Ел энергетиктерінің №1 «Еңбек ардагері» Алматыда тұрады

2248«24 kz» телеарнасының кешкілік хабарынан Астанадағы Ұлттық музей ғимаратында өткен «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру» республикалық форумында премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев «Еңбек ардагері» төсбелгісін салтанатты түрде тапсырған қарттардың қатарында Алматы қаласының байырғы тұрғыны, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, КСРО-ның құрметті энергетигі, Мұғаджар ауданының құрметті азаматы Кежек Бершенұлы Ысқақовты да ұшыратып қалдық. «Алматы ақшамы» газетінің алғашқы нөмірінен бастап, тұрақты оқырманы әрі жанашыры Кежекеңнің Елордадан үлкен марапатқа ие болып қайтқан кезінде пәтеріне телефон шалып, газет оқырмандары атынан құттықтаған едік.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Елбасымыздың бастамасымен «Еңбек күні» мерекесі биылдан бастап қыркүйек айының соңғы жексенбісінде тұңғыш рет аталып өтіп, еліміздің барлық аймақтарынан қатысқан 226 делегаттың ішінде алматылық Кежек Бершенұлы сияқты ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілуі – Тәуелсіз елімізде халықты еңбекке ынталандыру, жастар арасында еңбек етуді насихаттау мен дәстүрді нығайтуды көздеген «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру» идеясының құндылығын дәлелдесе керек. Еліміздің жетекші салалары — өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, білім беру мен денсаулық сақтауда, құрылыста 40 жыл еңбек еткен ардагерлердің арасында энергетика саласындағы алғашқы «Еңбек ардагері» медалін төсіне таққан Кежек Бершенұлы салтанатты жиында мұндай дәрежеге тек еңбек арқылы жеткенін ерекше ықыласпен айтқан. Жасы егде тартқан Кежек қария еңбекті қадір тұтқан алдыңғы буын ағалардың өмірге деген құштарлығын әйгілеп тұрды. «Мен марапатқа кенде емеспін. Энергетика саласында не нәрсе болды, соның бәрін кеудеме таққан адаммын. Жасым сексеннен біраз асып кетті. Бізде халқымыздың, еліміздің жағдайы жақсы болсын дегеннен басқа тілеріміз жоқ. Бізді ұмытпай, осынау қиын-қыстау заман бола тұрса да шақырғандарыңызға қуанамыз әрі мақтанамыз» — деді қарт энергетик.

Кежек Бершенұлы 1954 жылы 27 сәуірде Алматыға алғаш келген сәтін ұмытпайды. «Алма-Ата-1» және «Алма-Ата-2» темір жол бекетін көріп, «Сонда, екі Алматы болғаны ма?» деп таңырқағаны да есінде. Алматы мен Мәскеудің арасындағы Ақтөбенің біраз жастары Мәскеуге оқу іздеп барғанда, сол кездегі Одақ астанасындағы энергетикалық институтты бітірген алғашқы қазақ жігіті Кежек те Алматыға арман арқалап келген еді. Сол жылдары құрылысы тұрғызылған қалалық жылу-энергетикалық орталы­ғында қатардағы инженер болып еңбек жолын бастап, бүкіл саналы ғұмырын қаланы жылумен, жарықпен қамтамасыз етуге жұмсады.

«Қазтехэнерго» республикалық инженерлік орталығын 25 жыл үздіксіз басқарды. Техника ғылымдарының кандидаты, профессор, Ұлттық инженерлер академиясының академигі, көптеген ғылыми еңбектердің авторы, еліміз энергетика саласының қадірменді ақсақалы Кежек Бершенұлы студент кезінде даңқты академик Ш.Шокинмен кездескенін, Алматы ТЭЦ-інде комсомол комите­тінің хатшысы, аудандық комсомол комитетінің мүшесі болғанын, Орталық комитетке лауазымдық қызметке шақырылғанда «Өзім ұнатқан жұмысты атқарып жүрмін» деп келісім бермегенін, содан біраз қудалауға түскенін, бұдан біраз жыл бұрын Мәскеуде энергетика ардагерлерінің басқосуына барғанын жиі еске алады.

«Дарақ ағаш бір жерде көгереді» дегендей, елі­міздің энергетика саласын дамытуға бүкіл ғұмырын арнаған Кежек Бершенұлы еткен еңбегінің құрметіне бөленіп, жемісін көргенінің шынайы көрінісі осы болса керек. Кежек қария ұлы Абайдың:

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман,

Шошимын кейінгі жас балалардан.

Терін сатпай, телміріп, көзін сатқан,

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман», – деген өлең шумағын есіне алып, кейінгі жастардың алдына белгілі бір мақсат қойып, адал еңбек, маңдайтермен өмір сүруін қалайтынын айтып отырады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *