«ҚҰДЫС» КҮЙІ – ДОСТЫҚ КҮЙІ

Бүгінгі тәуелсіз еліміз Қазақстан Республикасында 130-дан аса ұлттың тату-тәтті өмір сүріп отырғаны белгілі. Демек, еліміздегі ішкі саяси тұрақтылықтың салтанат құруы Қазақстан халқының береке-бірлікпен жасап отырғанының, бірлікте еңбек етуінің, олардың еліміз Ата Заңы – Конституциясының кепілдендіруінің нәтижесінде тең құқылы дәрежеде тіршілік етіп отырғанымен тығыз байланысты. Міне, осыны назарында берік ұстаған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды.

1 мамыр миллиондаған адамдардың жүрегіне тілектестік және пікірлестік ұрығын сепкен достық мерекесі. Міне, осы халық достығы мен өзара түсіністікті қалып­тастыру жолында және оны кемел­дендіруге бір кісілік үлес қосып келе жат­қан қазақ зиялыларының бірі, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Шәміл Әбілтаев десек, артық айтқандық болмас еді. Мереке қарсаңында біз атақты композиторымыздың отбасына бас сұққан болатынбыз. Құт дарыған отбасының табалдырығын аттағаннан бізді үй иелері жылы қабақ, шынайы ілтипатпен қарсы алды. Әсіресе, Шәміл ағаның үлкен ұлы Азамат қазақ және ұйғыр тілдерінде тілегін айтып, жылы лебізін білдіргенде көңіл күйіміз көтеріліп, жүрегіміз елжіреп сала берді. Үй ішінің мұнтаздай таза реттілігі, сөредегі кітаптардың қаз-қатар тізіліп тұруы бұл отбасының мәдениетті әрі кітапқұмарлар екенін бірден айғақтаған­дай. Аман-сәлемнен соң, біз баяғыдан келе жатқан таныстардай қызу сұхбатқа кірістік. Сұхбат мазмұны композитор Шәміл аға мен оның жары Өрікгүлдің өмір жолдарын еске алудан басталды. Өмірде өшпес із қалдырған ұлағатты ұстаздары жөнінде, сондай-ақ, қазақ пен ұйғырдың достығы туралы ағынан жарылды.

– Мынау бір оқиға менің болашаққа деген көзқарасымды және тағдырымды түбегейлі өзгертіп жіберді, — деп, сөз баста­ды Шәміл Әбілтаев аға, — 1966 жылдың жаз айларының бірі болатын. Консерваторияға емтихан тапсыру үшін Алматыға келдім. Сол жылдары Гурьевтен келген талапкер домбырашыларды Құрманғазының елінен келген өнерпаздар деп қарап, ректордың өзі келіп, емтиханға көңіл бөліп, тыңдайтын әдет бар екен. Кіріп-шығып жатқан талап­кер­лердің сөзіне қарасам, ректор бүгін жоқ көрінеді, олар соны айтып мәз болысып, қуанып жүр. Кезегім келіп, емтихан тапсы­руға имене басып мен де кірдім. Комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап беріп болып, енді күй орындайтын кезек кел­генде, түр-тұлғасы келіскен, сұңғақ бойлы, сымбатты аға аудиторияға кіріп келді. Отырғандардың бәрі орындарынан тік тұрып, ол кісіге құрмет білдірді. Мен оның консерваторияның ректоры, атақты ком­позитор Құдыс Қожамияров екенін бірден түсіндім және бар ықыласыммен Құрман­ғазының бір күйін орындап шықтым. Бұл менің бақытым болса керек, күйді асқан ыждағаттылықпен зейін салып тыңдап шыққан Құдыс ака орыс тілінде бірден: «Молодой человек, вы феномен музыки», – деді. Аудитория іші бір сәт тыныштыққа шомылды. Ол сөйтті де, комиссия мүшеле­ріне жұмыстарын жалғастыра беруді тапсы­рып, сыртқа шығып кетті. Мен сол күні комиссия мүшелерінің бірауыздан келісуі­нің нәтижесінде консерваторияның ұлттық аспаптар факультетіне оқуға қабылдан­дым. Қыркүйек айында үлкен үмітпен арман арқалап білім алу үшін Алматыға келдік. Балалық шағымнан қызығып, құмарланып әуестенген күйді онан сайын меңгере түсу үшін, құлшынып үйрене бас­тадым. Жиі-жиі Құдыс Қожамияров аға­мен кездесіп тұрудың орайы болып отырды. Ол толымды басшы, өте талап қойғыш, қатал ұстаз еді. Шабыттандыра қамшылап, жігеріңді жанып отыратын, қуанышыңа бірге қуана білетін дархан адам болды. Ұстазбен болған байланысым біртіндеп тереңдей түсті. Құдыс ағаның ақылын, кеңестерін тыңдап, қолдауы арқасында ел ішінде кәдімгідей таныла бастадым. Ұстаз бен шәкірт ортасындағы мұндай жақын байланысты көре алмайтындар да табылды. Әне, солай, білімге бар әуестікпен ден қоя бастаған кезде, аяқастынан Құдыс аға ректорлықтан басқа жұмысқа ауысып, кафедра меңгерушісі болып қызмет ете бастады. Біз бірінші курстың емтихандарын тапсырып жаттық. Әлдебір себеппен «Зару­бежная литература» пәнінің оқыту­шысы маған баға қойып беруден бас тартты. Мені шайтан түртті ме, кім біледі, әлгі оқыту­шымызға: «Қазір баға қойма­ғаныңызбен, бәрібір күні ертең өзіңіз-ақ қойып беретін боласыз» дедім де, сыртқа шығып кеттім. Сол сөзім әне-міне дегенше консерва­торияға ду етіп тарап кетіпті. Оны аз десеңіз, айтқаным жаңадан тағайын­дал­ған ректор­дың құлағына да жетіп барыпты. Арадан біраз уақыт өтіп, мен Қожамия­ровтың шәкірті болғандығым үшін, оқудан мүлде біржолата шығарылдым. Құдыс аға консерватория ішіндегі гу-гу әңгімені елеңқұрлы көрмеді әрі маған болысып арашалаған да жоқ. Тізесін бүкпей, кеуде­сін тік ұстап, асқақ рухымен бұрынғыдан да сергек сезіммен жүре берді. Ол өте мәде­ниетті, өсек-аяң мен ғайбатқа бармайтын, өткір пікірімен өз ортасына танымал кісі болатын. Сол үшін де оны шынайы сыйлайтындар көп болды. Арадан бір жыл өткеннен кейін таныс-білістердің араласуы арқасында мен қайтадан бірінші курсқа қабылдандым. Ұстазыммен болған байла­ны­сымыз ешқашан үзілмеді. Ол маған: «Сен байқа, әрбір қадамыңды ойланып басқаның дұрыс, терең білім алуды мақсат ет, тек қана біліміңмен ғана мыңды жыға аласың!», – деп, ширатып отырды. Мен ұста­зымның бұл сөздерін естігеннен кейін, басқа ұсақ-түйек жұмыстардан алыстап, ойын-тамашадан бас тартып, тек білім алуға кірістім. Сол арада консервато­рия­ның театр факультетіне оқуға түскен Өрік­гүлмен танысып, екеуміз 1969 жылы отба­сын құрдық. Екі қыз, бір ұл сүйіп, олардан алты немере көріп отырған жағдайымыз бар. Қарап отырсақ, екеуміздің бас құрағанымызға да 50 жыл өте шығыпты. Мен, міне, жетпістен асқан болсам, Өрікгүл биыл жетпіске толды.

Иә, ата-ананың бақыты – бала және оның жылы отбасы. Бұл жағынан Шәміл ағамыз бен Өрікгүл тәтеміздің бақытында шек жоқ. Өйткені, олар бұл бақытты кіршіксіз таза сезім, табан ет маңдай тері еңбекпен барлыққа келтірді. Осы сәтте сөзге Өрікгүл апай араласты:

– Мен де кішкене кезімнен өнерге құмартып өстім. Әкем марқұмның қол­дауы­мен және сол жылғы Жамбыл облы­сындағы талантты балаларды іздеп келген өнер тарланы, көрнекті қоғам қайраткері Асқар Тоқпановтың таңдауы мен дем беруі арқасында консерваторияның театр фа­куль­тетіне оқуға түстім. Оқуды бітіріп, 20 жыл бойы М.Әуезов атындағы драма театрында жұмыс істедім. Отбасын құрып, бала-шағалы болған соң, өзге де тірлік қамымен театрдан қол үзуге тура келді. Негізінен, үй шаруасы мен күйеуіме жағдай жасау жағына ойыстым. Өздеріңіз білесіз­дер, Шәміл өнердің адамы, оған бап керек болды. Күй шерту екінің бірінің қолынан келмейтін кірпияз өнер, ол жүректің терең қатпарларынан қайнап шығатын сезім мен шеберлікке саятын таза өнер. Шәмілді ұстазым деп санаймын, осы бірге өткен елу жылдың ішінде тек сыйласумен, сырласу­мен келеміз. Әкем марқұм бізге ылғи да «Жолдасыңа артық сөз айтпа, өзгенің алдында білермендік жасап алдын кеспе, орынсыз абыройын төгуші болма!» деп, миымызға құйып отыратын. Мен әкемнің сол насихатын күні бүгінге дейін бұлжыт­пай орындап келемін.

Шәмілге жұбай болғанымда және кейінгі кезде бірге қызмет етіп жүрген кездерімде кейбіреулердің кекесінмен «домбырашының әйелі» деп, менсінбей қарайтынын талай көрдім. Мен Шәмілдің ұлттық өнерін жоғары бағалағандығымнан сезіміме қылау түсірмей, әлгіндей бейәдеп сөздерге ешбір мән берген емеспін. Шәмілді сол бір студенттік алтын дәуірде жақсы көрдім, онымен отбасы құруға бел будым. Осы күніме қарап Аллаға мың мәрте шүкіршілік етемін… әрі екеуміз де тірлікте бір-бірімізге кедергі келтірмедік, бақытты өмір сүріп келе жатырмыз.

– Студенттік шақта екеуміз жатақхана­ның бір корпусында тұрдық, – деді, Шәміл аға, сөзін жалғастырып, – Мен әр күні сабақтан соң бөлмемнен шықпай, күй шертуші едім, сондай күндердің бірінде Өрікгүл бөлмемнің алдынан өтіп бара жатып, іштен шығып жатқан құйқылжыған әсем сазды күйге елітіп тұра қалып тыңдай­ды. Мен оның сыртта күй тыңдап тұрғаны­нан бейхабармын. Бір кезде терлеп, пысынап кеткендігімнен таза ауа жұтайын деп, сыртқа шығуға есікті аштым. Кенеттен шыға келгендігімнен ашылған есіктің қыры Өрікгүлдің дәл маңдайына барып тиіпті. Ол ұрланып тыңдап тұрғанынан ұялып, не істерін білмей ыңғайсызданып қалды. Есікпен басына соққаным үшін мен де ауыз жаппай кешірім сұрап жатырмын. Әне сол күннен бастап екеуміз бір-бірімізге жақындай түстік, оның соңы сүйіспен­ші­лікке ұласып, махаббатқа айналды. Махаб­бат демекші, бірінші курста оқып жүрге­німізде, ұстазымыз Асқар Тоқпанов мені Өрікгүлдердің тобына ертіп барып, күй орындатқан күннен бастап оған шектен тыс ғашық болдым. Оған махаббат сезі­мім­ді айтып жеткізуге дәрмен келмей, жарқы­раған күнімді күлкісіз өткізіп, қараңғы түндерімді ұйқысыз сырғыттым. Бақытты сәттің басы болып, «есіктен таяқ жеген қыз» біздің махаббатымыздың есігін ашты, тілдестірді, жақындастырды. Кейінірек сүйген жарыма арнап «Өрікгүл» деген ән жаздым. Оны 1980 жылы «Яшлиқ» ансам­блінің мүшелері Мұрат Ахмадиев, Марат Мәмәтбақиев, Гүлбаһар Ахмадиева қазақ тілінде орындады. Арадан 25 жыл өткен соң, Өрікгүл сол әнге жауап секілді, «Күйші жігіт – құмарым» деген тамаша тарту ән жазды. Оны нотаға түсіріп, қазірге дейін екеуміз бірге айтып келеміз. Содан 2014 жылы Өрікгүлдің шабыты оянып, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге арнап, «Сын народа» әнін өмірге әкелді. Әннің сөзін Амантай Ахетов орыс тіліне көркем етіп аударды. Ол әнді 2017 жылы Мәскеу қаласында нашына келтіріп орындап шықтым.

– Театрда жұмыс істеп жүргенде, ұйғыр халқының аса көрнекті әртістері Хасийәт Зайнаудинова, Раһиләм Машүрова секілді өнер иелерімен бірге қызмет еттім, – деді, Өрікгүл апайымыз әсерленіп, – олардан көп нәрселерді үйрендім, ұйғыр халқының мәдениеті, көркемөнерімен таныстым. Әкем марқұмның «ұйғыр ұлты теңдессіз мәде­ниет жаратқан халық» деген сөздеріне көз жеткіздім. Ол терістеуге болмайтын шын­дық екенін танып білдім. Міне, бүгін құтты-мешін шаңырағымызға сол байырғы мәде­ниет иелерінің екі өкілі келіп, дастарха­ны­мыздан дәм татып отырғанын көріп, қатты риза болып отырмын. Достық, бауырластық байланыс деген осы емес пе?! Егер ниетіміз түзу болмаса, біздер бұлайынша емін-еркін кең отырып сөйлесе алмас едік!..

– Оқуды бітіріп, Қазақ радиосының музыка редакциясында үш жылдай бас редактор болып қызмет еттім. Сол жылдары тағы да Құдыс ағаның тәлім-тәрбиесінде болғанымды мақтанышпен еске аламын, – деп сөзге араласты Шәміл аға әңгіменің тақырыбын әдейі Құдыс ағамызға аудара, – Маған ұйғырлардың тарихи отанынан «Он екі мұқамды» алдыру керектігін айтты. Ол екеуміз сол күні ұзақ уақыт кәдімгідей сұхбат құрдық. Ешқашан естен шықпай­тыны, 2016 жылы «Уйғур авази» газетінің Бас редакторы Ершат Әсмәтов бауырым­мен ойламаған жерден жолығып қалуымыз өте бір қайырлы кездесу болды. Ол мені газетке оқырман топтау, жазылу жұмысына байланысты Ұйғыр, Панфилов, Еңбекші қазақ аудандарына бірге баруға ұсыныс жасады. Әрине, қуана келісіп, аудандарды араладық, екі халықтың достығы үшін жақсы сөзімді айтып, күмбірлете күй шерттім. Мен өзім барған жердің бәрінде ұстазыма бағыштап шығарған «Құдыс» күйін бабымен шертіп бердім. Панфилов ауданындағы сапарымызда жәркенттік ұйғыр бауырластар мен баста айтып өткен, яғни Құдыс аға армандаған ұйғырдың он екі мұқамын топтастырған үлкен кітабын маған сыйлады. Оны алған сәтімнің өзі ғажап әсерімен есімде қалды, төбем көкке төрт-ақ елі жетпей тұрды.

– Аспанынан алқау кетпейтін, жерінен қызық тарқамайтын, диқаны еңбекқор, шаруасы бейнетқор тау бөктеріне орна­ласқан шағын ғана Қайназар ауылынан ұшып шыққан даңқты композитор, әйгілі «Ризвангүл» симфониясының, «Назугум» операсының авторын мен ерекше құрмет­теуші едім! Жүрегімнің төрінен орын алған әне сол бекзат болмысты, бек талантты дегдар адамның, өрісті өнерлінің, кең пейіл керемет кісінің дүниеден ерте өтіп кеткені бізді қатты өкіндірді. Алайда, ол ұрпақ­тарына ешқашан тозбайтын, тосылмайтын, теңдессіз бағалы көркемөнер қазынасын қалдырып кетті. Құдыс ағаның жарқын бейнесі жүрегімізден өшпек емес.

Даңқты композиторды ұйғыр халқы ғана емес, қазақ халқы да, орыс ұлты да әр- кез өз перзентіндей көріп, сағынышпен есімін тілге алып жатады. Өйткені, музыка бір ғана ұлттың меншігі емес, музыка тіліне аудармашы қажет емес, ол әр жүрек­тің есігін именбей ашатын өнер. Он екі мұқамды өмірге әкелген тағдырлы, таңға­жайып ұлттан Кеңестер одағын сазымен тербеген Құдыс сияқты оғланның шықпауы да мүмкін емес еді!.. Сондықтан ол тірі, оның дауысы ғасырлардан ғасырларға жетіп отыратыны сөзсіз.

Әңгіме осы араға келгенде шабыттанған Шәміл Әбілтаев ағамыз домбырасын қолына алып, құлақ күйін келтірді де, ұстазына арнаған «Құдыс» күйін баяулата бастап өрбітіп, өршелендіріп шерте бастады. Тыңдап отырған біздің де қиялымыз қиырды кезіп, есте жоқ ескі замандардың қатпарына сүңгіді. Атақты композиторы­мыз Алматы­ның көшесін бойлап, терең ойдың теңізінде малтып бара жатқандай елестеді. Бірде қазақтың ұлан-ғайыр дала­сында ойнақтап орғыған киіктер, тартысты тарихтың тағылымы елестесе, енді бірде он екі мұқамның мұңы, ұйғыр халқы­ның тарихы тартылған сымдай алмакезек ауысады…

– Жуырда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына мені қабылдауы туралы өтініш білдіріп хат жолдадым. Хатымды тапсырып алғаны туралы өзінен жауап хат келді. Егер ол мені қабылдап жатса, Президент құзырында отырып, ұста­зыма арнап шығарған сол «Құдыс» күйін орындап беруді ойыма бүгіп отырмын.

Күй шерткен алтын саусақтары мен маржан төгілген лебізіне қарап, оның еш қоспасыз шын көңілімен айтып тұрғанына сендік. Шәміл ағаның тілегі орындалаты­нына үлкен сеніммен қарап, композиторға рахмет айтып, біз де орнымыздан қозғал­дық.

 

Шәмшидин АЮПОВ.

«Уйғур авази». 1 мамыр, 2019 жыл.

 

Аударған – Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

ақын, Халықаралық «Ильһам» сыйлығының иегері,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *