ЕЛ ГАЗЕТІ «ЕГЕМЕНГЕ» ҚОС ҚУАНЫШ ҚАТАР КЕЛДІ

Шыға бастағанына — 100 жыл, Елордаға қоныс аударғанына — 20 жыл

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Марқұм Құрманбай деген әкеміз қағазға өте мұқият болды. Жерде қағаз жатса, мұнда Құран сөзі жазылған деп жинап жүретін. Ол кезде Құран сөзі жазылған дегенді қайдан түсінейік, сөйтсек, әкеміз халықтың діні, тілі, ділі, тарихы, саясаты, мәдениеті мен әдебиеті, денсаулығы қабысқан газеттің бетіне түскен әр жазуды Құранға балайды екен-ау. Біздің бала кезіміздегі тағы бір көз алдымыздан кетпейтін көріністің бірі – әр шопан мен диқаншының төрінде «Социалистік Қазақстан», «Мәдениет және тұр­мыс», «Жұлдыз», «Жалын» «Правда», «Известия» деген басылымдардың әр нөмірі тіркеліп, түптеліп ілулі тұратыны еді. Сол газет-журналдың бір саны жоқ болсыншы, оңбай таяқ жейтінсің. Бәлкім, қолына қалам ұстап жүрген біздің біраз азаматтарымыздың бойына сөздің құдіреті дарыған газет-журналдың бұқара алдындағы жүгінің салмақтылығы, оның екіжүзді болуға құқының жоқтығы, бұл салада қызмет етудің жанкешті еңбек екені сол бала кезінен, қойшының таяғын, диқанның кетпенін қолына ұстаған әкелеріміздің басылымдарға деген құрметінен дарыған болар. Әр қазақтың рухани серігіне айналған басылымдардың бірі – бүгінде ғасырлық тойы аталып өтіп жатқан ел газеті бұрынғы «Социалистік Қазақстан» тәуелсіздігімізді алған жылдардан кейін «Егеменді Қазақстан» атауына ие болған, ал қазіргі кезде әр шаңырақтың босағасына аптаның бес күнінде келіп тұратын «Егемен Қазақстан» газеті. Жүз жыл ішінде мекен-жайы, басшылық құрамы, журналистерінің қатары өзгергенмен, өзінің ұлтжанды үнін, ұлты алдындағы мақсат-мүддесінен арылмаған «Егеменнің» елі алдындағы қызметі өзгерген жоқ.

Ұлтының тағдырына, оның болашағына, ұлттық ұстанымына алаңдаған, сол жолда жандарын пида еткен Сәкен Сейфулллин, Бейімбет Майлин, Тұрар Рысқұлов, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандо­сов, тағы басқа да ұлтжанды азаматтары­мыз іргесін қалаған бұл газеттің бетінде Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, әйгілі қаламгерлер Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза сынды сөз сұңғылалары мен қоғам қайраткерлерінің қолтаңбасы қалған. Сол ұлт азаматтары қалып­тастырып кеткен ұрпақ жалғастығы, үлкеннің кішіге деген қамқорлығы, кішінің үлкенге деген ізеті, мәдениет мектебі бар. Осы үрдісін жоғалтпаған газет ұжымы ел астанасы Ақмолаға қарай көш тартқан тұста қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газеті де 1999 жылы қоныс аударған болатын.

Олай болса, биыл бұл басылымның қос тойы қатар келіп тұр.

Жасы жүзге келген «Егеменнің» Астана төріне қоныстанғанына жиырма жыл. Біз осы қос тойы қатар келіп тұрған «Егеменнің» Алматы қаласындағы тілшілер қосынында болып, әріптестеріміздің бір күндік тыныс-тіршілігімен танысқан едік. Осы тұста айта кетейік, жуырда ғана қосынға белгілі журналист-жазушы Жүсіпбек Қорғасбек басшы болып келді.

Қараша айынан бастап газеттің Алматыдағы қосыны басылым бетінде өз алдына «Алматы» деген атпен отау құрды. «Егеменнің» «Алматысының» басты мақсаты – еліміздің рухани, мәдени, әдеби білімі мен ғылымының алтын ордасы Алматы қаласының өмірін оқырмандарына кеңінен, жан-жақты жеткізу болмақ. Өйткені, Алматы қаласы еліміздің ең ірі мегаполисі ғана емес, барлық жақсы бастамалар мен игілікті істердің үлгісі.

Саясатта, экономикада, мәдениетте, спорт әлемінде ғылым мен білімде оның алар орны алабөтен. Алматыға көңілі аумайтын, оны сағынбайтын адам кемде-кем шығар. Көптің сол сағынышын жұртқа жеткізу «Алматы» бетінің басты тақырыптарының бірі болмақ.

Қазақ радиосының «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» деген сөзі әр тыңдарманның жүрегінде жылы жазылып, құлағында қалып қойғандай «Егеменнің» Алматы қосынында қызмет атқарып жүрген әрбір журналист үшін Алматының жаңалықтары мен жақсылықтарын қалың оқырманға жеткізіп тұру үлкен жауапкершілік жүктейтіні әрі Алматыдан Елордаға жақсылық тарату үлкен мақтаныш екені даусыз. Жалпы, бұл басылымда қызмет етіп, ел жүгін арқалау қалам ұстаған әр қаламгердің арманы, сол арманы орындалса үлкен бақыты дер едік. Біз сол арманы орындалып, «Егеменде» жұмыс істеу, оның ішінде Алматыдан жазып тұру бақыты бұйырған әріптестеріміздің пікірлеріне құлақ қойған едік.

 

Журналистика – зейнетке шықпайтын мамандық

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егеменнің» ардагері, Қазақстанның ақпарат саласының үздігі

Газетіміз жүзге келіп жатса, мен осы басылымда қырық жылдан астам уақыт қызмет атқарыппын. «Дарақ бір жерде тұрып бұтақ жаяды» демекші, осы газетке 1975 жылы жап-жас қалпымда стенографист болып қыз­метке келсем, 2016 жылы әже деген құрметті мәртебеге ие болып, зейнетке шықтым. Бірақ мен журналистика зейнетке шықпайтын мамандық дер едім, әлі де қолымнан қаламымды тастаған емеспін. «Егеменін» елеңдеп күтіп отыратын оқырмандарымызды, онда қызмет істеп жүрген әріптес­терімді, Алматымның жақсылығына сүйсінген тұстарымда әлі де қолыма қалам алып тұрамын. Ал менің журналистикадағы жолымды, өзіме қолайлы тақырыбымды таңдап алуыма жөн сілтеп, бағыт берген Шераға — Шерхан Мұртаза болатын.

Мамандығым журналист, арма­ным жазушы болу болғандықтан әңгіме жазып тұратыным бар еді. Бірде «Қазақ әдебиеті» газетіне менің «Әйел жаны» деген әңгімем жарық көрді. Соны оқыған Шераға Қайнар Олжайға «ана қызға тапсырма беріп көрсеңдерші, тірі дүние әкелетін шығар, әйел тақырыбын жазсын» деп үкім айтыпты. Сонымен Шерағаның ұйғаруымен, Қайнардың тапсыруы­мен әйел тақырыбын жазуға құлшына кірістім. «Перзентхана пердесі талай сырды бүгіп тұр» деген алғашқы мақа­лам газет бетіндегі үлкен құбылыстай көрініп, жолбарыс мінезді үлкен қаламгердің ықыласына бөлендім. Бұл менің шабытымды арттырды. Содан кейін әйел тақырыбына құлашымды кең сермедім десем болады.

Маған тақырып беріп, осы тақырып арқылы мені танымал еткен Шерағама қарыздармын. «Егеменнің» шаңырағы үлкен мектеп. Егеменнің арқасында талай елдің суын ішіп, дәмін таттық, тұрмыс-тіршілігін таныдық. «Егемен» Астанаға қоныс аударған кезде далада қалғандай болғанымыз бар. Бірақ газеттің сол кездегі басшысы Алматыда да бір еліміз болуы керек, Астанаға көшкенмен, Алматының астаналық рухы көшкен жоқ, үлкен жиындар мен басқосулар осы қалада өтеді. Сондықтан «Егеменнің» бір қанаты Алматыда қалады деп осы «Алматы» қосыны ұйымдастырылған болатын. Ал бұл сөз қосында жұмыс істеуге қалған әр журналистке үлкен жауапкершілік жүктегені анық. Әрқайсымыз Алматының мәртебесін асқақтату жолында аянбай еңбек еттік, әлі де осы бағыттағы өркенді істеріміз жалғасып келеді. Осы қосында зейнетке шыққанша, одан кейін де үш-төрт жылдай қызмет атқардым.

Қызығымыз да, шыжығымыз да көп болды. Қазір үйде отырып сол кездерді сағынып кетемін. Асүйде отырып, қосынымдағы ас бөлмедегі шәй ішуді сағынатыным бар. Әріптес, іні-сіңлілеріміздің құрметін, ілтипатын сағынасың. Бірге қызмет атқарған ағалардың кішілерге деген құрметін сағынасың. Меніңше, әр шаңырақтың босағасына Жаратқан ие дарытатын ұлы қасиеттер бар болса керек. Ал ұлыларымыздың табаны тиген «Еге­менде» ол қасиеттердің сақталғаны анық.

Қайнаған тіршіліктің ордасы Алматыдан қазір де хабар жазып тұратын інішектерге құрметім шексіз. Әсіресе, қаламы мен қазанын қатар алып жүрген журналист қыздарымыз Айнаш Есалы, Айгүл Аханбайқызы, Эльвира Серікқызы сынды сіңлілеріме және жас та болса алымды Арман Октябрь есімді ініме, күні кеше қатар қызмет атқарған аға-інілеріміз Мамадияр Жақып, Қорғанбек Аманжол, Бақыт Балғарина, Талғат Сүйінбай, марқұм Әзиз Алдабер­генов, Шарафаддин Әмір, Серік Жұмабек, Самат Мұса, Алма Мұха­меджанова, Нұрғали Ораз, Қанат Ескендір, фототілшіміз Берсінбек ағаларды әрқашан да қарындастық, әпкелік сезіммен есіме алып жүремін. Жарқын күндерімнің куәсі болған «Егеменім» ұлтымен бір ғасыр емес, мың ғасыр жасасын деп тілеймін.

 

«Егеменнің» өз «Алматысы» бар

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan» газетінің шолушысы

– Осындайда еске түсіп отыр, бұрындары «Жас Алаш» газетінде қызмет атқарып жүрген кезімде сол кездегі басшымыз Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз шақыртып жатыр деген соң бардым, ол кісі қарауытып кетіпті. Осы түсінбеймін деді, осы жұртты түсінбеймін деді. Алдындағы бір бума газетті кері тастады. Осы жұрт «Ақшам» деген сөзді түсінбейді, түсінгісі де келмейді деген ашуын баса алмай. «Ақшам» сенбілік бетін шығарғаныңа қанша болды? 10 жыл. Тігінділерің бар ма? Бар болса соларды ал да, астындағы бесінші қабаттағы Максим Темірболатұлы Сәрсеновке көрсет деді. Кешкі Алматы деген не сөз деп түтікті. Содан «Ақшам» сенбілік беттерінің бар тігіндісін алып, «Вечерканың» редакторына бардым. Ол кісі мен апарған газеттерді көріп таңқалды. Осындай беттерің біраздан бері бар ма еді деп сұрады да, үнсіз қалды. Сонда барып түсіндім. Әңгіме газет атауы туралы болғанын білдім. Газеттің сенбілік бетінен кейін, «Кешкі Алматы» ұсынысы «Алматы ақшамы» болып бекітілген екен. Газетіміздің ғасырлық дүбірлі тойы кезінде сол жастық шақтағы оқиға еске түсіп отырғаны еріксіз ойға оралады. Сол «Ақшам» бүгін «Егемен» ағасына сәлем беріп, ықылас танытып жатыр. Ізеттері үшін рахмет.

Біздің газет ішінен де «Алматы» беті ашылып жатыр. Ондағы мақсатымыз Алматының өзі шеше алмайтын күрделі мәселелерді жоғарыға жеткізу, халық пен билік арасын жақындату болып отыр.

Талай басылымда қызмет атқардым, Бас редактор болдым, дегенмен «Егемен» Алматыға деген махаббатымды жеткізуге мол мүмкіндік берді. Ол мүмкіндікті сыйлаған «Егеменім» ғасыр жасаған «Егемен Қазақстанға» мың ғасырлық ғұмыр тілеймін.

 

Алматының 100 көшесіне жаңа атау алып берген «Егемен»

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Egemen Qazaqstan» газетінің шолушысы

Сөз қадірін ұғынып, қалам ұстағандар қатарында журналистикаға қызмет етіп келе жатқаныма ширектеу ғасыр болғанда, көңіл түкпірінде «Егемен Қазақстанға» барсам-ау» деген ой қылаң беріп, ол ниетім бірте-бірте ұлғайып, ел басылымына қарай бүйрегім бұра бастағанын іштей сезіп жүрдім. Бұған дейін «Жас Алаш», «Айқын», «Халық сөзі» секілді республикалық газеттерде жұмыс істеп, бір-біріне ұқсамайтын түрлі идея мен ұстанымдағы басылымдарда жүріп жинақтаған тәжірибе өзіндік мектебі қалыптасып, толысқан мамандармен жұмыс істейтін «Егеменге» қарай бастауы менің емес, ең алдымен, журналистиканың өз ішкі заңдылығына қарай өрістегені болса керек.

«Egemen Qazaqstan» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің шақыруы­мен бас басылымның Алматы бөлімшесіне жұмысқа қабылданғаннан кейін алға­шын­да тосырқап жүргеніммен, алып мегапо­листің қайнаған қарбалас тіршілігі «адап­тация» алуға қаратпады. Руханият бөлі­мі­нің жұмысын алып жүретін болған­дық­тан, көп дүние талап етілді. Себебі, Алматы – өнер мен мәдениеттің, әдебиет пен ғылым­ның алтын бесігі. Бүкіл қазақ қоғамының қазан бетіне шығар қаймағы, ірі шығар­машылық өкілдері, зиялы қауымы осында шоғырланған. Бәрінің де ұлтқа қаратып айтатын ұлағатты сөзі бар, бәрін де сөйлету керек,  бәріне де үлгеру керек. «Баспасөз баяғы пәрменділігінен айыры­лып қалды» деп жатады, бекер сөз. «Ал­матыда 34 Абай, 24 Әуезов көшесі бар» деген мақаламызбен Елбасы Н.Назарбаев танысып, дереу Үкімет пен Алматы қала­сының әкімдігіне көше мәселесін реттеу туралы нақты тапсырма берді. Нәтижесінде көшеге атау беруге шектеу қойған мора­торийге қарамастан, сол жылы алғаш рет желтоқсанда Алматының 100 көшесіне бірден жаңа атау беріліп, кейбірі елге есімі ерекше қадірлі адамдардың ныспысымен өзгертілді. Бұл – «Егеменнің» ерлігі, бас басылымның пәрмені. Біздің мамандығы­мыз осындай қуанышымен марқайтып, қанаттандыра түседі, тек осы рахаты үшін ғана құрметің биіктей береді және бұл бақытты тек тілші болған адам ғана түсініп, сезінеді.

 

Мені спортқа шыңдаған «Егемен»

Ғалым СҮЛЕЙМЕН

«Егемен Қазақстан» газетіне алғаш рет 1996 жылы келген едім. Университетті енді ғана тәмамдаған жас маман үшін бұл үлкен өмірлік мектеп болды. Ол кезде айтулы басылымның Бас редакторы Уәлихан Қалижан болса, Бас редактордың орын­басарлары қызметін Ержұман Смайыл, Ербол Шаймерден және Еркін Қыдыр мырза атқарды. Атақты жазушы Шерхан Мұртаза, қарымды қаламгерлер Мамадияр Жақып, Аян Нысаналы, Рысбек Сәрсен­бай, Совет Шиманбай, Әділ Дүйсенбек, Жанат Елшібек, Талғат Сүйін­бай және тағы басқа ағалары­мыздан көп нәрсе үйреніп, үлкен тәжірибе мектебінен өттік.

Ел газетінде мен спорт бетін жүргіздім. Осы тақырыпқа қалам тарта жүріп, алғаш рет шетелдік іссапарларға шықтым. 1988 жылы Наганодағы қысқы Олимпиада, 2000 жылы Сиднейдегі жазғы Олимпиада және көптеген әлем мен құрлық чемпионаттарды өз көзіммен көрдім. Ал Алматы – спортты қала. Онда өткен кез-келген спорттық шараларды, дүбірлі додалар жөнінде жедел ақпарат беріп, спортшыларымыздың жеңісі туралы халыққа сүйінші хабар жеткізу мен үшін үлкен жауапкершілік. Сол дүбірлі дода­ларда дараланған дарабоздарымыз мен жазған мақалаларымның басты кейіп­керіне айналды. Кейіннен олар бірнеше мәрте кітап болып шықты.

2004–2018 жылдары аралығында бірқатар республикалық басылымдарда қызмет еттік. Алайда, араға 14 жыл салып, өзімнің сүйікті «Егеменіме» қайта оралдым. Өйткені, бұл басылым менің туған үйіме айналып кеткен еді. Қазірде сол өзімнің үйреншікті тақырыбым спортты қала Алматының спорты туралы мақалалар жазып жүрген жайым бар.

 

Кәсіби жолдағы үлкен мектеп

Арман ОКТЯБРЬ, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі

«Егеменнің» Алматы қосынын қызығы мен қарбаласы қат-қабат жүретін тілшілік тіршіліктің нағыз қайнаған ошағы дерсіз. Өйткені, экономика мен мәдениеттің, руханият пен әдебиеттің күретамырына баланатын миллиондар тоғысқан мегапо­листің келбетін айшықтау осы шағын ұжымға жүк­телген. Бөлімшенің ең жас тілшісі ретінде Мемлекет басшысының ресми сапар­ларынан, шаһарда өтетін халықаралық маңызы бар форумдардан шұғыл репортаж әзірлеу көбіне-көп маған міндеттеліп жатады. Газет күнбе-күн жарық көретіндіктен арқаны кеңге салып жататын уақыт жоқ. Бүгін жазғаның ертең жарияланады. Қоржын бос қалмас үшін әр таңда жаңа ізденіс, тың тақырып табуға талпынамыз. Мобильділікпен қатар жазған дүние­міздің дәйекті әрі сапалы болуына баса мән береміз. Ойлы оқырманның талғам-таразысына сай болу үшін ел өмірінің әр сәтін қалт жібермей қадағалап, түрлі тақырыпта сараптамалық, пробле­малық мақалалар дайындауға күш саламыз.

Өзім үшін кешегі алыптардың ізі қалған іргелі басылымның қабырғасында қызмет атқарудың жауапкершілік жүгі де ауыр. Мұнда еңбек ете жүріп «Егемен Қазақстан» – ұлт баспасөзінің қасиетті ұстаханасы», – деген сөз жәй айтыла салған теңеу емес екеніне анық көз жеткізгендеймін. Биыл өзінің ғасырлық тойын межелейтін аға басылым өз басым үшін кәсіби жолдағы үлкен мектеп.

 

Бір қолыңда –қазаның, бір қолыңда – қаламың

Айнаш ЕСАЛЫ, «Egemen Qazaqstan» газетінің шолушысы

Күнделікті дерлік шығатын газетіміздің мың-сан шаруасынан шапқылап жүргенде байқайтыным, кез-келген есікті ашып, қандай оқиғаға ортақтасуға келсек те, «О, «Егемен Қазақстан» келді!» дейді екен. Атымды да, тағ­дырымды осы газетке егіз еткен ұжымым­ның ортасына осыдан 23 жыл бұрын қосыл­дым.

Осы жылдар мені ысылтты, өмір көрдім. Мені осы басылым – газет оқитын қалың оқырманға таныстырды, күн сайын «Егемен Қазақстанды» алатын ұлан-ғайыр еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқырманмен қауыштырды. Үлкен ортаға қосқан, ұлағатты ұжымның бір мүшесі еткен газетіме мен өмір бойы қарыздар шығармын деп те ойлаймын. Әйтпесе, жур­налист болуды, «Егемен» сияқты еңселі басы­лымда қызмет етуді әрбір тілші армандайды. Қарап отырсам, менің анам да, әкем де үлкен журналист болуды армандаған екен. Екеуін қосқан да – осы тілек. Мен бәлкім, армандары орындалмай қалған сол екі адамның орындалған арманы да шығармын…

Газет табалдырығында өткен жылдарда еліміздің барлық аймақтарын ғана емес, өзім өмір бойы көруді көксеген АҚШ, Ұлы­бри­тания, Түркия, Қытай, Германия, Голландия, Гонконг, Чехия, Үндістан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сынды талай елге сапар шектім.

«Егемендегі» ең алғашқы «алыс» са­парым – Бішкек қаласы болатын. Елбасының екі ел арасындағы шекараны делимитациялауға арналған іссапары – менің алғашқы саяхаттарымның басы болды.

«Егеменге» егемендікке қол жеткізгеннен кейін көп ұзамай келгендіктен, маған сан рет журналист ретінде елдігіміздің тарихындағы айтулы сәттерге куә болу мен оны газет бетінде насихаттау бұйырыпты. Білгенге – бұл да бақыт. Бес жыл журфактың табалдыры­ғында жүріп таппаған білімді осы газет күнделікті тіршілігімен бойымызға сіңірді. Менің журналистикадағы шын мәніндегі ұстазым – Ержұман Смайыл болса, тұңғыш редакторым – Жанболат Аупбаев.

Газеттің жұмысымен таңертеңгілік асты Бішкекте, түскі мәзірді Астанадан, кешкі тамақты Алматыда ішкен қызықты күндер де болыпты. Осының бәріне куә еткен, сол жолсапарларға жетектеген де – «Егемен»!

«Бір қолыңда – қазаның, бір қолыңда – қаламың» деп әріптестерім әзілдейтіндей, қара шаңырақта жүріп ұлды да, қызды да болдым. Қиналған сәттерімде ұжымым демеу болды. «Егемен» Елордаға көшіп, абыр-сабыр болып жатқан тұста кішкентай баспананы да алып берген осы газет.

«Еңбек еленбейді, төккен тер зая кетеді» дейтін әлсіздердің сөзімен, тоғышар ойлармен келіспеймін. Менің «Егемендегі» еңбегім еленді. 2006 жылы ұжымның ұсынуымен Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, яғни «Жыл репортері» атандым. Одан кейін де, оған дейін де түрлі мекемелер атынан ұдайы дипломдармен, Алғыс хаттармен марапатталдым. Бірқатар журналистік байқауларда да бағым жанды. Алайда, Сауытбек, Ержұман, Жанболат ағаларымның «Мына мақалаң дұрыс шығыпты» дейтін бір ауыз жылы сөзі – сол бір жапырақ қағаздарға қарағанда көп қанаттандырғанын жасырмай­мын. Осы кісілер мені ұдайы тәрбиелеп, үнемі өсіріп отырды. Ең жауапты тапсырмаларды да сеніп тапсырды. Сол үдеден шығу үшін тырбаңдап келе жатқан жай бар. Себебі, де сол, осы газетті күн сайын жасап, күн сайын толтырып, таралымын өсіріп, осы абыройлы белеске алып келген ұжым басшылары да тәуліктің төрт мезгілімен санаспай, жанкеш­тілікпен, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, ғұмыр­ларын осы басылымға бағыштап отырғанына ширек ғасырға жуық куә болып келеміз.

Газеттің ғасырлық тойына да амандықпен, ауызбіршілікпен бірге жеттік. Тәуелсіз мемлекетпен тағдырлас басылым бетінде өткен жылдарыма өкінішім жоқ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *