ЕЛ ТАҢДАУЫНА IЛIККЕН ОН БIРIНШI ЕМХАНА

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Биыл Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы дәрiгерлердiң төл мерекесi қарсаңында жаңа бiр бастама көтерiп, қаламыздағы емдеу мекемелерiнiң қызметiн қала тұрғындарының сын таразысына салғанды жөн көрдi. СМС жолдаулар арқылы халық қалауына iлiну оңай еместiгi айтпаса да түсiнiктi. Қаламыздағы жетпiстен астам емдеу мекемелерi атсалысқан бұл сыннан сүрiнбей өткен санаулы ғана медициналық мекемелердiң қатарында Жетiсу ауданына қарасты №11 қалалық емхана бар. Бұл емхананы медицина ғылымдарының кандидаты, денсаулық сақтау iсiнiң iскер ұйымдастырушысы әрi үздiгi, жақында ғана Елбасының Жарлығымен Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына қосқан үлесi үшiн медалiмен марапатталған Гүлжаһан Кәрiбаева басқарады.

Емхана тек Жетiсу ауданы тұрғындарына ғана емес, ақылы негiзде Алматы қаласында уақытша тұрып, жұмыс iстеп жүрген өзге қалалардың тұрғындарына да дәрiгерлiк қызмет көрсетедi. Қырық мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетiп отырған емхана бүгiнде ауруды емдеуден гөрi оның алдыналуға айрықша мән берiп келедi. Аурудың алдын-алу және диспансерлiк бақылаумен толық қамту, жұмыс көлемiн, сапасын арттыру жөнiндегi мақсатты да басты бағыттардың нәтижесiнде профилактикалық тексеру 35,4 пайыздан 42,2 пайызға, диспансерлеу жөнiнде келушiлердiң үлес салмағы 19 пайызға өссе, емханаға тiркелген тұрғындардың медициналық көмек алуы 38 пайызға өскен.

Жыл басында №11 емхананы таңдаған 4889 адам жаңадан тiркелген. Емхананың тағы бiр ерекшелiгi, ересектермен қатар балаларға да дәрiгерлiк қызмет көрсетедi. Бiрнеше кабинет жұмыс iстейдi. «Ана мен бала», «Жас аналар үшiн», «Жасөспiрiмдер», «Салауатты өмiр салты» атты кабинеттер жұмыс iстесе, биыл профилактикалық бөлiм ашылды. Бөлiмнiң ең басты мiндетi – аурудың алдын алып, ауруды дер кезiнде анықтау болса, бөлiм ашылған аз ғана уақыт iшiнде бөлiм дәрiгерлерi талай адамды қатерлi дерттердiң асқынуларынан сақтап қалды.

Емхананың физиологиялық емдеу бөлiмiнiң де қызметi тұрғындар арасында ерекше iлтипатқа ие. Бөлiм биылғы жылы тұрғындар денсаулығын жақсартуға жәрдемi тиер бiрқатар медициналық құрал-жабдықтарға қол жеткiздi. Ересектер мен балаларға арналған күндiзгi емдеу бөлiмiнiң жұмысына ауданның ғана емес, өзге елдiң де жұрты дән риза.

– Дәрiгерлердiң еңбегi әдiл бағалана бермейтiн қазiргi кезеңде халықтың таңдауына iлiгу бiздiң ұжым үшiн үлкен абырой болды. Халықтың көңiлiн табу дегенiңiз, ол – мiндеттi мiнсiз атқарудың жемiсi. Сондықтан, мен дәрiгерлерiм мен мейiрбикелерiме осы биiктерiңнен төмендемеңдер. Адал да әдiл еңбек қай кезде болсын өзiнiң әдiл бағасын алады, – дегендi жиi айтамын.

Денсаулық сақтау саласына БҰДСЖ-нiң ендiрiлуi дәрiгерлердiң бәсекеге қабiлеттiлiктерiн арттырды. Жақсы дәрiгердi жұрттың өзi-ақ iздеп табатынына көз жеткiздi, – дейдi емхананың бас дәрiгерi Гүлжаһан Абатқызы Кәрiбаева.

Қазiргi кезде халықты дәрiмен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр. Бұйыртса, келер жылы диспансерлiк есепте тұратын балалар мен ересектер дәрiдәрмекпен тегiн қамтамасыз етiлетiн болады. Емхананың ұстанып отырған бағыттарының бiрi — салауатты өмiр салтын кеңiнен насихаттау болып отыр. Салауатты өмiр салты және өз денсаулығына жауапкершiлiкпен қарауды қалыптастыру мақсатында аудан тұрғындары арасында есiрткi қолданудың, маскүнемдiктiң, темекi шегудiң алдын алу жөнiнде ақпараттар таратылып, түсiнiктер мен ақыл-кеңес сабақтары жүргiзiлiп отырады.

Емхана ұжымы жүргiзiп отырған бұл iсшаралардың түпкi мақсаты әрбiр адамға денсаулықтың қадiрiн ұғындыру болмақ. Ал, аудан халқы өздерiне ең басты байлық – денсаулық екенiн ұғындырып келе жатқан Ел таңдауындағы 2011 жылдың үздiк емдеу мекемесi атанған №11 емхананың ұжымына алғыстары шексiз. Жетiсулықтар балалар бөлiмiнiң меңгерушiсi З.Коверзнева, шаруашылық есеп бөлiмiнiң меңгерушiсi Р.Құдайбергенова, невропатолог-дәрiгер З.Садыбекова, терапевт-дәрiгерлер М.Асубаева, Ф.Қожамбирова, А.Молдаханова, Г.Шитикова, Г.Нұрмағанбетова, диагностика бөлiмiнiң дәрiгерi Е.Я.Алпатов, тәжiрибелi мейiрбике Қатира Қаленқызы есiмдi ақ желеңдi абзал жандарға дән риза.

Өткен жылға өкпесi жоқ он бiрiншi емхана ұжымы Жаңа жылды жаңа серпiлiстерiмен күтуде.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *