ЕКІ БАЗАР СҮРІЛІП, 10 ДҮҢГІРШЕК ЖОЙЫЛДЫ
Нұржамал БАЙСАҚАЛ
Қарабазардың күні өтті дегенмен, онымен қош айтыса алмай жүргендер әлі де аз емес. Қазір қала басшылығы қаланың тазалығына зор нұқсан келтіріп жатқан жабайы сауда орындары мен заңсыз қызмет көрсетіп келген сауда дүңгіршектерінің де көзін жоюды талап етуде. Осы талаптарды орындау мақсатында құрамында Алматы қалалық Тұтынушылар құқын қорғау департаментінің, қалалық Ішкі істер департаменті мен Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің және Тұтынушылар құқын қорғау департаменті аудандық бөлімдерінің қызметкерлері бар топ рұқсатсыз жұмыс істеп тұрған 10 дүңгіршек пен 16 жабайы сауда орындарын анықтап, олардың көзін жойды. Жүргізілген осы іс-шаралар барысында Алмалы ауданында орналасқан – 3, Жетісу ауданындағы – 5, Медеу ауданындағы 2 дүңгіршек алынып тасталып, осы аудан аймақтарындағы өздерінің ғана қалта қамын ойлайтын, салық төлемдерінен қашқақтап сауда жасайтындар шоғырланған 16 жабайы сауда нүктелерінің көзі жойылды.
– Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жабайы және заңсыз қызмет істейтін дүңгіршектерге қарсы күрес жұмыстары апта сайын жүзеге асырылатын болады, – дейді Алматы қаласы Тұтынушылар құқын қорғау департаментінің бас маманы Әнель Мұсабаева.
Өткен аптада, сондай-ақ, «Сәлем» және «Жетісу» базарларының да жұмысы тоқтатылып, бұзылуға кеткенін ескертеміз. Бұзылған базарлардың орнына жаңа заманауи сауда орындары бой көтереді. Ал бұзылған базарларда жұмыс істеген саудагерлердің барлығы да тиісті сауда орындарымен қамтамасыз етілетін болады, – дейді осы жұмысқа жауапты құзырлы мекеменің жауапты қызметкерлері. Бүгінгі күнге дейін бұзылған 20 базардың орындарына салынған заманауи базарлар өз жұмыстарын жалғастырып жатқаны белгілі. Алматы қаласындағы заманауи үлгідегі жалпы сауда алаңдары алдағы уақытта 1 миллион шаршы алаңды құрайды деп күтілуде. Демек, қала тұрғындарының «қош бол, қарабазар!» дейтін күндері алыс емес.