«ЕҢБЕК ЖОҒАЛСА, АДАМ ҚҰРЫДЫ ДЕЙ БЕРІҢІЗ»

4«Алматы ақшамы» газетінің наурыз айындағы мақалаларын фейсбук әлеуметтік желісінің қолданушылары талқылайды.

Байқап отырсақ, оқырмандарды, негізінен, шешімін таппай жүрген әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер, мәнісі кетіп бара жатқан мәдени өміріміздегі жұтаңдық, рухани құлдырау уайымдары, ұлттық ар-намыстың, азаматтық мүдденің аяққа тапталуы, дін алауыздықтың өршуі және тағы да басқа сан-сапалақ тақырыптар қызықтыратын сияқты. Мұны сайттағы көбірек ашып, қаралған мына мақалалар тізімінен байқауға болады: «Есіктен табылған ескі ыдыс» атты мақаланы – 362 адам, «Көк бөріні көкке көтерген елміз» жарияланымын – 379 адам, «Қара белбеулі қабыланды» – 416 адам, «Мың алғыс қазақ халқына!» атты «Вошал» ингуш ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Сұлтан Оздоевтың мақаласын – 427 адам, «Дубляж падишасын» – 444 адам, «Теріс түскен теңгені» – 454 адам, «Бірліктен айрылған ел қаңғып қалады» атты Ә.Бөкейхан толғамдарының топтамасын – 456 адам, «Ақ ниетің кем болмасын теңізден!» атты ойтүрткіні – 478 адам, «Айналайын, адаспашы» атты мақаланы – 503 адам, «Асанәлі Әшімов бас жүлдені жеңіп алды» атты ақпаратты – 529 адам, «Интеллектуалды-шығармашылық қоғамға келе жатырмыз» деген тақырыппен берілген америкалық ғалым ойларының тәржімесін – 568 адам оқып, пікір қалдырған.

Ал ең көп оқырманның назарына іліккен, сөйтіп, ғаламтор жүйесін пайдаланатын жұрттың ыстық ықыласына бөленген наурыз айының үздік үш жарияланымы мынау болды: «Рейхстагқа трактормен шабуыл жасаған жауынгер» деген естелікті – 782 адам, «Таласбектің қызыл домбырасы» атты ой-толғамды – 1189 адам оқыған. Ал «Алматы ақшамының» қыз-келіншектерге арналған «Шуақ» бетіндегі «Барымызды бағалай білмейміз-ау» атты ой-толғамды – 2868 адам оқып, өз ойларын білдірген.

Пікірлердің бірсыпырасы төменде жарияланып отыр:

 

 

«Интеллектуалды-шығармашылық қоғамға келе жатырмыз»

(тегі жапон америкалық физик Митио Какудың ой-толғамдары)

(«Алматы ақшамы», 1 наурыз, 2016 жыл)

 

Диас Би-Сұлтан: Жақсы тұжырымдар екен. Расында да, енді солай дамитын шығар дүние…

Нұрлан Байболов: «Оқу есте сақтауға негізделмейді; компьютер мен Google Glass-көзәйнектері қажет ақпараттың бәрін жүктейтін кішкентай ғана линзаларға айналады; оқушылар мен студенттер емтиханның үстінде отырып-ақ жауапты интернеттен алады – ол үшін көзді бір рет жыпылықтату жетіп жатыр» дейді ғалым. Менің түсінбегенім: адамның басына қонбаған білім қандай болмақ сонда?

Дина Имамбаева: Қандай керемет заман болар еді! Сондай қоғамда өмір сүргенге не жетсін.

Бұрынбай Болатбек: Қайбір жетіскен жақсылық дейсің… Бүйте берсе, еңбек жоғалады. Ал еңбек жоғалса, адам құрыды дей беріңіз.

Базаркүл Қалбыр: Онсыз да еңбек еткісі келмей, тез байығысы келетіндерге жұмыс болмаған соң, таза ұрлық жасау деген мамандық пайда болатын шығар. «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық, Аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтқандай, азғындықтың көкесі сонда басталар.

Асхат Айтбайұлы: Ондай қоғам туса, АҚШ, Жапония, Германия секілді әбден дамып кеткен елдерде орнайтын шығар. Бізде – қайдам…

Дана Молдашева: Уайымдамаңдар, біз кемінде 100 жыл артта қалғанбыз, ол қоғам бізге жуық арада келе қоймас. Ал келгеннің өзінде интеллектуал адамдардың сана-сезімі де жоғары болады, олар азғындыққа, ұрлыққа барады деу ақылға сыйымсыз нәрсе. Ой еңбегі – нағыз еңбек емес пе…

 

«Ақ ниетің кем болмасын теңізден!»

(«Алматы ақшамы», 1 наурыз, 2016 жыл)

 

Ержан Қайсар: Алғыс айта білудің өзі – мәдениеттілік. Өкінішке қарай, сол мәдениет талайымыздың бойымызда жоқ.

Айнұр Елханова: Әлгі үнді фильміндегі ағаш туралы тәмсіл күшті екен. Сонда ағаштар да жақсы лебіз, ізгі сөз қалайтын болып тұр-ау, ә?

Шолпан Әбу: Мұны тілсіз табиғат пен адамның арасында үндестік деп қабылдауға болады. Ағашты аяламақ түгілі, айналасындағы адамға алғыс айтпайтындар да бар бірақ…

Жазира Елшібаева: Жақсылық та, жамандық та – адамдардың пейіліне қарай келеді.

 

«Есіктен табылған ескі ыдыс»

(«Алматы ақшамы», 3 наурыз, 2016 жыл)

 

Ерлік Сүлеймен: Есіктегі обалардан табылған жазу расында да сақ тілінде жазылған ба екен? Оған нақты ғылыми дәлел бар ма? Лингвистер сақтардың қай тілде сөйлегенін дәлелдей алмай, әлі дауласып жүр емес пе? Бірі көне түркі тілдеріне келеді десе, екінші тобы ежелгі иран тілдер тобына жақындайды деп лағып жүр. Бізге нақты дәйектер керек!

Думан Құсайын: «…Көне қарғысты дұғалардың кереметін нақты ғылым да жоққа шығармайды. Оның мысалдары да баршылық. Мәселен, пирамидалар қазылғаннан кейін ізінше таным айдынына «перғауындар қарғысы» деген ұғым шықты. Мысыр пирамидаларын қазып, перғауын­дардың бақилық ұйқысын бұзғандардың оңғаны жоқ» депті автор. Шын мәнінде, «Мындаған жылдар бойы ауа тазармай, алмаспағасын, үңгірде улы зең (грибок) жиналып қалады, үңгірді ашып қалғанда жаңағы улы ауа адамға жұғады, содан адамдар ауырып қайтыс болады» деп айтты емес пе ғалымдар?!

 

«Еуропа чемпионаттарының тарихы. «Қызыл фурияның» тұңғыш табысы»

(«Алматы ақшамы», 3 наурыз, 2016 жыл)

 

Арнұр Асқаров: Испандардың келесі жеңісін 44 жыл күткені аянышты. Есесіне, қатарынан 2 рет Еуропа чемпионы болды, әлем біріншілігін ұтты. Енді армандары жоқ шығар. Керісінше, Голландия құрамасының қазіргі халі тіпті аянышты-ақ.

Нұрболат Әлменов: Әсіресе, 2008 жылғы Испанияның ойыны сұмдық еді.

Шәкен Құмар: Компартия Бесков-бапкерге: «Қорғанысты күшейт, әйтеуір ұтылмауға барыңды сал!» деп тапсырған екен. Ең жақсы қорғаныс – шабуыл екенін ескермеген ғой сабаздар.

 

«Дубляж падишасы»

(«Алматы ақшамы», 3 наурыз, 2016 жыл)

 

Жазира Зәкірқызы: Тамаша жазылған, рахмет! Осы Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков, Фарида Шәріпова, Нүкетай Мышпаева, Атагелді Ысмайылов секілді аға-апалардың шеберлігіне тәнті болушы едік. «Қызметтестер хикаясы» қазір, өкінішке қарай, қазақ тілінде көрсетілмейді. Барлық кейіпкері көрерменге етене жақын болып кеткені сонша, әрбір сөзі, іс-қимылы санада жатталып қалған. А.Кенжеков ағамыздың (Новосельцов) Калугинаға күмілжіп, кекештеніп, саңырауқұлақ жайлы әңгіме айтатын сәті секілді эпизодтарды қазір ешбір фильмнен таппайсыз. Қатал бастықты дыбыстаған Фарида апамыздың даусы қандай десеңізші! Осындай саңлақтар жүз жылда бір туатын шығар, сірә!

Ерғазы Мүсілім: Мұхтар аға ғажайып актер еді. Ойнаған рөлдері, кино мен театрдағы еңбегі әлі күнге көз алдымызда. Еске алғандарыңыз, жадымызда жаңғыртқандарыңыз жақсы болды.

 

«Бірліктен айрылған ел қаңғып қалады»

(Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның қанатты ойлары)

(«Алматы ақшамы», 5 наурыз, 2016 жыл)

 

Жанар Әбдіманапқызы: Жүз жыл өтсе де, дәл бүгінгі күнге арнап жазылғандай. Ғажап!

Нұрлан Қарасаев: «Бірлік бар жерде тірлік бар», «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» деп босқа айтылмаған ғой. Бірлік бізге, әсіресе, дәл қазір аса қажет.

Шынар Қыдырмоллаева: Керемет! Мұны әр қазақ өзіне өмірлік қағида етсе ғой, шіркін!

 

«Барымызды бағалай білмейміз-ау»

(«Алматы ақшамы», 5 наурыз, 2016 жыл)

 

Нұраш Әзи: Осындай тәрбиелік мәні бар тақырыптар жиі жарық көрсе екен. Оқиғаны жазған авторға айтарым: балаларыңның бағына жақсы әйел кездессін! Өмірде жақсы адамдар әлі де бар.

Айдана Сейсенова: Осы оқиға талай әлсіз ақымақтарға сабақ болар деп ойлаймын. Барымызды бағалай білейік!

Фариза Дәулет: «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген…

Балжан Малдыбаева: Өмірдің өте шынайы көрінісі. Жарыңның бағасын жаныңда аман жүргенде білгенге не жетсін.

Мұса Руслан: Бұл шындық. «Жақсы әйел жаман еркекті төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркекті көрге сүйрейді» деген сөз бар ғой. Әрине, әйелге қол жұмсау – нағыз ер адамның ісі емес. Дегенмен, әйел таңдауда жолы болмағандардың ахуалы бір бөлек. Әртүрлі жағдай кездеседі өмірде. Әйел ақылды, текті болса, еркек нағыз азамат болады.

Қайрат Нұрбаев: Әйел – сенің анаң, қарындасың, қызың. Әйел – отбасыңның ұйытқысы. Әйелді бағалай білейік.

Эльмира Ысмағұлова: Мен де анамнан ерте айрылғанмын. Сегіз баланы ешкімнің қолына қаратпай, өсірген, жеткізген әкеме мың алғыс айтамын. Авторға да сәттілік, шыдамдылық тілеймін.

Марал Жүнісова: Ер адамдарға сабақ болатын дүние екен.

Үміт Өтегенқызы: Әкеміздің қабағынан ығушы едік, айғайлап, ұрсып, көп сөйлеп әуре болмайтын ол кісі. Анамызбен ұрыспақ тұрмақ, сөз таластырғандары есімде жоқ тіпті. Сондықтан болар, қатты айғайласып жатқан ерлі-зайыптыларды көрсем, қарадай жүрегім ауырып кетеді.

 

«Айналайын, адаспашы»

(«Алматы ақшамы», 10 наурыз, 2016 жыл)

 

Әбдірашит Бәкірұлы: Дүниеге тек дін көзімен қараған соң, жақсылық пен жамандықтың ара жігін дәл сезіне алмайтын күйге ұшыраған-ау деймін. Бірақ, олар үнемі айтатын жағымсыз құбылыстар­дың (тозаққа апаратын) «8 наурызбен» байланысы аз. Бар болса да – тек шартты түрде ғана! Қазір бәрімізді алаңдатып отырған жағымсыздықтың пайда болу себептері 8 наурыз емес, басқада! Ол – ұлттық тәрбиенің кері кеткенінен бастау алып, қоғамды ҚҰНЫҒУ жаулап алуымен жалғасуда. Әрине, осының бәріне қарсы тұрарлық күш жалғыз, ол – ҚАЗАҚЫ БОЛМЫСТЫ қалпына келтіру. Бірақ, олар олай ойламайды. Оны дін арқылы шешуді көздейді. Сондықтан олар «8 наурыз – дінге сай келмейді» дейді. Бірақ, олар 8 наурыз әлдеқа­шан, тіптен, кеңес заманынан бастап жастардың жүрегіне қыздарымызға, аналарға деген құрметті сіңдіретін мерекеге айналғанын көре алмайды! Сөйтіп, 8 наурыз мерекесі мағыналық тұрғыда (анаға құрмет) ҚАЗАҚ БОЛМЫСЫМЕН үндесетінін ұқпайды. Міне, мәселенің барлық төркіні осында ғана – біз бұл мерекеге дінді араластырмаймыз, ал олар – оны діни позициядан қарауға ұмтылады. Нәтижесі – қарама-қарсы! Қайсысы – қоғам үшін пайдалы, қайсысы – қоғам үшін зиянды?

Біржан Асан: Әркім кезінде өз ата-әжесінің қалай намаз оқығанын, діни әдет-ғұрыптарды қалай ұстанғанын көріп-өсті ғой деп ойлаймын. Әйтеуір қазақы өңірлерде солай болды. Сол ата-әжелердің іс-әрекетінен, сөзінен, ақыл-кеңесінен үлгі-өнеге алып, солардың жолымен жүрсек те, жаман болмас едік. Қазіргі намазхандарға қарасақ, әңгімесін тыңдасақ, ислам діні қазаққа тек 90-жылдары ғана келген сияқты әсерде қалатынымыз рас.

Бейсенғали Көкей: «Қазақтың түп атасы Батыр Түрік, Арабсың деп жүргенің түбі шірік, Бәленбай сахабаның затысың деп, Алдаған дін жамылған өңшең жүлік» (ШӘКӘРІМ).

 

«Асанәлі Әшімов

бас жүлдені жеңіп алды»

(«Алматы ақшамы», 17 наурыз, 2016 жыл)

 

Алпысбай Шымырбайұлы: «Тұлпардың тұяғы», «асылдың сынығы» деген, міне, осы! Бәрекелді!

Janar Alіmxanova: Тіл-көзден аман болсын!

Жанар Әбдіхалиева: Құтты болсын! Өнері өрге жүзсін!

Алдаш Рысмағанбетов: Алла ұзақ ғұмыр берсін!

 

«Рейхстагқа трактормен шабуыл жасаған жауынгер»

(«Алматы ақшамы», 17 наурыз, 2016 жыл)

 

Жүсіпбек Шойбеков: Соғыс кезіндегі қазақтар жайында қаншама шындық тарих қойнауында ашылмай жатыр екен, а?

Марат Жүсіп: Бір жерден «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтардың түйе дивизиясы» дегенді оқығаным бар еді. Жалпы, біз білмейтін нәрсе әлі көп екен ғой.

 

Топтаманы әзірлеген – Сәкен СЫБАНБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *