Экологиялық полиция керек

Биылғы жылды Алматы үшiн «Мәдениет жылы» деп жариялағаны өте орынды болды. Алайда, сол баяғы науқаншылдығымызға салып, осы биыл ғана мәдениетке барымызды салуды ойламай, мәдениеттi қаланың өзегiне, алтын дiңгегiне айналдырсақ, құба-құп болар едi. Кейде Алматы тәрiздi үлкен мегаполистерге барсаңыз мәдениеттiң исi аңқып тұрады. Адамдары инабатты, жөн сұрасаң тәптiштеп түсiндiрiп, өзiңмен iлесiп кете жаздайды, көлiк жүргiзу мәдениетi тiптi ғажап. Мәселен, Токиода солай. Ал бiздiң Алматы үшiн қай кезде де қала мәдениетiн әлiппесiнен бастап жатқан сияқтымыз. Бiздiң түсiнiгiмiзде мәдениет тек қана мәдени орындарда болатын тәрiздi. Таяуда Елбасының өзi «Бiз мәдени орындарды салып жатырмыз, ал, оған баратын адамдардың өзiнде мәдениет болмаса не пайда?» деп едi. Расында да, мәдениетi өспеген елдiң тiрлiгiнде де мән-мағына болмайды.

Таяуда Алматыда сенбiлiк өттi. Бiр қарасақ, осы сенбiлiк бюджеттiк мекеме қызметкерлерiне ғана тән көрiнедi. Өйткенi, сенбiлiкке көбiне солар шығады. Ал, ендi жекенiң иелiгiндегi мекеме қызметкерлерiнде неге сондай белсендiлiк жоқ? Жекелердiң иелiгiндегi кеңселердiң алды кiр-қоқыс, қабырғаларында жалбырап бiрдеңе iлулi тұрады. Ал ендi осыған кiм жауапты? Оларға неге айыппұл салынбайды? Бiр қарағанда, олар қоғамнан тыс өмiр сүретiн адамдар сияқты. Осы дұрыс па? Таяуда Елбасы бiр сөзiнде «тазалық бұзған адамдарды үш тәулiкке жауып қойып, әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тарту керек» дегендi айтты. Осындай қатаң шараларға бармай, бiзде әл-әзiрге мәдениет қалыптаспақ емес. Ол үшiн экологиялық полиция құрылса, бәрi орнына келер едi деп ойлаймын.

Б.ӘЛМЕНОВ, «Шаңырақ-1» ықшамауданы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *