ДУАЛДАН КІЛЕМГЕ ДЕЙІНГІ АРАЛЫҚ

Он алты жастағы Асылжан Мұхитқызы самбодан Азия чемпионы

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 

Биіктікке құмар бала

Орынбасар қарт жүріс-тұрысы өзінен аумайтын ширақ, шапшаң қимылды, әрдайым көзі күлімдеп тұратын кішкентай немересі Асылжанды жанындай жақсы көреді. Асылжан басқа немерелерінен өзгешелеу. Ол аяғын апыл-тапыл басқан­нан бері күні бойы зыр жүгіруден бір танбайды. Әкесі әкеліп берген ойыншықты ұнатпайды, көрші балалармен доп қуып, алысып-жұлысып ойнағанды жақсы көреді.

Орекеңнің үйінің қарсы алдында жүз бала тәрбиеленетін екі қабатты үлкен балабақша бар. Ол биіктігі екі метрден аса­тын биік дуалмен қоршалған. Бес жастағы Асылжан қиналмай өрмелеп сол дуалдың үстіне шығып кетеді. Дуал үстімен әрлі-берлі жүгіргенде қарттың зәресі кетеді.

– Әй, Мұхит, – деп айқайлайды есік алдында отырған Орекең, – ана баланы дуалдан түсір. Япыр-ай, құлап мертігіп қалар ма екен, – омалмай барсайшы тез!

Мұхит пен анасы Құралай баланы төмен түсірмекке тұра ұмтылады. Бірақ ол оңай қолға түсетін бала емес, тастан-тасқа секіріп жүретін еліктің лағындай ойнақтап, жіңішке дуал үстімен ары қарай қаша жөне­леді. Мазасызданып, үрейленген атасын мазақ еткендей сәби даусымен сықылықтап күліп барады. Қарсы алдынан Құралай шыға келгенде, оның қол созға­нын күтпестен дәл алдына секіріп түсті.

Отбасында оның осындай қылықтары жөнінде талай рет «жиналыс» болды. Үлкендер «дуалдан құласаң аяқ-қолың, қабыр­ғаң сынады, басың жарылады» деп қанша қорқытып, үркітсе де ол әдетінен танбады. Кейде дуал жаққа «күзет» қойылса ерегісіп, қораның, үйдің төбесіне шығып кетеді. Елдің барлығы шулап жүгі­ріп жүреді, түс деп саты қойып жалынады. Ақыры кәмпит, шоколад сияқты «пара» алған соң өз еркімен төмен түседі. Онда да елдің зәресін алып, сатыға қарамай, аяғымен жерге секіріп түседі.

– Осы бала биіктікке тым құмар, қорқыныш деген жоқ-ау өзінде. Әлде, әлде болашақта да биікке шығар азамат болып өсер ме екен, лайым солай болғай, – деп атасы ырымдап отыратын болды. Көпті көрген қарттың бұл ырымы көп уақыт өтпей, айна-қатесіз келді.

 

Алма – алма ағаштың түбіне түседі

Үйден көп ұзап шықпайтын қарт көршілерінің әңгімесінен «Асылжан мықты спортшы болып қалыптасып келеді. Әлден-ақ ауызға ілігіп жүр. Болашағы мол деген сөздерді жиі еститін. Ішінен шүкіршілік етіп «жүгіргенде аяғына шаң жұқпайды, қашқан бұзауға да қуып жетеді. Сірә, жаяу жарыста озып жүрген болар» деп болжайды. Бір күні екеуі оңаша қалғанда:

– Асылжан, сені ел мақтап жүр ғой, спорттың қай түрімен айналысасың, – деп сұрады.

Он жастан жаңа ғана асқан Асылжан танауын тартып қойып:

– Дзю-до және самбо күресіне қатысып жүрмін ата, – деді.

– Япыр-ай, қыз балалар да күресе ме, әлгі дзю-до, самбо дегендердің ер балалар айналысатын қауіпті күрес қой. Қыз балаға лайық емес. Бір жерің мертігіп қалар, күре­сіңді таста, секір, жүгір, акробатикамен айналыс, – деді атасы.

– Қазір қыздар күреспен, бокспен айналысады. Талай қазақ қыздары күрес­тен чемпион болып жүр. Өскенде мен де чемпион боламын. Жаттықтырушымыз Манарбек ағай солай деген. Ата, мен күресті өте жақсы көремін! Қазір бірге жаттығатын қыздардың бәрін жығып жүрмін. Кеше допқа таласып қалғанда Ермекбайдың футболшы баласын доппен бірге лақтырып жібердім.

Қарт немересінің нықтап айтқан сөзінен мақтанышын, өзіне шүбәсіз сенген қайрат-жігердің лебін сезді. Ана жылғы дуалдан түсіре алмағандығы сияқты бұл жолы да бетінен қайтпайтынын білді.

– Жарайды онда, әманда жолың бол­сын, дегеніңе жет, ата-баба аруағы қолдап жүрсін, – деп бетін сипады.

***

Асылжан дзю-додан Шымкент қала­сында өтетін республикалық жарысқа қаты­суға кетті деген хабарды естіген Оре­кеңнің ұйқысы қашып, дегбірден айырыл­ды. Буыны қатпаған жас баланың күреске қатысқаны кеше ғана. Бұл республикалық жарыс болса оған ең таңдаулы, айла-тәсілі мол, күшті қыздар қатысады ғой. Күші асқан, салмағы ауыр бір ноқай қаршадай баламның қабырғасын қаусатып жүрмес пе екен? деген күдіктен арыла алмай-ақ қойды. Ертеден қара кешке есік алдында отырып Шымкенттен хабар күтеді.

Елегізіп, қалың ойда отырған қартты Құралайдың:

– Ата, ата, Асылжан Шымкенттен күміс медаль алып келді, – деген қуаныш­ты, шат-шадыман даусы селк еткізді.

– Күміс пе, күміс, Аллаға шүкір, ата-баба аруағы қолдаған екен. Тіл-көзден аман болсын, – деді даусы қалтырап.

Асылжанның республикалық чемпио­натының күміс жүлдесін жеңіп алғандығы туралы хабар ауыл-аймаққа тез тарады. Жайылма ауылының адамдары, әсіресе, өзі оқитын Әйтеке би атындағы мектептің мұғалімдері мен оқушылары бөріктерін аспанға атты. Бұл ауылда мұндай дәрежеге бұрын-соңды ешкім жетпеген еді.

***

Қуаныштан қатты қобалжыған Орын­басар қарт терең ойға шомды. Әкесі Орақбай бидің әңгімесінен талай естіген. Асылжан­ның арғы аталары Барақ, Қара деген кісілер жауға шапқан батыр, жауы­рыны жер иіскемеген балуан болған екен. Екеуі де Сарыарқаның түйе палуаны атанған.

Нағашы аталары да осал емес. Кешегі Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Сыздық, Әубәкірлер де Қаратаудың әйгілі палуандары болған. Олар құдыққа түсіп кеткен бұқаның беліне арқан байлап шыға­рып алған алапат күш иелері екен. Олар­дың күш-қайраты, палуандығы жөнінде ел осы уақытқа дейін аңыз етіп айтып отырады.

Сол бабалардың балуандық жолы осы уақытқа дейін жалғасып келеді. Өз ұлы, яғни Асылжанның әкесі Мұхит та аудан, облысқа белгілі балуан болды. Оның алған медаль, мақтау қағаздары көп. Мұхит адал жүректі ақкөңіл, еңбекқор, тал бойын күш пен жігер кернеген атпал азамат еді. Тосын­нан келген белгісіз кесел құлаштап ұрғанда атан түйенің асықты жілігін морт сындыратын қарулы жігітті бір-ақ күнде, бір-ақ сәтте алып соқты. Бұрын «басы ауырып, бастары, балтыры сыздамаған» жігіт еді. Оның қандай ауруға ұшырағанын ешкім білмей қалды. Отыз жеті мүшел жасында атасын аңыратып, асыл жары Құралайды, сүйікті балаларын зар жылатып тастап бақи дүниеге аттанып кете барды.

Асылжанның анасы Құралайдың туған ағасы Ерқаш Алдияров та боз кілемнің шаңын шығарған балуан болды. Ол студент кезінде еркін күрестен Алматы қаласының, одан кейін бірнеше рет облыстың чемпионы атанды. Жасы жер ортасынан асқанша белдесіп жүрді.

Орынбасар қарттың немересінің жеңі­сіне риза болып, «алма – алма ағаштың түбіне түседі» деді, осы жайларды еске алуынан болар.

 

Аталар аруағы қолдаған балуан

Шымкент қаласында өткен жарыста тамаша өнер, күш-қайрат көрсеткен он үш жастағы қаршадай қыз Асылжан облыс­тың спорт комитеті басшыларының наза­рына ілікті. Оны бірден Жамбыл облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатына қабылдады. Бұл орайда оның ең алғашқы ұстазы, жат­тықтырушысы Манарбек Тоғымановтың сіңірген еңбегін айрықша атап өтпеске болмайды. Тәжірибелі жаттықтырушы бола­шағынан үлкен үміт күттірген Асыл­жанды ерінбей-жалықпай, көл-көсір тер төгіп, бала қырандай баптады. Биіктен биікке самғай бер деп батасын беріп, жарқын болашаққа өз қолымен ұшырды.

***

Тараз қаласындағы дарынды балалар спорт мектебінің ұжымы Асылжанды қуана қарсы алып, жатсынбай бауырына басты. Оның өзгеше қайсар мінезі, бойын­дағы вулкандай бұлқынғандай алапат күші бірден көзге түсті. Оған жетіспей тұрғаны – күрестің сан-қилы тәсілдері еді. Бұл жолы да оның жаттықтырушыдан жолы болды. Мұндағы ұстаздары Фарида Пас­текова мен Гүлмира Игілікова республи­каға аты мәшһүр «қара белбеулі» балуан­дар, дзю-до, самбо, қазақ күресінің жілік майын шағып ішкен спорт шеберлері екен. Осындай алдына келгенді алып жығатын, артына келгенді шалып жығатын, жәй ғана өмірде жұмсақ мінезді, нәзік, сыпайы, ал боз кілемде арыстандай айбатты, қобылан­дай қаһарлы болып кететін қос ару қыз Асылжанды өз қамқорлықтарына алды. Күн демей, түк демей білгендерін үйретті. Кәсіпқой жаттықтырушылар болған соң олар Асылжанның бойындағы қайсарлық, жігер мен қажыр-қайратты таныды. Оның қуат күші бір күрес түріне сыймайтынын сезді. Сөйтіп, олар Асылжанды қазақ күресі, самбо, дзю-до тәсілдеріне бір мезгілде, қатар жаттықтыруды бастады.

Әлі буыны қатпаған жас балуан өзіне артылған зіл-батпан ауыр жүкті қара нардай қайыспай көтерді. Жаттығу кезінде шелектеп тер төкті. Қажу-шаршауды білмеді. Жаттыққан сайын күш-қайраты тау суындай тасқындап күрестің сан түрлі айла-тәсілдерін ерінбей үйренді. Үйренген күн санап жетілдіріп отырды.

Асылжан мен жаттықтырушылардың бұл еңбегі өзінің тәтті жемісін берді. Оны мына көрсеткіштерден көруге болады.

Асылжан 15 жасында Қарағанды қала­сында дзю-додан өткен республи­калық чемпионатта барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, жеңімпаз атанды. Жеңістер жолы осылай жалғасты. Халықаралық турнир­лер­дің жүлдесін бірнеше рет жеңіп алды. Облыстың бес дүркін чемпионы атағын алды. Тараз қаласында өткен қазақ күре­сінің жеңімпазы болды. Асылжан талай мықтылар қатысқан осы жекпе-жектерде бірде-бір рет жеңілген жоқ. Тең есеп те тіркелмеді. Командалары, құрбылары оны «жеңілмейтін Асылжан» деп атап кетті.

 

Ұлан-Батырдан жеткен сүйінші хабар

Асылжанның алдында тағы бір үлкен асу тұрды. Ол – Моңғолияда самбо күресінен өтетін Азия чемпионаты еді. Бұл аламан бәсекеге дүниенің көп бөлігін алып жатқан алып Азия құрлығының ең таң­даулы, сайдың тасындай іріктелген мық­тылары қатысатындығы белгілі. Асылжан­ның алыс шет елге алғашқы шығуы еді. Оның алдында бүкіл қазақ елінің намысын қорғау міндетті тұрды. Оны ол жан-тәнімен сезінді. Жасыратыны жоқ, алғашқыда аздап жүрексінгені рас. Ал боз кілемге табаны тигеннен кейін қорқыныш, үрей, күдік атаулыны лақтырып тастап, тап ауылда жүргендей атой салды.

Моңғол астанасынан таңқалдырып, өзінің салмақ категориясы бойынша (60 кг.) барлық қарсыластарының сағын сындырып, тізе бүктірді. Қазақ қыздарының кім екенін танытты. Самбодан Азия чемпионы атағын алды. Сөйтіп, қазақ елінің әнұранын шырқатып, қасиетті көк туын моңғол аспанында желбіретті.

Бұл күресіп жүргенде және биік тұғырда тұрғанда: «Жарайсың, Асылжан, жаса Қазақстан, алға Қазақстан!» деген қазақ тіліндегі көп дауысты естіп таңқалды. Кейін білді, жарысқа жанкүйер болып Моң­ғолияда тұратын қазақтар да көп келіпті. Бәрі оның жеңісіне шат-шадыман болып қуанып жатыр. Асылжанның жеңісі туралы сүйінші хабар көптеген мемлекет­терді басып өтіп, туған ауылына да жетті.

Асылжанның күреске шыққан аз жылдар ішінде алған атақтары, медаль, марапаттары бір тайлаққа жүк болғандай. Ол үш бірдей самбо, дзю-до, қазақша күрестердің спорт шеберлігіне үміткер. Нағыз спорт шебері атағын алуға да көп уақыт қалмаған сияқты.

Алып Азия құрлығын бағындырып келген қаһарман қыз Асылжан Мұхитқызы қазір 16 жаста (ол осы жылдың 23 мамыр күні 16-ға толды).

Асылжанды ұшақтан, пойыздан қуа­нышпен күтіп алды. Қазір балуан арнайы ша­қырылып, көптеген кездесулердің құрметті қонағы болып жүр. Кездесулердің барлығында Асылжан: «Мен бұл жеңісімді бүкіл Қазақстан еліне, бейбітшілік бесігі — сүйікті Астананың 20 жылдық торқалы тойына арнадым», — деді.

Асылжан ағайын-туыс, достарының арасында аунап-қунап, аз ғана демалып, алдағы қыркүйек айында Тараз қалсын­дағы мектебінің 11-сыныбына оқуына бара­ды. Сөйтіп, сабақ оқу, жаттығу жұмыстары қайта басталады.

Асылжанның арманы асқақ. Ол әрбір спортшы сияқты Еуропа, әлемдік чемпио­нат­тарға, олимпиада ойындарына қатысу­ды және жеңімпаз болуды армандайды. Арманың орындалсын, қанатың талмай, заңғар көкке көтеріле бер, жас қыран!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *