ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЕҢ БАСТЫ ҚАҒИДАСЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында  «Қазіргі таңда  жеке адам ғана емес,тұтас халықтың өзі  бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге  мүмкіндік алатынын»  айта келе: «Бола­шақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы,  компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақ­стан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдар­ламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақ­стандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» деп, бәсекеге қабі­леттілік жолындағы бағдар­ларды тұжы­рымдап берді. Нақты мақсатқа жету үшін мінез-құлықтың прагматизмін қалыптас­тыруды, бұл жолда ұлттық сананы кемел­дендіруді, ал табысты болу­дың ең басты факторы – білім екенін, эволю­циялық даму ғана ұлттың өркен­деуіне жол ашатынын негіздеп, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарттарын жүйелеп  көрсетті.

ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ  – ТАБЫС  КІЛТІ

Кез-келген қоғамның болашағы баянды болуының  үш бағдары бар: эко­номика, әлеуметтік сала және руханият. Қоғамдық  дамудың бұл үш бағыты  бір-бірімен тығыз байланысты. Цифрлық технология – осы үш салаға да «жан» бітіретін жаңалық. Үш бағытта  жаңа технологиялар көмегімен  қатар дамыған қоғам ғана заманауи мәдениетті, өрке­ниетті өмірге  қадам баса алады.

ХХІ ғасыр – жаһандық жаңалықтар мен технологияның дәуірлеу ғасыры. Қазіргі заманда біз жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болуымыз, өзгелердің ұтқыр тәжірибелерін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіре білуіміз керек. Мемлекет басшысы айтқандай, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің негізгі көрсеткіші. Бұл – ел дамуындағы ең басты қағидаттардың бірі.

Осы орайда Президентіміз  ұсынған  «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Рухани жаңғыру»   атты  стратегиялық маңызы зор құжаттарда  тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге дейін қол жеткізген жетістіктері сараланып, замана қауіп-қатерлері айқын­далып, ел дамуына  орнықты баға беріл­ген. Әлеуметтік-экономикалық  ахуалдың тұрақтылығын ғана емес, мемлекеттің рухани жаңғыруын қамтамасыз етіп, жеткен жетістіктерімізді одан сайын еселей түсуге бағытталған, аса маңызды тың идеялар мен нақты бастамалар ұсынылған бұл құжаттар ең алдымен, ұлттық экономиканы көтеруге, халықтың әлеуметтік жағдайын күшейтуге, ұлттық руханият пен қасиетті құндылықтарды ұлықтауға жол ашты.

Бүгінде ел көшін  өрге сүйрер бағдар­ламалар мен жобаларды   дамытудың кешенді  шаралары қолға алынуда.  Мем­ле­кет басшысы: «Біз тәуелсіздік жылдары ішінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылдық. Қазір дамыған озық 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Ол Қазақстаннан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Сондықтан мен осы жылдың басында Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда Үшінші жаңғыру жөнінде жарияладым. Оның негізі цифрландыру болып табылады», – деп, ел экономи­касын дамытудағы цифрлы техноло­гиялардың маңыздылығын атап өтті.

Бүгінгі таңда әлем халқын алаңдатып отырған  жаһандық дағдарыс кезінде тұйықтан шығар жолды  дәл тауып, ұтыспен шығу оңай болмасы анық. Мұны Елбасымыз әріден бағамдап: «Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отыр­мастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді. Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан үлы өзгерістер әрі тарихи сын-қатер, әрі ұлтқа берілген мүмкіндік», –  деп, елге  қайрат-жігер мен рух берер ұран тастап отыр.

 

ӘЛЕУМЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ: ҚОҒАМДЫҚ  ДАМУДЫҢ

ҮШ БАҒДАРЫ

 

Әлемдегі  дамыған  елдердің баршасы осы жолдардан өткен. Бүкіл әлем басшы­ларының басын жыл сайын Давоста қосып жүрген Дүниежүзілік экономи­калық форумның құрылтайшысы әрі басшысы Клаус Шваб өзінің  «Төртінші индустриялық төңкеріс» атты еңбегінде: «Индустриялық революцияның символы — электр қуатынсыз әлемнің 17 пайыз халқы немесе 1,3 млрд. адам күн көруде. Әлем­нің жартысының немесе 4 млрд. халықтың мүмкіндігі ақпараттық заманның игілігі саналып отырған  интернетке әлі  қолы жете қойған жоқ», – деп жазды.

Әлеуметтану ғылымында қоғам дам­уының тарихын Аграрлық, Индуст­риялық және Ақпараттық  қоғам деп үшке бөліп қарастыру дәстүрі бар. Егер әр қазақ­стандық осы бөлімде ұсынылған саланы  тұтасымен қабылдап, жаңа қоғамда табысты өмір сүру кілті деп қабылдаса, онда жеке сананың трансфор­мациялану нәтижесі ретінде қоғамдық сана жаңғыра­ды. Эволюциялық дамудың осы заңдылы­ғын түсінген адам табиғат­тағы секілді, қоғамда да барлығы өзара сабақтас, бір-бірімен тығыз байланысты екенін терең сезініп, анық білетін болады. Бұл туралы Қазақстан басшысы талай рет айтқан болатын.

Жаңалыққа жаны құмар елдер өздері  ойлап тапқан игілікті  алдымен өзгелерден бұрын өздері көретіні анық.  Технология мен энергия көзін игерген халықтар да өз жаңалықтарын алғашқы болып  өздері тұтынады. Мәселен, аграрлы қоғамның құралы арба мен соқа, ал қуат көзі – жан-жануар күші болса, индустриялық қоғам­ның технологиясы электромеханика, қуаты қазба байлықтары көмір, мұнай, көгілдір отын, уран болып табылады. Сол сияқты, бүгінгі ақпараттық заманның еңбек құралы  – компьютер, сандық технология, қуат көзі жасыл энергетика  – күн, жел, судан алынатын электр энергиясы болып отыр.

«Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды орындауға тиіспіз. Бұл маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспекти­валы салаларды дамыту керек» деген еді  Мемлекет басшысы. Бұл бағытта елімізде «Цифрлы Қазақстан» жобасын жүзеге асыру қарқынды түрде қолға алы­нып отыр. Қазір бағдарламаға бай­ланысты төрт негізгі бағыт бар: біріншісі – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қам­тамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкін­діктерін арттыру, екіншісі – барлық салада цифрлы технологияны енгізу, үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмы­сының сапасын арттыру болса, төртіншісі – ІТ мамандарды даярлау.

Бүгінгі күні 3D принтер  қиял жетпес бұйым емес. Осыдан 10-15 жыл бұрын­дары қарапайым принтерлер тек кеңсе­лерде, жұмыс орындарында ғана болса, бүгінде еліміздің әр тұрғынының үйінде принтер бар. Демек, ол қолжетімді.  Сон­дықтан да алдағы уақытта 600-700 мың теңге шамасында тұратын 3D принтердің болашақта әр үйде болуы да жаңалық емес.

 

БӘСЕКЕГЕ    ҚАБІЛЕТТІЛІК   БАСТАУЛАРЫ

 

Болашақта 3D принтер көмегімен фабрикалар тұтынушылар үшін мейлінше арзан заттар шығарады деген болжам да бар. Тіпті, дүкендердің өзінде жекелеген адамдардың сұранысын сол сәтте орын­дап, алдымен дене пішінін сканерге түсіріп алып, содан кейін қалаған түсінде, қалаған өлшемде және қалаған сән үлгісіндегі киімді принтер шығарып беретін болады. Көйлек, костюмдерді ғана емес, аяқ киімді өзіңіз қалағандай жасап, дүкеннен 3D принтерден жаңа ғана шыққан киімді киіп шығып кетуіңізге болады дейді мамандар. Сайып келгенде, жалпы, 3D принтер арқылы жасалған көптеген құрамалы бөлшектер ұшақтарда, адамсыз басқары­латын аспаптарда және спутниктерде қолданылып келеді. Тұрмыс-тіршілікте, ғылым-білімде кең көлемде қолданысқа ие болатын үш өлшемді игілікті медицинада пайдаланудың кеңістігі де аса зор болмақ.

Цифрлы индустрияны дамыту басқа салаларға да серпін беретіні сөзсіз. ІТ саласы айрықша мүмкіндіктер ашатын саланың бірі – медицина болып отыр. Алдағы уақытта 3D принтердің денсаулық сақтаудағы соны жаңалыққа айналатынын айта кеткен жөн.

Сандық технология  аясындағы «Е-Халық» жобасы Қазақстанның еңбек нарығын талдау мен мониторинг жүргізу­ге көмектеспек. Халықтың нақты санын анықтау мен ішкі және сыртқы көші-қонға мониторинг жүргізуге, әлеуметтік әлсіз санатқа жататын және жұмыссыз жүрген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам­дар мен барлық мемлекеттік ақпа­раттық жүйелер мәліметін жандандыруға, тұрғындардың тұрмысы мен табысына байланысты дәлме-дәл деректер түзуге «Е-Халық» бағдарла­масы жол ашады деп күтілуде.

Ақпараттың дәлдігін жүйелендіруге цифрлы технология ғана мүмкіндік бермек. «Цифрлы Қазақстан» бағдарла­масы – Қазақстандағы әрбір азаматтың әлеуметтік мәртебесін анықтауға, жергі­лікті басқару органдарының мүдделері мен қажетті­ліктерін сараптау арқылы атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясатты жүргізуіне үлкен септігін тигіз­еді. Халықты еңбекпен барынша қамту арқылы Қазақстан экономика­сының басқа салаларының дамуына жол ашады. Осы жұмыстың нәтижесінде бәсе­кеге қабілетті мамандар шоғыры ірікте­леді.  Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау арқылы еліміз бойынша еңбек өнімділігі артады. Демек, «Цифрлы Қазақстан» еліміздің бір-бірімен тығыз байланысты бүкіл саласының жұмысын жаңа сапалы деңгейге көтереді деген сенім бар. Бағдар­лама бойынша 2020 жылға дейін ІТ секторының ішкі жалпы өнімдегі үлесін 5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.  Осы мерзімге дейін  елімізде 150 мың жұмыс орны ашылмақ.

Қазір еліміз бойынша,  саясат пен экономика саласы болсын, әлеуметтік сала болсын, өркениетке бастар цифрлық технологиялардың тамаша тың үрдістері қолға алынып  жатқандығы қуантады. Мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатары­на қосылу. Ойлаған мақсат-мұратта­рымызға жету үшін, Елбасы айтқандай, біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегі­не айналады. Қазақстанға түбегейлі жаң­ғыру және жаңа идеялар арқылы бола­шағын баянды ете түсудің теңдессіз тари­хи мүмкіндігі беріліп отыр. Жаңа жағ­дайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасына айналып отыр. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала бермек.

Алексей  ЦЕХОВОЙ,

Қазақстан халқы  Ассамблеясының  мүшесі, Халықаралық  Ақпараттар академиясының Бас директоры,

академик, техника ғылымының  докторы, профессор.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *