ДОСЫ КӨПТІҢ – ТІЛЕКШІСІ КӨП…

Иә, Ханымгүл қажы Әнсарықызы туралы жағымды пікір айтушылар, жылы лебізін білдірушілер қатары көп-ақ. Достары да аз емес екен.

70 жастың белесіне шығып отырған замандасымызды еліміздің ғана емес, әлемнің әр жерінен жеделхат жолдап, телефон шалып, инстаграм парақшасына жазып құттықтап жатқандардың қарасы жетерлік.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

…Ханымгүл мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ елгезектігімен, мейірім­ділігімен ерекшеленетін. Сыныптастары мен құрбыларына көмек қолын ұсынуға әркез әзір тұратын. Сабақты да үздік оқыды. Үлгерімі нашар сыныптасына білгенін үйретіп, кейде сабақты бірге дайындалып жүретін.

1966 жылы сол кездегі халық-ағарту салаларындағы өзгерістерге байланысты 10-сынып пен 11-сынып мектепті бір жылда бітірді. Жоғары оқу орны аз болатын. Халыққа қажетті негізгі мамандық беретін институттар тек Алматыда ғана еді. Сол себепті, сол жылы абитуриенттер саны өте көп болды.

Ханымгүл ниет етіп барған Алматы медициналық институтында бір орынға 11–13 талапкерден келді. Десе де, бұрыннан дайындығы, бойында білімнің негізі бар Ханымгүл тиісті пәндерден қажетті бағаға қол жеткізіп, Емдеу факуль­тетіне оқуға қабылданады.

Бірақ оның  көңілі қалап түскен оқуды  бітіріп шығуына мүмкіндігі болмады. Бірінші курста мәйітті зерттеу кезінде иістен ауырып әрі шошынып, кейіннен Қызылорда педагогикалық институтының Биология факультетіне ауысуға  мәжбүр болады. Осы оқу орнын бітіргеннен кейін көп жыл мектепте мұғалім болып істейді. Алматы ауыл­шаруашылық институтының аға оқытушысы Жеңіс Жапаровқа тұрмысқа шыққан соң, Алматының тұрақты тұрғыны атанды.

– Мен тұрмысқа кеш шықтым. Жасым отызға таяғанда барып  сәті түсті. Біраз уақыт бала көтере алмай жүрдім. Әупірім­мен  тапқан тұңғыш баламыз шетінеп кетті. Өмірден түңілгендей болдым. Сол кезде өмірден көргені көп Нұрбол апам жұбатты: «Бір үйдің еркесі болып өстің. Ешкім бетіңнен қаққан жоқ. Бірақ есі бар тентек едің. Сабаңа түс. Өмірден түңілуге болмай­ды. Мұны  Жаратқанның сынағы деп түсін. Қайта талап қыл», – деді. Көп ұзамай  тағы да аяғым ауыр болды. Дүниеге ұл келді. Өмір қайта гүлденгендей, айым оңынан туғандай күй кештім. Қиыны, нәрестенің салмағы 1 келі, 200 грамм болды. Не істеу керек? Жеңіс екеуміз қатты састық. Сас­қаны сол, қатты қорықтық. Тағы да шеті­неп кететіндей көрінді. Әкем хабар тиісі­мен сол күні Қызылордадан ұшып келді.

Бір аптадан кейін үйге шықтық. Бұл кезде  анам да келген еді. Бес бала тауып, тәрбиелеп өсірген ана емес пе, кішкентай ұлымызды атамның тымағына салып, қабырғаға іліп қойып өсірді. Қырқынан шыққанша қасымда болды, – дейді Ханымгүл қажы өткенді есіне алып.

Реті келгенде айта кетейік, әкесі  Әнсары Әбдіхалықұлы еңбек жолын 15 жасында ұжымшардың бас бухгалтері болып бастаған іскер адам. 30 жасында  үлкен ұжымшардың басқарма төрағасы болған. Бүкіл саналы ғұмырын ұжымшар мен кеңшарды басқаруға, ауыл шаруа­шылығын дамытуға, елдің энономикасын көтеруге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға арнаған ұлтжанды азамат.

Анасы Рәш Көлтайқызы маман кітап­ханашы. Зейнетке шыққанша  бір салада, бір мамандықта еңбек еткен. Өзі өмірге әкелген 5 баладан ондаған немере мен шөбере сүйіп өмірден өтті. Ал тоқсанға қараған шағында өмірден озған Әнсары қажының маңдайына шөбере көру бақыты жазылыпты…

Қажы демекші, Ханымгүл ханым 2010 жылы әкесі Әнсары мен ұлы Айдосты ертіп Меккеге қажылыққа барып қайтты. Бұл Ханым үшін тосын жай болды. 83 жастағы әкесі елден келіп, қажылыққа барғысы келетінін, жинаған қаржысы бар екенін айтады. Ендігі мәселе – алыс сапарға апаратын сенімді серік пен көлік табу керек. Ханымгүлдің іскерлігі нәтижесінде бұл да шешілді. «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті Амангелді Әбдіхалық апарып әкелетін болды. Енді серік керек. Ол ұлы Айдосқа қолқа салып көрді.

– Қайдам, – деді ол басын төмен салып. – Ондай аса жауапты сапарға мен өзі дайынмын ба?..

– Қайдамыңды қой, апарасың. Мен 83 жастағы әкемді жетелеймін бе, әлде 83-тегі әкем мені жетелей ме? Қаржы тап, жолға дайындал! – деді ұлына.

Әңгіме осымен бітті. Айдос меншігіндегі жеңіл автокөлігін сатып, он күн ішінде  қаржыны, жол жабдығын дайын қылды. Осылайша ол әкесімен және ұлымен бірге мұсылмандықтың бесінші парызын өтуге аттанған еді.

Қажылықта жүргенде Әнсары қария­ның туған күні болды. 83 жасқа толды. «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясы­ның президенті Амангелді Әбдіхалық дыбыс күшейткіш арқылы қарияны сапарда жүрген бүкіл қажылар алдында туған күнімен құттықтады. Қажылар туған күнін Меккеде өткізген Әнсары қарияны «нағыз бақытты адам» деп таңқалысты. Сауд Арабиясының зиялы азаматы шейх Ахмет қарияға Құран кітабын сыйлады.

Ханымгүл келер жылы әкесін Палести­наның Құддыс қаласындағы «Әл-Ақса» мешітіне арнайы алып барып, зиярат еткізді. Мешіттің бас имамы шейх Наджих Әнсары қажыны үйінде қонақ қылып күтіп, Құран кітабын сыйға тартты. Сол жолы бас имам Әнсары қажыға: «Мың айдың (83 жыл) жүзін көрген адамға тозақ оты харам болады» деген хадис бар, сіз сондай мұсылмандардың қатарынан боласыз», – дейді.

…Қажылықта  әр елден келгендер ғимараттардың ішінде қойылған Құран кітаптарын оқып жатты. «Шіркін, мен де оқысам ғой» деп, Ханымгүл қызыға қарап жүрді.  Елге оралғасын араб тілін үйренуді қолға алады. Пайғамбардың жасынан асып кеткеніне қарамастан курстарға  барып жүрді. Нәтижесінде Рухани ислам уни­верситетін (ректоры Амангелді Әбдіхалық) төрт жыл оқып,  67 жасында бітіріп шықты.

– Алғашқыда біраз қиналдым, әрине, алғашқыда бәрі де қиын ғой. Жандарбек қажы «ештеңе жоқ, әлі-ақ үйренесің» деді. Мен қатарлы Шырынкүл құрбым  оқып жүр екен. Тақтадағы әріптерге көзім жетпейтін. Үйретуші Құралай қажы әріп­терді үлкен қылып дәптерге жазып беріп отырды. Маған көзбен көргеннен құлақпен естіген оңай, басыма да қонымды. Айтқанды қағып аламын. «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті Амангелді қажы мені «құлақ молда»  деп атайтын. Рухани университетті жақсы бітірдім. «Құрметті қажы» алтын медалімен марапатталдым, – дейді Ханымгүл қажы  әңгіме арасында өткенге оралып.

Кейіпкеріміздің ерке болып өскенін жоғарыда айттық. Ол негізсіз де емес еді. Ханымгүл дүниеге келгенде 96 жастағы атасы Әбдіхалық «бұл енді менің қызым» деп емірене бауырына басыпты. Әкесі мен анасын сыйлайды, құрметтейді, бірақ мойынсұна бермейді. Шалдың қызы болға­сын кейде өктемдік жасайды. Дегенмен, әкесінің  айтқанын ескерусіз қалдырған кезі болмапты. Меккеге, «Әл-Ақса» мешітіне, еліміздің көрікті жерлеріне қыдыртқан. Ер жігіттің жұмысын атқарған.

Әкесі 85 жасқа толғанда «Әркімнің өзі шыққан  биігі бар» деген атпен кітап шығаруға мұрындық болады. Кітап шыққасын Әнсары қажының мерейтойын жасайды. 250 жайнамаз сатып алып, оларға 250 кітапты орап, тойшы қауымға таратты. Сол адамдардың көбісі қазір намаз оқып жүр. Бұл да тектілік.

– Тағдырдың жазуымен, аяқастынан күйеуім қайтыс болып, қатты күйзеліске түстім. Ауылға қайта көшіп кеткім келді. Сол кезде Ханым апам қасымнан табы­лып, ақыл-кеңесін берді. «Қайда барасың, енді кімге керексің, одан да балаларыңды өсір, тәрбиеле, солардың туысымен бірге бол. «Тас түскен жеріне ауыр» деген», – деді. Айтқанын істедім. Енді, шүкір, бала­лар өсті. Қажы апамның сөзін тыңдаға­ныма қазір өкінбеймін, – дейді жиен сіңлісі Ботакөз Асханқызы.

Иә, Ханымгүл қажы Әнсарықызы туралы жағымды пікір айтушылар, жылы лебізін білдірушілер қатары көп-ақ. Дос­тары да аз емес екен. 70 жастың белесіне шығып отырған замандасымызды еліміздің ғана емес, әлемнің әр жерінен жеделхат жолдап, телефон шалып, инстаграм парақ­шасына жазып құттықтап жатқандардың қарасы жетерлік. Досы көптің тілекшісі де көп болады екен. Біз де сондай тілекші­лердің біріміз…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *