ЭЛЕКТР ТОГЫНАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!

Балалардың үзілген электр сымдарына ұрынып қалатын оқыс жағдайлар жиі орын алып жүр. Осы орайда жаңа оқу жылы басталысымен «Алатау Жарық компаниясы» АҚ балалардың электр тогымен жарақат­тануының алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады.

Электр энергиясы қазіргі адамның тұрмысында маңызды рөл атқарады. Бірақ  көпшілігіміз электр тогы техника қауіпсіздігі ережелерін сақтаған кезге дейін ғана қауіпсіз екені жайында ойланбаймыз. Ал балалар мен жасөспірімдер үшін электр тогы ерекше қауіпті. Бұған олардың электр тогының қауіпті екендігі туралы жеткілікті ақпарат алмауы себеп.

Балалардың электр тогымен жарақаттануының алдын алу үшін бірқатар ережелерді білген жөн. Ең алдымен,  электр сымдары өтетін үй-жайлардың шатырына, теміржол вагондарына шығуға болмайды, электр сымдары тартылған бағана­ларға шығу аса қауіпті. Сонымен қатар, электр сымдары тартылған бағаналардың астында отыруға, демалуға, аялдауға болмайды. Бұдан өзге, көшеде жанып тұрған электр шамдарын қиратуға және тіректердегі ажыратқыштарды сындыруға, электр сымдарына бір нәрсені іліп қоюға, лақтыруға болмайды. Сымдарға бөгде заттарды тастауға және олардың жанында ұшу аппа­раттарын, батпырауықтарды және шарларды ұшыруға болмай­тынын ескерген жөн. Тағы бір ескеретін жәйт, кез-келген үзіліп қалған электр сымынан адам өміріне қауіп төнеді. Оларды қолыңмен ұстау былай тұрсын, 8 метр қашықтықтан айналып өту керек. Себебі, тіпті, сымның өзін ұстамай-ақ жақында­саң да, ток соғуы әбден мүмкін.

Ток соққан адамға көрсетілетін алғашқы жәрдем төмендегідей. Дәрігерлік көмек келіп жеткенше, адамды ток көзінен ажыратып алу қажет. Оны киімімен тартып алып шығу керек және құтқарушының қолы құрғақ шүберекпен оралуы керек. Өйткені, өзі токқа түспес үшін. Содан кейін ажыратқышты немесе ашаны жалғанған жерінен ағытып, сақтандырғыш тығынды бұрап алған жөн. Ток соққан адам қолын қозғалта алмайды. Тыныс алу органдарының бұлшық еттері жаппай жиырылып, тыныс алуы тоқтай бастайды, жүрек соғуы әлсірейді. Жарақаттанушыны ешқашанда жерге көмуге болмайды.

«Сақтансаң ғана сақтайды» деген сөз бар. Еліміздің әрбір азаматының өмірі қымбат. Қауіпсіздік ережелерін естен шығармаған жөн.

Н.АСЫЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *