«ЕГЕМЕН» МАҒАН ЖАТ ЕМЕС

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы қаласындағы қосынының басшысы:

Менің бұл басылымға келгеніме небары бір ай ғана уақыт болды. Шераға – Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Сейдахмет Бердіқұлов сынды Бас редакторлардың мектебінен өтіп, «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде Бас редактор болып қызмет атқарған мен үшін «Егемен» жат емес. Дейтұрғанмен, әрбір жүктелген істің өз салмағы болады емес пе. Сол тұрғыдан келгенде ел газетіне айналған «Егеменнің» халық пен билік арасындағы алтын көпірі болуына бар күшімізді сала қызмет еткіміз келеді. Газет басшылығының ұйғаруымен Алматы қаласындағы тілшілер қосынының қолтаңбасын айқындай түсу үшін әрі Алматы қаласының кейбір күрделі проблемаларын жоғарыға жеткізу мақсатында «Алматы» деген арнайы бет ашып отырмыз. Алматы халық көп шоғырланған алып мегаполис болған­дықтан оның проблемалары да аз болмайды. Міне, осы жағынан Алматыға қолдау білдірсек деген ойдамыз. Шам жарығы түбіне түспейтіні секілді, еліміздегі қаржы орталығы бола тұра көп жағдайда Алматының өз тіршілігіне қаражаты жетпей жататын тұстары болады. Қаланың шет аудандарына қатысты шешуін күтіп тұрған қаншама мәселелері бар. Осындай тұстарда Алматы қаласына «Егеменнің» «Алматы» беті арқылы қолдау көрсеткіміз келеді. Оның рухани, мәдени, әдеби өмірінен екі жүз мыңнан астам оқыр­мандарымызға тұшымды дүниелер жеткізсек деген мақсатымыз бар. Қосын дегені болмаса, Алматының өмір-тіршілігі қандай қарбалас болса, бұл жер де журналистер еңбегі қыз-қыз қайнап жатқан үлкен орта. Қосында елге танымал тұлғалар қызмет атқарды. Қосынға жетекшілік етіп, жұмысын жандандыруға үлестерін қосқан Мамадияр Жақып, Қорғанбек Аманжол, Талғат Сүйінбай, Нұрғали Ораз сынды әріптестерімнің тәжірибесіне сүйене отырып, «Егеменнің» Алматыдағы ақ мылтық журналистері арқылы газетіміздің мәртебесін, мерейін арттыру жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара қызмет етуге дайынбыз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *