«ЕГЕМЕННІҢ» ҚҰРМЕТІ — ЕЛДІҢ ҚҰРМЕТІ

Қали Сәрсенбай «Егеменнің» 100 жылдық медалімен марапатталды

Серік ЖҰМАБАЙ

Алматыдағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы саналатын «Алматы ақшамы» газетінің редакциясына құтты қонақтар келді. Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойына орай келген Халықаралық түркі академиясының президенті және «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен осы басылымның Алматы қаласындағы редакциясының басшысы Жүсіпбек Қорғасбек «Алматы ақшамына» арнайы келіп, газет ұжымына алғыстарын білдірді.

Алдымен редактор Қали Сәрсенбай 30 жылдық тарихы бар қалалық бас басылымның тыныс-тіршілігімен таныстырып, «Егеменнің» 100 жылдық мерейтойы жер-жерлерде керемет аталып өткенін айтып өтті.

– «Егеменнің» 100 жылдығы Алматыда да, бүкіл облыстарда кеңінен аталып өтті. Біз өзі бұрыннан қалған дағды бойынша ең алдымен «Егеменді» оқимыз. Өзім онда Шерхан аға Мұртаза шақырып, бес жыл жұмыс істедім. Былай қарағанда, бұл газет біздің бағыт-бағдарымыз болды. Әлі де солай бола береді. «Егемен Қазақстан» әркез жастармен толығып отырған ғой. Шерағаңның кезінде де бір буын келді. Енді міне, жаңа буын келіп, газет жаңа форматта шығып жатыр. Оның бәрін біліп, көріп отырмыз. Хабардармыз. Сондықтан сіздерге тек табыс, сарқылмайтын шабыт тілеймін, – деді «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай.

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «Алматы ақшамы» газетіне арнайы келуінің үлкен мәнісі барын жеткізді. Біріншіден, «Егеменнің» 100 жылдығы әлгінде айтылғандай, жер-жерлерде аталып өтті. Осы кезде алғашқылардың бірі болып, арнайы мерекелік нөмір арнап, «Егеменнің» арғы-бергі тарихын қозғағаны үшін «Алматы ақшамының» ұжымына ризашылығын білдірді. «Сіздер «Егеменнің» 100 жылдық мерейтойына орай, газетте арнайы бет арнап, мерекелік санын шығардыңыздар. Алматыдағы әріптестеріңіздің бәрін сөйлеттіңіздер. Оның барлығы осы «Егеменге» деген адалдығыңыз, құрметіңіз, жалпы ұжымның «Егеменге» деген көзқарасы деп білемін. Сондықтан сіздерге арнайы келіп, алғыс білдіргім келді. Сіздердің 30 жылдық газеттеріңізге «Егеменнің» жасын берсін, «Егеменнің» жолын берсін деп тілеймін», – деді «Егемен Қазақстан» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.

Сонымен бірге, аға басылымның басшысы Дархан Қыдырәлі «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығына орай шығарылған мерейтойлық медальді Бас редактор Қали Сәрсенбайдың кеудесіне тақты.

Айта кетейік, бас басылымның басшысы Дархан Қыдырәлі Қали Сәрсенбайдың «Егеменнің» шаңырағынан, Шерағаңның шинелінен шыққан тілге тиек етті. «Сонымен қатар, Қалағаң әлі күнге дейін  бас басылымның тұрақты авторларының бірі. Кезінде бір ғана Мейрамбекке жазған хатының өзі өнер әлемінде үлкен дүмпу туғызды. Бұл тек қана ұжым емес, оның авторларымен де газеттің беделі биіктейтінін көрсетсе керек», — деді ол.

«Қуыс үйден құр шықпа» демекші, «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай қонақжайлылық танытып, Дархан Қыдырәлі мен Жүсіпбек Қорғасбек ағаларымызға өзінің шығарған кітаптарын сыйға тартты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *