Ең күшті ел кім?

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, әлемдегі ең қуатты елдердің тізімі жарияланды. Оны анықтағандар белгілі американдық басы­лымдар мен Пенсильвания университетінің сарапшылары.

Сарапшылар оларды әскери жағдайы, ВВП жөніндегі мәлімет, саяси әлемдегі ықпалы, БАҚ-тағы жетістігі, сондай-ақ, халықаралық альянсқа қатысуы арқылы анықтады. Бұл ретте эконо­мика­сы күшті, әскери бюджеті ең көп деп танылған АҚШ көш бастады. Екінші орын Ресейге, үшіншісі Қытайға тиесілі болды. Ал енді үздік үштікке Германия, Ұлыбритания, Франция және Жапония енді. Он үздік қуатты елдің қатарынан Израиль, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея орын алды. Қазақстан бұл тізімде 43-ші орынды қанағат тұтты. Рейтингтің соңында Эстония, Латвия, Литва, Словения, Словакия жүр.

 

Қай елдер қауіпті, қауіпсіз?..

Әрине, мінсіз ештеңе бола қоймас. Алайда, соғыс­сыз, экономикасы тұрақ­ты, қылмыс, жемқорлығы жоқ елде тұру кімнің арманы емес дейсіз? Мұн­дай елдерде өмірің қауіпсіз әрі туризмі де дамып, елдің әл-ауқаты арта беретіні сөзсіз. Мұндай жерде болашағыңды да елестете аласың ғой. Мәселен, ол қан­дай елдер? Ең қа­уіпсіз, тұруға жайлы қандай елдер? Айталық: Ислан­дия (94 пайыз), Дания (93,8 пайыз), Жаңа Зеландия (90,9 пайыз), Австрия (90,5 пайыз), Сингапур (90,3 пайыз), Финляндия (89,9 пайыз), Канада (86,4 пайыз), Швейцария (88,4 пайыз), Норвегия (88,1 пайыз), Чехия (87,4 пайыз). Ал енді ең қауіпсіз қалалар мыналар екен: Анварра-Ла-Велье (Андорра), Цюрих (Швей­цария), Ниагара-Фолс (Канада), Вена (Ав­стрия), Сеул (Корея). Ал өмір сүруге аса қолай­сыз, аса қауіпті елдер мыналар: Ауғанстан, Йемен, Оңтүс­тік Судан, Судан, Ирак, Конго демократиялық респуб­ликасы, Сомали, Ливия, Пәкістан. Бұдан басқасын былай қой­ғанда, ерлерден бұрын әйелдерге қауіпті, саяхаттауға ең қауіпті елдердің де тізімі назар­дан тыс қалмапты. Мұнда жалғыз жүрген әйел­дерге тіпті қиын көрінеді. Ол елдер мынау: Бразилия, Ресей, Мексика, Иран, До­ми­никан республикасы, Мысыр, Марокко, Үндістан, Тайланд. Осыған қарама-қайшы сыбай сал­таң жүрген нәзікжандыларға қауіпсіз елдердің де тізімі жарияланған. Олардың тізімін мыналар құрай­ды: Испания, Сингапур, Ирландия, Австрия, Швей­цария, Норвегия, Португалия, Хорватия, Канада және Польша.

Кремльмен келіспейтінін бүкпесіз айтты

«Белоруссия мұнай бағасын әлемдік рейтингтен анағұрлым асырып жіберген Кремльмен келісімге келе алмайды».

Бұл жөнінде ел президенті Александр Лукашенко мәлімдеді.

– Біз осы уақытқа дейін неге Ресей президентімен келісімге келе алмай жүрміз? Өйткені, Мәскеу мұнайын бізге әлемдік деңгейдегі бағадан жоғарыға сатпақшы, – дейді ол.

Қысқасы, ол бағаны төмендетпей өнім алмауға бекінген. Оның айтуынша, Белоруссия бұл тығырықтан шығудың жолын іздеп, мұнай тасымалдаудың басқа көзін тапқан.

– Мұндай сұмдықты қайдан көрдіңіз? Егер бағаны төмендетпесе, біз басқа жол іздейміз. Ол жолды таптық та, – деп турасын айтты ол.

«Министрлердің есебінен соң өмір сүргің келмей кетеді»

Өткен жылдың соңында Беларусь президенті Алек­сандр Лукашенко кәдімгідей кіжініп сөйлеп, ашуға мінді. Оның ойынша, қоғамда шенеунік­тердің қызметін бағалау көңіл көншітпейді екен. Олар көбіне жәй жоғарыға есеп беру үшін жасалатын көрінеді.

– Бұл есептің бәрі – мили­ция, кеден орындары, салық инспекциясы, өрт қызметі, санитарлық станса, т.б. қатыс­ты. Мәселен, басшылар қызметкер­лері­нен күн сайын заңды бұзғаны туралы үш-төрт хаттама болуын талап етеді. Олай болмаған күнде сыйақыдан қағылады екен.

Бұл жөнінде ол күштік құрылымдар басшыла­рымен әкімшілік жауапкер­шілікке арналған жиында айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдайда ешқандай сотсыз, тергеусіз-ақ түрмеге тоғытуға болады екен. Олай етпе­ген күнде мәселе шешілмейді, көпсөзділік тоқтамайтын көрінеді.

Сонымен қатар, ол бұрынырақта мемлекет басшы­сының жұмысы өте қиын екенін айта келе, кейбір мекеме­лердің баяндауынан соң тіпті өмір сүргісі келмейтінін де айтқан. «Таң атпай көңіл-күйің тас-талқан болады. Минис­трлердің есебінен соң өмір сүргің кел­мей кетеді. Түске таман күн көзі шық­қандай болады да, кешкісін ол сағымға айналады. Сонсоң түнімен ұйқы жоқ» дегені бар.

Әлемдегі ең ұзақ операны білесіз бе?

Кейде дүниені музыка ұстап тұрғандай күй кешесіз. Музыка, саз болмаса адамдардың қарабайыр тірлік кешіп кетуі де ғажап емес-ау. Демек, саз сиқыры арқылы дүниенің талай тылсым сырларына да қанығып жататынымыз жасырын емес-ау. Осы ретте музыка әлеміндегі кереметтерге куә болған сайын бұл ойымыздың дәлелді екеніне де анық көз жеткізуге болады.

Айталық, Арнольд Шенберг деген композитордың «Гурр әнін» орындау үшін 144 музыкант қажет көрінеді. Және оның құрамы кілең еркектерден тұруы керек көрінеді. Ал оның құрамы он үш адам­нан асып тұруы қажет. Себебі, 1874 жылы 13 қыркүйекте туған ол бұл саннан қатты үрейленген. Ақыры 1954 жылы 13 шілдеде өмірден озды.

«Кароль-мат Носан» атты тибет операсы әлемдегі ең ұзақ туынды болып табылады. Оны орындау үшін 7 күн уақыт кетеді екен. Ал Еуропадағы ең ұзақ опера Рихард Вагнердің операсы. Ол сахнада 4 сағаттан астам уақыт жүреді. Ал ең қысқа операны білесіз бе? Небәрі 4,09 минут. Ол Питер Рейнольдстың «Уақыт құны» атты операсы. Ол әлемдегі ең қысқа опера ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ал енді ең бай композиторды білуші ме едіңіз? Оның табысы 1,2 млрд. доллар. Эндрю Ллойданың «Мысықтар», «Иисус Христос – жарық жұлдыз» опералары әлемдік деңгейде үлкен сұранысқа ие.

Енді бір қызықты қараңыз. 20 минут ойнайтын Д.Кейдждің композициясын ақырындатса 639 жыл орындауға болатын көрінеді. Бұл үшін арнайы музы­калық аспап қолданылады. Пьесаны орындау 2001 жыл­дың 5 қыркүйегінде басталған. Биылғы жылы бәрі дұрыс болса оның соңғы ырғақтары ойнала бастайды.

NАТО+МЕ

УНИАНН-ың мәліметінше, Трамптың таппай­тыны жоқ. Енді ол NАТО-ның атауын өзгертіп, оның құрамына Таяу Шығысты қосу жөнінде ұсыныс жасады.

– NАТО құрамын кеңейту керек. Оған біз Таяу Шығысты енгізуіміз керек, – дейді ол. Сондай-ақ, ол альянстың атауын өзгертіп, тақырып қоюда тауып кететінін де айтып мақтанды.

– Демек, NАТО-ға МЕ деген қысқарған сөзді қоссақ (Mіddle East – Ближний Восток – ред.) NАТО+МЕ болып шығады. Ғажап емес пе, – дейді бұл кісі.

 

Қ.ИМАН.    

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *