Энергетикалық сусында пайда бар ма?

Бүгінгі қарбаласқан өмірде «аз уақытта көп шаруаны бітіру керек», «уақытым жоқ» сынды сөздерді жиі естиміз. Көбіне адамдар осындай тығыз уақытта демалуға, ұйықтауға кететін уақытынан ұрлайды. Алайда, қалыпты адамның ағзасы шар­шап тұрған уақытта ұйқысыз­дыққа шыдамасы анық. Соңғы уақытта энергетиктер деп аталатын «сиқырлы сусын» ішіп, шаршаған ағзасына энергия беріп, ұйқысын қашыру жастардың арасында жиі тарап кетті. Әсіресе, бірнеше жерде жұмыс жасайтын адамдардың, түнгі уақыттарын емтихандарға дайындалумен өткізетін студент-жастардың, көлік тізгінінде түнгі уақытта отыратын таксистердің таптырмас құралына айналған­дай.

Алайда, бұл сусындар ден­саулыққа қаншалықты зиян екенін білеміз бе?!

Энергетиктер алкогольді және алкогольді емес деп бөлінеді. Алкогольді энергетиктердің харамдығы анық әрі медици­налық тұрғыда құрамына байланысты өте қауіпті деп танылған. Біздер алкогольді емес болған энергетиктер жайлы сөз қозғайтын боламыз.

Ең әуелі энергетиктердің хи­миялық құрамына үңілсек, 1 шөл­­мек энергетикалық сусын­да шамамен 5 ас қасық кофеин, 12 ас қасық қант, гуаранин, таурин, инозитол, натрий цитра­ты, бояғыштар, левокарнитин, В және С дәрумендері, глюкуро­нолактон бар және осының барлығы көмірқышқыл газына бай сумен араластырылады. Бір ескеретіні, көмірқышқыл газы келтірілген химикаттардың ағзаға тез әсер етуіне ықпал жасайды. Яғни газ, асқазанның қалыпты қорыту циклын бұзады да, химикаттардың зияндық әсері еселенеді. Қоспалардың кейбірі жеке өзі ағзаға жағымды болуы мүмкін, бірақ барлығы қосылып газға байытылып «уға» ай­налады.

Не себепті энергетиктер ағзамызға сергектік беретіндей болады?!

Сусында глюкоза мен кофеин көп мөлшерде болғандықтан, сусынды ішкен мезетте бірден адамда энергия оятады. Оның сыры ағзамызға сигнал беруші ми – глюкозамен қоректенеді. Ал кофеин өз кезегінде, организм шаршағанда жауап беретін аденозин рецепторларын бұғат­тайды. Қалыпты ағза шарша­ғанда аденозин рецепторлары жұмыс жасап, ұйқы шақырады әрі адам демалумен қан айна­лымы, энергиясы, жалпы денсаулығы қалыпқа келеді. Энергетиктер ішкенде олар ешқандай энергия бермейді, керісінше адамның шаршағанын өзі де сезбейтіндей күйге ұшы­ратады да, адам ағзасы шамадан тыс энергия жұмсап, өз организміне үлкен зақым алып келеді.

Алдамшы сергектік сыйлайтын сусынның әсері шамамен 2-3 сағаттан кейін қайтып, адам организмі қатты шаршаңқы күйге ұшырайды.

Энергетиктерді жиі тұтынатын адамдарда асқазан-ішек ауру­лары, асқазан жарасы, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, ұйқы режимінің бұзыл­уынан депрессияға ұшырау, тіс жегі сынды басқа да аурулар пайда болуы әбден мүмкін.

Энергетиктердің аталған қауіптілігіне байланысты Жаңа Зеландия, Австралия, АҚШ-тың кейбір штаттарында оларды сатуға тыйым салынса, ал Дания, Норвегия, Францияда тек дәріханаларда арнайы мақсатта ғана сатуға рұқсат етіледі.

Нарколог мамандардың айтуынша, энергетиктер өзіне жылдам тәуелді етеді және ең қорқыныштысы, бұндай әуестік шариғатымызда тыйым салынған героин, кокаин, марихуана сынды т.б. сана улағыштарға қызығуға, оны тұтынуға апарып соқтыруы әбден мүмкін. Себебі, көп уақыт энергетик ішетін адам уақыт өте келе оның әсеріне қанағаттанбай, одан да күштірегін іздейді.

Энергетиктерден құтылудың бірден-бір жолы ұйқы режимін реттеу және салауатты өмір салтын ұстану.

ҚМБД

Халал бөлімі.

Бетті дайындаған –

Әсел ДАҒЖАН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *