Екі мыңнан астам кітабы жаңа мектепке табыс етілді

Осы аптаның сәрсенбісінің сәтінде Наурызбай ауданындағы жаңадан ашылған №200 мектеп-гимназиясының кітапханасына  белгілі ақын Рахметолла Нұрпейісовтің кітаптары мен өзі жинаған  екі мыңға жуық кітап қоры табыс етілді.

 Нұржамал  ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Тірі болғанда, ақын-жазушы Рахметол­ла Нұрпейісов  биыл тоқсанның екеуіне келер еді, бірақ жаны нәзік, жүрегі дархан ақын  осыдан он жыл бұрын дүние салған-ды. Бірақ ақыннның артында қалған мол мұрасы, жүреке жылы тиер жырлары, оқыған адамның көңілін өсіретін өмір өткелдерінен сыр шертетін шығармалары мен аудармалары  қалды. Рахметолла Нұрпейісов Алматы облысы, Панфилов ауданындағы  Қоңырөлең ауылының жоғары сағасындағы Қарақол деп аталатын жерде өмірге келген.

Ақынның ата-анасының көзін көр­гендердің айтуынша, әкесі Нұрпейіс темір­ден түйін түйген ауылына белгілі ұста болған кісі көрінеді.  Ақынның әкесі шебер ғана емес, қолына домбыра алып, әу дейтін өнер иесі де болған  деседі. Әке бойындағы осы  өнер ұлына өлең болып дарыса керек. Оның үстіне туған жерінің сұлу табиғаты да  болашақ ақынның жүрегіне жыр дәнін еккен еді. Қарақолдың қойнауындағы тау  гүлдері, мойылдай қара тау бүлдірген, Көк­терек өзенінің  еркелеп ағар ағыны сол өңір­­­де ер жеткен жас жігіттің қолына қалам алдырып, сұлу табиғатпен сырласып, жыр жазуға құмар етеді. Олар он беске толар-толмас шақта соғыс  басталып, Рах­метолла ақын замандастарымен бірге  ең­бекке ерте араласты. Олар соғысқа кеткен ер-азаматтардың орынын жоқтатпай еңбек етті.

Еңбек оларды ерте ержеткізді. Қанша қиыншылық көрсе де, өмірге жаны құштар жас ақын білім алсам деген үлкен арманға қол созады. Алдымен Жаркент қаласын­дағы педагогикалық училищені, одан кейін  С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Бірақ қаламының желі бар ақын  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқыту­шысы деген мамандықтан гөрі, журналистиканы таңдайды. Рахметолла Нұрпейісовтің қолтаңбасы «Қазақстан пионері»,  «Теміржолшы –  Турксиб», «Қа­зақ әдебиеті» газететтерінде  сайрап жатыр. Одан кейін Алматы облыстық «Октябрь туы» (қазіргі «Жетісу») газеті редак­торы­ның орынбасары, Қазақ радиосында редак­тор, Қазақ ССР Мемле­кеттік телерадио комитетінде бас редактор болып қызмет атқарды.

Қайда, қай қызметте болсын Р.Нұр­пейісов кішіпейіл, қарапайым мінезімен ерекшелене білді.  Жырларына туған жерін, сұлу табиғатты, Отан анасын арқау еткен, ақын әлем әдебиетіне де терең дендеп  аударма саласында да  өнімді еңбек етеді. Р.Нұрпейісов Алматы облыстық партия комитетінде сектор меңгерушісі, үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісінің бірінші орынбасары қызметтерін де мінсіз атқарған абыройлы азамат болды. Қазақ­стан  Жур­налистер одағының,  Жазушылар одағы­ның мүшесі, Жазушылар одағы басқарма­сының мүшесі болды. Қызмет пен шығар­машылықты қатар алып жүрген  ақынның «Туған өлкем», «Гүлдер-гүлдер», «Аққу қаз­дар», «Қапшағай», «Қоңырөлең», «Мейі­рім»,  «Жай толқын», «Туған өлке әуен­дері», «Думанды мекен», «Серпін» және тағы басқа  да жыр кітаптары жарық көрген.

Аударма саласында да өнімді еңбек еткен ақын кітап жинауға құштар болады. Соның жемісі  ақынның  жеке кітап­хана­сында үш мыңға  жуық кітап қоры жинақ­талған. Ақынның соңында қалған осы мол мұраны жас ұрпақтың игілігіне беру  мақ­сатында ақынның жары, білім беру ісінің үздігі,  саналы ғұмырын жас ұрпақ тәр­биесіне арнап келе жатқан Ұлтуар Сүлей­менова мен ақынның ұлдары  Ерлік пен Ерасыл отбасылық кітапхана­ларын­дағы  кітаптарды Наурызбай ауданында   жаңа­дан ашылған №200 мектеп  кітап­ханасына табыс етуді жөн көріпті. Ақын­ның отба­сының бұл бастамасын мектеп әкімшілігі қуана қабылдап, мектеп кітапханасына Р.Нұрпейісовтың  өзінің кітаптары мен  өте сирек кездесетін әдеби, тарихи және балаларға арналған кітаптарын   мектеп әкімшлігі мектептің кітапхана қорына  салтанатты түрде қабылдап алды.

Осы іс-шараға байланысты ақынның шығармашылығына арналған «Алтын тұғыр» атты әдеби-сазды кеш ұйымдас­ты­­рыл­ды. Әдеби шара барысында 4 «ә» сыны­бының оқушылары концерт ұйым­дас­тырып, ақынның туған жер, Отан, табиғат, тіл туралы өлеңдері оқылды. Осы  салта­натты шараға ақынның жерлестері Қазақ­стан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы, суретші Байтұрсын Өмірбекұлы,  фило­логия ғылы­мының докторы, белгілі дін танушы  Сәр­сенбі Дәуітов,  кәсіпкер Амантай Көдеков, танымал дәстүрлі әнші Нұржан  Жан­пейісов және Рахметолла Нұрпейісовтің отбасы қатысты.

Жиында сөз алған Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы, ғалым Сәрсенбі Дәуітов, суретші Байтұрсын Өмірбекұлы  Нұр­пейісовтер отбасының бұл бастамасын Елбасының рухани жаңғыру бағдарла­масының бір парасы деп бағалап,  жазу­шының кітап қорының жас ұрпақтың білімді, парасатты азамат болып қалып­тасуларына септігін тигізетін мол рухани қазына екендігін атап өтті.  Ақынның  жерлестері  мен ақынның жары Ұлтуар Сүлейменова, осы іс-шараны ұйымдас­тыруға мұрындық болған мектеп дирек­торы Айнұр Нұрымқызына, мектептің кітапхана меңгерушісі Гүлжан Садуа­қасова, кітапханашы  Әсел Ахметоваға және әдеби-сазды көңіл күй сыйлаған 4 «ә» сыныбының жетекшісі Дина Әбуоваларға алғыстарын айтты.

Шаң басып, жарамсыз күй кешіп тұр­ған ақынның мол мұрасы мектеп кітап­ханасының кітап қорын толықтырып қана қоймай, жас ұрпақтың  білімін арт­тыруға үлес қосатын болады. Кешке жинал­ған­дардың  көңіл пернесін Нұржан Жан­пейі­совтің орындауындағы  Рахметол­ла Нұр­пейісовтің сөзіне жазылған  Дәнеш  Рақы­шевтің «Соға кет» әні бір серпілттті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *