ЕҢБЕК АДАМДАРЫ АРДАҚТАЛДЫ

«Еңбек — адамды абыройға бөлейді», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп біздің халық әлімсақтан-ақ еңбекті ардақтап, еңбексүйгіш адамдарды ерекше құрметтеп отырады.

 Рая ЕСКЕНДІР

Тек қазақ халқы емес, дүние жүзі еңбек адамын ардақтап, құрметтеп отырады екен. Оған дәлел – еңбек адамын ардақтайтын атаулы күннің жыл сайын тойланып отыруы. Бұл атаулы күн біздің елімізде 2013 жылдың 28 сәуірінен бастап аталып өтуі үрдіске енді.

Осыған орай, М.Дулатов атындағы №136 мектеп шаңырағында салтанатты жиын өтіп, Алмалы аудандық «Ұстаз» кәсіп­одағының төрайымы Раушан Ораза­лиева аудан көлеміндегі мектептер мен бала­бақшаларда еңбек етіп жатқан, өз саласының нағыз майталман маманда­рының басын қосты.

Көп жағдайда кіші қызметкерлер аталған еден жуушылар, аула сыпыру­шылар, электрик, күзетші сияқты жұмыс иелерінің еңбектері тасада қалып жатады. Ешқандай атақты да, мадақты да қажет­сінбейтін бұл еңбек иелерінің бір ғана мақсаты бар. Ол – адал еңбек етіп, елге өз пайдасын тигізу. Сондықтан өздерін елеп, ескеріп жатқан кәсіподақ төрайымына ерекше ілтипатпен алғыс айтып, қуаныш­тарын жасыра алмады.

– Сіздердің еңбектеріңіз адал. Қашан да еліміздің өркендеп-өсуі жолында сіздердің қосып отырған еңбектеріңіз зор. Сіздер де бұл жолда өз үлестеріңізді қосып келе­сіздер. Нағыз еңбек адамы, ол – сіздерсіздер! Сондықтан біз сіздердің еңбектеріңізді айрықша бағалаймыз, – деді Раушан Дүйсебайқызы.

Шындығында, суықта да, ыстықта да бір сәт қолынан сыпырғышы түспейтін аула сыпырушының немесе бүкіл сыныпты, дәлізді айнадай ғып жалтыратып тастайтын еден жуушының еңбегінің зор екенін кейде бағамдап, бағалай бермейміз. Ал өз міндетін адал еңбек ету деп білетін кіші қызметкердің бар мақсаты — жұмы­сын тап-тұйнақтай етіп атқару ғана. Бір сәт тынығып, мақтау сөздер естіген нағыз еңбек адамдары мектеп оқушыларының кон­церттік бағдарламасын тыңдады. Кәсіп­одақ ұйымының атынан сый-сияпатқа ие болды. Еңбегі адал жандар «Ұстаз» кәсіподағына өз алғыстарын білдірді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *