ЕДІЛ ХАН МЕН ВАТИКАН ПАПАСЫ

Қуанышбай ОРМАНОВ

Лев  бірінші  жасасқан келісім-шарттың нақты мазмұны әлі күнге дейін ғылымға белгісіз. Бұл құжат табылса, дүние жүзін мойындатқан  ұлы бабамыздың  тұлғасы дараланып, айқындала түсер еді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын бағдар­ламалық  мақаласы  бұған дейін ел құпта­ған «Мәдени мұра» және   «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» деп аталатын тарихи  еңбектерімен  үндесіп, қазақтың бола­шағы, ел қамын, ертеңін ойлайтын адамның елге, қай қазақтың болса да құлағына салып, жүрегіне жеткізсем деген  үлкен тебіреніс-толғанысының  қорытын­дысы  іспетті. 

Тұңғыш Президентіміз: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып,   бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көз­қарас таныту – еліміздің табысты бо­луы­ның кепілі дегеніміз осы»  деген тұжы­рымы арқылы  бола­шақ ұрпақ тәрбиелеу жұмысына атса­лысып жүрген көздері ашық,   көкіректері  ояу азаматтарға, ата-ана­ларға, ұстаздарға, ғалымдарға, жалпы зиялы қауым өкілдеріне үлкен жауапкер­шілік пен  аманат артып отыр. Бұл оңай жүк емес. Мақаланы зерделеп, түйсініп   оқып шыққан әр адам Елбасы  ойын  терең түсінген де  болар. Себебі, бұл тағы­лымдық құжат  біздің  ұлтымыздың болаша­ғын, ұрпа­ғымыздың ертеңін айқындап, «Мәң­гілік Елдің» қадамдарын негіздеп отыр. Мақа­ланың  өзегінде «қазақ баласы ешкімнен кем болмаса екен» деген ой жатыр. «Қазақ­тың тарихы мен мүмкіндігін терең сезінген­ жас ұрпақ көптен озса екен» деген мақсат бар. Сол арқылы   бәсекеге қабілетті, ұлттық кодты ұлықтаған, заманауи мәдениетпен сусындаған, патриоттық рухы биік  жас ұрпаққа сенім артады Елбасы. Ол үшін білімді болу керек, оқу керек. Елдің кешегісі мен бүгін­гісін жақсы білу керек.  Ең бастысы, ұрпақ өз елін, жерін сүюі керек!

Әлемдік өркениеттің дамуына ең көп үлес қосқандар – біздің бабаларымыз

Бұл тарихи-ғылыми  құжатта Нұрсұл­тан Әбішұлы протомемлекеттік бірлестік­тердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып,  қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін  құрап отырғанын, әлемдегі зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келмегенін, керісінше, көпшілігі осы кең байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралғанын, кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабала­ры­мыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайтынын, сондық­тан да  бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһан­­дық тарихтағы орнына тың көз­қарас­пен қарауға мүмкіндік беретінін  қадап айтты.

Шынымен де солай. Біле білсек, біздің ең үлкен мақтанышымыз да  сол. Әлемдік өркениеттің дамуына ең көп үлес қос­қандар да – біздің бабаларымыз.  ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген  дүниеге таны­мал ғалымдар өркениеттің басы Ұлы дала­да жатқанын айтып та, жазып та кеткен болатын. Тек біз соны елге жеткізе алмай келдік, бабаларымыздың қол жеткен табыстарымен мақтанып, әлемге жар сала алмай келдік. Оның толып жатқан себеп­тері бар.

Біріншіден, бабаларымыздың өрке­ниетке қосқан үлестерін ұлықтауды бүгінге дейін үкімет те, ғалымдарымыз да өздеріне нақты міндет етіп қоймады. Мысалы, бір ғана Қойшығара  Салғараның, әсіресе, соңғы жылдары жазған еңбектерін орыс­шаға, басқа да тілдерге аударып, олардың қолдарына жеткізгенде, талай ел қазақтың кім екенін, оның тарихы мен ерліктерін, өркениетке, ғылымға, мәдениетке қосқан қыруар  үлестерін  біліп, біздің елге деген көзқарастарын әлдеқашан өзгерткен болар еді.

Нұр-Сұлтандағы Аманкелді  Нарым­баева деген қарындасымыз арийлерден бастап, ежелгі түріктер мәдениеті жайлы  орыс тілінде керемет-керемет еңбектер жазған. Бірақ оған кім жүйелі түрде баға беріп жатыр? Әсіресе, орыстілді баспасөз қазақ ғалымдарының не жазып жатқанын насихаттамақ түгіл, ол ғалымдардың атта­рын да, еңбектерін де атамайды.  Неге сол еңбектерді ағылшын тіліне, басқа да тілдерге аудармасқа. Дүние жүзіне қазақты, оның бабаларын таныту, мойындату үшін оларға қазақ жайлы сол өздерінің тілінде еңбектер беру керек.  Ол үшін арнайы орталық ашып, оның ғалымдарының алдарына нақты міндеттер қою керек.

Ел тарихы, болашақ ұрпаққа мақта­ныш бола алатын тұлғалар, олардың дүние жүзі өркениетіне қосқан үлестері жайлы мен де екі-үш кітап жаздым. Бірақ оларды саралап, ғылыми түрде баға бере алатын бір орталық болмағаннан кейін, ол кітаптар елге тарамай, қолымызда қалып қойды.  Біздің ғалымдарымыз ежелгі түріктердің табыстары жайлы талай еңбек жазып, әрі қарай бара алмай-ақ қойды.  Себебі, олар қазақ тілінен басқа тіл білмейді.

Біздің бабаларымыздың тындырған істері шынымен де мақтанарлық, мақтауға тұрарлық. Шамам келгенше мен осы ойды дәлелдеп көрейін. Бұл ойларды мен өзімнің «Тұран өркениетінің ізімен» және «Ат жалындағы өркениет» деген еңбектерімде кеңейтіп жазған болатынмын.

 

Азия құрлығының атауы да  қазаққа тән

Біз  Азия құрлығын мекен етеміз. Осы құрлықтың аты біздің бабаларымыздың тағдырына тікелей байланысты. Қазақтың ұлы тарихшыларының бірі Әлкей Марғұ­лан өзінің 1998 жылы жарық көрген шығар­малар жинағында: «…Яксарт өзеніне қарай ағатын өзендердің  бастауында жат­қан Қазақ қыраттары антикалық жазушы­ларға «Аспазия» немесе «Скиф» таулары деген атпен белгілі еді», – деп жазады.

Сайып келгенде, біздің өлкемізді «жыл­қышылар елі» деп атап отырған – атақты «Иллиада» авторы Гомер. Ол дегеніңіз біздің жыл санауымыздан мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген ғұлама ғой. Ал ол ғұламаның заманында біздің өлкемізде өмір сүрген индо-арий, инд-иран халық­тарының тілінде жылқыны «ащва», «ас» деген екен. Сол «ас»-тан барып, біздің бабаларымыз мекен еткен құрлықты  «Ас» – «Аспазия» – «Асия» – «Азия» деп атап кеткен, дейді біраз зерттеушілер.  Яғни біз қазір Азия құрлығында – жылқышылар елінде, жылқышылардың жерінде өмір сүріп жатырмыз. Алматы, Жамбыл облыс­тарында «Асы»  деген жайлаулар бар.  Бұл да сол жылқышылардан қалған атаулар.  Мерке жақта «Аспара» деген өзен де бар. Ескі иран тілінен аударғанда бұл сөз – «атқа қонған жер» деп аударылады екен. Бұл біздің бірінші болып атқа қонғаны­мыздың тағы бір дәлелі.

Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы жылқы малын жай ғана өсірген жоқ, оның сүтін сусын, етін тамақ етті. Біртіндеп жыл­қыны көлік ретінде мініске  пайдаланды. Бара-бара  жылқыға ауыздық пен  ер ойлап тауып, әскери атқа айналдырды. Озық ой деген осы емес пе?

Атқа отыру үшін бұтқа шалбар ойлап тапқан да біздің бабаларымыз. Жылқының негізінде құралған әскердің арқасында біздің бабаларымыз Ұлы даланы толығымен өздерінің қол астына қаратты. Ұлы дала ғана емес-ау, сол атты әскердің арқасында түріктер Еуразия құрлығының жартысынан көбін ат тұяғының астында қалдырды.  Ол жайында Еуропаның атақты философы Карл Ясперс: «Орталық Азиядан шығып, Үндістан және Еуропаның елдеріне басып кірген көшпенділер (ұлы мәдениет иелері жылқы малын пайдалануды солардан үйренген еді) дамудың үш саласынан табысқа жетті. Көшпелі халықтар ат жалын тартып мініп, дүниенің кеңістігін игерді. Олар ежелгі Ұлы мәдениет иелерінің елдерін жаулап алды. Олар үстем нәсіл өкілдері ретінде дүниеге ерлік пен қасірет ұғымын бірге алып келген болатын…», деп жазды. (К.Ясперс. Смысл и назначение жизни М. «Политическая литература». 1993.).

Жоғарыда атап өткендей,  біздің баба­ларымыз атқа өздері ғана мініп, атты әскерді өздері ғана пайдаланған жоқ. Олар басқаларды да атқа мінуге, атты әскер құруға үйретті.  Еуропаның көптеген елдері, төрт дүниені қолына қаратқан атақты Александр Македонскийден бастап, талайы далалықтардан  жылқы ғана сатып  алған жоқ, олар біздің бабаларымыздан  толығымен атты әскер де сатып алып жүрді (В.Б.Ковалевская. Конь и всадник (пути и судьбы) М. Наука.  1977).  Мына қасы­мызда жатқан Қытай да атқа мінуді біздің бабаларымыздан үйренді. Қытайдағы қазақ тарихшысы Зейнолла Сәнік: «Жібек жолының ең алғашқы сілемі Чаң Ән (бүгінгі Чи Ән) мен Дун Хуаң арасында, яғни Хан елі мен Сақ, үйсін  елінің аралы­ғына түседі. Жібек саудасы да ең әуелі осы екі ел арасында – үйсін елінің тұлпарларын Хан елінің жібек бұйымдарына ауысты­рудан басталды. Ол кезде «Тәңір тұлпар» атанған үйсін елінің жылқылары Хан елін қатты қайран қалдырған. Сондықтан пат­ша Хан Удидің өзі бас болып оны жырға қосқан. Хан дәуіріндегі  «Ханнама», музы­ка дерегінде айтылған жырлардан тартып, Таң дәуірінің әйгілі ақындары Ли Бай, Ду Фуларға дейін жылқы туралы айтылған жырлардың сабақтастығы үзілмеген. Айталық, «Тұлпар жыры» атты өлеңінде атақты Ли Бай:

Кісінейді тұлпарлар,

Айдаһардай ойқастап.

Көздері отша жайнайды,

Адамға ғажап ой тастап.

Кеудесі қаздай қалқиды.

Құйрық-жалы төгіліп.

Аузынан көбік шашады,

Меруертке көміліп, –

деп толғанса, ақын-пір атанған Ду-Фу:

Ферғана, Худың аттары

Сымбатына адам тойғандай.

Неткен әсем сүйегі,

Қылышпен кесіп қойғандай.

Құлақтары біздиген,

Бейне қамыс кескендей,

Төрт тұяғы лапылдап,

Самал жел болып ескендей…», –

деп Үйсін мен Батыс өңір елінің аттарын таңдана, тамсана жырға қосқан (Зейнолла Сәнік, Тұғырыл хан. Демежан батыр. Алматы. 2005).

 

Ұлы дала төсі алғашқы діндердің отаны

Біздің бабаларымыздың атты әскерінің күші мен ерлігі жайлы Вавилон тарихын терең зерттеген поляк жазушысы Зенон Косидовский кезінде былай деп жазған болатын: «Қап тауының арғы жағынан жабайы скиф  тайпаларының алапат тасқы­ны басталып, көп ұзамай олардың соғыс жалыны Мидия мен Ассирияны шарпыды. Олар Иерусалимнен өтіп, Ніл өзенінің жағасына жеткенде бір-ақ тоқта­ды. Ассирия патшасы Ниневия қамалына тығылып, жан сақтады. Біраз жылдардан кейін скифтер өздерінің тауларына қайта оралғандарына қарамай, таланған ел көпке дейін ес жия алмады (З.Косидовский. Библийские сказания. М. «Политическая литература). Бабаларымыздың ерліктері жайында мұндай дәлелдер жетіп жатыр. Бірақ  мектеп оқулықтарында бізге баба­ларымыз туралы  емес, олардың аттарының тұяғының астында қалған ассириялықтар мен мидиялықтар жайлы  оқытып келді.  Ежелгі түріктерді мадақтау міндетті түрде ең алдымен мектеп оқулығынан басталуы керек!

Скифтердің ерліктері жайындағы жазулар тіпті Христиан дінінің бас кітабы «Библияда» (Інжілде)  да жеткілікті. Ол жайында Жылқы тарихын терең зерттеген В.Б.Ковалевская «Інжілден» алдым деп, былайша жазады: «Біз үшін бұл тайпалар Еуразия жазығында кеңінен белгілі болған, ең бірінші атты әскер жасақтаған, содан барып Алдыңғы Азия ғана емес, бүкіл оңтүстіктегі елдерде ерекше із қалдырған. Ол туралы «Інжілдің» өзінде «Орныңнан тайсаң болды, солтүстік жақтан алапат көп атты әскер келеді. Аттары құстай ұшқыр, қос аяқты арбалары құйын туғызып, өздері бұлтша  қаптап келеді. Енді біз талан-таражға түсеміз.

Вавилондықтар, біліп қойыңдар, олардың қорамсақтары кімді болса да бірден жұтып қоюға әзір тұрған табыттай, ат үстіндегі алапаттардың қолдарында садақ пен найза, өздерінің түстері суық та рақымсыз, қатқыл шыққан дауыстары теңіз үніндей тербеліп, олар сендермен соғысуға келеді (Конь и всадник (пути и судьбы) М. «Наука» 1977.).

«Библия» (Інжіл)  демекші, Ұлы дала төсі алғашқы діндердің де отаны. Шығыста қалыптасып, Ұлы далаға жайылған  «Тә­ңір­шілдік» дінін дүние жүзіндегі алғашқы діндердің бірі деп түсінсек, одан кейін бой көтерген дін –  «Күнге табынушылар» (Зороастризм) діні деп түсіну керек болар. Күнге табынушылардың пайғамбары – Зәрдөш пайғамбар. Сол «Күнге табыну­шылар» дінінің пайда болып, өріс алған жері Ұлы дала төсі. Ол жайында ағылшын­ның иранист ғалымы Мэри Бойс «Зороас­трийцы: верования и обычаи» деген еңбе­гінде: «Зәрдөш пайғамбардың өмір сүрген уақыты ерте заман болғаны соншалықты, оны тіпті ізбасарларының өздері жете білмейді. Содан барып ғасырлар бойы Иран­ның көптеген өлкелері Зәрдөш пайғам­бардың қасиетті Отаны атануға таласты. Біразға дейін Иранның солтүстік батысында жатқан  Әзербайжан аумағы  Пайғамбардың туып-өскен жері деп есептеліп келді. Ал Пайғамбардың жазып қалдырған гимндерінің (ұрандарының) мазмұндарына қарағанда, оның Отаны Еділ өзенінің шығысында жатқан Азия даласы сияқты». Еділ өзенінің шығыс жағындағы Азия даласы дегенің – біздің еліміз, біздің жеріміз емес пе?! Сонда Зороастр (Зәрдөш) пайғамбардың өмір сүрген жері, Ахура мазда дінінің пайда болып, ел арасына кең қанат жайып, оған бас иушілерді жақсы ойға, жақсы сөзге, жақсы іске бастаған жер – Ұлы дала төсі  болып шықпай ма?!  Осы дін ғой, бір жерде – Тұран төсінде отырған бір халықты – бірін тұрандықтар, екіншісін арийлер, деп екіге бөліп жүрген. Олардың бірі (тұран­дықтыр) малшылар да, екіншісі – егін салатын (отырықшылар)  арийлер болатын. Олар да, тек дінге сенімі болмаса,  біздің елдің тумалары.   Олар өздерінің тұрған, өмір сүрген өлкесін «Арьянам вайчах» – «Арийлердің өлкесі», «Арийлердің жері» десе, мал бағып, көшіп жүретін халық  өз мекендерін «Тұран», «Тұрлардың өлкесі» деген. Иран атауының түбінде осы «арий» сөзі жатыр. «Арий» – Арья» – «Иран» болып келеді. Олай болса, бүгінгі Иран  жұртының шыққан жері де Ұлы дала екенін еске салғанымыз артық болмас.

Ирандықтар ғана емес, біздің даладан талай халық көшіп кетті.  Біздің дәуірдің бесінші ғасырының орта шенінде атақты Еділ ханның қалың қолмен Еуропаға қуып барып жүргені осы біздің елден кеткен халықтар болатын. Еділдің мақсаты – сол далалықтарды Рим империясының қыспа­ғынан босатып, әрқайсысының өз алдына ел болып, кеуделерін көтеруге  көмектесу еді. Ондағы ойы – Ұлы дала ұрпақтары ешкімнен езгі, қорлық көрмей, ел қатарлы өмір сүрсін деген болатын. (Тап осы ойды Бату арқылы Шыңғыс хан да жүзеге асырғаны белгілі). Өзінің өліп кеткені болмаса, Еділ хан  айтқанына жетті.  Ұлы патша Рим империясын күйреткеннен кейін Ұлы даладан шыққан талай ел қазір өз алдына мемлекет  болып отыр.

 

«Екі ұлы адам бір ел болуды   жоспарлаған»

Еуропаның атақты тарихшысы Эдуард Гибон өзінің «Закат и падение  Римской Империи» деген еңбегінде,  нақ өлер күнін­де Еділ ханның  Рим папасы Лев  бірін­шімен  үлкен бір келісім-шарт жасасқаны туралы жазады.  Тіпті кейбіреулер «екі ұлы адам бір ел болуды жоспарлаған»  деген  де ой айтады.  Сол келісім-шарттың нақты мазмұны әлі күнге дейін бізге белгісіз. Ватиканнан  Еділ хан мен Ватикан папасы  Лев біріншінің сол келісім-шартын тапса ғой, Ұлы  патша Еділ хан туралы талай тарих беттері ашылар еді, біздің баба­мыздың  еуропалықтар үшін, дүниежүзі үшін кім екені айқындала түсер еді.

Еділ хан бастаған ғұндардың сол табыстары жөніндегі қысқаша деректер  1972 жылы жарық көрген «Нибелунгтар жайлы жыр» (Песнь  о Нибелунгах)  деген еңбекте (редакциясына жетекшілік еткен орыс академигі   В.М. Жирмунский) былай келтіріледі:

Австрия – Еділ ханға (еуропалықтар оны Этцель дейді) бағынышты бір ел;

Валахия – Этцельге тәуелді ұлыстардың бірі;

Вальтер Испанский –  шаһзада, жас кезінде Этцель сарайы маңында тұрған кепілгер тұтқын;

Венгрия – Этцельге тәуелді елдердің бірі;

Вербель – Этцель шпильмандарының бірі;

Гибих –  король, Этцельдің  атақты вассалдарының бірі;

Гран – Этцельдің резиденциясы, бүгінде Венгриядағы Эстергом қаласы (Венгрия­дағы Эстергом мен Вышеград қалаларының ортасында, биік  жотаның басында алып қамалдың қабырғалары ғана қалыпты. Мен ол қамалды өз көзіммен көрдім) ;

Гректер –  Этцельге тәуелді ұлыстардың бірі;

Дитрих Беренский – амелунгтар басшысы, Берн королі, Этцельдің ең мықты вассалы;

Иринг – Этцельге қызмет ететін маркграф – датчандық;

Ирнфрид – Этцель вассалы, тюринг ландграфы;

Киев  жері  – Этцельге тәуелді елдердің бірі;

Немцы – германдық ұлыс, Этцельге тәуелді ұлыстардың бірі;

Поляктар –  Этцельге тәуелді славян  ұлысы;

Рона – Франциядағы өзен, Этцельдің меншік-иелігінің батыс шекарасы;

Рустар – Этцельге тәуелді славян ұлысы;

Тюрингтер – Этцельге тәуелді герман­дық ұлыс…

Осылай кете береді. Міне, мұның бар­лығы Еуропаның көптеген халықтарының ата-тегі біздің Ұлы даладан шыққанын көрсетсе керек. Олар бұл жерге өздері ғана келген жоқ,  Ұлы даладан алған жетістік­терін, оның мәдениетін де ала келгені белгілі.

 

Қола дәуір Қарғалыдан  басталған

«Біздің жеріміз материалдық мәде­ниеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған», – деп жазады Елбасы.  Солар­дың бірі – мыс өндіру  жөнінде осыдан оншақты жыл бұрын орыс ғалымы Е.Черных  Мәскеуден шығатын «Знание сила» деген жорналда «Эпоха бронзы начинается в Каргалах» деген мақаласында жазған болатын. Онда автор былай түйіндейді: «Бұл жерде адамдар осыдан 3400–3700 жыл бұрын өмір сүріп, мыс өндірген. Қарғалының кені өте бай және оның мысы қатты, балқуы өте қиын болып келеді…». Әрі қарай ғалым сол маңда қазба жұмыстарын жүргізгенде, сол заманда кен қазған шахта опырылып, оның астында қалған адам туралы жаза келіп, мыс қойна­уына енген адамды басып қалған  қайың бөрененің радиоуглеродтық анализі ол адамның бұдан 4900–4600 жыл бұрын жер астында қалғанын көрсеткен». Е.Черных бұл материалда Қола дәуірі емес-ау, берірекке – ХVІ-ХVІІІ ғасырларда Ресей өзіне қажетті мысты негізінен осы Қарғалыдан өндіргенін және де осы мысты қорытатын зауыт  иесінің Дмитрий Дашков мырза болғанын жазады («Знание сила»  Москва. 2007. №8). Қарғалы тауы­ның жартысы Ақтөбе, жартысы Орынбор облыстарында жатыр. Бұл да дүние жүзіндегі алғашқы мыстың Ұлы далада өнді­рілгенін көрсетсе керек. Мыс өндіру басталған жерден Қола дәуірінің баста­латыны айтпаса да түсінікті. Сол қоладан біздің бабаларымыз жылқыға ауыздық жасады, сол қоладан  үзеңгі жасалды.  Ежелгі ғұн-түріктер сол қоладан садақтың ұшын жасады. Бұл түріктер қару-жара­ғының ең күштісі болатын. Ол жайында Елбасы: «Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды», – дейді. Алғашқы мыс қорытындысынан басталған металл өңдеу әдістері (технологиясы), біртіндеп күрделеніп, біздің бабаларымыз одан кейін қола, сосын  темір, ең соңында алтын өңдеуді үйренді. Бұл қазірдің өзінде көптеген елдердің қолы жетпей отырған ең  озық технология, ғылыми жетістік болатын. Ол кезде қазіргі мақтанып жүрген Еуро­паның көптеген халықтары не ел болып, не мемлекет болып  жетілмеген еді. Ол заманда Еуропаның көптеген халықтары өздерінің жеркепештерінен шығып та үлгірмеген болатын. Бұл технологияны біздің Ұлы дала ұлдары бастап, басқалар солардан үйренді, деп толығымен айта аламыз. Егер Елбасы тапсырмаларын орындап, жаңаша білімді, еңбекті ұйымдастырудың жаңа жолдарын, жаңаша озық технологияларын  игеретін болсақ, біз бүгінгі қазақтың қайтадан алға шығатынына, қайтадан биіктен көрінеті­ніне көзіміз әбден жетеді.

 

Жабайы бидай мен арпа ең алғаш қазақ жерінде өскен

Дүние жүзінде біздің жеріміз – Ұлы дала төсі Құдайдың шынымен де көзі түскен жері. Жерасты байлықтары жетіп- артылады. Қазақша айтқанда, біздің жеріміздің асты кеніш те, үсті пейіш.  Осы жерде – дүние жүзінде ең алғаш  жабайы бидай мен арпа өскені белгілі. Бұл жайын­да орыстың атақты тарихшысы Н.М.Карам­зин кезінде былай жазған болатын: «Нұх пайғамбардың ұрпақтары бұл жерлерді ең бір ыңғайлы, әрі қауіпсіз деп есептеп, осы жерге қоныстанып, қанат жайды. Нұх пайғамбардың балалары үшін қорек ретінде бұл жерлерге Құдай жабайы бидай мен арпа өсірді. Еуропаның ұлы ботанигі Генцельман Башқұрт даласынан (Карам­зиннің Башқұрт даласы деп отырғаны біздің жер. Себебі, Генцельман олардың мекен еткен жерлерін біздің Тобыл, Әйет, Тоғызақ өзендері маңынан көрсетеді) жабайы өскен бидай мен арпаны тапты. Ресейдің тек шығыс жағында ғана өсетін жабайы бидай мен арпадан  Сібір халық­тары бүгінге дейін нан пісіруде… (Н.М. Карамзин. История Государства Российс­кого. Т.). Құдайға шүкір, сол жабайы бидай мен арпа өскен жерлерден бүгінгі  Қостанай облысының диқандары,  ата-баба кәсібін ойдағыдай  жалғастырып,  әр гектар жерден  20-25 центнерге дейін астық алуда.

 

ҚОСТАНАЙДАҒЫ    АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ   НЫСАНДАР

Ғалымдар тарапынан әлі күнге дейін  зерттелмеген. Бұл  жәдігерлер өз  кезегін  күтіп жатыр

 

Алғашқы болып ат мінген, атты әскер ұйымдастырған, металл балқыту техноло­гия­ларын игерген  ғұн-түріктер, оқ-дәрі, түрлі мылтықтар мен зеңбіректер пайда болғанша қай жағынан да  дүние жүзінің алдында болды. «Біздің даңқты батырла­рымыз, ойшылдарымыз бен ел билеуші­леріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар». Сондықтан да олар жоғалып кеткен жоқ.

Мен сөзімді бүгінгі жастарға арнағым келеді. Елбасы айтқандай, «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады». Келер ұрпақ ер бабаларымыздың шынайы ізба­сарлары болатынына сенім мол. Өйткені, «Ұлы даланың жеті қыры»  бізді, жас ұрпақ – Сендерді осы еңбекте аманатталған  ізгілікті мақсаттарды  жүзеге асыруға шақырады. Шынайы ерлікке тек соғыста ғана емес, бейбіт өмірде де орын табылады. «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы». Біз бүгін кешегі өткен бабала­ры­мыздың істерімен мақтанып жатсақ, ертең Сендердің жеткен жетістік­теріңді ел мақтан ететін болсын. Мақсат – Ұлы дала ұлда­рының есімдерін ұлықтау. Келер ұрпақты солардай етіп тәрбиелеу. Оларды ұлылар шыққан биікке  көтеру, биіктен көру!

Тағы да бір сөз. Археологтардың құла­ғына алтын сырға, біздің Қостанай жақта көп ел біле бермейтін, әлі күнге дейін біздің ғалымдармен зерттелмей келе жатқан:  ең алғаш метеорит  түскен Күңгіртау маңы, Мықтың үйі, Теке әулиенің  мұнарасы,  алғашқы кен қазған шахталар,  Андрон­дықтардың бас қаласы (Арқайымнан да үлкен), Жыланшық бойы, Қаратұз, Едіге қала, қыпшақтардың Қарабалығы, бедерлі құлпытастар жатқан зират, тағы да басқа өз кезегін күтіп жатқан ерекше архео­логиялық нысандар бар. «Ұлы даланың жеті қыры» деген бағдарламалық мақалаға  бай­ланысты жоспар жасағанда,  тарихымыз­дың талай беттерін ашып бере алатын осы нысандарды да ұмытпағанымыз жөн.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close