ДОСЫ КӨП ЕЛ – МӘҢГІЛІК

Қазақстанда тұратын  өзге ұлт өкілдерінің  халықтық өлең-жырлары

 

44Оразақын  АСҚАР

Қазақтың халықтық қара өлеңін  жинап, кітап етіп шығарған едім. Ол «Бабалар сөзі» деп аталатын қазақ халқы ауыз әдебиетінің 100 томдығына екі том болып енді. Соған серік болсын деп, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің де халықтық жырларын қазақ тіліне аударғанмын.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы болғандықтан, сол аудармаларымның 30 баспа табақ көлеміндегі қолжазбасын баспаға әзірлеген едім. Соның ішінен бір тобын «Алматы ақшамы» газетінің оқырмандарына ұсынып отырмын.   

 

  • Ежелгі  түрік халық жырлары

48Өсиет

Дүниеден дүрілдеп,

Бабалар өткен бұрын көп.

Игерумен соларды,

Есейіп келем біріндеп.

 

Заман алғаш тербетер,

Үмітпен пенде ержетер.

Ақырын бәрін сиретер,

Қас қаққанша өмір өтер.

 

Жастықтың жоқ баяны,

Демде бастан таяды.

Үлесіңді қамтып қал,

Құрдым ғой су аяғы.

 

Қаталдық, қатыгездікке

Мойыма, тізе тез бүкпе.

Қарсы тұр ерлік еңбекпен,

Бақ өзі қонар кез күтпе!

 

Жылы тонды өзің ки,

Дәмді асыңа елді жи.

Жұртқа жаяр даңқыңды,

Қонағыңа көрсет сый.

 

Туыс, көрші-қолаңға,

Ер ме еңбегім жанбас дер.

Сирақ жесең ал онда,

Төлеуіне жамбас бер.

 

Біреу күліп қараса,

Сен де жыми балаша.

Жасаса әркім жақсылық,

Өмір болар тамаша!

 

Бір мереке келгелі,

Бойыма қуат бергелі.

Көзімнің жасын құрғатты,

Жан жарасын емдеді.

 

ҚЫС  ПЕН  КӨКТЕМ

Қыс пен көктем жанасты,

Көзін қиғаш қадасты.

Жығыспаққа бір-бірін,

Тақасып, тайталасты.

 

Қалмай еріп қар мен мұз,

Суға бөкті дала-түз,

Көкте жүзді ақша бұлт,

Су жол бермес қайықсыз.

 

Барлық маң жаңбыр тұр тілеп,

Найзағай ойнап күркіреп.

Аударар оны жел қайда?

Жаңбыр құйды сіркіреп.

 

Сабақтары өріліп,

Бүршіктері бөлініп.

Шешек атты гүл біткен,

Көзге әсем көрініп.

 

Қақ сулары көлдеді,

Таулар басы көлбеді.

Дүние түгел жылынып,

Жеміс біткен гүлдеді.

 

Гүл-бәйшешек мыңдаған,

Бүршік жарған бір заман.

Самал желге ырғалып,

Бұлбұл үнін тыңдаған.

 

Қызға үй есік ашқандай,

Бұлтқа енді аспанда ай.

Жауды жерге көк нөсер,

Қыз гүлге су шашқандай.

 

Аспанды тәңір жаратты,

Ақ маржан жұлдыз таратты.

Қара түнді әсемдеп,

Көркіне жанды қаратты.

 

Қызыл, сары, ақ гүлдер,

Шешек атып бақ гүлдер.

Келгендер көз ала алмай:

– Көргеніме шатпын, – дер.

 

Жаңбыр – шашу шашылды,

Інжу қабы ашылды.

Маңына жұпар таратты,

Гүлдер қызыл-жасылды.

 

Қыз өріп қос бұрымды,

Жігіт жиі қырынды.

Жан жадырап өйткені,

Көктем кеп күн жылынды.

 

Еділ тасып ағады,

Толқыны жарды қағады.

Тайдай тулап балығы,

Айдында асыр салады.

 

Кілемдей қызыл-жасылды,

Гүл-бәйшешек ашылды.

Ұмыттырып ызғарды,

Көктем көркін асырды.

 

ҒАШЫҚТАР  ЖЫРЫ

Бір қыз маған ұнады,

Оның да мен-ау құмары.

Кездессек билеп, ойнайды,

Елжіреп есім шығады.

 

 

Көзін қадап көзіне,

Ұйып тәтті сөзіне.

Ғашықтар жүрсін жүрекпен

Бірін-бірі сезіне.

 

Оның көзі – сиқырлы,

Оның жүзі – сүйкімді.

Елге көрік берсін, – деп,

Тәңір тартқан сый сынды.

 

 

Талшыбықтай бұралып,

Арбайды сұлу сұранып.

Оймақ ауыз, қыр мұрын,

Періште дерсің бір анық.

 

 

Қара меңді, қызыл жүз,

Ақ маңдайлы сұлу қыз.

Қос жанары нұр шашып,

Көз тартады еріксіз.

 

 

Көңілім сені қалады,

Қайғың мені қамады.

Сағыныштан сарғайдым,

Дертің меңдеп барады.

 

 

Көктем келіп кетті сыз,

Ақты сел боп қар мен мұз.

Тыңдашы жан сырымды,

Бір сәт әзіл-қалжыңсыз.

 

 

Талай таудан асыппыз,

Талай шөлді басыппыз.

Сөйтіп жеткен арманға,

Біз бақытты ғашықпыз.

 

  • Орыс  халық   жырлары

ҚАНДАЙ  ШАТТЫҚ  ЖЕҢІСПЕН СОҒЫС  БІТКЕНІ

Жоспарланған қалды зор іс,

Қанатымнан қайырды.

Қарғыс атқан қанды соғыс,

Сүйіктімнен айырды.

 

Сойқан соғыс кіріп кетті,

Өң түгіл әр түсіме.

Тиюге ақыр мәжбүр етті,

Ұнатпайтын кісіме.

 

Соғыста кім қап, кім өлерін,

Бір адам алдан ұқты ма.

Сүйіңдер соғыс мүгедегін,

Оларда түк жоқ кінә.

 

Қандай шаттық десеңізші,

Жеңіспен соғыс біткені.

Қандай қасірет десеңізші,

Қайтпаса кімнің күткені.

 

Жолдасыңның сүйгеніне,

Саналы бол салма көз.

Өз еншіңе тигеніне,

Кездесерсің басы бос.

 

 КӨКТЕМ  КЕЛДІ

Ақ қайың неге шулайсың,

Тұрған жоқ тіпті соғып жел.

Жүрегім неге тулайсың,

Жоқ болса да қайғы-шер.

 

Алма ағаштар гүлденген,

Маусымнан артық шақ бар ма?

Бірге жүрген сүйгенмен,

Шақтан артық бақ бар ма?

 

Қар да кетіп жақында,

Жер де жібіп, кебеді.

Сөйтіп қонар ақылға,

Жылы сөзің керегі.

 

Жылынып күн отына,

Жерге гүлдер өнеді.

Менің махаббатыма,

Көктем қашан келеді?!

 

Адам түгіл үйрек, қаз

Екі-екіден жүріп мәз.

Мен бейшара жалғызбын,

Көктем мен күз, қыс пен жаз.

 

Байлық, мансап қол кірі,

Келеді де, кетеді.

Ал махаббат үлгілі,

Өміріңе жетеді.

 

Той тарқап ел, тыста бүгін,

Неткен қара түн деп жүр.

Біреу таппай іздесе ұлын,

Біреу қызын іздеп жүр.

 

Қабырғаммен еттім кеңес,

Ұяда қалай қаламын.

Байға да, кедейге де емес,

Махаббатқа барамын.

 

Сүйгенімнің құрметі үшін,

Сүйем барлық үй ішін.

Дұрыс болмас бөліп алу,

Өзіме ғана тиісін.

 

Орынымен сауық құрып,

Қатарымнан қалмадым.

Жігіттердің байқап жүріп,

Жүзден бірін таңдадым.

 

   ҚЫЗ  ЖЫРЫ

Сылдырап аққан бұлаққа,

Кез болды суға баратын.

Ғашығым менің бұл уақта,

Суғарушы еді қара атын.

 

Жайнатар үй түр-өңін,

Күннің нұры енгенде.

Шаттанады жүрегім,

Сүйіктім іздеп келгенде.

 

Көлдей боп дауыл тербеген,

Толқиды менің жүрегім.

Дамылдар дауыл, көлменен,

Тыншымас жүрек білемін.

 

Жұлдызды алар қаласа,

Дер кім мені аласа.

Жігіттер естен танады,

Көркіме бір қараса.

 

Арнап қолғап тоқып ем,

Дорба болды біткенде.

Мақтадың-ау оны сен,

Күле ме деп күтсем де.

 

Ашуды жеңдір төзімге,

Жайымды, мама, ұғарсың.

Қыз кезде үйге өзің де,

Сан кешіккен шығарсың?!

 

Туфли жоқ боп жүр менде,

Өзі жеңіл және тың.

Кештетіп үйге кіргенде,

Шешем сезбей қалатын.

 

Бақытынан айрылар кім,

Мені неге алмайсың?

Мықтаса бір түн мен жылармын,

Сен мәңгілік зарларсың!

 

Жақсы болып жақсыны,

Сүйген қандай жақсы еді.

Жаман болып барасың,

Жақсы деуші ем нақ сені.

 

Қызғаншақ па, тар ма еді,

Ұрысты, өсекке нанды ма?

Менде кінә бар ма еді,

Әлде байқап қалды ма?!

 

Айтты шешем: – Ұқтың ба,

Қаздарды алыс айда, – деп.

Тарттым тысқа шықтым да;

– Би алаңы қайда? – деп.

 

Саған арнап, сүйіктім,

Кестеледім орамал.

Өзіңменен бұл әр күн,

Болсын бірге есіңе ал.

 

Бір жағында даңғыл жол,

Бір жағында нулы орман.

Орындыққа оңаша ол,

Серігімсіз мен барман.

 

Бір топ жігіт күліп-ойнап,

Көше бойлап келеді.

Сүйіктім менің күндей жайнап,

Алдында кеуде кереді.

 

Қараңдаршы қандай ғажап,

Сүйіктімнің жүрісін.

Тұрам қарап мен таңырқап,

Жоқтай өзге жұмысым.

 

Маңыма менің толғандар,

Өзгеге гүл, хат жолдаңдар.

Бар менің сүйген ғашығым,

Қырындап әуре болмаңдар.

 

Білмек болсаң біздің жайды,

Ал, айтайын, сүйіктім.

Сен жоқта аптап қыздырмайды,

Тұрса қанша күйіп күн.

 

Болды кездер жігіт дейтін,

Соңымыздан жүгірген.

Тіпті оларды бөгемейтін,

Тасып жатқан көк өзен.

 

Ала қанат, ей сауысқан,

Үйрет бізге ұшуды.

Сүйіктіміз жүрген тұстан,

Көзге қалай түсуді.

 

Үйде ме, әлде, жұмыста ма,

Ой еш маза бармейді.

Сүйіктім мені ұмытса да,

Мен ұмытқым келмейді.

 

Өртке сумен берсең соққы,

Сөніп, бықсып жоғалар.

Жүректегі жанған отты,

Өшіретін жоқ амал.

 

Жүрек сыры жаңғырып,

Тым кеш зорға доғардық.

Мені тыныштандырып,

Өзі кетті-ау қобалжып.

 

Емес пе өзге өлеңдер көп.

Өмір сырын баяндар.

Сүю жайлы айтпаңдар тек,

Жүрегімді аяңдар.

 

Сұлулық деген менен жырақ,

Боянбаймын өзім көп.

Сүйіктім мені сүйеді, бірақ,

«Көңілді күлімкөзім», – деп.

 

Құдықтан су алып тұр ем,

Сұрап ішті жас жігіт.

Күледі ол, не деп білем,

Қойды ма су мас қылып.

 

Келесің ғой, келсең тағы,

Деме оңай ілемін.

Мен әлі жас болсам-дағы,

Өзімді ұстай білемін.

 

Көл бойын кездім жарықта,

Бір жігіт түсті көзіме.

Ол қармақ салды балыққа,

Мен қармақ салдым өзіне.

 

Кездессек ылғи жанасып,

Қаламыз жиі қарасып.

Көгілдір оның көзіне,

Көгілдір көзім жарасып.

 

Біздің көше арқылы,

Ағар судың салқыны.

Су сепсем де басылмас,

Жанған жүрек жалқыны.

 ЖІГІТ  ЖЫРЫ

Боранда да, жаңбырда,

Тұрып қақпа алдында.

Шығар деп қазір сүйіктім,

Күтуден әсте тандым ба?!

 

Түн жамылып жүрер ме ем,

Лашығыңа түнер ме ем,

Сүйесің бе? – дейсің сүймесем,

Бүйтіп ойнап-күлер ме ем.

 

Түнгі аспанда жұлдыз көп,

Түнде бар да, күндіз жоқ.

Түнде де бар, күндіз бар,

Ай қарайды бір қыз боп.

 

Өткел бермес болса да,

Судан өте беремін.

Қара қасты қалқама,

Келдім, тағы келемін.

 

Мейлі жауған кез бе күн,

Болсын ашық тым ыстық.

Күлімдеген көздерің,

Бермес маған тыныштық.

 

Сүйіктімнің терезесінен,

Тыныш өтер мен бе екем.

Не шертем өз ережесімен,

Не ақырын әндетем.

 

 ГАРМОНШЫ

Көрсет гармон күшіңді,

Сейілт сағынышымды.

Толы уәйім-қайғыдан,

Тазартшы бір ішімді.

 

Біздің үйдің алдына кеп,

Гармоныңды ойнама,

Ойлаймын: сүйіп қалды ма? –деп,

Ал, сен өйтіп ойлама!

 

Ән салғаның жүр ойымда,

Гармоныңа қосылып.

Менің үйлену тойымда,

Таңға тарт бір көсіліп.

 

Өтер тартса мың құбылып,

Бір әнінен бір әні.

Гармоншы да оңды жігіт,

Сүюіңе тұрады.

 

Гармон әні ағыл-тегіл,

Тағы да көп көрінді.

Әнмен өмір сүру жеңіл,

Жұмыс істеу көңілді.

 

Гармоншы гармон тартады әсем,

Шебер екен айтулы.

Қасында оның ойламас ем,

Үйге тіпті қайтуды.

 

Гармонға дәл қосылатын,

Біздей шебер бар ма әнші.

Гармон қанша қымбат болса,

Одан құнды гармоншы.

Жалғасы бар.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *