Егемендік декларациясына 30 жыл

Бүгін Қазақстан Республикасының егемендігі жарияланғанына             30 жыл. 1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Бұл азаттықты аңсаған, ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздікке қарай жасалған алғашқы қадам болатын. Ел егемендігін алған соң, оның маңайындағы көрші мемлекеттер Қазақстанның тәуелсіз ел болатындығына сенді және барлық түркі халықтарының ортақ қуанышы болды.

Кеңес Одағы сынды алып мемлекет өзінің тарихи дамуының шарықтау шегіне жетіп, құлдыраған тұста 1990 жылдың  25 қазаны қазақ елі үшін аса маңызды күн, яғни өзінің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын қабылдады. Егемендік Декларациясы бас құжатында республикада мемлекеттік өкімет билігін алғаш рет  заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу принципі бойынша жүзеге асыру енгізілді. Заң шығару билігі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құзіретіне өтсе,  ал ең жоғарғы әкімшілік-атқару билігі Республика Президентіне берілді, сонымен бірге  ең жоғарғы сот билігін Қазақ КСР Жоғарғы Соты жүргізді. Он жеті баптан тұратын бұл Декларацияда негізінен нақты мәселелерге назар аударылды: КСРО мен ҚазКСР арасындағы өзара қарым-қатынас келісім-шарт негізінде жүзеге асады; Республика әкімшілік-аумақтық құрылымға, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени-ұлттық құрылыстарға байланысты барлық мәселелерді дербес шешеді; Республика өз аумағында Қазақ КСР заңдарын бұзатын КСРО заңдарының қолданылуын тоқтатуға құқылы; Қазақстанның өз шекарасындағы аумағына қол сұғылмайды, бөлінбейді және оның келісімінсіз өзгертілмейді; Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз оның аумағында басқа мемлекеттердің әскери құрамалары, олардың әскери базалары орналаса алмайды; Қазақстан өзінің дербес ішкі әскерін, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік органдарын ұстауға құқылы деп, нақты аталып өтілді. Ал Қазақ КСР-сы өз кезегінде халықаралық қатынастарда дербес, өзінің мүдделеріне сай сыртқы саясатын жүргізетіндігі де көрсетілді.  Декларацияның жаңа одақтық шарт жасасу және Қазақ КСР жаңа Конституциясын қабылдау үшін негіз болып табылатындығы туралы арнайы бапта көрсетілді. Егемендік алу Қазақстанда жалпы демократиялық процестердің барысын шапшаңдатты, мұның өзі елдегі болып жатқан оқиғалармен тығыз байланысты еді. Нәтижесінде 1991 жылдың орта тұсынан бастап-ақ Қазақстан басқа республикалармен бірге іс жүзінде орталыққа қарсы оппозицияда болды. Қазақстанның бастамасы бойынша Белоруссиямен, Украинамен, Ресеймен және басқа республикалармен бір-бірінің егемендігін, қалыптасқан шекараларды, орнатылып жатқан өзара пайдалы экономикалық байланыстарды мойындау туралы екі жақты келісімдер жасалып та үлгерген еді.

Иә, осылайша қабылданған Егемендік туралы декларация қазақ даласының шекарасын айқындап, мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардағы дербестікті, мемлекеттік рәміздерді бекітуге негіз болды. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Алғашында Патшалық биліктің, кейін Кеңес қоғамының әкімшіл-әміршіл саясатына іліккен қазақ елі бұл күнді асыға күтті. Егемендіктің жариялануы тәуелсіздік алумен пара-пар оқиға болды. Шетте жүрген қазақтар бір-біріне сауын айтып, тарихи отандарына қайтар сәтті асыға күтті. Жыл сайын халық Республика күнін тойлауды әдетке айналдырды. Сондықтан да 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» № 267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылған болатын. Алайда 2009 жылдың сәуір айында жарияланған «Мерекелер туралы» Қазақстанның жаңа заңына Республика күні енген жоқ. Өйткені Республика күні мен Тәуелсіздік күні бір-біріне бәсекелес мерекелер деп танылған. Әрі саясаткерлердің пікірінше, егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанға түпкілікті дербестік алып бере алған жоқ. Бар болғаны тәуелсіздікке қарай жасалған қадам деп танылды.

Қалай десек те, бұл күннің тарих үшін айтарлықтай маңызы бар. Бұл құжат ғасырлар бойы армандаған азаттықтың алғашқы шуағы еді және бұл  құжаттың қабылдануы ұлттың санасын оятуға, азаттық алуға деген сенімнің нығайуына негіз болды. Бұл күн ресми мерекелер қатарынан шығып қалса да, халық жадында сақтала бермек.

Қ.О. Ахметжанов,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 2 курс магистранты

Г.Е. Абикенова,

Ғылыми жетекшісі т.ғ.к., қауымд. профессор

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *