ЕҢ БАСТЫ ҚАЗЫНАМЫЗ — ТАРИХЫМЫЗ, ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры:

ТАРИХҚА ТӘУЕЛСІЗ КӨЗБЕН ҚАРАУЫМЫЗ КЕРЕК

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын екі рет оқып шықтым. Бұл мақаласында Елбасы жалпы адамзат тарихы мен өзіміздің төл тарихымызға мүлдем жаңа көзқарас ұсынып отыр. Әлем елдерінде өздерінің ежелгі тарихына деген көзқарастары қалыптасқан. Соның ішінде империялық көзқарас, шығыс халқының өз тарихына деген көзқа­расы, еуроцентристік көзқарас  деген болады. Осы әлем­дік тарихи көзқарастарды сараптай келсек, бұл мақала тарихқа деген жаңа тұжырымдамалық көзқарас қалып­тастырып отыр. Әлемнің тарихы шағын мемлекеттің немесе ұлттың тарихымен өлшенбейді. Тарих дүниенің, жердің тарихымен тығыз байланысты дүние. Әр өркениеттің, мысалы, Рим, Жапон, Америка елдерінің өз ерекшеліктері бар. Өркениеттердің барлығы көнеден келе жатыр. Сонда біздің Ұлы даланың тарихы қайда қалды? Адамзаттың тарихында Ұлы дала адамзаттың өркениетіне не берді, қандай жаңалық әкелді? Біздің сол өркениеттен алатын орнымыз қандай? Елбасы осы мәселелер төңіре­гінде сұрақ қойып, жауабын осы еңбекте тұжырымдап береді. Бұл тарихқа деген жаңа тұжырымдамалық көзқарас. Елбасы тарихқа тәуелсіз көзбен қарауға шақырып отыр.Мақала екі үлкен бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі тарихтағы уақыт пен кеңістікке арналған. Бұл жерде Елбасы бір нәрсемен шектеліп отырған жоқ. «Жалпы, әлемде уақыт қалай өтті? Сондағы кеңістік қалай? Сол кеңістікте Ұлы даламыздың алатын орны, оның тарихы қандай? Ұлы далада қандай өркениет бар екен?»   деген сұрақтарға  жауап іздейді.Атқа міну мәдениетіне қатысты  мақалада тұшымды тұжырымдар, тағылымды ойлар  баршылық. Атқа міну мәдениетінде жай ғана көшпенділердің ат үйретуі ғана  айтылмайды. Тарихшылар бізде Ботай мәдениеті деген үлкен мәдениет барын біледі. Жылқыны қолға үйрету Қазақстан аумағында басталғанын осы мәдениет дәлелдеп көрсетті. Өйткені, қазба жұмыстар кезінде жүздеген емес, мыңдаған жылқының сүйегі шықты. Жылқы мәдениеті дегеніміз жылқыны қолға үйретумен ғана шектелмейді. Ауыздықты ойлап тапқан біздің дала­мыз. Үзеңгіні де ойлап тапқан біздің бабамыз. Осының барлығы ауыл шаруашылық өркениетінің дамуына алып келді. Бұл — біздің бүкіләлемдік өркениетке қосқан үлесіміз.Сосын Ұлы даладағы металлургия. Мәселен, Алатау, Алтай, Қаратаудың  баурайындағы бүкіл ежелгі дәуірде металл қорыту ісі бар. Соның ішінде Алтын адамдарды жасаған кездегі өнерді тілге тиек етуіміз керек. Алтын адамдағы иіліп тұрған жолбарыс, оның пластикасы қандай өнер?! Құрышты, алтын мен жұқалтырды бірінші ойлап тапқан да біз. Мұндай технология дәл сол ғасырда еш жерде болмаған. Бертінде табылған жылқы ер-тоқымындағы өрнектің қандай жіппен тігілгені белгісіз. Ол қандай жіп, қайдан пайда болды?Аң стилі деген де көп ойланатын дүние. Жалпы, «звериный стиль» деген ұғымды ғылымға бірінші рет енгізген В.Радлов деген ғалым еді. Ол Алтайдағы Минусинск қазандығын алғаш болып қазып, бүкіл әлемге көне түркітілдес халықтар туралы жариялаған болатын. Аңдардың стилін қарап отырып, «звериный стильді» енгізді. Бұл стиль әлемдік ұғымға кірген термин. Бірақ оның тегі біздің даламызда, тауымызда жатыр. Ұлы Жібек жолы деген жаңа ұғым да керек дер едім. Ұлы Жібек жолын біз тек Қытаймен байланыстырамыз. Бұл жол еліміздің барлық аймағын қамтыған. Қала берді, бұрынғы патшаларды жерлеу рәсімі қазіргі қазақтардың жерлеу рәсіміне өте ұқсас.Екінші бөлім «Тарихи сананы қалай жаңғыртамыз?»  деп аталады. Осыған байланысты Елбасы бізге үлкен міндеттер қойып отыр. Елбасы бұған дейін де бірнеше архивтерді түгендеді. Бірақ әлемнің архиві біз үшін толық жеткілікті емес. Мысалы, Шәкәрім қажы Стамбұлға барып, шежіре тарихты жазған екен. Ол кісі сол кезде нені оқыды екен? Ешкім зерттеп, қараған жоқ. Біз көбіне Ресейдің мұрағатымен, мұражай­ларымен шектеліп қаламыз. Шет елде қаншама дүниеміз жатыр. Британ музейінде Түркістанның қақпасының бір бөлшегі бар деген дерек бар. Өз басым Лувр мұражайынан қазақтың сәукелесін көрдім. Петербордағы «Русский музей» деген мұражайда 12 ханның шапаны тұр. Біздің елде жоқ төрт сәукеле қойылған.

Жанарбек ӘШІМЖАН, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы:

Идеологияға жұмыс жасайтын нөмірі бірінші мақала

Өмірі бірінші мақалаҰлттық сананың, тарихи сананың қалыптасуына қатысты Елбасы Тәуел­сіздік алғалы дүркін-дүркін платфор­малық мақалалар жариялап келеді. Бүгін Елбасы жергілікті қазақтарға біздің тарихымызға 550 жыл емес, 2000 да емес, 5000 жыл дегенді меңзеп отыр. Тарихыңды таны, оқы, көр деп жатыр. Бұл мақала тарихшы, әдебиетші, жазушы-драматург­терге ғана емес, мақала менің замандас­тарыма тасталған ұран деп қабылдау керек. Әсіресе, біздің мәдениет, руханият, спорттағы студенттер, жастар қауымы мойын бұрса деген тілегім бар. Өйткені, мен патриотпын деп айту, ұрандату, көк туды көтеру оңай, оған ғылыми тұрғы­дан баға беру қажет. Тарихи сананы ғылыми тұрғыда бекітуіміз керек.  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғы­ру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақала­сына орай жұмыс істейтін институт ашу керек деп есептеймін. Біздің бүкіл тарих, мұражай, мәдениет, руханият, мәдени мұраларымыз бен салт-дәстүрімізге арнайы құрылым құрса деген ойым бар. Ғылым ордасын­дағы бүкіл институттар жұмыс істеуде, олардың жұмысын жоққа шығармай­мыз. Солардың жұмысын бірізденді­ретін идеологиялық бір орталық керек-ақ. Бүгінгі мақала ұлттық идеологияға жұмыс жасайтын нөмірі бірінші мақа­ла болып тұр. Ата тарихымызға қайта оралу үшін жасалған қадам. Бұл ел күткен жоба.

Қалтай БАТХОЛДИН, Алматы технологиялық университетінің проректоры:

ҰЛТТЫҚ  жәдігерлер  ҰЛЫҚТАЛАТЫН  БОЛАДЫ

Елбасының бұл мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сының жалғасы іспеттес болып отыр. Сонымен қатар, мұнда тұжырымдалған мәселелер дер кезінде көтерілді деп есептеймін. Ұлтымыздың мәдениетін, тарихын терең білу үшін әлі де қаншама зерттеулер жүргізілу керегі аңғарылып тұр. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жұртшы­лыққа жеткілікті дәрежеде түсін­діре білсек, мәдениетіміз, тіліміз, ұлттық салт-дәстүріміз одан әрі жаңғырып, әлемдік деңгейге паш етуге мүмкіндік ашылады. Біздің тарихымыздың тым тереңде жатқанын бүкіл жұртшылық білетін болады. Сондықтан мұны көпшілік қызу қолдап, Елбасы көтерген мәселелер дер кезінде атқарылуы тиіс.Маған, өз басыма Елбасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы өте қатты ұнады. Біздің ата-бабаларымыздың тарихын зерттеп, олардың жасаған еңбек­тері әлемдік деңгейдегі тұлға­лардан еш кем болмағандығын дәлелдеуіміз керек. Сондықтан осы мақалада осындай жоба­лардың көтерілгеніне қатты қуанып отырмын.

Дәурен БАБАМҰРАТОВ,Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі:

ҰЛЫ  КЕЗЕҢДЕРДІҢ   БОЛҒАНЫНА КУӘ БОЛАМЫЗ

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарла­малық мақаласының жарасымды жалғасы іспетті. Тарихымызға үңілсек, қазақ халқының тарихында еліміздің еңбегінің ерекшелігін көрсететін ұлы кезеңдер болғанына куә боламыз. Ұлы даланы мекен­деген дана бабаларымыз ғылым-білім саласын­да, тарихта ұлы істер жасаған. Тарихта терең із қал­дыр­ған ұлы керуен жолдары арқылы сауда-саттық жолдарын жасаған. Егер біз ХХІ ғасырда сол орта ғасырлардағы Ұлы мемлекеттің тұғырын қайтадан биікке көтергіміз келсе, онда біз сол кездердегідей қадамдар жасауымыз керек. Яғни біздер бүгін, сол кездердегідей ғылым-білімге, инновацияға барынша жақын болуымыз керек. Елбасы мақаласы елімізді білімге бағыттайды. Мемлекетіміздің даму тарихын­дағы бұл маңызды мақалада бұрын қол жеткізген тарихи жетістіктерімізді ХХІ ғасырда ұмытпауымыз керектігі туралы айтылған. Шынында да, егер ХХІ ғасырда үлкен жетістіктерге қол жеткізгіміз келсе, өткенімізге, тарихымызға  терең үңілуіміз керек. Елбасы өзінің мақаласында халқымыздың тарихтағы жетістіктерін жіктеп, нақты көрсетіп берді. «Біз сол кездері жетістікке қалай жеттік? Қандай ұлы істер атқардық? Біз оған қандай қадамдар жасадық?» деген маңызды мәселенің барлығы мақалада бар. Қазақ топырағында туып-өскен халық ғылым-білімге, әлемдік өркениеттің өркендеуіне үлкен үлес қосқан. Елбасының мақаласы бұл сөзіміздің айқын айғағы бола алады.

Роза ҚАШАБАЕВА,  Қазақ қатынас жолдары университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры: 

ТҮРКІ ӘЛЕМІМЕН БАЙЛАНЫСТЫ ДЕРЕКТЕР ӨТЕ КӨП

Елбасы  Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың  «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақаласы ел үшін маңызды құндылық деп есептей­мін.Біздің Еуразиядағы мәде­ние­ті­міздің айнытпас дәлелі — Алтай өңірі. Осы дәуірдің бірінші мыңжыл­дығында Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды. Осыдан былай Азияның шығы­сынан, Еуропаның батысы арасында, бүгінгі бізге мәлім «Ұлы Жібек жолы» көп жаңа­лық пен жақсы­лық әкелді. Тіпті, кәдімгі жеміс  – АЛМА да бізден тараған. Оның негізі – Сиверс! Кіндік ортасы нағыз Алатау бөктері, осы – Алма­ты! Ал біздің Іле-Шу алқа­бын­да керемет те, өте көркем қыз­ғалдақтар өскен. Сол мар­жанның атасы – Регелия екен. Бүгін олардың 3000 түрі күллі әлемге таратылды.Түркі әлемімен байланысты деректер өте көп, көне Отырар қаласының мәдениетімен де тығыз байланысты. Темір бал­қы­ту, оқу-білім оқыту, мәдени, ән-би мен тіл, сөздің дамуы осы қаладан басталғаны рас. Біздің мақсатымыз — соның бәрін әлемге паш ету, ауыз әде­биетінен жазба тарих жинау, құрастыру, жәдігер­лі музей ашып, туризм саласына үлкен үлес қосу.Қорыта айтқанда, осы жо­ба­­­ларда  айтылғанның бәрін  ұжым бойынша  талдап, әрбір студентке жеткізетін  боламыз.

Марат ТОҚАШБАЕВ,«Президент және халық» газетінің Бас редакторы:

ЕЛБАСЫ   ҰЛТТЫҚ   МЕМЛЕКЕТТІЛІГІМІЗТЫМ  ӘРІДЕН   БАСТАЛАТЫНЫН   КӨРСЕТІП  БЕРДІ

Қазақ мемлекетінің кемінде 2500 жылдық тарихы бар. Мәселен, көрші өзбектер «Өзбекстанмемлекетінің негізі қаланғанына 2500 жыл өтті» деп жариялап жүр. Біздің қырғызбауырларымызда Қырғызстан мемлекетінің 1100 жылдығын әлемдік деңгейде мойындатты.Елбасымыздың қазіргі көтеріп отырған мәселесі, біздің шын мәнінде ұлттық мемле­­кетіміздің тарихы тым әріден басталатынын анық көрсетіп отыр. Енді ғалымдар, тарихшылар осымен түбегейлі айналысып, тарихымыздың тым әріде екендігін дәлелдеуі тиіс.Екіншіден, Елбасының тарихи сананы жаңғыртуға байланысты көтерген мәселесі өзіме қатты ұнады. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл ретте «Архив – 2025» жеті жылдық бағдар­ламасын жасауды ұсынды. Бұл жеті емес, одан да ұзақ мерзімді қамтитын шара. Осы төңіректе кезінде «Мәдени мұра» бағдар­ламасымен көрші мемлекеттерден қаншама тарихи құжаттар жиналды. Бірақ өкінішке қарай, солардың көбі цифрлық форматқа түспеді де, қалың жұртшылыққа жетпей қалды. Енді «Архив – 2025» арқылы сол «Мәдени мұрадағы» табылған дүниелерді айналымға енгізуіміз керек. Цифрлық форматқа түсіріп, мұны кешенді түрде ретке келтіруіміз тиіс.Тағы бір айтарым, осыдан біраз бұрын Шымкент қаласында бір керемет дүние қолға алынды. Соңғы төрт-бес жылда Шым­кентте Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы жұмыс істеп келеді. Олар ұлттық дәс­түрлерді насихаттауға, жинақтауға үлкен күш жұмсап жатыр. Мұндай үлгі басқа ешқандай өңірде жоқ. Алматы – еліміздің мәдени орталығы, азаттығы­мыз­дың бесігі дейміз ғой, тура осында ұлттық дәстүрді насихаттайтын орталық ашуымыз керек. Бұл ретте біз оған қолымыздан келгенше көмек беруге дайынбыз

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *