«ЕҢБЕКПЕН ЖАУАП БЕРЕМІЗ»

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Қазақстан халқына Жолдауын талқылады. Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Әбдіхалықов жиынды ашып, театр ардагерлеріне сөз берді. Атап айтқанда, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Оразбаев, Қазақстанның Халық артисі, режиссер Есмұхан Обаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әубәкір Рахимов және т.б. театр тарландары Жолдауға байланысты өз ой-пікірлерін білдірді.

Есмұхан ОБАЕВ, Қазақстанның Халық артисі, режиссер:

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы өнерге көңіл бөлейік деген сөзі сіздер үшін де, мен үшін де үлкен қуаныш болды. Президентіміздің сөзінде үлкен үміт бар. Нақтылық бар. Менің ойымша, біз бір қуанышты кезеңге тап келіп отырмыз. Өйткені, мәдениет қызметкерлеріне де үлкен көңіл аударылып жатыр. Мысалы, жалақының көтерілетіні мен зейнетақы қорындағы жинақты баспана мен білім алу үшін жұмсауға рұқсат берілуі жастарымызға жақсы мүмкіндіктер тудырары анық. Жаңадан ғана тағайындалған Президентіміздің халқына деген алғашқы Жолдауы әбден көңіл толтырды. Жер сатылмасын, жалақы көтерілсін деді және т.б. берілмек мүмкіндік қаншама. Дегенмен де, бұның бәрі бізге үлкен жүк, үміт артуда. Жастар да, біз де бұған еңбегімізбен лайықты жауап қайыруымыз керек. Бұл Жолдаудың орындалатынына мен кәміл сенемін.

 

Әубәкір РАХИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер:

– Жолдауда көптеген шешімін таппай, қозғалмай жүрген тақырыптар қамтылған. Сіздер мен біздердің алдымызда тұрған міндет – әрбіріміз өз жауапкерші­лігімізді арттыруымыз керек. Президенттің Жолдауына іс-нәтижемізбен жауап беріп, қолдау көрсетуіміз керек. Қолдау деген не? Ол өз ісімізбен жауап беру керек.

 

Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Жолдауда театр қызметкерлеріне де көңіл бөлінбей келе жатқаны сөз болды. Алайда, қанша еңбекақы алса да, өнер адамдарының қалтасы тесік. Театрдың абыройы кеңінен тарады. Мұның сыры жақсы қойылымдар қоюға байланысты болды. Телеарнадан көргенде үндері жап-жақсы актерлер сахнаға шыққанда сөздері естілмей қалады. Театрда өскен актер мен актриса құрметке лайық. Сондықтан өнер жолы – ауыр жол. Өнер дегеніміз өмір бойғы жарыс іспеттес. Театр тарихында көрермендер кетіп қалған кездер болған емес. Халықтың назарында болғаннан кейін еңбекпен жарқырап көріну керек.

Жолдауда халқымызды толғандыратын барлық мәселелердің белгілі екендігі және ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары әзірленіп жатқандығы айтылған болатын. «Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық. Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін», – деді Президент. Театр ұжымы мәдениет саласына назар аударып, көңіл бөлетіндігіне қуанышты және мәдениет қызметкерлері Президент артып отырған үмітке еңбекпен жауап беретіндігін жеткізді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *