ЕҢБЕККЕ — ҚҰРМЕТ!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің ұжымы тарих ғылымының докторы, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Мұрат Жұмабекұлы Тәшеневті «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алуымен шын жүректен құттықтайды.

Мұрат Жұмабекұлы – асылдың сынығы. 40 жасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы атанған, 45 жаста республикалық Министрлер Кеңесінің басшысы болып сайланған белгілі мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшенев­тің перзенті. Әкесінің өмірі мен белсенділігі, табандылығы мен патриотизмі Мұрат Жұмабекұлы Тәшеневке керемет үлгі болды.

Мұрат Жұмабекұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 1973 жылдан бастап еңбек етеді. Аспирант болып жүріп, ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор мәртебесіне дейін қызметін адал атқарып келеді. Профессордың әмбебаптығы оған Қазақстанның жұмысшы табының қалыптасуы мен даму тарихын зерттеуге, Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың шығу себептерін зерделеуге, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Кеңес үкіметінің жеңісіндегі маңызды рөлін анықтауға мүмкіндік берді. Ол ХХ ғасырдың 60-70 ж.ж. Қазақстандағы өнеркәсіптің қалыптасуы мен даму тарихы және жұмысшыларды даярлау бойынша оқу құралының, «1960-1985 ж.ж. Қазақстанның жұмысшы табы» атты монографияның, сондай-ақ «XІX ғасырдағы Қазақстан­дағы ұлт-азаттық қозғалыстар», «Ұлы Отан соғысы жыл­да­рындағы Қазақстан (1941-1945 ж.ж.)» секілді студент­терге арналған оқу-әдістемелік құралдардың авторы.

Әр жылдары ғалым магистранттар мен докторанттарға келесі элективті курстарды оқыды: «Шет ел капиталының Қазақстан экономикасына енуі», «Қазақстан Республика­сының сыртқы саясаты», «Тарихи психология», «Тәуелсіз Қазақстан экономикасын модернизациялау», «Қазақстан Республикасындағы тарихи білімнің қалыптасуы», «Отан тарихының өзекті мәселелеріне заманауи теориялық және әдіснамалық көзқарастар», «Дәстүрлі қоғамның әлеуметтік модернизациясындағы кеңестік тәжірибе: сабақтары мен тарихи маңызы» және т.б.

Мұрат Тәшенев факультеттегі бакалаврлар мен магистрлік диссертациялардың, дипломдық жұмыстары­ның жетекшісі ретінде Қазақстан Республикасының сәтті модернизациясы үшін маңызды ғылыми зерттеулерге жол ашты. Олар: қазіргі кезеңде Қазақстандағы кәсіптік білім беруді дамытудың жаңа моделі; нарықтық экономика жағдайындағы Қазақстан Республикасы; Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы және экономиканың шикізатқа тәуелділіктен шығуы; Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру; Қазақстандағы конституциялық реформа – демократия мен экономи­калық өсудің негізі; Қазақстан Республикасын индустрия­лан­дыру – әлемнің экономикалық дамыған отыз елінің қатарына сәтті енудің кілті; жоғары оқу орындарындағы оқытудың интерактивті әдістері сынды тақырыптар. Мұрат Жұмабекұлы студенттерді оқыту мен тәрбиелеудегі қызметі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды.

Біз, ұлағатты ұстазды студенттерге және әріптестерге деген жүрек жылуы мен мейірімді қарым-қатынасы үшін шын жүректен құрметтейміз.

Қадірлі ұстазымызға зор денсаулық, бақыт, отбасылық амандық тілейміз және оның білімі мен тәжірибесі ұзақ уақыт бойы университет пен Қазақстан Республикасының игілігі үшін сұранысқа толы болады деп сенеміз.

 

Ажар АХМЕТЖАНОВА,

т.ғ.к., Қазақстан тарихы кафедрасының доценті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close