ЕКІ КҮШТІ КЕЛІССЕ, ЖАЙМАШУАҚ КҮН ТУАР…

Алдағы Трамп пен Путин кездесуінен не күтуге болады?

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Қандай мәселелер талқыланары айқын

Американдықтар саясаткерлігі мен басшылығына көңілі толмай жүрген  Дональд Трамп  бейбітшілік пен тыныштық жолында тағы бір қадам жасамақ. Оның Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен тарихи кездесу жасап,  екі елдің қарым-қатынасын жақсарту және Корей түбегін денукле­аризациялау (ядролық қарудан тазарту)  туралы декларацияға қол қойғаны кеше  ғана еді. Осыдан кейін-ақ Солтүстік Кореяның қабағы ашылып,  бұған дейін  АҚШ-қа қарсы бұған дейін жаңбырдай жаудырып, қардай боратып келген  қарсы насихатын кілт тоқтатты. Алпыс жылдан астам  араздасып келген түбектегі екі ағайын халық бір-біріне достық қолын созып, арадағы  автокөлік жолын жалғады,  басқа да қарым-қатынастарды жасауға  бет бұрды.

Ақ үй қожайыны: «Пхеньян сөзінде тұрып, ядролық қарудан, зымырандардан бас тартса  келешегі жарқын болады»  дегенді айтып отыр.

Ендігі жерде Трамп  Ресей президенті  Владимир Путин­мен ұшыраспақ. Мұндағы мақсат та белгілі. Сәті түссе бір-біріне  бақталас, бәсекелес екі ел: АҚШ пен Ресей Федера­циясы  текетіреске себеп болып келген бірқатар мәселелер жөнінен мәміле жасаспақ. Бұл өзі біраздан бері сөз болып, басында кездесу орны ретінде Австрияның Вена қаласы  аталған болатын. Қаралатын тақырыптар туралы да біраз болжамдар жасалған.

Дейтұрғанмен,  қай нәрсенің де анықтаушысы  уақыт демекші,  28 маусымда  жоғары деңгейдегі АҚШ–Ресей келіссөзінің 16 шілдеде Хельсинкиде өтетіні белгілі болды.  Мұны алдымен  Кремль жария етіп, артынша  Финляндия  президенті Саули Ниинисте де растады.  Іле Құрама Штаттар президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон  Мәскеуге келіп, президент В.Путинмен  алдағы кездесудің жай-жапсары мен күн тәртібін айқындап қайтты. Шамалаумызша, сонда саммиттің  бірнеше сағатқа созыла­тыны, кездесу барысында бұдан былайғы АҚШ пен Ресей қарым-қатынасы, халықаралық қауіпсіздік, оның ішінде Сирия мен Украинадағы жағдай, Кремльдің  Құрама  Штаттардағы сайлауға оралу жайы   талқыланатын болып  келісілген сыңайлы.

«Украинадағы жағдай» дегеннен еске түсетіні, кейінгі кездері БАҚ құралдарында  «Хельсинкидегі кездесуде  Путинмен  тіл табысса Трамптың  Қырымды  Ресейдің жері деп мойындауы мүмкін» деген қауесеттер жиі айтыла бастаған.  Осыған байланысты  жуырда АҚШ президентінің   ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон және баспасөз хатшысы Сара Сандерс:  «Қырымды Ресейдің  басып алуын мойындау – АҚШ-тың ниетінде жоқ, оның ұстанымы бұрынғысынша болып  қала береді», –  деген түсінік берді.

Ал журналистердің: «Кездесу қалай болады? Онда нендей мәселелер қаралады? Қандай келісімдер жасалуы мүмкін?» деген сияқты тықақтаған сан алуан сұрақтарына  Ресей Сыртқы істер министрі  Сергей Лавров: «Алдан-ала пәлен деп тон пішу қисынсыз. Трамп пен Путин  қажет  те маңызды санайтын тақырыптарды талқылап, пікірлеседі. Тиісті қорытынды жасалады. Оған  олардың  деңгейі мен ақыл-парасаты жетеді», – деп бір-ақ қайырды.

