ДОСТЫҚТЫ АЯЛАҒАН ҒАЗИЗ ЖҮРЕК

  • Тағзым

45Белгілі ақын Марат Ысқақовтың рухына

Бүгінде жасы сексеннің ортасынан ауып, тоқсанға бет алған байырғы журналист, ғұлама ғалым Зейнолла Әйті­мовпен ертеден сіз-бізіміз жарасып, аға-інідей сый­ласып жүрген жайымыз бар. Анығырақ айтқанда, оны – сонау ертеректе – Орта­лық партия комитетінде сектор меңгерушісі кезінен білетінмін. Дәл қалай танысқанымыз есте жоқ, бірақ, содан бері қайда, қандай қызмет істемесін, көрген жерде маған қашанда оң қабақпен қарап, жылы ықыласын аяған емес. Тумысы павлодарлық Зекең университет бітірген соң туған жеріндегі облыстық газетте жауапты қызметтер атқарып, «Тың өлкесі» газетінде редактордың бірінші орынбасарлығына жоғары­лады. Одан кейін Мәскеудің жоғары партия мектебі жанындағы қоғамдық ғылымдар академия­сын бітіріп, ҚКП ОК-де сектор басқарды. Ұзақ жыл Алматы жоғары партия мектебінде журфак­тың деканы болды. Сол тұста оқыған­дардың дені бүгінде жер-жерде басшы қызметтер атқарады.

Зекең, Зейнолла Әйтімовтің қаламынан туған дүниелер өзінше бөлек әңгіме. Өзі ұзақ жыл дәріс оқыған сала – журналистік шеберлік, сауатты­лықты қашанда қатаң ұстанады. Жақын-жуық, дос-жаран, әріптестері Зекеңнің әділ, таза, кішіпейіл, қарапайымдылығына мән беріп, үнемі айтып жүреді. Өзіміз де солай, білеміз, куәміз. Зейнетке шыққалы бір күн қарап отырмай, түрлі жерде жұмыстанған Зекең бүгін де алғы шепте, Қазақстан Журналистер одағы жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Өткен жылдың соңында жасы сексенге толған жар қосағы Нәзкеннің мерейтойын көңіл жақын біраз қауыммен бірге атап өтті.  Әне, сонда арагідік ертеректе етене аралас-құралас болған (базбір марқұм) жолдас-жораларының да аттары аталып қалып отырды. Бірі – Марат Ысқақов. Гурьевтік Маратпен Зекең КазГУ-дің журфагін бірге бітіріп, ол бақиға озғанша достықтарына қылау түспепті.

Аңқылдаған ақ жарқын, аузын ашса жүрегі көрінетін, Алматы облысының біраз аудандарында газет редакторы, университетте оқытушы болған Маратты мен де біршама біліп, дәмдес, сыйлас болған едім. Ол, әсіресе, Еңбекшіқазақ аудандық газетінің редакторы боп жүргенде жиі соғатын. Ақын еді. Өлеңдер әкелетін. Менің де бірдеңелерімді ала кетіп, газетіне басатын.

Таяуда Зейнолла аға мен Нәзкен жеңгеміз маған дастархан басында отыз жыл бұрын машинкаға басылып, сарғыш тартқан екі бет қағаз көрсетті. Қарасам, өлең екен. Марат Ысқақов жазған. Зекеңнің мамандығы математик, әрі биші жары Нәзкен (бұдан отыз жыл бұрын) елуге толғандағы арнау өлең. Ерлі-зайыпты екеуі Марат жөнінде қызықты естеліктер айтып, біресе күліп, біресе мұңайып та отырды. Содан-ақ олардың қаншалық дәрежеде тату-тәтті дос болғандарын аңғару қиын емес еді. Алғысөздің тақырыбына назар аударыңыз. Қалғанын «Нәзкенге» деген өлең шумақтары-ақ айта жатар.

 

Нәзкенге

Өткенді бір ойға алмақпын бүгін  мен,

Жігіттіктің жалын туы тігілген.

Жүректі ашып, махаббаттан сыр шертіп,

Жас сұлудың алдына көп жүгінген.

 

Сонда бақыт  саған қолын ұсынды,

Қос жүректің тілсіз үнін түсінді.

Зекең жүрді дидарласып өзіңмен

Қондырдым деп тұғырыма құсымды.

 

Сол күндердің біздер шыққан өрі мың,

Қыздырушы ек сан қызықтың көрігін.

Жатақ болмай, жатушы едік пәтерде,

Ұрлап түнде көрші шалдың өрігін.

 

Сол жылдары КазГУ «қарттан» бата алған,

Көп құрбылар кетіп қапты-ау қатардан.                      

Қуаныштан жас төгемін бұл күнде,

Ауық-ауық хабар алсам Қапаннан.

 

Сағыныш пен қуанышың қос егіз,

Егіз боп тек еңселеніп өсеміз.

Келдім бүгін құттықтауға тойыңды

Жолыма әкеп қалы кілем төсеңіз.

 

Жайнатайын жырдың ұшқыр жасынын,

Кетсін биік асулардан асып үн.

Құтты болсын, айналайын ақ Нәзкен,

Алтын мүшел – мынау жарты ғасырың!

 

Сен баққа емес, тұр өзіңе ұқсап бақ,

Секілдісің елуіңде құс аппақ.

Сол ақ құсты армандаған Зекеңді

Жатыр бүгін қос жиырма бес құшақтап.

 

Бұл сөздерім мәнсіз, яки, мәнді де,

Тойға лайық айта алмадым әнді де.

Оған көнем.

Ал сөзімнің түйіні:

Құшақтарың жазылмасын мәңгіге!

Өздеріңнің МАРАТЫҢ.

 

Баспаға ұсынған: Зәкір АСАБАЕВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close