Еңбек мигранты қазынаны еселейтін болады

216Әлі есімде, 2012 жылы ақпан айында сол кездегі қаланың бас полицейі Ерлан Тұрғымбаев жыл ішінде атқарылған қала әкіміне қорытынды есебінде шањардағы әртүрлі қылмыстық істердің 40 пайызы ішкі-сыртқы мигранттарға тиесілі екендігін, сол себептен, дамыған мемлекеттердегі сияқты бізде де көші-қон заңына қайта үңіліп, еңбек мигранттарын легализациялау қажет деген пікір айтып еді.

Генералдың айтуынша, бұл қадам ең алды­мен, қазына бүйірін толықтырады, екіншіден, елімізге келген әрбір келімсектің нақты қай жерде тіркелгені, жеке басы туралы толық мәліметі тиісті саланың назарында болады. Сол есепте ғой, Кавказдан келген алты грузиннің ұлтымыздың мақтанышы Нұрғиса Тілендиевтің үйін үптеп кетіп, сарымайдай сақталып келген қымбат жәдігерін алып кеткенін естіп, жағамызды ұстағанымыз. Алайда, қаланың тәжірибелі ізшілерден құралған жедел тобы кәнігі ұрыларды ұзатпай-ақ құрықтаған.

Екі жыл өтті. Екі ай бұрын, яғни, 2013 жылғы 10 желтоқсанда «Еңбек мигранттары жөніндегі заңнаманың кейбір баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы Заңға қол қойылды. Бірақ, Заң өз күшіне әлі енген жоқ. Қандай толықтырулар енгізілді? Енді нәпақа іздеп келген гастарбайтерлер қалай жұмыс істейді? Еңбекке рұқсатты қандай жолдармен алады және төлейтін салықтың мөлшері қандай деңгейде? Міне, жұмыс беруші қала тұрғындарына қажетті осындай өзекті сауалдарды қалалық Ішкі істер департаментінің жанындағы Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары Ержан АЛТАЕВҚА қойған едік.

217Енді 5 адамға дейін  жалдауыңызға болады

– Осы уақытқа дейін қаламызға жылдың төрт мезгілінде есепсіз ағылған келімсек­терді реттеудің сіздерге әбігер тудырып кел­ге­нін жасыруға болмас. Ол туралы ақпарат  көздерінде жиі айтылады. Енді заңға енгі­зілген өзгерістердің ерекшелігі төңірегінде не айтасыз? Бұл сұрақ «Ақшамның» оқыр­мандарын да алаңдатып отыр. Өйткені, жұмыстың қызатын маусымы – көктемнің де төбесі көрініп қалды.

– Иә, заңнамаға толықтырулар енгізілді. Оның негізгісіне тоқталсақ, бұдан былай шеттен келген еңбек мигранттарына қара­пайым қазақстандық азаматтарға да жал­данып жұмыс істей берулеріне болады. Ал бұрын олар тек заңды тұлғаларға, яғни, кә­сіпорындарға, компания­ларға ғана жалдана алатын. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігі жеке тұлғаларға жалданудың тиісті шарт­тарын, тетіктерін, рұқсатнама берудің нақты нұсқауларын әзірлеп қойды. Тек кейбір ас­пектілер нақтылану үстінде. Қалай осы құжаттар толық дайын болады, Үкімет ар­найы қаулы шығарады. Содан соң осы заң­нама шеңберінде іске кірісіп кететін боламыз.

– Елімізде Тәжікстан, Өзбекстан, Қыр­ғызстан мемле­кеттерінен жеткен «қонақтар» ғана жұмыс істей ала ма, жоқ әлде…

– Бұл жерде 3 айға дейін визасыз қарым-қатынасқа құқылы ТМД елдері турасындағы әңгіменің ескерілгені жөн. Әрбір қазақстандық жеке тұлға осы елдердің азаматын жалдауға жаңа заңнама бабы бойынша құқы бар. Айта кетерім, осы тұста заңнаманың бір тармағын назарда ұстаған абзал, ол – еңбек мигранттарының есебінен жеке басына коммерциялық пайда табуға шектеу қойылған.

– Мұны қалай түсінуге болады?

– Яғни, еңбек мигранттарымен екі­жақты келісімшарт тек қана үй шаруа­шы­лығы көлемінде жүзеге асуы тиіс. Нақтылап көрсетсек, шет ел азаматы бала күтушісі, аула сыпырушысы, бақшаға қараушы, күзетші, жеке жүргізушісі бола алады. Сонымен қатар, жеке тұлға өз иелігіндегі үй құрылысына, түрлі күрделі жөндеуге қатыстыруға пәрмені жүреді. Алайда, қосалқы шаруашылығына атап айтқанда, тұшпара цехына, шағын наубай­ханаға тағы да сол сияқты пайда түсіретін кәсіпкерлік нысандарға мигранттарды тартуға заңнама шеңбері қайшы келеді. Өйткені, ол жұмыс­тарды өз азаматтарымыз да атқара алады әрі біздің еңбекке қабілетті адам­дарымыз бірінші кезекте жұмыспен қамтылуы шарт.

 Әрбір еңбек мигранты қазынаға ай сайын 3704 теңге салық құяды

– Сонда қалай, гастарбайтерлер жеке тұлғадан басқа жерге жалдана алмай ма?

– Сауалыңыз орынды. Бұл жерде еңбек мигранттары программист, дүкенші немесе өндіріс орнының жетекшісі болуға құқы жоқ дегенді ешкім айтып отырған жоқ және ондай түсінік тумауы тиіс. Шетелдіктер Қазақстан аумағында қандай да бір істі қол­ға алуларына болады және заң талап­тары оған тыйым салмайды. Тек еңбек мигрантын жалдайтын кәсіпорын немесе компания сол ұсынылған жұмыс орнын ел азаматы маман ретінде игере алмайтынын дәлелдеуі керек, яғни, кадрдың тапшы­лығын көрсетуі тиіс. Ал заңды тұлғаларға мигранттарды қызметке алу-алмауды жер­гілікті атқарушы биліктегі арнайы құрылған комиссия шешеді. Жеке тұлғаларға мұндай ұстаным қолданылмайды.

– Жаңа заңнама талабы бойынша еңбек мигранты жұмыс істеген әр айға 3704 теңге төлеуі шарт екен. Бұл қағиданы көпшілігі сақтай бере ме, ол жағын қандай жолмен қадағалайсыздар?

– Біз жедел-профилактикалық шара­ларды жиі өткізіп тұрамыз. Рейдтер күн­делікті жүргізіліп отырады. Қала тұрғын­дары қазірдің өзінде жаңа заңнамаға қызығушылық танытып отыр. Жеке тұлға­лар әуелден үй шаруасына көмекшілер тартуға ынталы. Бұдан былай заң шең­берінде шетелдік арзан жұмыс күшін пай­далана алады. Енді толық мүмкіндік беріл­ген. Өз тарапымнан айтсам, заңның жұмыс істеп кететініне күмән келтірмеймін. Мә­селен, алысқа бармай-ақ, Ресейді ала­йықшы. 2010 жылдың 1 шілдесінен жаңа еңбек патентін енгізіп еді, бірден мигра­циялық бақы­лаудың оң нәтижесі көріне бастады. 1 млн. 250 мыңнан астам мигрант «көлеңкеден» шығып, заңды есепке қойыл­ды. Бюджет бүйірі аз уақытта 4,5 млрд. рубльге толықты.

Заңды бұзған жеке тұлғаға – 30 АЕК айыппұл

– Елімізде жұмыс істеуге ынталы шетелдік бірінші кезекте не істеуі тиіс?

– Ол үшін:

1. Шекарадан өткен соң 5 тәулік ішінде көші-қон полициясына келіп уақытша тіркелуі шарт.

2. Жергілікті тіркелген жердің аудандық салық жүйесіне барып Жеке сәйкестендіру куәлігін алуы тиіс

3. Алдын-ала 1 айдан 3 ай мерзімге дейін екі айлық көрсеткіш мөл­шерін 3704 теңге төлемақы төлеуі шарт. Алғаш рет келгендер Қазақстан аумағында 1-3 ай мерзімге дейін бола алады. Осы уақыттан соң мерзімді ұзарта алады. Сондықтан да, еңбек мигранты Қазақстанға кірмес бұрын бұл жақта қанша мерзім болатындығын жоспарлап алғаны дұрыс.

4. Содан соң, көші-қон полициясына келіп, анкета-өтініш толтырады, жеке төлқұжатын, миграциялық қағазын және алдын ала төленген төлемақының түбіртегін көрсетеді. Шетелдікті фотоға түсіреді, дактилоскопиядан өткізеді және «Бүркіт» біртұтас ақпарат құрылымына келушінің толық мәліметін енгізеді.

5. Осы механизмнен кейін шетелдік 1 айдан 3 айға дейін жеке тұлғаға жұмыс істеу­ге рұқсат беретін заңды қағазын қолына алады.

6. Енді жұмыс берушіні тауып, онымен екіжақты келісім-шартқа отыруы керек. Егер еңбек мигранты өзіне лайықты жұ­мыс таба алмаса, онда ол тіркеуде көр­сетілген мерзімде Қазақстан аумағынан шығуы шарт. Ал оның төлеген 3704 теңге төлемақысы қайтарылмайтынын ескертеміз. Егер Қазақстан азаматы шетелдікті жұмыс­пен қамтамасыз ете алса, оның басты мін­деті – еңбек мигрантымен келісім-шартқа отыру және көрсетілген тармақтарды мүл­тіксіз сақтау.

– «Еңбек мигранты туралы» заңнама талаптарын бұзған шетелдіктерге қандай жаза көзделген?

– Қазақстан аумағында заңда белгілен­ген рұқсатсыз жұмыс істеген шетелдіктер әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Атап айтқанда, бірінші мәрте 10 күнге дейін уақытша қамаққа, ал 1 жыл ішінде 2 мәрте заңды белден басса, ел шекарасынан аластатылады. Сондай-ақ, салық жүйесі белгілеген мигранттар кірісіне қойылған мөлшерлі салықтан жалтарған жағдайда олар екінші мәрте республика шеңберіне кіруге тыйым салынуы мүмкін. Сонымен қатар, заңнама талаптарын аттап өтіп, заңсыз мигрнаттарды еңбекке жеккен жұмыс беруші де жауапкершіліктен тыс қалмайды. Оларға 30 АЕК көлемінде, яғни, 55 560 теңге айыппұл салынады.

– Жан-жақты еңбек мигранты төңіре­гіндегі ақпара­тыңызға рахмет айтамыз.

Әңгімелескен – Берік СӘДУАҚАС.   

  • Егер еңбек мигранты өзіне лайықты жұмыс таба алмаса, онда ол тіркеуде көрсетілген мерзімде Қазақстан аумағынан шығуы шарт. Ал оның төлеген 3704 теңге төлемақысы қайтарылмай­тынын ескертеміз.
  •  Қазақстан аумағында заңда белгіленген рұқсатсыз жұмыс істеген шетелдіктер әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Атап айтқанда, бірінші мәрте 10 күнге дейін уақытша қамаққа, ал 1 жыл ішінде 2 мәрте заңды белден басса, ел шекарасынан аластатылады.
Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *