Екі орталықтың ашылуына қатысып, көрмені тамашалады

Рая ЕСКЕНДІР

 

Алматыға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық универ­ситетінде болып, ұжым оқытушыларымен кездесті.

Сапар барысында Мемлекеттік хатшы алдымен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзету орталығының ашылу салтанатына қатысты. Аталмыш жоба Қазақ мемлекеттік қыздар университеті, «Дара» қайырымдылық қоры мен қалалық Білім басқармасының өзара келісім-шарты негізінде жүзеге асып отыр. Орталықтың ашылу рәсімінде алғашқы сөз кезегін Гүлшара Әбдіқалықова алды.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев барлық мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне белсене атсалысуы үшін жағдай жасауымыз қажет деген болатын. Ондай жандардың қоғамнан тыс қалма­уына соңғы уақытта мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлініп отыр. Біздің еліміз де мүгедектердің құқығын қорғау туралы Конвенцияға қосылып, Елбасы ол құжатты 2015 жылы ратификациялаған еді. Бұл шараның маңызы өте зор. Білім және ғылым саласында 2016 жылы үлкен бағдар­лама қабылданған болатын. Осы бағдар­ламаға сәйкес осындай педагогикалық-технологиялық түзету орталықтарын ашу міндеті қойылды. Бүгінде республика бойынша 176 кабинет ашылса, олардың саны 2019 жылы 220-ға жеткізілетін болады. Елбасымыз айтқандай, балаларға кедергісіз орта жасауда осындай орталық­тардың үлесі зор болмақ, – деді Гүлшара Наушақызы.

Сонымен, ашылып отырған орталықта 7 жасқа дейінгі жарымжан және мүмкіндігі шектеулі сәбилер мен жеткіншектер емде­ліп, емдік-сауықтыру шараларын қабыл­дайтын болады. Ең бастысы, бұл қызмет­тердің барлығы тегін көрсетілетін болады. Балаларға логопед, дефектолог, психолог, тифлопедагог, дене шынықтыру мамандары қызмет жасайды. Орталық педагогтарымен бірге студенттер де жасөспірімдердің тұрмыстық-әлеуметтік дағдыларын қалып­тастыруларына көмек­тесіп, оларды бала­бақша мен мектепке дайындайды. Ашылып отырған орталық қызметін алдағы уақытта 200-ге жуық бала пайдала­натын болады.

– Университет база­сында ашылған «Дара» педа­гогикалық-психо­ло­гиялық түзету орталығы мүм­кіндігі шектеулі бала­лардың бойына адами қасиеттерді қалыптастырып, олардың өмірге деген құш­тар­лық сезімдерін ояту, ой-өрістері мен ойлау қабілет­терін жетілдіріп, толық­қанды азамат дәрежесіне жеткізу мақсатында жұмыс жасайтын болады, – дейді Қыздар университетінің ректоры Гауһар Алдам­бергенова.

Жаңадан ашылған орта­лық инклюзивті білім беруді іске асыра отырып, мүм­кіндігі шектеулі балаларды білім беру ресурста­рымен қамтамасыз етіп, болашақ педагог маман­дарға бағдарланған білім беруді дамытатын болады. Осыдан кейін Гүлшара Әбдіқа­лықова Қыздар универ­сите­тіндегі Қазақ алфавитін латын графи­касына көшіру жөніндегі орталық­тың ашылуына қатысты.

Орталықтың ашылу рәсімінде Қыздар университетінің ғалымдары құрастырған латын графикасын үйретуге арналған арнайы бағдарлама көпшілікке танысты­рылды. Жоба атауы – «Латын графикасына өтуге байланысты интерактивті үйретуші бағдарламалар жасаудың лингвистикалық негіздері мен мультимедиялық технология­лары». Аталған жобаның бағдарламасында Androіd, іOS, Wіndows платформасындағы лингвистикалық сөздік, латын әрпіне автоматты түрде аударма жасайтын арнайы сайт пен дыбыс және бейнемате­риалдарымен сүйемелденген сандық электронды оқулықтар бар. Сонымен қатар, латын графикасын үйрету үшін балаларға арналған ойын бағдарламалары мен мобильді қосымшалар енгізілген. Ғылыми жаңалық орталықта тәжірибеден өтеді.

Дәл осы күні Мемлекеттік хатшы уни­верситеттегі «Астана – Ұлы Дала елордасы» атты көрменің ашылуына қатысып, аралап шықты. «Арт Дара» өнер галереясындағы шара Елорданың 20 жылдығына тарту ретінде ашылып отыр. Көрмеге Қыздар университетінің оқытушылары мен студент­терінің 30-дан астам картинасы мен қолөнер бұйымдары қойылған. Өнер туындыларының тақырыбы — Қазақстан мен оның жеткен табыстары, әлем сүйсін­ген Астананың бет-бейнесі. Алматыға келген қонақтар мен қала тұрғындары екі ай бойы көрмені тамашалап, өнер туын­дыларымен танысатын болады.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close