Энергетикалық сусындар адам ағзасына өте қауіпті

Қазір Қазақстан нарығында «Дизи», «Редбул», «Монстер» секілді энергетикалық сусындар ашықтан-ашық сатылып отыр. Жастар да, мектеп оқушылары да осы бір «сиқырлы сусынға» құмар-ақ. Ол ұйқыны ашып, күш беріп, сергек жүруге көмектеседі-міс. Алайда дәрігер мамандар оның адам денсаулығына орасан зор зиян келтіріп, тіпті белсіздікке ұшырататынын айтуда. Сонымен, бұл сусын бізге керек пе, әлде мұның таралуына мүлдем тыйым салғанымыз жөн бе?

Бір өкініштісі, бұл сусындардың адам ден­саулығына кері әсері бар екеніне нақты дәлелдер келтіріп шырылдаған дәрігер мамандардың жанайқайы да, осы мәселе жөніндегі халық қалаулыларының депу­тат­тық сауалы да сөз жүзінде қалып отыр. Осы тұста «адам денсаулығына зиянды сусындардың сатылуына тыйым салын­бауы­ның сыры неде?» деген сауалдың туындауы заңды. Бұл сыр әлі күнге құпия күйінде қалып отыр. Қалай десек те, энергетикалық сусындардың адам ден­сау­лы­ғына зияны шаш етектен. Мұны біз емес, мамандар айтып отыр. Мәселен медицина ғылымының докторы, профессор Сәуле Диқанбаева ханымның айтуынша, энергетикалық сусындар адам ағ­засына өте қауіпті. Оны күнделікті пай­да­лануға болмайды. Егер адам оны жиі қолданса, оның жүйке жүйесінің қыз­ме­тіне нұқсан келтіреді. Тіпті оны сы­ра­мен бірге ішсе, адамды бірден мас қы­л­ады. «Бұл сусындар бастапқыда спорт­пен шұғылданатын адамдарға бел­гілі бір күш-жігер қажет болғанда қолдануға ұсынылған болатын. Алайда қазір мұны жастар да, мектеп оқу­шы­ла­ры да жиі пайдаланып отыр. Энергетикалық сусындарды жиі пай­даланатын мектеп жасындағы бала­лар­ды тексеріп көретін болсақ, олар­дың бауыры 35 жастағы маскүнемнің бауырымен бірдей болып тұрады. Бұл улағыш сұйықтықты балалар көп ішсе, жас­тайынан түрлі ауруларға шал­дыққыш болады. Жүрек дертіне, жүйке жүйесі, асқазан, бауыр, тіпті қатерлі ісікке ұласады. Сондықтан мұндай сусын­дарды аяғы ауыр келіншектерге, бала­ларға, жасөспірімдерге, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын адамдарға мүлдем пайдалануға бол­май­ды. Тіпті оны жастардың өзі көп ішсе, оның арты белсіздікке әкеп соқ­ты­руы мүмкін. Сондықтан ұрпақ бо­ла­шағын, ұлт келешегін ойласақ, мұндай сусындардың таралуына мүлдем тыйым салуымыз керек» — дейді Сәуле Әлкейқызы. 
Мамандардың басым көпшілігінің пікірі осындай. Бұл пікірді Қазақ тағамтану акаде­мия­сының қызметкерлері де құп­тайды. Олар­дың айтуынша, бұл сусын адамды алкоголь мен есірткі секілді өзіне тәуелді етеді. Тіпті бұл ғылыми түрде дә­лел­денген. Оның құрамында кофеин, эфед­­рин, ад­реналин мен никотин қыш­қы­лы, басқа да син­тетикалық қоспалар ас­қа­зан­да жара пайда болуына, жүрек-қан­ та­мыр­­ларының тары­лып, жүйкенің жан­сыздануына, бүйрек жұмысының бұ­зылып, мидың әл­сі­реуіне әкеліп соғады екен.
Ағзадағы өмір бойына жететін энергия мен күш-қуатты тез арада сыртқа айдап шы­ғаруға бағытталған сусын адамның күш-қуатын сарқа тауысып, әлсіздікке ұшы­ратып, тез қартаюға себеп болады. Сон­дықтан Қазақ тағамтану акаде­мия­сы­ның мамандары энергетикалық су­сын­дар­дың бір бөлігін дәріханаларда және керек бол­ған жағдайда ғана белгілі бір мөл­шер­мен сату керек деп есептейді.
Қарап тұрсаңыз, Австралия, Дания, Нор­вегия, Жаңа Зеландия т.б. мемлекеттер энер­гетикалық сусындарды өз нарығында сатуға да, ішуге де тыйым салған. Тіпті энер­гетикалық сусындарды пайдалануға бай­ланысты шетелде бірнеше сот үдеріс­тері болған. Ирландиялық бір спортшы үш банка энергетикалық сусын ішкеннен кейін дәл баскетбол алаңында жан тапсырады. Ал Швецияда энергетикалық сусын мен ал­когольді араластырып пайдаланған үш адам би алаңында көз жұмған. Тіпті ре­сей­лік мамандар да энергетикалық сусындар жастардың арасында инсульттің көбеюіне ықпал етіп отырғанын айтып, дабыл қағу­да. Осылайша олар да бұл сусыннан бас тартып отыр. Енді бізге қайтпек керек? Энер­гетикалық сусындардың қауіпті екенін біле тұра, оған неге тыйым сала алмай отырмыз?
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, саясаткер,қоғам қайраткері:
– Біз шетелдіктердің эксперимент жасайтын орталығына айналып кеткен жоқпыз ба деген ой тұрды. Энер­ге­ти­калық сусындар, түрлі жеңіл есірткілер, алкоголь, темекі, қару-жарақ, ин­тер­нет, еліктіретін құмар ойындардың қаптауы – барлығы солардың жасаған әрекеті  тә­різді. Олар мұны әдейі жасай ма деген күдік те  жоқ емес. Олар адам­дар­дың саясатпен айналыспауы үшін, тек күнкөріс қамымен жүргізіп, түрлі ауру­ларды қолдан таратады. Әлгі СПИД, құс, шошқа тұмауы деген секіл­ді ауруларды, сонымен қатар энер­ге­ти­ка­лық сусындар, жеңіл есірткілер сол ше­телдің зертханаларында шыға­ды. Оның үстіне, мұнда сол сусын­дар­дан үлкен пайда тауып отырған маг­нат­тар бар. Оларға улы сусындарды таратуға шек­теу қою тиімді емес. Сон­дықтан бұ­ған тыйым салу үшін жан-жақты ке­шен­­ді шаралар ұйым­дас­ты­руы­мыз керек. 

Кейбір мәліметтерге сүйенсек, әлемнің 70 елінде энергетикалық сусындардың жы­лына 1 миллиард қалбыры сатылады екен. Мұның қаншасы Қазақстан нары­ғы­ның үлесінде екенін тап басып айту қиын. Қалай десек те, бұл сусындардың қауіпті екендігін жоғарыда сөз алған мамандар баса айтып отыр. Ендеше, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі неге осыдан қорытынды шы­ғармайды? Әлде, біздегі тиісті орган бас­шыларын ұрпақ болашағы, ұлт келешегі қы­зықтырмай ма? Қалай дегенмен де бұ­дан бір қорытынды шығаратын кез жетті.

Негізі мұсылман қоғамында адамды масайтатын, ақыл-есінен адастыратын кез келген зиянды затқа тыйым салынған. Бұл ретте энергетикалық сусындар жастарымызды ішімдікке немесе есірткіге үйір қылатынын мамандар дабыл қағып айтуда. Сусынның тым уыттылығы, шектен тыс газдалуы жас ұрпақтың өмірін қасіретке бастайды. Қасиетті Құран кәрімде Алла тағала: «Өз-өздеріңді өлтіруші болмаңдар, расында, Алла сендерге мейірімді» деген. Тіпті Имам Ибн Хәзм (р.а): «Денсаулыққа зияны тимейтін нәрселерді жеуге рұқсат етіледі, ал денсаулыққа зияны тиетін нәрселерді ішіп-жеуге тыйым салынады!» деген. Ендеше адам денсаулығы қоғам үшін де, ел үшін де, тіпті тіпті әр адам үшін де өте маңызды. Ол Алланың адамзатқа берген зор аманаты. Ал аманатқа қиянат жасамау барша мұсылманның парызы екендігін еш ұмытпауымыз керек.

Берік ЖҰМАБАЕВ, 

С.Ерубаев атындағы

№7 мектеп-интернатының тәрбиешісі.

Түркістан қаласы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close