АҚШ–Ресей саммиті туралы шетелдік  БАҚ құралдары да шама-шарықтарынша жазуда. Мәселен, атақты CNN телеарнасы Ақ үй әкімшілігіндегі сенімді дерек көздеріне сүйеніп: «Трамп тарапынан Сирияның Иорданиямен шекаралас оңтүстік-батыс өңірінен жасырын соғысып жүрген Иранның қарулы күштерін шығару жайында ұсыныс айтылады. Ұсыныс қабылданып, орындалған жағдайда сондағы Вашингтонның қолдауындағы оппозициялық  жасақтар  мен  екі мыңнан астам американ әскерилері әкетіледі. Тегеранға Мәскеудің сөзі өтеді, ықпалы жүреді деп ойлайды» дегенді айтады.  Базбіреулер: «бұл тек АҚШ-тың қалауы емес, оның артында Израилдің  мүддесі жатыр»  деп топшылайды.

Сәл еске түсіріп қарасақ,  Трамп пен Путин бұған дейін де аз-кем уақыт болса  ұшырасқан екен. Алғаш 2017 жылдың шілдесінде  Гамбургтегі  «үлкен жиырмалықтың» кеңесінде кездесіп, ол танысу  сипатында  небәрі 20  минутқа созылған.  Сонан соң  Въетнамдағы АТЭС саммитінде бір-екі ауыз тілдескен.

Жасыратыны жоқ, Трамп пен Путиннің кездесуін  қуана қолдап немесе оған қарсы болып жатқандар да бар. Ағылшынның әйгілі The Tіmes газетінің  жазуынша, Англия  АҚШ пен Ресей президенттерінің  саммитін аса қош көрмей жатқан тәрізді. Өйткені, Британия билігі Трамп пен Путин стратегиялық қарулануды шектеу  туралы қандай да бір құжатқа қол қойса, онда Ақ үйдің  батыс елдеріне әскери саладағы көрсететін  қаражат көмегі қысқарады,  нәтижесінде Еуропаның қауіпсіздігі әлсірейді деп қауіптенетін сияқты.

Бұған қоса, федералдық бюджетті  үнемдеу үшін АҚШ қарулы күштері  НАТО-ның алдағы уақытқа жоспарланған  жаттығуларына қатысуын шектейді, Қырымды  Ресейдің бөлігі ретінде мойындап,  Мәскеуге қарсы салынған санкциялар алынады,  деген алаңдаушылық та  жоқ емес.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жалпы Трамп пен Путиннің  кездесуі жөнінде айтылып жатқан пікірлер мен болжамдар баршылық. Біреулер  Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездескендегідей  мәмілелік декларцияға қол қойылады десе, екінші біреулер келіссөздің нәтижелі болатынына  күдік  келтіреді. Басқаны былай қойғанда, ресейлік  саяси сарапшылар мен талдаушы мамандардың көпшілігі  күмәнді пікірде.

Бір айта кетерлігі,  Дональд Трамп осыған дейін Ресей және Владимир Путин туралы  АҚШ-тың ЦРУ (Орталық барлау басқармасы) Қауіпсіздік кеңесі және Сыртқы істер департаменті сияқты ұйымдардың мәлімет-деректері бойынша біліп келген болса, ендігі жерде көзбе-көз, тет-а-тет отырып, өзінің  парасат-пайымына қарай  танып-біледі.

Кейбір американдық саясаттанушылардың пайымдауын­ша,  бұған дейінгі  АҚШ президенттері  Ресейге қатысты саясатқа идеология мен философиялық тұрғыдан қараған болса,  Трамп  кәсіпкердің  көзімен қарайды.

Әйтеуір бүгінгі  әлемдік геосаясат ақ-қара контрастқа, қызыл-жасыл қайшылық пен мүйіз түйістірген текетіреске толы. Бір жағынан  дүниені билеп-төстеуге бейім  АҚШ, оның президенті Дональд Трамп  Ресеймен диалог орнатып, мәміле жасасуға ұмтылып жатса, екінші жағынан өздерін дамыған, өркениеттің көшбасшысы санайтын Еуропа елдері  Брюссельде  ЕО (Еуропалық одақтың) кезекті басқосуына жиналып, 2014 жылы Украинадағы жағдайға байланысты  Ресейге  қарсы жариялаған  экономикалық санкцияларды тағы да жарты жылға ұзартты.

Сірә, тарих үнемі қайталанып отырады деген рас.  АҚШ пен  Ресейдің бүгінгі қайшылықтары сонау бір жылдардағы  Құрама Штаттар мен КСРО-ның қарым-қатынасын  еске түсіреді.

Ол кезде де қарама-қайшылық түпкілікті шешілмегенімен, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қырық жыл бойына  бәскелес те бақталас екі мықты державаның арасында бейбіт қатар өмір сүру, жанталаса қарулануды шектеу, әлемнің әр түкпіріндегі оқиғаларға араласпау, халықаралық қатынасты реттеу жөнінде әр түрлі форматта, тіпті жоғары деңгейлерде   келіссөздер өткізіліп отыратын.

Бәлкім, тәлім мен тағылымдық мақсат үшін олардың бірқатарын  еске түсіре кеткен жөн болар.

 

КСРО тұсындағы келіссөздерді 

еске түсіреді

 

Аға буын жақсы біледі. Сонау 1955 жылы Женевада  СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущев АҚШ президенті  Д.Эйзенхауэр кездесіп, пікірлескен. Бұдан соң араға төрт жыл салып, яғни 1959 жылғы 15–27 қыркүйекте  Н.Хрущев Құрама Штаттарға ресми сапармен барып, онда кеңес-американ келісімі, Германия жайы, сауда-экономикалық қатынас, толықтай қарусыздану, ядролық қаруларды сынауды тоқтату, ҚХР (Қытай Халық  Республи­касының) БҰҰ-на мүше болуы, Тайваньдағы жағдай  талқы­ланған. Бірақ   екі жақ ортақ  мәмілеге келе алмаған. Сапар аясында  Н.Хрущев  БҰҰ Бас Ассамблеясында сөз сөйлеп, әлемнің жетекші мемлекеттерін қарусыздануға шақырған.

Қос тараптың уағдаласуына сәйкес 1960 жылдың екінші жартысына  АҚШ президенті Дуаид Эйзенхауэрдің  мем­ле­кеттік сапары  белгіленген-тын. Алайда,  осы жылдың 1 мамы­рында  Свердловскіге жақын маңда әуеде американдық   U-2 барлаушы ұшағының атып түсірілуіне байланысты келісім күрт өзгеріп,  кеңес-американ қатынасы қайта  шиеленісіп кетті.

Арада ұзақ үнсіздік орнап, тек он екі жыл өткеннен кейін ғана 1972 жылдың 22 мамырында  АҚШ президенті  Ричард  Никсон Мәскеуге ресми сапармен келді. Сегіз күнге созылған сапар барысында саясаттан бастап экономика, ғылыми-техникалық байланыс, стратегиялық  қаруларды шектеуге дейінгі бірнеше тақырыптарды қамтыған кең көлемді келіссөздер жүргізілді.  Қорытындысында 29 мамырда СОКП ОК Бас хатшысы Ленид Брежнев пен АҚШ президенті Ричард Никсон  тепе-теңдік және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау тәрізді 12 қағидатты басшылықа алып: «АҚШ пен КСРО қарым-қатынасының  негіздері» деп аталатын басты құжатқа және де  ПРО (Зымыран шабуылына қарсы қорғаныс) келісіміне және ОСВ-1 (Стратегиялық қаруларды шектеу) бағытындағы кейбір шаралар туралы уақытша келісімге қол қойды. Сондай-ақ,  ғарыш кеңістігін  бейбіт мақсатта игеру, ғылым мен техника, қоршаған ортаны қорғау  салаларындағы ынтымақтастық  жайында ортақ  мәмілелер жасалынды.

Санамалап қарайтын болса, Кеңес Одағын  1964-1982 ж.ж. басқарған Леонид Ильич Брежнев АҚШ-тың  1969-1974 ж.ж.  президенті Ричард Милхауз Никсонмен  үш рет: 1972, 1973 және 1974 жылдары кездескен. Ол кездесулердің нәтижесінде халықаралық қатынастағы шиеленіс бәсеңсіп, Въетнамдағы соғыс тоқтады, жанталаса қарулану шектелді, АҚШ пен КСРО арасындағы  сауда-саттық жанданды.

Тарихтан білетініміздей, 1974 жылдың тамызында  Ричард Никсон «Уотергейт» жанжалы бойынша (оған «сайлау кезінде қарсыласы Демократиялық партияның үміткері Джордж Макговерннің штабына жасырын тыңдаушы құрылғылар қойды, құжаттарын фотосуретке түсіріп алды» деген айып тағылып)  өз еркімен қызметінен кетті. Американ Конс­титуциясына  сәйкес  оның орнын вице-президент  Джеральд Форд  басты.

Кеңес Одағы басшылығы ендігі жерде Ақ үйдің  жаңа қожайынымен  байланыс жасап,  келіссөздер жүргізуге ден қойды.

1974 жылғы 23-24 қарашада Владивостокта СОКП-ның Бас хатшысы Леонид Брежнев пен  АҚШ президенті Джеральд Фордтың кездесуі өткізілді. Мұндай жоғары дәрежедегі кездесуге  Тынық мұхиты флоты  орналасқан, КСРО-ның  әскери-теңіз базасы саналатын  Қиыр-шығыстағы қаланың таңдап алынуы жәйдан-жәй емес болатын. Кремль осындай стратегиялық маңызы зор, жабық қалада   ірі саяси іс-шара өткізу арқылы  әлем назарын өзіне аударып, сыртқы саясаттағы бейбітшіл ұстанымын  көрсетуге тырысты. Владивосток саммитіне дүние жүзінінің 70-тен астам  БАҚ өкілдері мен 40-тай кеңестік журна­листері қатысып, кездесуді  кеңінен  жазып көрсетті.

Келіссөздер нәтижесінде бірлескен кеңес-американ мәлімдемесі қабыл­данып, тараптар 1985 жылға дейін күшінде болатын  ОСВ (Стратегиялық қаруларды шектеу) туралы  жаңа келісім жасасуға ниетті екендіктерін   білдірді. Сөйтіп, Владивосток  келісімі жанталаса қарулануды ауыздықтау бағытындағы  маңызды қадам болды.

Бұдан соң КСРО мен АҚШ  1979 жылдың 18 маусымында Венада (Л.Брежнев пен Дж. Картер тұсында) ОСВ-2 (Стратегиялық қаруларды шектеу-2)  келісімін жасасып, онда жерден, суасты қайықтарынан ұшырылатын және ауыр ұшақтардан тасталатын  континен­аралық баллис­тикалық зымырандарды 2400-ден асырмау, жалпы зымырандар санын 1320-мен шектеу,  оларды одан әрі жетілдіруді тоқтату, теңізден ұшырылатын 600 шақырымға дейінгі нысандарға дөп тиетін зымырандар жасауды тоқтату мәселелері қамтылды.

Ресейлік әскери мамандар «ОСВ-2 келісім-шартын  АҚШ Сенаты  Кеңес Одағының Ауғанстанға әскер кіргізуін алға тартып, бекітпегенімен,  оның талаптары  әуелі КСРО  кейін Ресей тарапынан бұзылмағанын»  айтады.

КСРО-ның  Ауғанстанға  әскер кіргізуі  АҚШ-пен арадағы қатынасты  қайта күрделендіріп,  Пентагонның  қарулануды одан әрі күшейтуіне түрткі болды. Саясаттың салқыны басқа салаларға да тиді. Вашингтон 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасына байкот жариялады. Екі  ел арсындағы  әуе қатынасы үзілді. Жаңадан  билік тізгінін ұстаған  Ақ үйдің қожайыны Рональд Рейган  «КСРО-ны  зұлымдықтың  империясы»  деп атап,  зымырандық шабуылға қарсы ғарыш­тық  СОИ  (Стратегиялық  қорғаныстық  бастама)  бағдар­ламасын қолға  алды.  Кремль де қарап қалмай  ГДР мен Чехословакия  жеріне СС-20 зымырандарын апарып орналастырды, 1984 жылғы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына  қатысудан бас тартты.

Дегенмен,  сексенінші жылдардың орта тұсында басталған «қайта құру» мен «бетбұрыс» саясаты   Кеңес Одағы мен Құрама Штаттардың  «қырғиқабақ» қатынастан  –  бәтуаға,  ымыра-келісімге бет бұрып,  күрделенген халықаралық  ахуалдың   бәсеңдеуіне  ықпал етті.

Соған қарамастан 1985 жылдың 19–21 қарашасындағы  Женевада  СОКП ОК Бас хатшысы Михаил Горбачев пен  АҚШ президенті Рональд  Рейган кездесуі  күткендегідей нәтиже бермеді.  Горбачевтің Рейганға: «Президент мырза! Сіз оқытушы, мен оқушы емеспін. Маған ақыл айта бермеңіз. Артымызда бүкіл әлем бізге үміт арта қарап отыр», – деп ашуланатыны осы кез. Бірақ та екі тарап та  ядролық соғысқа жол жоқ екенін, мұнда жеңімпаздың болмайтынын жақсы  түсінді.

Сондықтан бірқатар қиындық пен кедергілерді еңсеру арқылы 1987 жылдың желтоқсанында АҚШ пен КСРО арасында  РСМД  (Орта және қысқа қашықтықтағы зымы­рандарды) жою жөніндегі келісім-шартқа қол қойылды.

Жоғары деңгейдегі келесі кеңес-американ кездесуі  1989 жылдың 2-3 желтоқсанында Мальтада  М.Горбачев пен АҚШ-тың жаңа президенті Джордж Буш арасында болып,  Еуропадағы, Орталық Америкадағы және Кеңес Одағындағы  жағдай талқыланды. Мәскеу Вашингтонның  Панама, Колумбия, Филиппинге қатысты саясатына, олардың ішкі істеріне араласуына қарсылық білдірді.  Сонда да қос тарап  еуропалық қатынасты қалпына келтіру, екі Германияның  бірігуі, химиялық қаруды қысқарту  мәселелері бойынша бай­ланыс жасауға келісті. Дж.Буш  экономикалық қатынастарды қалыпқа келтіруге,  КСРО-ға несие беруге  уәде берді.

Бүгінгі күні осы айтылғанның бәрін ой елегінен өткізіп: «КСРО мен АҚШ неге ортақ тіл табысып, қалыпты қатынас жасай алмады?» деген сауалға жауап іздейтін болсақ, оның басты себебі: «Екі мемлекеттің идеологиясы мен саясатының бір-біріне қарама-қайшы,  антогонистік сипатта болғаны» айдан  анық.

Бір қызығы, сол бұрынғы дәуірді аңсайтын кәріқұртаң саясаттанушылар мен сарапшылар  Кеңес Одағының ыдырауының себебін Михаил Горбачев тұсындағы кеңес-американ келіссөздерінен іздеп, содан көреді. «КСРО-дай алып мемлекетті АҚШ құлатты», – дейді. Енді  оның бәрі «бәлду-бәлду бәрі өтірік» секілді.  Өткенге – салауат, бүгін мен болашаққа –аманат.

 

Ақ үй үшін  Путин жұмбақ  тұлға емес

 

Қазіргі саясат үшін АҚШ пен Ресейдің  қатынасы маңызды болып тұр. Жұртшылықтың  алда болатын Трамп пен Путиннің кездесуіне  айрықша назар аударып,  ерекше ден қойып отырғаны сондықтан.

Біреулер орыстың бағына туған ұлтжанды тұлға санайтын, баяғы империялық өктем саясатты қалпына келтірген  Владимир Путин  басшылық етіп келе жатқан  жиырма жылға  жуық уақыт ішінде АҚШ-тың  үш президентімен кездесіп, келіссөздер жүргізгенін  еске салады.

Айталық, 2000 жылдың  мауымында  В. Путин  Кремльде  АҚШ президенті Билл Клинтонды қабылдады. Бұл жолы да стратегиялық қаруларды бақылау және зымыран шабуыл болдырмау  төңірегінде болған екі күндік келіссөзде Путин де Клинтон да  барынша сыпайылық танытып, өздерін салиқалы ұстағанмен,  ортақ мәмілеге келе алмады. Ешқандай жауапкершілікке міндеттемейтін, жәй декларациялық мазмұндағы  бірлескен мәлімдеме жасады.

Кездесу барысында әскери тақырып – қарусыздануға қоса, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы  және шешен мәселесі де сөз етілді. Бұл ретте  американ президенті  нарықтық қатынас бағытындағы реформалардың одан әрі  табысты жүретініне тілектестік айтып, Шешенстандағы  қайшылықтың   саяси жолмен, яғни  келіссөздер арқылы шешілетініне үміт білдірді.

Американдық әйгілі  The Washіngton Post газетінің (5 шілде, 2018 жыл) жазуынша,  сапарының соңында  Клинтон  Мәскеу түбінде  лауазымды қызметтен құтылып, демалыстың  қызығы мен шыжығын көріп жатқан зейнеткер Ельцинге  сәлем бере барады. Сонда ол: «Борис, Сіз  бүкіл болмы­сыңызбен демократ едіңіз. Сіздің жүрегіңізден шынайы демократия мен реформаторлықтың жалыны алаулап тұратын. Мен ондайды Путиннің бойынан көре алмадым», – депті-мыс.

АҚШ-тың келесі 43-президенті  кіші Джордж Бушпен  Владимир  Путин   2001 жылдың маусымы мен 2008 жылдың сәуірі  аралығында  жеке және түрлі халықаралық саммиттер аясында  28  рет кездесті. Бұл кездесулерде әдеттегідей: екі елдің қарым-қатынасы, СНВ (Стратегиялық  шабуыл қаруларын) қысқарту, ПРО (Зымыран  шабуылына қарсы қорғаныс), терроризмге қарсы күрес, Ауғанстан, Ирак, Иран, Солтүстік Корея  жайы, Таяу Шығыстағы ахуал, т.б. халықаралық қатынастың өзекті  мәселелері  кеңінен талқыланды.  Қорытындысында қандай да бір нақты шешім, келісім жасалмағанымен қос тарап  бір-бірін ядролық қарумен қорқытатын «қырғиқабақ» соғыс  дәуірінің келмеске кеткенін, қалай  болғанда да  мәмілеге бару, екі жақтың мүддесі үшін тиімді қарым-қатынастар жасау қажеттігін мойындады.

2008 жылдың  қарашасындағы АҚШ-тағы кезекті президенттік сайлауда  Ресейге ашық жаулық көзқарастағы республикалық партияның  өкілі Джон Маккейннен гөрі демократ  Барак Обаманың жеңіске жеткені  қолайлы көрінді.

Арнайы анықтамалық деректерге үңілсек, Владимир Путин  ең алғаш президент Барак Обамамен алысты болжаған саясаткерлікпен президенттікке Дмитрий Медведевті сайлатып, өзі премьерлік тізгінін қолға алған тұста, яғни  2009 жылдың 7 шілдесінде  кездескен екен. Ол Обаманы үкімет кеңсесінде емес,  Мәскеу түбіндегі Ново-Огореводағы резиденциясында қабылдап, мәртебелі қонақтың құрметіне аста-төк дастархан жайып, оның  алдына ысталған алабұға  қосып пісірілген оллади, мүкжидектен жасалған мармелад,  қара уылдырық пен қаймақ жағылған жұмыртқа, бөдене етінен пісірген тұшпара, шиеден қайнатылған кисель сияқты  жылы-жұмсағын тосты.

Осынау ыстық ықыласты, бейресми  кездесуде  кәдуілгі ресейлік-американдық қарым-қатынасының арғы-бергісі, сауда-экономикалық байланыстар және өзара ықпалдас­тықтың  келешегі  туралы  ашық  әңгіме  өрбіді.

Бұдан әрі  Путин мен Обама  президенттер ретінде  Мексиканың  Лос-Кабос қаласында  G20 саммиті аясында ұшырасып, нәтижесінде сауда-саттық,  Ресейдің ДСҰ (Дүниежүзілік сауда ұйымына)  кіруі, ядролық қаруды таратпау, өңірлік мәселелер,  Иранның ядролық бағдарламасы, КХДР мен Таяу Шығыстағы, оның ішінде  Сириядағы жағдай  төңірегінде  бірлескен мәлімдеме жасалды.

Келесі 2013 жылдың  17 маусымындағы Солтүстік Ирландияның Эннискиллен қаласындағы  үлкен сегіздіктің  басқосуы мен  6 қыркүйектегі  Санкт-Петербургтегі  G20 жиыны шеңберіндегі  Путин мен Обаманың   екеуара кездесу­лерінде  екі  жақты қарым-қатынастың  өзекті мәселелері қозғалды.

Алайда, ақиқатын айту керек, 2014 жылдағы Ресей мен Украина арасындағы  жағдайдың шиеленісуі,  Қырымның  аннекциялануы, 2015 жылдың күзінде  Сирия жерінде  ресейлік  ВКС (Әскери ғарыштық күштердің)  белсенді  шабуылы тағы да  Ресей–АҚШ қатынасына сызат түсіріп,  ахуалды  күрделендіріп жіберді.

Осыған байланысты  АҚШ пен Еуропалық одақ шұғыл  Ресейге қарсы  бірқатар санкциялық шектеулер жариялап, экономикалық қысым жасауға көшті. Билік басына Дональд Трамп келген 2017 жылдың басынан бері қарай  ол шаралар  күшейтіле түсті.

Нақтырақ айтқанда, өткен жылғы шілденің аяғында АҚШ  Конгресі өкілдерінің палатасы мен Сенаты  Иранға, Ресейге және Солтүстік Кореяға қатысты: «Америкаға қарсыларға санкциялық  заңнама  арқылы қарсы әрекеттер туралы» заң жобасын мақұлдап, президентке жіберді.  2 тамызда Құрама Штаттар президенті Дональд Трамптың қол қоюымен  заң күшіне енді.

Аталған заңның Ресей Федерациясына арналған тармағы: «Ресейге қатысты және терроризм мен заңсыз қаржы­ландыруға қарсы санкциялар» деп аталынып, онда 1 қазанға дейін Ресейдің қорғаныс пен барлау саласындағы қандай жеке тұлғалары мен ұйымдарының санкциялық тізімге енетінін анықтап белгілеу Ақ үй әкімшілігіне жүктелді.

Жаңа санкциялар мен шектеулердің  үш кезеңнен тұратынымен  тармақталып көрсетілді.

Біріншісі, 2017 жылғы 28 қарашадан басталып, ол бойынша тізімге енген мемлекеттік банкілер мен  корпорацияларға  валюталық несиелер беру мерзімі 14 және 60 күнге қысқартылды.

Екінші кезең, 2018 жылдың 30 қаңтарынан қолға алынып,  мұнай-газ өндіруге берілетін технологияларға, ФСБ, СВР, ГРУ сияқты арнаулы қызметтер және қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне жататын: «Рособоронэкспорт», «Ижмаш», «Калаш­ников», «Ростех», «МиГ», «Сухой», «Туполев» тәрізді 39 кәсіп­орынмен  жүргізілетін жұмыстарға тыйым салынады.

Үшінші кезеңде «Сібір күші» және «Түрік арнасы» жобаларымен, металлургиялық саламен, Ресей темір жолымен  жұмыс істейтін компанияларға шектеу қойылады. Ресейдің байшыкеш олигархтарының  санкциялық тізімі жасалады.

Сондай-ақ, мұнда  бұған дейінгі  Ресейдің   Украинаға  жасаған агрессиясына байланысты енгізілген шектеу мен қысым шараларының күшейтіле беретіні, бұл жолғы санкциялардың  2016 жылғы сайлау барысындағы Кремльдің ықтимал кибершабуылына және Сириядағы әрекет-қимылдарына қатысты қабылданып отырғаны ескертілді.

Біз сонымен қозғап отырған тақырыпқа сай  сонау Кеңес Одағы тұсынан бастау алатын  Ресей–АҚШ  қатынасына  бірқыдыру шолу жасап шықтық. Екі мемлекет арадағы түйткілді мәселелерді сөз еттік. Қал-қадерімізше әрқай­сысының  сыртқы саясаттағы  ұстанымын, көзқарастарын  көрсетуге тырыстық.

Міне, осылардан кейін   алдағы  16 шілдеде Хельсинкиде болатын  Трамп-Путин кездесуінен қандай да бір  нәтиже шығады, ортақ шешім қабылданады  деп  айту қиын.

Әйтсе де, «жоқтан бар жақсы» дейтіндей, амбициясы бір-бірінен кем түспейтін АҚШ пен Ресейдің жоғары деңгейіндегі келіссөздерге ұмтылу ниеті  көңілге  аз да болса үміт ұялатады.

Сыралғы көршіміз орыстардың өздері айтатынындай: «Үміт отының  сөнбегені» дұрыс.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *