Эйфель мұнарасындағы үшеу

Елімізде сәуірдің 5-нен бастап қазақтың біртуар, даңқты, аты аңызға айналған әншісі Әміре Қашаубаев туралы Қазақстан мен Америка бірігіп түсірген «Әміре» атты көркем музыкалық драма прокатқа шықты. Биыл әйгілі әншінің туғанына 130 жыл толады. Әнші туралы бүгінгі ұрпақ не біледі, оның кешегі күңіреніп өткен өмірі не дейді? Бүгінгі әңгіме арқауы да сол даңқты өнерпаздың өмір жолы.

Аталмыш фильмнің тарихи кеңесшісі, Әміре туралы бірнеше кітаптың авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрім. Әуелде оның музыка мұрағаттарына деген құштарлығын оятқан белгілі аспаптанушы ұстазы Болат Сарыбаев еді. Тағдырдың жазуымен оған Мәскеудің «Мелодия» бүкілодақтық фирмасында жұмыс істеу бақыты бұйы­рады. Белгілі өнер зерттеушісі, этнограф әнші тағдыры туралы былайша толғанады.

– Бүкілодақтық «Мелодия» фирма­сында жұмыс істей жүріп, бос уақытымды кітапханада өткізетінмін. Алайда, ұстазымның «Ұстаз шәкіртімен бақытты. Егер бір тарихи құнды мәліметтерге жолыға қалсаң оны міндетті түрде, тез арада жарияла» деген сөзі үнемі ойымнан шықпайтын. Күндердің бір күнінде сәті түсіп, Бүкілодақтық музыка мұрағатының қырғыз бөлімшесінде Әміре Қашаубаевтың жеті әні жазылған фонографты таптым. Бұл фонограф сол кездің тілімен айтқанда, дыбыс жазу техникасының бабасы еді. Фонографтың дауысы қырылдап, алыстан естіледі. Дейтұрғанмен де, бұл 1825 жылы Париждегі әлемдік этнография көрме­сіндегі атақты француз жазушысы Ромен Роллан таңқалған Әміренің даусы екенін бірден сезе қойдым. Сәбеңнің, Сәбит Мұқановтың Әміренің оң жақ өкпесінің қуысында дыбыс қорын жинайтын бір қауашақ бар дейтін сөзі еріксіз есіме түсті. Мен бұған дейін талай таңғажайып опера әншілерін тыңдап, консерваториядан музыкалық білім алып үлгерген адаммын, сондықтан бұл дауысты ажыратуға келгенде көп қиналған жоқпын. Әміре бір деммен айтатын әнші. Оның дауысының кеңдігі, орындау шеберлігі ерекше болатын, ешкімге ұқсамайтын.

Дауысты тапқаннан кейін көп ұзамай ұстаз аманатын орындап, «Социалистік Қазақстан» газетіне «Әміре Қашаубаевтың дауысы табылды» деген хабар жібердім. Содан көп ұзамай әншінің тағдыры жөніндегі зерттеуге түбегейлі кірістім. Алайда, мені әншінің бар болғаны 46 жыл өмір сүргені айрықша толғандырды, – деді Жәкең.

Әміренің дауысындағы ғажайып ерекшелік Парижден кейін бүкіл Еуропаны елеңдеткені анық. Әлгінде айтқандай, атақты Ромен Ролланның сол тұста «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деген атақты пікірінің  айтылуы да тегіннен тегін емес еді. Алайда, осынау көзі тірісінің өзінде аты аңызға айналып, ғажайып қаламгер Жүсіпбек Аймауытовтың «Әнші» («Әмірхан») атты туындысының прото­типіне айналған Әміренің тағдыры, жұмбақ өлімі туралы да бұған дейін көп айтылмай келгені ақиқат. «Әнші» атты туындысында: «…Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуе­ніне төңкеріл­еді, оның дауысы кө­мейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ән салса рахаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге ән салады. Әмірхан кісі емес, әнге айналады. …Әмірханның киімі де, жүріс-тұрысы да жат еді. Қазақтың еркіндігін еске түсіруші еді» демеуші ме еді Ж.Аймауытұлы. Алай­да, «қазақтың еркіндігін еске түсіретін» сол әнші туралы да тек тәуелсіздік таңы атып, арыстарымыз ақтала бастағаннан кейін барып, бұл сұмдық жөнінде білуге мүмкін болған еді.

Ол жас кезінде бақташы, пеш жағушы, жүк тасушы, жалпы кемеде түрлі қара жұмыстар істеді. Тағдыр оны аз келеке еткен жоқ. Бұл азаптың бәрінен оны әншілігі құтқарғандай еді. Бірақ ол да ұзаққа созылмады.

Парижді таңқалдырып келгеннен кейін ол енді ғана Қызылордада ашылған тұңғыш қазақ ұлттық драма театрында еңбек жо­лын бастады. Театр 1928 жылы Алматыға қоныс аударғанда бірге келді. 1934 жылдың 7 қарашасында Әміре Күләш Байсейі­товамен (Жібек) бірге «Қыз Жібек» операсында Төлегеннің ариясын орындау керек болатын. Алайда, 7-сіне қараған түні әншінің денесі Алматының бір көшесінен өлі күйінде табылды. Театрға жетуге қанша ұмтылса да, ол қаскөйлердің қолынан құтыла алмады. Ақыры оны театр жаққа қарап жатқан күйінде табады. Сол күндері оның қазасына орай С.Сейфуллин «Казах­станская правдаға» «Әміре өлді» атты мақала жазды. Аталмыш мақала қара әріптермен басылған.

Оның өлімі артына көп жұмбақ тастап кетті. Ол Парижден келгеннен кейін үнемі бір серпілмей, іштей күйзелісте жүрді.

Жарқын Шәкәрім  әншінің сол жұмбақ өлімі жөніндегі ойларымен былайша бөліседі.

– Өмірге сонша құштар, адал, ақкөңіл жанның Париж сапарынан кейін бірден сұлқ кеткенін маған оның жақын досы Серке Қожамқұлов айтып берген еді, – деп жалғастырады әңгімесін Ж.Шәкәрім. – Әміренің Париждегі концертін Ромен Ролланмен бірге Мұстафа Шоқай да тамашалаған еді. Концерттен соң олар үшеуі Эйфель мұнарасына көтеріледі. Ал елге оралған соң оны НКВД түнде шақырып тергеп, өлімші етіп сабап, таңертеңгісін үйіне әкеліп тастайтын болған. Ешкімге айтпаймын деп уәде бергенімен бәрібір Серағаңа айтады. Олар бұдан Мұстафа Шоқай сен арқылы Ахмет Байтұрсыновқа хат беріп жіберді, соны бер деп талап еткен екен.

Оның өлгеннен кейінгі азабын да айтпаңыз. Ташкент зиратына жерлен­геннен кейін мүрдесін жермен теңестіріп жіберіп, аты-жөнін өлгендердің тізімінен өшіріп тастаған. Соған қарамастан Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргенов ұлттық театр алдына бюстін қою, арнайы музыкалық мектепке атын беру жөніндегі жарлыққа қол қояды. Өкінішке орай, бірінші мәселе орындалмай, екіншісі орындалды.

Әміренің Парижде, Майндағы Франк­фуртте Мұстафа Шоқаймен бірнеше мәрте кездесуі әрине, сол кездің салпаң­құлақтарының да назарынан тыс қалмады. Ең бастысы, Әміренің етігінің ұлтарағының астына тігіліп, Парижге жеткен хат еді. Бір деректерде бұл хатты Әлихан Бөкейханов, енді бірде Ахмет Байтұрсынұлы беріп жіберді деседі. Қалай болғанда да осы хат әншінің кейінгі елге келгендегі ауыр тағдырына, өмірмен ерте қоштасуына себеп болғаны анық еді. Бұл ретте Серағаңның Исаны да куәлікке тарта отырып, айтқан әңгімесінің шет жағасын әлгінде баянда­дық. Бұл жөнінде «Қыз Жібек» опера­сының авторы Е.Брусилов­скийдің «Дүйім дүлдүлдер» (аударған С.Байжанов) атты кітабында да нақты айтылады. Ақыр соңында бір сұмдықтың боларын әбден сезінген әнші 27 жастағы Ақаңа (А.Жұ­банов) отбасын, екі қызын аманаттайды. Осы күндерде әншілердің дауысын жазып алуға Мәскеуден келген мамандардың тізімінде Әміренің аты-жөні болмай шығуы да оны өмірден мүлдем түңілдіріп жібереді.

Әнші өміріне бойлаған сайын осындай сұмдықтармен қатар, елең еткізер деректер де назар аудармай қоймайды. Соның бірі атақты Р.Роллан, М.Шоқай үшеуінің Эйфель мұнарасына көтеріліп, әңгіме дүкен құруы. «Мен Шығыста әншісін бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім, онда әншілік қабілет өте ғажап» деген атақты сөзін де Р.Роллан осынау шын көңілден ақтарылған әңгіме үстінде айтпасына кім кепіл?! Там-тұм жатқан деректерде бұл бір ғажайып басқосу болғанға ұқсайды. Шіркін, осының өзі бір фильмнің не кітаптың арқауы болуға әбден лайық қой.

Әміренің дауысы табылғаннан кейін С.Қожамқұлов, Ж.Елебеков, С.Бегалин, Ә.Марғұлан және Ж.Шәкәрім Ташкент зиратында жатқан Әміренің басына ескерткіш орнату жөнінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың атына өтініш хат жазады. Өкінішке орай, бұл хат аяқсыз қалады, ақыры 1990 жылдың басында еліміздің еңбек сіңірген артисі Д.Гусенцов пен оның жұбайы, әнші Кенжегүл Сыздықова бұл ойды жүзеге асырып, әншінің басы қарайтылады.

Міне, атақты Энрико Карузо, Марио Ланцтармен аты Еуропада қатар аталатын ұлы әншіміздің тағдыры көктей шолып қайырғанда осылай болған.

 

Қ.ИМАН.

 

 ***

Сәуірдің үшінде Алматыда «Әміре» атты музыкалық драманың көрсетілімі болды. Халықаралық түсірілім тобын американдық қоюшы режиссер Джор Веспа басқарды. Басты рөлдерді қазақстандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре), Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдады. Сондай-ақ, фильмге белгілі британ актері Бен Алдрадж, американдық актриса Эбби Карииш түсті.    

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *