«Ел бiрлiгi» «Қазақ ауылын» құрмақ

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Алатау ауданында iргетасын қалаған «Ел бiрлiгi» одағының тыныс-тiршiлiгiн аудан жұрты жақсы бiледi десек, артық болмас. Аудан көлемiндегi ғана емес, қала, республика деңгейiнде өткiзiлетiн қоғамдық-саяси, мәдени iс-шараларда да жиi көрiнiп жүретiн, заңгер Шолпан Бостанова жетекшiлiк ететiн «Ел бiрлiгi» одағы өздерiнiң кезектi басқосуларында Елбасының «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласын талқылап, одақтың алдында тұрған басты мақсаттарын айқындады. «Ел бiрлiгiнiң» Елбасы бағдарламасын талқылауына арналған бұл жиынына «Нұр Отан» ХДП Алатау аудандық филиалының заңгерi Ғани Майлыбаев, аудан әкiмдiгiнiң әлеуметтiк сала бөлiмiнiң бастығы Гүлсара Исағұловалар қатысты.

Жиында «Ел бiрлiгi» одағының төрайымы Шолпан Бостанова баяндама жасады. Шолпан Ризабекқызының баяндамасына құлақ түре отырып, бұл одақтың ел үшiн, әсiресе, аналардың құқығын қорғау бойынша, дiлiмiз бен дiнiмiздi, әдет-ғұрпымызды дәрiптеудегi еңбегi елеулi екендiгiне көз жеткiздiк. Әсiресе, олардың ұлттық кәде-сый бұйымдарын, ұлттық киiмдер тiгетiн цех ашып, ол кәде-сыйларын ұлттық мерекелерiмiзде қаламыздағы Балалар үйлерi мен Қарттар үйлерiндегiлерге таратулары жүрек жылытты. Шағын ғана тiгiн цехынан шыққан бұл ұлттық сезiм бүгiнде одақ мүшелерiн «Қазақ ауылы» қалашығын құрсақ деген жобаға жетелеп жүргендей.

Ең қызығы, бұл жоба Елбасының «Әлеуметтiк жаңғыртудың 20 қадамы» айқындап берген бағдарламасының мазмұнымен толық сәйкес келедi. Шолпан Бостанова 2010 жылы 400 орынды әйелдерге арналған жұмыс орнын ашу жөнiнде жоба жасап, оны аудан әкiмдiгiне, қаладағы тиiстi сала басшыларына жолдаған едi. Одақ төрайымы сол жобаларының айы ендi оңынан туарына сенiмдi.

Жиында одақтың жанынан құрылған Аналар алқасының жетекшiсi Шағала Имашева, Жастар одағының төрайымы Тұрсынбүбi Шынтаева, «Аналар» ассамблеясының төрайымы сөз алып, Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» еңбегiнiң бiрлестiк мүшелерiнiң мүдделерiн дөп басқанын айта келiп, жақсы бастамаларға жергiлiктi билiк өкiлдерi, кәсiпкерлiкке қолдау көрсететiн сала басшылары қолдау көрсетсе деген ұсыныстарын бiлдiрдi.

Сондай-ақ, көшпелi «Қазақ ауылы» қалашығының уығын көтерiп, шаңырағын құрып алса, «Ел бiрлiгi» одағы «Әлеуметтiк жаңғыртудың 20 қадамы» бағдарламасын насихаттап, республикамыздың түкпiр-түкпiрiндегi ауылдарға жеткiзу үшiн облыстарға көш түземек. Ондағы мақсаттары – дайын дүние қашан келер деп еренсiз жатқан елдi ояту.

– Бұл бағдарламаны байыптай бiлсек, қарапайым халыққа, өзiн-өзi жұмыспен қамтуға ұмтылатындар үшiн пайдасы мол. Бiзде мұндай бағдарламалар көп, бiрақ, кейде сол бағдарламалар халық жүрегiне жетпейдi. Насихаты кем болып жатады. Сол үшiн де бiз бұл бағдарламаны насихаттауды өзiмiздiң аналық, азаматтық борышымыз деп санап отырмыз. Елiмiздiң өсiп-өркендеуiне теңiзге тамған тамшыдай болса да үлес қоса бiлсек болғаны, – дейдi Елбасының еңбегi жiгерлендiрiп, өздерi де алдарына 20 мақсат айқындап алған одақ мүшелерi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *