ЕКЕУІ ДЕ ЕЛЕУЛІ ЕДІ

Өмірден өткен елеулі тұлғаларды еске алудың неше қилы үлгі-тәсілдері бар: Қажымұқан, Әміре, Талғат, Бауыржан сынды (толып жатқан) алыптар жөнінде жазыл­ған түрліше жанрдағы кітаптардан бастап, көркемсуретті, деректі фильм, әңгіме очерк, эссе, естелік т.б. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын «Парасат» (бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс») журналында «Сөйле, суретдеген жаңа айдармен жариялана бастаған дерекнамаларды да сол үрдіске жатқызуға әбден болар еді (дейміз). Және сол шақтарда «Парасат» журналы бас редакторының бірінші орынбасары Қали Сәрсенбаев ашқан аталмыш айдар әлі күнге жалғасып, есте жоқ ескі жылдардағы талайталай «көмбелердің» көзін ашуға септесулі. Оқтатекте «Ақшамда» жылт етеді. Міне, соған орай, осы жолы ұсынып отырған фотосуреттің де өзіндік жөнжоба, сырмағлұмат, айтар ой, тарихы бар десе де артықтығы жоғына бәс тігуге бармыз. Себебі…

Суретте (сол жақтан бірінші) жылы жүзді, жайдары мінез жан иесі, көрнекті ақын, белгілі ғалым, фило­логия ғылымының докторы, профессор Тұрап Айдаров Қазақ университетін бітірген соң туған жері – Келес ауданында екі-үш жыл мұғалім боп, онан соң Таш­кенттегі пединститутқа ауысады. 1956-57 оқу жылда­рында қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде Мекемтас Мырзахметов екеуі ассистент боп істеді. Институт бітіретін жылы екеуінен де дәріс алдық. Тұрап жиырма жылдай бұрын бақиға озып, бірегей ғалым, академик Мекемтас ағамыз, құдайға тәуба, қатарымызда.

Аталмыш институтты 1957 жылы тәмамдаған өз басым бір жылдан кейін Алматыға кеттім де, зейнетке шыққанша (одан кейін де) негізінен «Мәдениет және тұрмыс» журналында еңбек еттім. Әне, сол кездерде бірнеше жыр жинағы жарық көрген, Жазушылар одағының мүшесі Тұрап Айдаров Алматыға жиі келетін де, осындағы тарих ғылымының докторы, профессор, академик ағасы Мәлік Асылбековтің үйінде төбе көрсетер-көрсетпестен ақын достарын іздеп кететін. Ал оның сыйлас, сырлас ақын достары тіпті де аз емес-ті. Олар Ташкентке барса Тұрекең құрметтеп, Тұрап мұнда келгенде олар жік-жапар боп қарсы алатын. Тұраптың бірден-бір бірегей досы Сағи Жиенбаев еді. Тұрекең екі-үш күн дау-дерексіз кетсе, іздеушілер оны Сағидың дачасынан табатын. Бұған өзім талай рет куә боп, Сағидың дачасы қайда екенін біліп алған жайым бар-тын.

Қайран Тұрекең, Тұрап Айдаров Алматыға бір келгенде түсірілген мына суреттегі сол жақтан үшінші – Келес ауданынан шыққан тұңғыш кәсіби мүсінші, классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтен бастап, көптеген әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерінің бейне­сін сомдаған, өмірінің соңғы жылында Түлкібас ауданында (ол да) мүсінші ұлы Ғалым екеуі Тұрар Рысқұловтың ескерткішін жасаған Рысбек Ахметов. Үш рет мемлекеттік марапатқа ұсынылып, үшеуінде де қызғаншақтардың қырсығынан жолы болмаған, қайтыс болғанына ширек ғасырға жақындаса да, мұнда да, туған жері Келес топырағында да атаусыз, ескерусіз келе жатқан – көзі тірісінде талай мақтау естіген – аса дарынды мүсінші. Тек әйтеуір қазір Алматыда үлкен қызы Эльмираның арқасында ашылған мемориалды музей-үй жұмыс істейді. Әлі күнге бірде-бір не суретші, не мүсіншіде жоқ мемориалды музей-үй барына да шүкір дейміз. Бәрекелді, Эльмира! Адал сүт емген ақылды қыз!

Оны да айта кетейік, кезінде Махамбет Өтемісұлына қойылатын ескерткішке жарияланған конкурста бас жүлде алған Рысбектің мүсін-жобасы Гурьевте қойылатын боп, келісім-шарт жасалған бойда Мәдениет министрінің ұсынысымен «Мәдениет және тұрмыс» журналы мұқабасының бірінші бетінде жария­ланды. Бірақ оның да сәті түспеді. Ташкент архитектура институтының түлегі, сирек дарын, қарапайым, кішіпейіл, кісілігі мол есіл ер елу үш жасында өмірден озды. Рысбектің іске асыра алмай кеткен арман-тілектерін ұл-қыздары жалғастыруда.

Рухтарың шат болсын, ардақтылар!

Зәкір АСАБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *