Екi аяғым парығым

Басың ауырып, балтырың сыздамай денсаулықтың қадiрiне жете бермейтiнiмiз бар-ау. Оның үстiне жасың келген сайын ауру иектегiш келедi екен. Сондай кездерi, әттең-ай, жастық шағым қайта айналып келсе ғой, отыз, қырық жастағы денсаулығым болса ғой» деп армандап та қоясың. Бiрақ, әр уақыттың өз дегенi болады десек-те, жасы ұлғайған адамға екi аяғын тең баса алмаудан қиыны жоқ екен. Мұндайда «екi аяғым пырағым, екi көзiм шырағым» деген нақыл сөздi есiңе аласың. Соңғы жылдары аяқтарымның тiлерсегiндегi тамырлары тартылып, жүруден қалдым. Дәрiгерлерге көрiнсем, тамырға операция жасау керек дедi. Әрi-берi ойланып барып, дәрiгерлердiң ұсынысын дұрыс көрiп, операция жасатуға келiсiм бердiм. Буынға пышақ тигiзу оңай еместiгiн бiле тұра, нартәуекелмен бел будым. Оған себепшi болған дәрiгерлердiң жан жiбiтер жылы  сөзi мен өз iсiне деген жауапкершiлiктерi едi.

Осындай жақсы жандардың демеуiмен өткен 2010 жылы Алматы қалалық Орталық клиникалық аурухананың хирургия бөлiмiнде жатып оң аяғымның буынына операция жасаттым. Ал, осы жақында ҚР Президентiнiң iс басқармасына қарайтын ауруханада екiншi аяғыма операция жасаттым. Екi операция да қолы жеңiл, емi шипалы дәрiгерлердiң арқасында жеңiл өттi. Қазiр шүкiр, екi аяғымды тең басып, өзiм кiрiп, өзiм шығып жүрмiн. Мен осы ретте екi аяғымды тең басу мүмкiндiгiн сыйлаған ақ желеңдi абзал жандарға өзiмнiң сүйiктi газетiм «Алматы Ақшамы» арқылы алғыс айтуды жөн көрдiм. Ол дәрiгерлер Орталық клиникалық аурухананың хирургия бөлiмiнiң хирург дәрiгерлерi, доцент Нұрақын Тәжiмұратов, Әбдiбек Әбдiкәрiмұлы, анестезиолог Қорлан қызым, Президенттiң iс басқармасына қарасты аурухананың травматология бөлiмiнiң меңгерушiсi Елдан Жармұхамедов, хирургтер Дәурен Түсiпов, Владимир Болковой, анестезиолог-дәрiгер Марат Мұхитұлы, мейiрбанды мейiрбике қыздарым Гүлнар, Зере, Индира, Гүлдария. Алғыс алған арымас» деген ғой, еңбектерiң жанып, көптiң алғысына бөленiп, мәртебелерiң биiк болсын. Жұрттың денсаулығын жақсартуға жәрдемшi өздерiңе де жаратқан ие зор денсаулық берсiн деп тiлеймiн.

Iзгi тiлекпен Әмина ШАЛАБАЕВА,

зейнеткер,

Әуезов ауданының тұрғыны.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *