ДЖЕК МА АБАЙДЫ БІЛЕДІ…

Ақын өлеңін ол қытайша оқыды

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Бұдан үш жыл бұрын «Абай және Джек Ма» деген шағын мақала жаз­ғанбыз. («Алматы ақшамы», 10.06.2016 ж.). Оны жазуымызға Alіbaba Group компаниясын құрып, әлемге танылған, қытайлық миллиардер Джек Маның Астана экономикалық форумында сөз сөйлеп: «Ешуақытта өзгеге сеніп, үміт артпаңдар. Өз экономикаларыңды өздерің көтермесеңдер, сырттан келіп оны біреу жасап бермейді», – деп айтқаны түрткі болған.

Сонда байлыққа кенелудің қыры-сырын игеріп, бизнестің «жілігін ша­ғып, майын ішкен» Джек Ма данышпан бабамыз Абайдың:

Сенбе жұртқа, тұрса да

қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – деген өсиетті өлең жолдарын оқы­ған ба? – дегенді айтып, таңқалғанбыз. Өйт­кені, кейде озық ойлы адамдар мен жайсаң жандардың көзқарас-пікірлері бір-бірімен ұштасып, үндесіп, тоғысып жатады.

Джек Ма, сондай-ақ, кейбір іші тар байлар сияқты кәсіпкерлік сырын ішіне бүкпей: «Кішігірім компаниялар неғұр­лым көп болса, соғұрлым жақсы. Қызмет көрсету саласын, жалпы эко­номиканы көтеруге кішірек фирмалар тиімді. Соған жастарды көбірек тартып, бейімдеп, үйретіңдер», – деп ағынан жарылған-тын.

Бұл айтқандарын тыңдап отырып: «Талай-талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтіп, табанақы, маңдай терімен 32,7 млрд. доллар ақша жинап, әлемдегі 18-ші бай атанған миллиардер мұны бізге тектен-тек айтпаған шығар», – деген ой түйгенбіз.

«Ел құлағы елу» демекші, біздің сол мақаламыз Джектің құлағына жеткен сыңайлы. Олай дейтініміз, ҚазАқпарат агенттігінің хабарлауынша, Джек Ма жақында қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Құлақтан кіріп, бойды алар» деген өлеңін қытайша оқып берген. Және де ол:

«Құрметті достар, мен Джек Мамын. Келесі жылы қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абайдың 175 жылдығы тойла­нады. Бүгін мен Қазақстанның Қытай­дағы елшісі Шахрат Нұрышев мырзадан эстафетаны қабыл алып, сіздерге Абайдың өлеңін оқыдым», – деп дәстүрді әрі қарай жалғастыруды атақты боксшы Геннадий Головкинге тапсырған. Сөйтіп, басқаларға өнеге көрсеткен.

Қағынан жерінген кейбіреулер секіл­ді емес, өзгелер салт-дәстүріңді сыйлап, ұлы ақыныңды ұлықтап, төбе­сіне көтеріп жатса, қалай айналмассың!

Ата-бабаларымыз: «Өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін!», – дегенде осындай бір ғибралы да ғизатлы терең ойды меңзеген болса керек.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *