ЭКОЛОГИЯҒА ЗАЛАЛСЫЗ ҚОҚЫС СҰРЫПТАУ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Жоғары технологиялы қоқыс сұрыптайтын бұл кешен – EXPO мұрасы

Алатау ауданында қуаты жылына 550 мың тонна тұрмыстық қатқыл қалдықтарды өңдейтін қоқыс сұрыптау кешені іске қосылды, соның арқасында полигонда тек қана инертті қауіпсіз және биоірігіш материалдар көмілетін болады.

Кәсіпорында қайта өңдеу үшін 50 мың тоннаға дейін картон, целлофан, әйнек, пластика, металл сияқты заттар сұрыпталады. Болашақта кешен жанынан шикізаттарды екінші қайтара терең өңдеу үшін қосымша қуаттарды жасау жоспарланған. Осының барлығы және қалдықтарды өңдеуді басқарудың кешенді жүйесін енгізу қаладағы қоршаған ортаға түсетін экологиялық жүктемені азайтуға  ойдағыдай ықпал етеді.

Мегаполис басшысы Бауыржан Байбек мұндай маңызды кешенді іске қосу тек қала үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін елеулі оқиға екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы жаңа технологияларды енгізе отырып кәсіпорындардың тиімділігін ғана емес, сонымен қатар экологиялық жағдайды жақсарту қажеттігін тұрақты назарда ұстауда және елімізде қабылданған цифрландыру бағдарламасы да осы бағытта жүзеге асуда. Бұл кешен —  озық технологияның үлгісі әрі 2017 жылғы ЕХРО-ның негізгі мұраларының бірі. Жоба мемлекеттік-жеке әріптестік қағидасы бойынша қолға алын­ған, 5,4 млрд. теңгеге инвестормен 25 жылға келісім жасал­ды, ал қала өз кезегінде жер  бөліп, барлық инженерлік комму­никация­ларды жүргізді», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.

3,9 гектар аумаққа әкімшілік блок, Ұлыбританияда жасалған арнайы техниканың гаражы және озық итальяндық қондырғылармен жабдықталған негізгі өңдеу  бөлмелері орналасқан. Кәсіпорынды іске қосу барысында 530 тұрақты жұмыс орны пайда болды.

«Тәртіп» АҚ-ның басқарма төрағасы Айбек Рахимов қала әкімшілігі мен жеке инвесторлар консорциумы арасында ұзақ мерзімге жасалған келісім кәсіпорынның барынша тиімді жұмыс атқаратынының озық моделі  болатындығын айтты. Қазіргі кезде «Тәртіп» АҚ ТҚҚ-дың  70%-ын қамтиды. Ком­па­ния балансында  236  техника бірлігі бар, қоқыс тасымал­дайтын барлық көліктерде  GPS жүйесі жұмыс істейді, планшеттер арқылы қоқыс алаңындағы жағдайлар түгел көрінеді. Ұзақ мерзімді  келісімнің негізгі тармақтарының бірі автопаркті үнемі жаңарту және жұмыс процесін автомат­тандыру болып табылады. Қазірдің өзінде Евро-4 стандартының 30 машинасы сатып алынды және бағыттарды диспетчерлеу жүйесі енгізілді.

«Елімізде іске асып жатқан оң өзгерістердің арқасында біз өте  қысқа мерзімде, яғни жоба макеті  талқыланғаннан кейін бір жыл ішінде маңызды кешенді іске қостық. Кәсіпорынның басты мақсаты – болашақта қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту. Біз бұл кешеннің өзгелерге, соның ішінде көрші елдерге үлгі болатындығына сенімдіміз. Қаланың өркендеуі үшін біз жұмыстарымызды одан әрі жалғастыра береміз», – деді «GREEN RECYCLE»  ЖШС директоры Дмитрий Данильченко.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ». 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *