«ЕГЕР БІЗДІҢ БАЛАЛАРДАН «ҚАЗАҚТЫҢ БАС АҚЫНЫ КІМ?» ДЕП СҰРАСАМ, «АБАЙ» ДЕП ЖАУАП БЕРЕ МЕ, ЖОҚ ПА, БІЛМЕЙМІН»

13Орыс  және қазақ қаламгерлерінің диалогы

 

Аягүл МАНТАЙ,

Мәскеу

Таяуда Мәскеудегі «Ұлттар үйінде»  «XXІ ғасырдағы орыс және қазақ әдебиетінің байланысы. Диалог жалғасуда» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге ресейлік және қазақстандық қаламгерлер қатысты. Ақын-жазушылар мен аудар­машылар орыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінің бүгінгі беталысы мен бағыт-бағдары, екі ұлт әдебиетінің  байланысы, аударма және кітап тарату мәселесі, тағы басқа өзекті мәселелерді ортаға салып, пікір алысты.

 

Александр ЭБАНОИДЗЕ,

жазушы-аудармашы:

Абайы, Әуезові бар, Олжасы бар қазақ әдебиеті – бай, ұлттық бояуы қанық әдебиет. 2000 жылы Индияда өткен әдеби байқауға шақырылдым. Әдеби байқауға Қазақстаннан жүз елуден астам шығарма келіп түсті. Күлдібадам дүниелер емес, шымыр, жақсы шығармалар. Қазақ жазу­шыларының шығарма­лары қазылар тарапынан жылы бағаланғаны  есімде. Жалпы, Орта Азия халық­тарының ішінде қазақ жазушыларының шығармалары жүрегіме жылы тиеді. Олжас Сүлейменовті ақын ретінде өте жоғары бағалаймын. Ол шығармасында азаматтық мәселелерді көтереді.  Соңғы кезде Олжас жазбай кетті.  Әлі де Олжастың жақсы дүниелер жазаты­нына сенемін. «Дружба народов» журналында бірнеше қазақ ақын-жазушысының шығармалары жарияланды, әлі де жарияланады. Орыс басылымдарында көбіне орыс тілді жазушылар жарияланады. Қазақ тілді жазушыларды орыс әлемі онша біле бермейді.

Қазір Назарбаев Ресей мен Түркияны достастыру үшін жұмыс істеп жатқан секілді. Меніңше, ол – осы миссияны атқаруға лайық тұлға.

 

Қайрат БАҚБЕРГЕНОВ,

ақын, аудармашы:

Сөз жоқ, бізде жақсы, талантты аудармашылар болды. КСРО тарап, эконо­микалық дағдарыс орнаған кезде көпшілігі бизнеске кетті. Оларды жазғыра да алмайсың. Ол бір қиын уақыт еді. Олар ақша тауып, аудармамен ай­налыспай, әдебиеттен алыстап кетті.

Шынын  айту керек, бізде қазір аударма мәселесі қиын. Аудармаға қабілеті бар адамдар аудармамен айналысқысы келмейді. Себебі, аудармашының еңбегін бағалап жатқан ешкім жоқ.

Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын орыс тіліне өзіміз аудардық. Баяғыдай Ресей ақындарының, аудармашыларының көмегіне сүйенгеніміз жоқ. Бұрын орыс ақындарымен бірлесе отырып, мықты ақындарымызды орыс тіліне аударушы едік.

Бүгінгі таңда біздің «Простор» журналы да дағдарысты бастан өткеріп жатыр. Бірақ, әдеби процесс ешқашан тоқтамайды. Кейде мына заманда әдебиет пен  бизнестің арасын байланыстыруға тура келеді.

«Абай жылы»,  «Пушкин жылы» бұлардың бәрі де екі елдің арасын әдеби-мәдени тұрғыда жақындатып жатыр. Біздің «Простор» журналында көптеген ресейлік ақын-жазушылардың еңбегі жарияланды.

Сіздер бізден «Сендердің бүгінгі  ақын-жазушыларың қайда?» деп сұрайсыздар. Олар қазір бірден ағылшын тіліне аударылғысы келеді және қаржылық мүмкіндігі барлары аударылып та жатыр.

Қалай десек те, қазақ прозасы орыс тіліне, басқа тілдерге аударылып жатыр. Ал біздің поэзиямыз өте бай. Осы бай поэзиямыз өз деңгейінде өзге тілдерге аударылып жатқан жоқ. Өздеріңіз білесіздер, поэзия өз ақынын, өз аудармашысын таппаса, өзге тілге аударылуы қиын ғой. Орыс тіліне аударылған кейбір өлеңдердің аудармасына қарным ашты. Түпнұсқадағы жақсы өлеңдер орыс тіліне мүлдем басқаша болып аударылған. Мен осыған қатты алаңдаймын.

 

Наталья БАЕВА,

«Артбух» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі:

Мен қазақ халқын өте талантты халық деп білем және құрмет­теймін. «Артбух» жур­налының 2014 жылғы үшінші нөмірі түгелдей Қазақстан ақын-жазушыларының шығар­маларына арналды. Жур­налымыздың бұл нөмірі оқыр­мандарымыз тарапынан жоға­ры бағаға ие болды. Бүгінгі қазақ жазушыларының шығарма­шылы­ғында дәстүршілдік пен жаңа­шылдық үйлесім тапқан. Қазақтар қатесіз жазады екен. Орыс тілінде қазақтар грамматикалық  тұрғыда орыстардан да сауатты жазады екен.

 

Анатолий ГОРБУНОВ,

Тәуелсіз мемлекеттердің Кітап тарату ассоциациясының директоры: 

Мен Алматыдағы  Балалар кітапханасында болдым. Кішкентай қазақ балаларынан «Орыстың ең талантты ақыны кім?» деп сұрап едім, олар: «Пушкин», — деп жауап берді. Егер біздің балалардан «Қазақтың бас ақыны кім?» деп сұрасам, «Абай» деп  жауап бере ме, жоқ па, білмеймін. Біз болып, сіз болып, қазақ әдебиетін орыс халқына, орыс әдебиетін қазақ халқына таныстыруға, насихаттауға тиіспіз.

Мәскеуде өткен кітап жәрмеңкесіне бірнеше мемлекеттен баспалар шақырдық. Қазақстан кітап жәрмеңкесіне өз кітаптарын әкелді. Жәрмеңкеде он жеті мың кітап болды. Он жеті танымал жазушы оқыр­мандарымен кездесті. Мұның бәрі не үшін керек? Бүгінгі әдебиетті насихаттау үшін, оқырманды тарту үшін керек.

Бакудегі Кітап жәрмеңкесіне шақыру алдым. «Кітаптарды Бакуге қалай жеткіземіз», — деп бас қатырдық. Бізге ешкім көмектеспеді. Содан чемоданға салып, кітапты арқалап апардық. Былтырғы жылы Ресейде қаншама кітап шықты. Содан біз жетпіс қана кітап апардық.

Бакуге барғанымда жәрмеңкені ұйымдастырып жүрген әзірбайжан: «Кітаптарыңыз осы-ақ па?» деп таңғалды. Менің бетіме ұзақ қарап тұрды да: «Егер жәрмеңкеде орыс кітабы болмаса, онда орыс әдебиеті жоқ», — деді.   Осы сөз әлі есімнен шықпайды.

Ал Қазақстанда өткен Кітап жәрмеңкесі кәдімгідей той болды. Біз көптеген кітаптарымызды апардық. Қазақ­стандағы орыс диаспорасы келіп, бізді қолдады. Кейде бұл шет мемлекеттердегі Ресей елшілігіне де байланысты. Оқырманның кітапты оқитыны, іздейтіні көңілге қуаныш ұялатады.

Әдебиетті насихаттамай, бәрі де бекер. Біз әдебиетті мақсатты түрде насихаттауға тиіспіз. Орыс және қазақ ақын-жазушыларының кешін өткізіп, екі ұлт әдебиетін байланыстырайық.

 

Вячеслав КИКТЕНКО,

жазу­шы, аудармашы:

Қазақ әдебиеті – өте бай әдебиет. Қазақта мықты ақын­дар бар. Қазақстан – поэзия­ның отаны. Олжас Сүлейме­новтің  «АЗ и Я» кітабы шық­қанда бірден танымал болды. Тіпті, мұндай танымалды­лықты ақшаға да сатып ала алмай­сың. Есенғали Раушанов деген мықты ақын бар. Сіз оның шы­ғар­­маларымен таныссыз. Мен сізге оның шығар­ма­ларын оқуға берген болатынмын (Вячеслав Киктенко Александр Эбаноидзеге бұрылып қарады). Қазақта мықты ақын-жазушылар көп. Тек олардың шы­ғармаларын орыс тіліне аударып, насихаттау керек.

 

Анатолий КИМ, жазушы, аудармашы:

Александр Луарса­бович (Эбаноидзеге айта­ды), мен сізбен келіспей­мін. Қазақ­тың танымал аудармашы­ларының бәрі де орыс тіліне аударыл­ған. Қазақ әдебиеті – ұлы әдебиет. Тек оны оқу керек. Кезінде әдебиетке идеология деп қарағанын білесіздер. Қазақ тілінде жазатын, тілдері шұрайлы, мықты жазушылар бар. Мысалы, Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкей, Төлен Әбдік сынды мықты жазушылар бар. Өз басым  Оралхан Бөкейді, Төлен Әбдікті аударудан бас тартпаймын.

Жалпы, мен қазақ әдебиетінің классиктерін аудардым. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парызының» екінші томын аудардым. Әуезовті аударғанда қазақтың көшпенді тұрмыс тіршілігін, мінезін, болмысын түсіндім. Қазақтың ұлылығына көз жеткіздім.

Қазақ әдебиеті – әлемдік әдебиетте орны бар әдебиет.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *