ЕЛ ТІРЕГІ – ЕЛБАСЫ

20120901115503

ХАЛҚЫН СҮЙГЕН КӨШБАСШЫ

Бүгінгі Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы одақтас республикалардың саяси көсемдерінің ішінде айрықша көзге түседі. Кез-келген көсем халқының перзенті ретінде өз ұлтының дәуірлегенін, өз мемлекетінің гүлденіп, толысқанын қалайды. Бірақ Нұрсұлтан Назар­баев бір ұлттың өкілі емес, Отаны ортақ барлық халықтың көсемі ретінде көрінеді.

Біздің халқымыз «жолыңда өлемін» деп, әрі «қолыңда өлем» деп жағаласып, жармаспайды. Өмірді бар болмы­сымен, оймен, санамен саралап қабылдайды. Асығып-аптықпайды. «Он өлшеп, бір кеседі». Шынында біздің халқымыздың да, көсеміміздің де алысты көре білетініне, өзімізше де, өзгелерше де ойлай алатынына бүгінде бүкіл дүние куә болуда.

Бостандық – бар байлықтың бастауы демекші, еліміз егемендігін алып, өз алдына мемлекет құру барысында талай қиыншылықтар да, жетістіктер де болғаны белгілі. Ел өмірінің өткір де өтпелі кезеңінде қазақ деген үлкен көшті басқару билігінде Нұрсұлтан Назарбаевтай қырағы да табанды саясаткердің болуы қазақ халқының бағы деп санаймыз. Біздің ел сияқты жұтылып кете жаздаған жұрттың, ұтылып келген ұлттың ұпайын түгендеу оңай шаруа емес. Мұншалық салмақты міндет тағдыр пешенесіне жазған жанға ғана жүктеледі. Қарап отырсақ, ел болдық деп қуанатын шаруа аз емес екен. Қыраны күнді қуантқан көк Туымыз құдірет емей немене? Күлдіреуі­шінен елдік пен ерліктің иісі аңқыған Елтаңбамыз қасиет емей немене? Қасқайып шырқайтын Әнұранның сөздері өсиет емей немене? Осы тұста: «Ел көшін бастау – маған сын, мені қостау – елге сын» деген Н.Ә.Назарбаевтың оралымды ойы есімізге түседі.

Ең басты бағыт – ел іргесін бекемдеу. Біздің ұлан байтақ даламыздың тұнып тұрған байлық екені, сол байлықты игеретін және игіліктенетін халықтың саны аздығы айтпаса да түсінікті. Тәуелсіз ел болған соң іргенің бүтіндігі, ұлттың қауіпсіздігі, мемлекеттің тұтастығы қажет. Бұл мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігін жалпының бірдей мойындауы бәрінен де маңызды болмақ.

Президентіміздің саяси көрегендігінің арқасында тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында ел іргесін бекемдеуге арналған көптеген шаралар атқарылды. Олар: шет  ел қаржысын тарту, экономиканы көтеру және шекара сызықтарын айқындау. Бұл үш жұмыс та мәреге мүлтіксіз жетті.

Ұлт ұпайы, ұлттың мүддесі ұлттық мемлекеттің кемелденуі үшін  ең керегі ішкі тыныштық екені даусыз.

Тәуелсіз Қазақстан көп ұлтты, кең байтақ жері бар, жерінің асты-үсті толған байлыққа ие. Осындай алып та алуан түрлі ұлт, дін өкілдерінің басын бір шаңырақтың астында біріктіріп, оларды келешекке нық сеніммен бастай білді.

Ұлттар бірлігін қамтамасыз ете отырып, Елбасы өз халқына, ұлтына зор сенім жүктейді. «Өз ұлтын сүю, шын мәнінде нағыз қазақ болу – өзге ұлт өкілдеріне астам­шылықпен қарау деген сөз емес», – деп ескерте келе «Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы Ел де, Жер де қазақтікі. Ел болудың ұяты  да біздің жұрттың мой­нында», – деп өз халқының алдына ауыр міндет жүктейді. Міне, Елбасымыз айтқан осынау ойлардан шыға білу біздер үшін, әсіресе, жас ұрпақ үшін зор парыз болмақ.

Ел боламыз десек, ең керегі – тыныштық. Әрқандай негізгі ұлттың ұпайы тыныштықпен толығады.

«ХХІ ғасыр қазақ халқының жұлдызы жанатын ғасыр болатына сенемін», – деп атап көрсете отырып, Елбасы мынадай ой-түйіндерді де жас ұрпақтарға аманаттайды. «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ. Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!». Бұл әрі сабақ, әрі ащы шындық екені рас.

«Менің балаларым мен ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс», – деп өз ұлтын, барша халқын сүйген адам ғана айта алатын болар.

Жас ұрпақ, біздер ертеңімізді Елбасымызбен, оның нұсқаған басым бағыттары арқылы елестете аламыз. Еліміз ауыр да сынағы мол жылдарды артқа тастады. Ендігі кезең – жарқын жылдар болмақ.

Халқымыздың ғасырлар тереңінен тамыр тартқан тарихының бағыт-бағдарын айқындап, оның шамшыра­ғындай болған, ата-бабаларымыздың жолынан адаспай көш бастап отырған Елбасымыздың жолы нұрлы болғай!

  Ербол БАЙТҰРСЫНОВ,

     Н.Ақшабаев атындағы орта мектептің

     10 «А»  сынып оқушысы

     Қызыл жұлдыз ауылы,

     Байзақ ауданы,

     Жамбыл облысы.

 

 

БЕДЕЛІ БИІК БІРЕГЕЙ ТҰЛҒА

«Елбасы» деген сөзді ойыма алсам, жүзінен мейірім төгілген, үнемі күлімсіреп жүретін, барша адамзатқа тек жақсылық ойлайтын қайырымды әрі  үлкен жүректі Нұрсұлтан Назарбаев ағамыздың жүзі менің көз алдыма келеді. «Елбасы» деген сөзді айтсам, «Қазақстан» деген сөз де тілімнің ұшына қатар келеді. Осы екі сөзді еш бөліп-жаруға келмейтін, үнемі бірге айтылатын сөздер десем, артық айтқандық емес. Онымен қоса, үйдегі әжемнің: «Иә, Алла, елімізге тыныштық, патшамызға саулық берсін» деген тілегімен өсіп, кішкентай күнімнен Елбасының қадірлі де сыйлы, ел үшін, біздің отбасымыз үшін өте құрметті азамат екенін көкейіме түйдім. Өсе келе барлық қазақстандықтар Елбасымызды аса құрметтеп, дәріп­тейтініне толық көзім жетті.

Мектептегі ұстаздарымыздан, теледидар, ақпарат көздерінен Елбасымыздың атқарып жатқан игі істерін көріп-біліп, өзім де іштей оның амандығын тілеп жүремін. Елімізде күнделікті не болып жатқанынан хабардар болуға тырысамын. «Өткенді білмей, болашаққа бару мүмкін емес деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтқан­дай, Елбасының Тәуелсіз мемлекетіміздің шаңырағы биік, босағасы берік болуы үшін атқарған істерін, қосқан зор үлесін тарихи шығармалардан асқақ сезіммен, мақтанышпен оқи отырып, сүйсінемін. Президентіміз өз сөзінде: «Ата-бабаларымыз аңсаған азаттық пен тәуелсіздікті алдық. Ендігі мәселе – соны ертеңге жеткізу. Келесі ұрпаққа, болашаққа Қазақстанның осы тәуелсіздігін аманаттау», – деген болатын. Ендігі жерде сол аманатты көздің қарашығындай сақтау бізге жүктеледі. Ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы армандап өткен бақыты басымызға қонып, жақсылық мол нұрын шашып тұр. Осындай мемлекетте өмір сүріп, білім алып жатқанымызға шүкіршілік айтып, қуануымыз керек.

«Менің елім – Қазақстаным, менің Елбасым!» Осы сөздерді әрбір Қазақстан Республикасының  азаматы асқақ сезіммен, мақтанышпен айтатынына толық сенімдімін. Өзім де бар күш-жігерімді Қазақстан Республикасының  болашағының өркендеуіне жұмсаймын әрі қолымнан келгенше өз үлесімді қосамын.

     Сәуле МӘЖІЛІС,

     №16 орта мектептің

     8 «А» сынып оқушысы.

     Шахтинск қаласы,

     Қарағанды облысы.

 

 

БӨЛЕК БОЛМЫС

Еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, бүгінде аты әлемге әйгілі қайраткер дәрежесіне көтерілген, әлемдік деңгейде абырой-беделі зор, салиқалы Елбасымыз барында барарымыз асқар тау екеніне сенемін.

Біздер жарқын болашаққа бет алған жолаушы сияқтымыз. Бағытымыз айқын – гүлденген ел болу. Ал оған жету стратегиясы  –  Елбасымыз айқындап берген «Қазақстан – 2050» бағдарламасы болмақ. Бұл маңызды құжатта ел дамуының аса қажетті алғышарттары бел­гіленіп, маңызды қадамдар баяндалған. Бұл жоспарды жүзеге асыратындар қатарында біз де бармыз, сондықтан оны оқып-үйренудеміз.

«Болашақ» бағдарламасы бойынша жүздеген талантты талапкерлер шет елдерде білім алуда. Облыс орталық­тарында дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар ашылды. Барлық мектептер компьютерлендірілуде. Ауылдың ахуалы жақсаруда. Мектеп оқушыларының заман талабына сай жан-жақты білім алуына жағдай жасалған. Бүгінгі ұрпақ осыны түсініп, еліміздің адал азаматы  болуға тырысуымыз  керек.

Өз халқын жарқын болашаққа қарай аман-сау алып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың сол жақсылығына қайтарым ретінде халық әрдайым оның амандығы мен абыройын ойлайды. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету, Саммит өткізу, Астана декларациясын қабылдау – еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістігі екені анық.

Біздің Президентіміздің өмірі мен қызметі барлық ұрпақтар үшін үлгілі. Ол халқы үшін қиын асулардан өтіп, биік құрмет пен абыройға жетті. Көрікті елімнің өркендеуі көшбасымыздың ерен еңбегі екендігін әрбір Қазақстан  азаматы зор мақтанышпен айтады.

Мен үшін Елбасы мен елім қатар тұрған бір ұғым секілді. Екеуін бөле-жара қарауға әсте болмайды деп айтар едім. Елім барда Елбасы бар. Ал елімнің тағдыры Елбасына қатысты. Қашанда Президентіміздің көреген саясатына, ақыл-парасатына, болашақты бағымдай білетін қасиетіне қайран қаламын.  Ар-намысты ту еткен Елбасымыздың аянбай еңбек етуі осы нұрлы күндерге жеткізді.

    Нұрқожа ТЫНЫШТЫҚБАЕВ, 

     №7 орта мектептің

     6-сынып оқушысы.

     Рудный қаласы,

     Қостанай облысы.

 

 

АРАЛҒА АРАШАШЫ БОЛДЫ

Ел тізгінін ұстаған Елбасымыз туралы айтқанда тәуелсіз Қазақстанның азаттығының ақ таңының қалай атқандығы жайында айтпай кете алмаймыз. Себебі, Қазақстан мен Назарбаевты қатар айту біздің парызымыз, ұлы міндетіміз деп білемін.

Елбасы еліміз үшін күрделі және қиын кезеңде оның аяғынан тік тұрып кетіп, тұрақты дамуы үшін бар ауыр жүк пен жауапкершілікті мойнына алды. Сол кездегі мына ел қандай еді? Болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт, экономикасы әлсіз, қарапайым ғана халық тұрды жаңа басшының көз алдында.

Кешегі күні толқыны жағаны соғып, кемерінен тасып тұрғанда, «өзен жағалағанның өзегін талдырмай», ашаршылықта қанша жұртқа қол созған, ал күйі тайып, кенезесі кеуіп, суы тартылғанда кәрі Аралға жәрдем еткен ешкім болмады. Міне, сол сәтте көпшілікті жұмылдырып, үдере көшкен елге тоқтау салған да бірегей тұлғамыз, әр қадамы бәріміздің мақтанышпен айта жүретін жетістіктерге толы, арыстардың аманатын арқалаған Елбасы болатын. Ел алдында «Мен Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деп те тебірене сөйлеген Елбасымызға Арал да, Арал жұрты да қашанда қарыздар. Әлем халқы назарындағы Аралдың айбынды шағын қайта оралтамын деп, құн жетпес қымбатынан айрылған қамкөңіл халыққа қуаныш сыйлаймын деген Елбасының ерен еңбегін айту парыз.

Аралдың тағдыры – елімнің тағдыры деп түсініп, қазақ елі үшін табиғи апат аймағына айналған Аралды аман алып қалған Елбасыны біз сөзімізбен де, ісімізбен де әрдайым қолдарымыз сөзсіз. Соның арқасында айдын шалқар Аралымыз да, алыс аймақтағы ауылымыз да болашағы жарқын, жұлдызы биік өлкеге айнала білді.

Біздің отбасымызда бес жан тұрамыз. Осы күнге жеткізген Алла болса, одан кейін бар жауапкершілікті мойнына алған Елбасымыз жайында қашанда айтып отырамыз. Әкем ылғи: «Елбасы – ел тірегі, қашанда құрмет тұтуға тиіс, сендер үшін ең үлгі тұтар адам» деп отырады. «Елбасы сендерге үміт артады, қашанда соған сай болуға тырысыңдар», – дейді. Бұл да біздің отбасымыз үшін ол кісінің үлкен оны бар екенін көрсетпей ме? Мен Елбасымен мақтанамын. Біз мақтанамыз. Ел мақтанады. Осындай ардақты азаматты бұйыртқаны үшін әрқашан Аллаға сансыз шүкіршілігімізді айтамын.

 Гүлдана ЖҰМАДИНОВА,

     №82 Қаратерең орта мектебінің

     11-сынып оқушысы.

     Арал ауданы,

     Қызылорда облысы.     

 

ЕЛІМЕН ЕТЕНЕ ЕЛБАСЫ

Менің Отаным, менің елім, менің жерім, менің Президентім ұғымдарының астарында жұмыр жердің тыныс-тіршілігін жіті бағып, оның тағдырын, асылы мен жасығын тарих таразысына салып зерделеген ұрпақтардың өмір көші жатыр. Әр ұрпақ өз елін, жерін жан жүрегімен сүюі керек. Рухы күшті адам дәл осылай етеді. Даласы дариядай көз жетпеске айналған кең өлкенің кемеңгері Нұр-ағадай ер болғанына бала жүрегімді қуаныш кернеп, айналада алыс-жақын жерлерде түрлі дүрбелеңдер болып жатқанда аспанымның ашық, өмірімнің шат, бейбіт болғанын  үлкен бақыт деп қараймын.

Иә, «Халық бірлігі мен тарих жылы» аталған 1998 жылы мен де дүние есігін ашыппын. Бұл жылдан бастау алған ашылмаған, анықталмаған құндылықты байлықтарымыз зерделеніп, табылып жатыр. Елбасының өзі «Түптен кел­генде, тарих тек ғылым үшін зерттелмейді. Ол, ең алдымен, тарихтан тағылым алу, сабақ алу үшін зерттеледі», – деді. Мұнан кейінгі әр жылдарға Қазақстан Республикасы Президентінің  Жарлығымен атаулар берілді.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, тәуелсіз мемлекетіміздің қолға алып отырған басты мәселелерінің бірі – жастарға жоғары  дәрежеде білім беру. Елімізде көптеген лицейлер, гимназиялар, мамандандырылған мектептер ашылуда.

Елбасы өз Жолдауында  «Қазақстанның болашағы жастардың қолында» деп бізге үлкен сенім білдірді. Сенімді ақтау жолында «елімізге қандай жақсылықтар әкелеміз?» деген ой менің бала жүрегімді мазалай береді. Ал бұған тек білім, көп іздену, талмай оқу, бізге дейінгі атқарылған істердің игілігін құрметтеп, бағалау арқылы жетуге болады деп ойлаймын.

  Гүлнәр БАҚЫТЖАНОВА,

     №1 Т.Әлиев атындағы  орта мектептің оқушысы.

     Жаңаөзен қаласы,

     Маңғыстау облысы.

 

 

БАТА ҚОНҒАН БӘЙТЕРЕК

Әр халықтың естен кетпес тарихи Ұлы күні болады. Қазақ халқы үшін сол ұлы күн – Тәуелсіздікке қолымыз жеткен күн. Ғасырлар  бойы ата-бабамыздың күреске толы асыл арманы, төгілген қаны, додаға түскен рухы түптің түбінде осылай жеңіске кеп тірелді.

Осы ұлы құбылыс кезінде халқының басында болып, елін, жерін төкпей-шашпай, қымтап ұстаған білгір басшыға деген алғыс шексіз болады. Ондай басшы жүздің де, мыңның да ішінен емес, миллиондардың ішінен маңдайы жарқырап тұрады. Біз, қазақ халқы, бүгінде сондай басшымыз Нұрсұлтан Назарбаев екенін бүкіл әлем алдында мақтаныш етеміз!

Жүзден астам ұлттар тату-тәтті  табысқан, жаңа өмір құру жолына жұмыла кіріскен ел болдық. Бүгін де Қазақ елі дүниенің бар тарапынан келген игі ниетті жандарды  ақжарқын дос көңілмен  қарсы алады.  Көмек те ала аламыз, жәрдем де бере аламыз. Біз қай елмен, қай халық­пен болса да  тереземіз тең сөйлесеміз.  Бұл да Нұрсұлтан Әбішұлының  еліне, халқына алып берген беделі.

Күнделікті  баспасөз  беттерінен, теледидардан  елімізге келіп-кетіп жатқан мемлекет  қайраткерлерінің  біздің еліміз туралы, Президентіміз туралы  жақсы лебіздерін  естіп, көңіліміз қуанышқа толады. Сырт көздің  жетіс­тіктерімізге  сүйсінгені  халықтың мерейін өсірері анық.

Мен үшін қызықты  болған бір жәйт, Нұрсұлтан аға кішкентай кезінде бір ғажап түс көрген екен.  Түсінде жотаға бір қап тұз арқалап шығыпты. Тұзды жотаға алып шыққан соң, ауыл жаққа қараса, өзі оқыған мектебі, мектептегі балалар да  Шамалған ауылының  бәрі төмен жақтан көрінген екен.  Соны ол өзі арқалап шығарған  тұз толы қаптың  үстінен қарап отырып  көріпті.  Осы түсін анасына айтқанда, анасы былай депті: «Балам, сен өте үлкен адам  болады екенсің, дәрежең өте жоғары  болады екен. Несібең елден   көп болады  екен. Тұз деген – өте жақсы нәрсе. Алла тілеуіңді берсін, балам, мансабың жоғары, өрең терең, несібең аса мол, еңсең биік болады! – деп жорып, ақ батасын беріпті. Сол баталы ер – менің Нұрсұлтан ағам!

Қазіргі  кезде  жастарымыз әлемнің  ең озық оқу орындарында, Еуропаның, Американың, Азияның мемлекеттерінде  оқып, білім алып,  елге қажетті маман­дықтарды  игеріп жатыр. Журналистеріміз  құрлықтың барлық нүктелерінде  болып, сол жерлерден  тікелей хабарлар беріп жүр.  Осының бәрі  Елбасының дәрежесі мен  деңгейін көрсететін мысалдар.

Қазақтың аспаны қандай кең болса, ақылы да сондай кең. Қазақтың жері қандай кең болса, пейілі  де сондай кең. Қазақтың жүрегіне  тек қазақтың баласы емес, бүкіл әлем сыйып кетеді. Даласындай дархан, жазирадай  жомарт Елбасымызбен  мақтанғым келеді!

 

     Арайлым БАИШОВА,

     №2 орта мектептің оқушысы.

     Мұнайлы ауданы,

     Маңғыстау облысы.

 

 

АСТАНА – АЖАРЛЫ,

ШЫМҚАЛА – ШЫРАЙЛЫ

Біз елімізде алғаш рет Президент күнін белгіледік. Меніңше, бұл біздің Елбасымызға деген халықтың сый-құрметі болып табылады. Нұрсұлтан ағамыз бұл құрметке лайық адам деп есептеймін.

Бізде басқа жердегідей қиындықтар, ұрыс-керістер, жетіспеушіліктер жоқ. Бүкіл әлемді дүрліктіріп отырған дағдарыс деген нәрсе де бізге айтарлықтай әсерін тигізіп отырған жоқ. Ал жетістіктеріміз ауыз толтырып айтар­лықтай. Мысал айтар болсақ, Елбасымыз Тәуелсіздігі­міздің алғашқы кезінде-ақ біздің халқымыздың бейбіт­сүйгіш ел екенін көрсетіп, ядролық қарудан бас тартудан, оны сынайтын полигонды жабудан бастады.

Сол кезде көптеген ел оған қатты таң қалған шығар деп ойлаймын. Себебі, сондай қаруға байланысты қазірдің өзінде көптеген халықаралық дау-дамай болып жатқан жоқ па? Көптеген елдерге арман болған және біздің ата-бабаларымыз да кезінде аңсап өткен тәуелсіздікке жеткен кезде халқымыз да өз басынан біраз қиыншылықтарды өткеріпті. Айта кетсек, елде жарықтың жиі сөніп қалуы, газдың болмауы, тіпті азық-түлік пен киім-кешектің жетіспеушілігі орын алған. Ата-әжелерімізге, ата-аналарымызға зейнетақы мен еңбекақылары да дер кезінде төленбей көп қиналған көрінеді. Сондай кезде біздің Елбасымыз халықты шыдамдылыққа шақырып, бірлікке, ынтымақтыққа үндеп, олардың келешектің жақсылыққа толы  болатынын жеткізген. Ол өзінің халыққа арнаған Жолдауларында осы жағдайды түсіндіруге тырысқан. Ал ең алғашқы Жолдауда көрсетілген жеті басымдықтың іске асып, айтылған мерзімінен бұрын орындалып жатқанына біз, қазіргі жас ұрпақ, куә болып отырмыз. Егер Елба­сымыз мемлекетімізді өте ақылдылықпен басқармағанда біз осындай күнге жетер ме едік?

Біздің тағы бір мақтанышымыздың бірі, ол – біздің жаңа да әсем астанамыз – Астана қаласы. Астанамызды жаңа жерге көшіру кезінде де Елбасымыз өзінің болашаққа деген сенімділігі мен көрегендігін  дәлелдеді. Қазір біздің бас қаламыз әлемдегі ең жас, ең сәулетті қалалардың біріне айналды.

Мен өзім әлі онда барып көрмедім, бірақ оның теледидардан көрсетілетін көріністерінен кереметтей әсер аламын. Келесі жазғы демалыста мен қалай да Астанаға барып, оның сұлулығын өз көзіммен тамашалаймын деп ойлаймын. Ал оңтүстік астанаға айналған Алматы қаласы да еліміздің экономикалық аймағы болып табылады. Әрине, мемлекетіміздің барлық өңірінде көптеген өзгерістер, жетістіктер жүздеп саналады. Оған куә біздің өзіміздің шырайлы Шымқаламыз. Құрылғанына 80 жыл толып отырған облысымыз бен Шымкент қаласындағы оң өзгерістер мен дамулар қарыштап  алға басуда.

Елбасының «Шымкент – еліміздің үшінші басты қаласына айналуы тиіс» деген сөзін біздің жергілікті басшылар, қарапайым халық, жастар қолдап, ірі қала атануына зор үлестерін қосуда. Олай деуге негіз де жеткілікті. Қаламызда көптеген жаңа өндіріс орындары ашылып, халықты жұмыспен қамтамасыз етуде. Ал ашылып жатқан балабақша мен мектептер, жаңа мөлтек аудандар мен кең даңғылдар, жаңарып, жасарып жатқан саябақтар қаншама десеңізші! Халқымыздың белгілі тұлғаларына қойылып жатқан ескерткіштеріміз де көз тартады. Осының бәрі менің елім мен оның ұлт көшбасшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасы. Әрине, осындай ақылды да, парасатты, беделді Елбасымыз бар біздің халқымыз да бақытты. Сондай ерен еңбегі бар көшбасшымыздың, Президентіміздің күні ретінде атап өтетін 1 желтоқсан да келді. Осы күні мемлекетіміздің әрбір азаматы Елбасына деген ризашылығы мен алғысын, құрметін көрсетіп жатса, артық болмас деймін.

Ал өзіме келер болсам, осы мерекеге байланысты Елбасы туралы жазылған еңбектерді, Президенттің өзі жазған кітаптарды оқып, оған өз достарым мен сыныптастарымды шақырып, осындай елде бақытты балалықты бастан кешіріп жатқанымызға ризашылық білдіргім келеді. Ұстаздарымыз айтқандай, Елбасымыздың еңбекқорлығынан үлгі алып, білімді, парасатты болуға, мемлекетіміздің  бұдан әрі дамып, өркендеуіне үлес қосатын азамат болуға шақырамын.

Менің елім бай қуатты болып, ал Президентіміз еліміздің бағына аман-сау ұзақ ғұмыр сүруін тілеймін.

     Қанат ӘШІРБАЙ,

     В.Терешкова атындағы

     №31 мектептің 8-сынып оқушысы.

     Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

 

ЕЛДІ ЖАҢАРТҚАН ЕЛБАСЫ

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қиын шақта бүкіл елді біріктіріп, тәуелсіздік алып, халықтың аяғынан нық тұруына аянбай еңбек етті. Елбасымыздың тәуелсіздік алғалы жолдаған жолдаулары мен жасаған әрекеттері бүгінгі қазақ халқын  қалыптастырды. Әлемге қазақ деген  халықтың барын танытты. Шет елдермен келіссөздер жүргізу арқылы еңселі де, айбарлы Қазақ елінің тірегіне айналды. Елбасымыз сонау 1997 жылы «Қазақстан-2030» стратегиясын жасау арқылы еліміздің даму жолын айқындады. Сол кездері қол жетпес қияндай көрінген межелерге Қазақстан мезгілінен бұрын жетті. Президен­тіміз енді ел алдына жаңа міндет-мақсаттар қойып отыр.

Дамыған, гүлденген Қазақстан өзінен-өзі пайда болмайды. Елбасы қабылдаған бағдарламаны жүзеге асыру үшін, мемлекетті дамыту үшін, ең алдымен, білім керек. Еліміздің даму деңгейі білім-ғылым арқылы ғана бағаланады. Сол секілді, мен де таңдаған жоғары оқу орнына оқуға түсіп, белгілі бір мамандықты меңгеріп, елімнің өсіп-өркендеуіне бар білімімді, күш-жігерімді салсам деген үлкен арманым бар. Жастарға, яғни бізге кез- келген мектепте жан-жақты білім алуымызға жағдай жасалған. Мысалға, мектептерде интерактивті тақта, компьютер, ғаламтор кабинеттері бар. Еліміздің болашағы үшін осындай жағдай жасаған, халқын ойлаған Елбасымыздың еңбегін бағалап, біз де еліміздің дамуына үлесімізді қосуымыз қажет. Бұл – Қазақстан Республи­касының әрбір азаматының асыл парызы. Елбасымыз елімізді 20 жылда адам танымастай етіп өзгертуге бар күшін жұмсады. Еңбегі еш кетпей, міне, еліміз күннен-күнге даму үстінде.

Мақтаныш етер әсем Астанамыз, ару Алматымыз, шырайлы Шымқаламыз бар. Өзге елдермен тең дәрежеміз бар. Өзге ұлт басшылары аңдап сөйлер мәртебеміз бар. Әрине, мұның бәрі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың арқасы. Көреген саясатының нәтижесі.

Елімізді әлемге танытып, тарихта өзінің қолтаңбасын қалдыра білген, елін сүйген Елбасына мың алғыс!

 

 Айжан АЛТЫНБЕК,

     Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының

     9-сынып оқушысы,

     Шымкент қаласы,

     Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

 

ЕЛІМДІ ӘЛЕМГЕ ТАНЫТТЫ

Таңертең. Дала бұлтты. Терезеге қарап ағаштарды, үйлерді көремін, әрі қарай жазық дала. Осы жазық далада мен дүниеге келдім. Мен бейбітшілік пен бірлік орнаған керемет мемлекетте тұрамын. Бұның бәрі біздің Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың арқасы. Сондықтан мен сіздерге ол туралы баяндағым келеді.

Осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын халқымыз Елбасын таңдады. Халқымыз дұрыс таңдау жасағанына қазір бәріміздің көзіміз жетті. Елбасымыз бізге дұрыс жол сілтеді деп, атам мен әкем ылғи айтады. Қазір біздің Қазақстан төрткүл дүниеге танылды. Әлем алдында еліміз – еңселі, халқымыз – қадірлі. Н.Ә.Назарбаевтың тізгінді тең ұстайтын саясатының нәтижесінде Қазақстан әлемдік қауіпсіздік кіндігіне айналды. Елу жыл сынақ жүрген ел атом қаруынан бас тартты. Осыған біздің халқымыз риза, өйткені, көптеген елдер өз саясатын жүргізу үшін атом қаруын пайдаланады, ал біздің Елбасымыз мәселені бейбіт жолмен шешуді дұрыс деп санайды. Бұл – барлық қазақстандықтардың қолдауын тапқан саясат.

Біздің Президент тәуелсіз мемлекетімізде бейбітшілік орнатты. Қазақстанның әр азаматты, үлкені мен кішісі Көшбасшымыздың саясаты арқасында көптеген жақсылыққа қол жеткізді. Біз Елбасымызды мақтан етеміз.

 

     Кристина ВАСИЛЕВИЧ,

     №1 Успен орта мектебінің 7 «А» сынып оқушысы.

     Успен ауданы,

     Павлодар облысы.

 

 

ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫНЫҢ

ҰЛАҒАТЫ

Кеңес үкіметі ыдырап, ел дағдарып, ертеңі қандай боларын білмей, мүсәпірлік күйге түскенде Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басына келген еді. Бұл күнде Қазақстан іргелі елге айналды. Атланта, Сидней, Бейжің, Лондон олимпиадаларында, Азиада ойындарында қарсыластардың таңдайын қаққызды. Мұндай ауыз толтырып айтарлық жетістіктердің басында, әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы ағам тұр.

Елбасының бала кезіндегі тәлім алған көпұлтты білім ордасы – қазіргі кездегі көпұлтты Қазақстанның діңгегі іспетті. Өмірдің қатал сындары мен тосқауылдары оны шыңдады. Елбасының дәл уақытта, қажетті жерде болуы мен тәжірибесі  тәлімі биік белестерге алып келді.

Ежелден елдің ертеңі – білекті, жүректі, елі үшін отқа түсіп, суға батуға даяр батырлары болса, ХХІ ғасыр білім мен бәсекеге қабілеттілікті талап етеді. Бүгінгі ұрпақ – тәуелсіз елдің алғашқы өрені және сенім артар қыраны. Елбасы жастарға ерекше көңіл бөледі.

Мен – Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысымын, мәртебелі, Елбасы қарауындағы білім мекенінің шәкірті болу мүмкіндігіне ие болғаныма өте бақыттымын. Жарқын болашаққа бастаған Ұлт көшбасшысының салиқалы саясатының жалғастырушысы – мына менмін! Ерім дейтін елім барда, сағынатын  жерім барда, алға жетелер мақсаттар да, міндеттер де, артылар алты атанның күші де бар мына бізде!

Уақыт зырғып өтер, заман зымырар, бірақ тарих қойнауында, әлем мен қазақстандықтардың жадында Ұлт Көшбасшысының даңқты, сара жолы мәңгі өшпес із қалдырары анық…

 

 Аяужан ҚАМАТАЕВА,

      Назарбаев зияткерлік мектебінің

     10 «В» сынып оқушысы.

      Өскемен қаласы.

 

(«Президент пен перзент» кітабынан).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *