздарының жетістіктеріне бүкіл әлемнің «Қазақстан! Қазақ елі!» деп  таңдай қағарына сенемін!

    Бекет АМАНЖОЛҰЛЫ,

     Миялы орта мектебінің  8-сынып оқушысы.

     Қызылқоға ауданы,  Атырау облысы.

 

 

СІЗГЕ ҚАРАП БОЙ ТҮЗЕЙМІЗ

Маған  Елбасы туралы шығарма жаз дегенде, қалай жазатынымды ойладым. Елбасы туралы көп нәрсе білетін сияқтымын. Ол туралы көп нәрсе жазуға болады. Алайда, жеткізіп жаза аламын ба?!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірі көз алдымызда сияқты. Ақпарат құралдарынан Елбасымыз туралы оқимыз, көреміз, сөзін тыңдаймыз. Алайда,  шын мәнінде мен Елбасы туралы не білемін? Бұл шығарманы жазу үшін мен Елбасы туралы замандастарының пікірлерін оқыдым.

Құрметті Елбасы! Еліңіз Сізге қарап бой түзеп, Сізден үміт етіп отыр, ел үмітін ақтай беріңіз! Қазақстанға көз тігетіндердің де, қызығатындардың да, қызғана қарай­тындардың да болатынын ұмытпаңыз.

Қазақстан халқы аман болсын, ынтымақ пен бейбіт­шілік жасай берсін, әлемге беделді, ықпалды ел болайық!

 Данагүл  ФАЙЗУЛЛИНА,

     Ы.Алтынсарин атындағы

орта мектептің 10-сынып оқушысы.

     Теректі ауданы, Батыс Қазақстан облысы.

 

 

ҰЛТ ПЕН ҰЛЫСТЫҢ ҚАМҚОРЫ

Қазіргі таңда іргесі мықты, бір бүтін мызғымас елге айналған елдің тірегі берік, бірлігі  жарасқан. Бұлай деуге себеп бар, ертеректе бас сауғалап, қамқорлыққа зәру болған өзге ұлт өкілдерін бір шаңырақтың аясына сыйғызып, пана бола білген үлкен жүректі, кең пейілді қазақ халқы болатын. Осындай елдің  болашағының жарқын бола беретініне, әрине, сенімім мол.

Менің мақтан етер елім – Қазақстан. Қазақстанның ірі алпауыт ел болып әлемге танылуы – бірден-бір салиқалы саясатты ұстана білген Елбасының арқасы. «Қазақ даласы – Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы», – деп Елбасы бекер айтпаса керек. Өйткені, қазақтың сарқылмас кең иен даласы – қазіргі кезде бүкіл түркі халқы үшін үлкен қасиетті мекен, ұлықтауға әбден лайықты құтты қоныс. Осы ұлы қоныстың шаңырағын шайқалтпай, бүкіл жер жүзіне қазақ елінің тарихы мен әдебиеті, мәдениеті мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпының бай екендігін мойындата білген Елбасының керемет саясаткер, үздік дипломат, ұтқыр Президент екенін әлем көріп отыр. Қай елдің бол­масын, ұлт өкілінен Елбасы туралы ойын білу мақсатында сұрай қалсаң, бәрінің айтары бір-ақ нәрсе. Олар: «Н.Ә.Назарбаев – қазақ халқының маңдайына біткен біртуар ірі әрі ұлы тұлға», – дегенді тілге тиек етеді. Мұн­дай баға берулері тегін еместігіне сіздер мен біздер куәміз.

Елбасы – қазақстандықтардың ғана емес, бүкіл әлемнің мақтанышы дер едім. Президент – өз халқының бола­шағына алаңдай отырып, тәуелсіздік алғалы бері қыруар жаңа жобаларды дүниеге әкелген, соның орын­далуын мақсат еткен және нәтижеге қол жеткізе білген, халқына сенім ұялата алған дара  да дана тұлға. Бұның бір ғана дәлелі:  күннен-күнге бой түзеп, әлемдегі сәулетті шаһар­лармен теңесе алатын сұлу қаламыз – Астана.

Иә, бүгінгі Қазақстан – гүлденген, заманауи мемлекет. Бұның бәрі еліміздің шынайы тірегі бола білген Көшбасшының арқасы. Әрине, Президентіміз елдің тірегі, халқымыз Елбасының тіреуі болғанда алып мемлекеттің құлдырамасы анық жағдай.

Мен керемет жанашыр тұлғасы бар елде туып, өсіп жатқанымды ерекше мақтан етемін. Қазақ халқының бірлігі, ынтымағы бұдан әрі нығая берсін дегім келеді. Бұл мемлекетте тұру – басқа да өзге ұлттың арманы деуден қорықпаймын. Өйткені, әлемде біздің Елбасымыз сияқты басшы, дархан көңілі бар бауырмал қазақ халқы сияқты ел жоқ деп білемін.

Жас өскін мен де болашақтың жарқын, Елбасы саясатының баянды болуына өз перзенттік үлесімді қосқым келеді. Осыған ақ жүрегіммен тілектес екенімді де жасыра алмаймын.

 Анастасия ТЯН,

     ерекше дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатының 9-сыныбының оқушысы.

     Тараз қаласы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ел тiрегi – Елбасы

ЕРТЕҢ – ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНI

9Адамның төрткүл дүниенi қабылдау сапасы оның кәсiбiне байланысты ма деймiн. Менiң азаматтық өмiрiм мектепте өтiп келедi. Мен өзiме, отбасыма, Отаныма ұстаз көзiмен қараймын. Менiң ойым, ниетiм, жоспарларым, жобаларым ұстаздық өмiр салтынан туындайды. Менiң әлемiм – мектеп.

(далее…)

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *