ЕЛ МЕН ЕЛЕС (мінездер миниатюрасы)

18176. Адам мен ақша

Бір танысым бар еді. Өзімен әңгімелесу өте қызғы­лықты. Қай тақырыпқа сөйлесе бастасаң да, ойыңды іліп әкете қойып, құлақ құрышыңды қандырып тастайды. Мұндай адамдар осы күні тым көп емес қой, солай ма?

Міне, бүгін де мен сол танысыммен автобусқа бірге отыра қалғаным. Оны көрген бетте қуанып кетіп, жанына жетіп келдім.

— Ау, жол болсын, Танысхан?

Ол жалт қарады, жалт қарады да, көзі күлімдеп:

— Әлей болсын, Әзізбек! — деді маған. — Өзің қайда бет алдың?

— Е, базарға бармақшы ем. Өзіме қысқы етік сатып алмақпын.

— Мен де базарға бара жатырмын. Үйге үстел сатып алсам ба деген ойым бар.

— Онда жолымыз бір болды. Базарға дейін әлі жол ұзақ. Әңгіме айт.

— Әңгіме көп қой, — деді Танысхан. – Қайсыбірін айтарсың. Айтпақшы, осы сен қызмет істейтін жерде бос жұмыс жоқ па?

— Оны неге сұрадың?

— Балама жұмыс іздестіріп жатқаным ғой.

— Балаң өткен айда жұмыс тапты деп едің, бұл қалай?

— Ол жұмыс ұнамапты.

— Неге?

— Ақшасы аз екен.

— Кішкене шыдаса, көбеймей ме?

— Әй, қайдан көбейсін. Қашан көбейер дейсің! Түкке тұрмайтын ақша…

Ол қабағын түйді. Қабағын түйіп аз-кем отырып қалды.

— Өзің әлденеге ренжулісің ғой?

— Осы адамдарды түсінуден қалып барам, — деп, қынжыла сөйледі Танысхан. — Әлгі құдам бар емес пе!

— Иә, құдаңды білем.

— Сол құдам үлкен бір лауазымды қызметте істемей ме!

— Иә, оны да білем.

— Білсең, ары қарай тыңда, — деп, Танысхан маң­дайының терін сүртті. – Ары қарай айта берейін. Сол құдам біздің балаға «әй, өзің ақшаны өте аз табады екенсің, сен әрі қарай қалай күн көрмексің» депті. Балам сол сөзіне жауап қатып, «бар бақыт ақшада емес» демей ме! Сөйтсе, құдам «өй, сөзіңе болайын, осы күні ақшасыз адам адам ба» депті. Балам айтыпты: «Ақша мен дүние келеді де кетеді, адамдық қасиет мәңгіге қалады». Сонда құдам былай депті: «Жоқ, шырағым, бұл заман адамның емес, ақшаның дегені болатын заман. Дүниесі жоқ кісіні ешкім де сыйламайды.»

Танысхан осы жерге келгенде тағы да маңдай терін сүртіп, аз-кем тоқтап қалды. Мен оның әңгімесіне қызыға түстім.

— Ау, ол құдаға не болған! — дедім. — Өзің сөйлесіп көрмедің бе?

— Әй, сөйлесетін не бар! — деп, Танысхан қолын ауаға ерсілі-қарсылы сілтеп алды. – Келер аптада үйге қонаққа шақырмақшы ек, сол үшін міне, базарға бара жатырмын. Үйде жөні түзу үстел де жоқ екен. Кім біледі, менің де намысыма тиіп сөйлеп қалса…

— Онда жауабын бер. Дүниемен сыйласпайық де.

— Ой, сен өзің қызық екенсің. Заман өзгеріп кетті ғой қазір. Бұл заман-дүние жарысының заманы болып алды. Дүниеқұлдар көбейді. Екінің бірі балаларын шет елге оқытқысы келеді. Екінің бірі шет елден үй сатып алғысы келеді. Екінің бірі – көпқабатты виллада, коттеджде тұрғысы келеді. Екінің бірі…

— Ой, тоқташы! — деп мен оны әзер тізгіндедім. – Саған не болған?

— Маған емес, заманға не болған деп сөйле, — деді ол.

— Заман – сол заман! Оны бұзып отырған өзіміз. Адамдардың пейілі…

— Ал, сонда маған не демексің! — деп Танысхан өзіме алакөздене қарады. – Мен не істеуім керек! Ұлым болса анау, айлығы аз жерде жұмыс істемеймін дейді. Туған күн тойын тек мейрамханада өткізгісі келеді. Оған көп ақша керек…

— Жоқ, — дедім мен. — Сенікі жөн емес. Адам не істегісі келмейді! Кісі пейілі қайда бастамайды екен! Бәріне де жез ноқта керек.

— Жез ноқта! — деп Танысхан күліп жіберді. – Ау, достым-ау, сенің жез ноқтаң не? Оның күні баяғыда өтіп кеткен деймін. Қазір — демократия-я… Еркіндік…

— Сонда-а… еркіндік дегеніміз әр адамның ойына не келсе, соны істей беретіні ме!

— Оны білмеймін. Менің білетінім — осы күні адамның емес, ақшаның заманы жүріп тұр. Адамнан ақшаның құны жоғары-ы…

Мен жағамды ұстадым.

Танысыма осы жолы үрейлене, қорқынышпен қарадым.

«Ойпырмай, бұған не болған! Бұрын ақша мен дүние туралы бірауыз сөз айтпаушы еді. Енді мынау, базарға жеткенше тек қана ақша туралы сайрады. Бұл да өзгере бастаған екен!»

Санамды осындай ойлар шырмап алып еді. Кенет Танысхан танысым маған бұрылып:

— Ана жалғыз қызың бойжетіп отыр ғой, көрерміз, — дегені. – Саған да менікі секілді дүниеге тоймайтын құда кездессе, өзің-ақ сайрап кетерсің. Ал, жақсы!

Ол автобустан түсуге беттеді.

Мен абдырап:

— Ой, сен қайда асықтың? — деп, артынан томпаңдап жүгірдім. Танысым маған бұрылып та қараған жоқ. Жерге түсті де, мебель сататын дүкен жаққа бүкектеп зытып бара жатты. Менен құтылуға асыққандай.

Мен тоқтап, ойланып тұрмын.

«Заманды адам емес, ақша билей бастаса, онда шын сорың қайнайтын күн алыс емес екен, беу пенделер-р!…»

***

Елес айтады: «Құның неге сонша төмендеп барады, қазіргі адам-м…»

7. «Дауншифтинг» 

Менің Сұлтанқұл деген көршім бір күні аяқ астынан өзінің жап-жақсы қызметін тастап, өзіміз тұратын үйдің аула сыпырушысы болып жүргенін көріп, таң-тамаша болдым. Әуелде сұрауға ыңғайсызданып, тек амандасып өте шығатынмын. Ол да ештеңе айтқан жоқ. Сәлемі бұрын­ғыша. Көңіл-күйі де орнында. Ештеңеге өкпелеп, ренжіп жүрген түрін байқаған жоқпын.

Адам деген қызық жаратылыс қой, оның осы жүрісі менің ойымды бөле берді, бөле берді. Ақыры бір күні оны әңгімеге тарттым.

— Ау, Сұлтеке, бұл қалай? — дедім.

— Бұл солай.

— Жап- жақсы қызметің болушы еді, енді-і…

— Иә, қызметпен қош айтыстым.

— Неге?

— Сол қызмет деген пәлекет не үшін керек?

— Абыройы бар, айлығы бар. Сонымен бірге…

— Соның бәрі де алдамшы нәрсе. Адам тірлікте бәрінен де еркін болғалы қандай ғанибет!

— Сонда сен…

— Өз еркіммен кеттім. Өзім арыз жазып бердім.

— Өз ықтиярымен қызметтен қашқан адамды тұңғыш көріп тұрмын.

— Е, неге! — деді Сұлтанқұл. – Сен білмейді екенсің ғой. Ондай адамдар тарихта болған.

— Қайдам, естімеппін.

— Онда тыңда. Баяғыда Александр Македонский патша болып тұрған кезінде күнге қыздырынып жатқан ойшыл Диогенге келіп: «Саған не керек, айт арманыңды» демей ме! Сонда Диоген: «сен маған түсіп тұрған күн сәулесін көлегейлемесең екен» деп жауап қатпай ма?

— Е, оны естідік қой.

— Сонда Македонский өзіне-өзі «әттең, патша болмағанымда, онда мен де Диоген сияқты өмір кешкен болар едім» демей ме!

— Ой, сен де… Өзіңді Диогенмен салыстырып…

Сұлтанқұл сасқан жоқ. Ақырын ғана сөйлеп қояды. Маған тыңдасаң да, тыңдамасаң да өзің біл дегендей, ақырын айтады. Бір сәтте:

— Дауншифтинг! — деді.

— Не дейсің? — дедім таңданып.

— Дауншифтинг! Бұндайды естідің бе?

— Естімеппін.

— Бұл сөздің мағынасы былай: билікке құмартпау; барлық лауазымды қызметтен бас тарту; еркін өмір кешу…

— Е, енді түсіндім… Бірақ…

— Ол оңай шаруа емес, әрине, — деп, Сұлтанқұл сөзді өзі жалғап әкетті. – Алайда, адам шын ниеттенсе, бәрін де жасай алады.

— Оны түсінем ғой. Бірақ, лауазымды қызметке біреулер жете алмай армандап жүреді. Қолың жетіп тұрғанда, қадірін білмеу деген…

— Тағы да айтамын, — деді Сұлтанқұл. – Қызмет пен ақша кісінің пейілін бұзады. Оның соңына түсіп кеткен кісі өзінің адамдық ізгі қасиетінен де ажырап қалуы деп-демде.

— Неге! Үлкен лауазымда жүріп те, елге, жұртқа қызмет еткендер аз ба өмірде!

— Ондай кісілер өте аз. Тіпті, жоқ десе де болады. Ал, бүгінгі сендер таңданып, тамсана сөз етіп жүргендердің көбісі-ақ сол кезеңдегі жалаң саясат үшін керек болған, насихаттың күшімен елге танылған «мықтылар».

Сұлтанқұл осыны айтты да сәл-кем тоқтап барып, тағы сөзін жалғады.

— Ертеде өмір сүрген Қожа Ахмет Иассауи айтып кетіпті дейді: «Кісі кісіден дүние арттырып, еш артық тұрмағаны абзал, әйтпесе сезім ылайланып, көңілге ала-құлалық кіреді.»

Мен ойланып қалдым.

«Мына көршім не деп кетті өзі! Бұған салса қызмет те керек емес, ақша да мүлде қажет болмайды екен-ау. Сонда адам қайтеді? Не үшін өмір сүреді?…»

Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ

Жалғасы бар. Басы өткен сандарда.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *