Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, кино және театр актері: ТАҒДЫР деген маңдайға жазылған майдан

Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, кино және театр актері Досхан Жолжақсыновтың біздің «Алматы ақшамы» газетін сонау 1996 жылдан бері оқитынын естіп, өнердің өз өкілімен тілдесуге асықтық. Бізге лебізін білдіруге, телефон арқылы болса да, уақыт тауып, мезгіл кеш екендігіне қарамастан, ағынан жарылды.

 

«Ақшамнан» оқығаным өте көп  

– Иә, «Алматы ақшамы» мен үшін халықтың айдары мен айбарына айналған газеттердің бірі, бірегейі десем, артық айтқандығым емес.

Егемен ел болып етек жапқалы біз осы газет арқылы тарихтың қаншама жаңа парағын аштық, сусындадық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Алматы ақшамы» ұлттың жоғын жоқтап, барын түгендеуге атсалысты. Қазақ тілінің мүшкіл халі, еліміздің шекарасы мен сырттағы қазақ ағайындардың түйінді мәселелері, ұрпақ тәрбиесі дейсіз бе, бәрі-бәрі осы басылым бетінен түскен жоқ. Газет бұл тек ақпарат құралы ғана емес. «Ақшам» мұңы бардың мұңда­сына, сыры бардың сырласына, ағасын іздеген ініге – аға, інісін сағынған ағаға – іні, ағайынын іздегенге бауыр бола білетін, егер қапаланып жатса, сабырға шақыратын, қуанып жатса, онысын еселей түсетін бір парасатты газетке айналды. Тіпті, осынау өмірден орнын таба алмай жүрген кейбір жастарымызға пана боларлықтай, осы бір сын шақта оларға түзу жол көрсетіп отырады. Иә, Алматы сынды іргелі мегаполистің тыныс-тіршілігін осы «Ақшам» арқылы оқып, біліп, көріп, қанығып отырмыз.

«Алматы ақшамы» атына сай бізді шын мәнінде таңсәріден тәтті ұйқымыздан оятатын, кешке қайырлы түн тілейтін газеттердің біріне айналды. Біздің өсіп келе жатқан кейінгі ұл-қыздарымыз біліп, санасына тоқып жүрсін деп, мысалы, Алаш қайраткерлері туралы, кешегі Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер ата-әжелеріміз туралы қан­шама мағлұмат беріп жатыр. Міне, осы біздің толерантты мемлекетіміздің аяғына тәй-тәй басқан кезеңінен бастап, осы кезге дейінгінің бәрін жастарымызға ұсынуда. Жастарымыз өткен тарихты біліп, сол арқылы келешегін бағдарлайды.

«Алматы ақшамы» бетінде Таласбек Әсемқұловтың Ақсар Сүлейменов туралы жазғаны неге тұрады?! Қале­кеңнің («Алматы ақшамы» газетінің директор – Бас редак­торы Қали Сәрсенбайды айтып отыр, – Н.Ә.) қаламгер­лерге деген, үлкен өнерпазға, ақын-жазушыларға деген талғампаздығы жоғары, таразысы мықты жігіт.

Мәскеуде оқып жатқан тұрымтайдай қызымыз бар, Аягүл Мантай деген. Сол баланың осы «Ақшамнан» ұлы суретшілер туралы, орыс, еуропа, батыс композиторлары туралы жазғандарын үзбей оқып тұрдым. Ғажап енді! Бұл «Ақшамнан» оқығаным өте көп, қазір демде есіме түспей отыр. Кешегі футбол чемпионатын да осы басылымнан оқып, бақылап отырдым. Бұл газеттің барлық саланы қамтитындығын осыдан-ақ бағамдауға болады. Әрине, бұл жерде бәрі басшыға байланысты.

 

«Осындай дүниелер ғана бізді аман алып қалады»    

– Досхан Қалиұлы, бүгінгі оқырмандардың басым көпшілігі осы сіз айтып отырған дүниелерден гөрі, жеңіл-желпі ақпараттарға, кейбір басылымдардан тіпті өзіңіз сияқты елге танымал адамдардың кейбір сүрініп кеткен сәттерін ғана теріп, іздеп жүріп оқиды. Неге?

– Ол – заманның салғырттығы. Мынаны қараңыз, бүгін үй болған жастарымыз ертеңгі күні ажырасып жатыр. Кәрі-құртаңсың деп карияларымызды қарттар үйіне апарып тапсырып жатыр. Ал жас қыздарымыз тұрмысқа шықпай жатып нәрестелі болып, оны тастап жатыр. Осы арқылы адамның мінезіне кері әсер ететін салғырт заман! Иә, кей оқырмандар адамның жүрегіне үңілудің, жылт еткен жаңалықтың өзінен жақсылық іздеудің орнына, ықыластарын әлгі айтқан жеңіл-желпі ақпаратқа аударып жатыр, өкінішке орай. Оның арғы жағына үңілмейді. Біз керісінше, құлап-сүрінгендерге сүйеу болатындай дүние­лерді көкірекке түйе білуіміз керек. Осындай дүниелер ғана бізді аман алып қалады. Өсіп келе жатқан ұрпаққа да осының ықпалы зор.

– Елбасы келесі жылға Жастар жылы деп айдар тағуды ұсынды. Бүгінгі жастарға көзқарасыңыз қандай, оларға көңіліңіз тола ма? Жастық шағыңызды сағынасыз ба?

– Біздің тұсымыздағы жастар мен бүгінгі жастарды салыстырғанда, айырмашылық жер мен көктей. Жастық шағымыз ауылда өтті. Бізге үлкендердің айтқан сөздерінің бәрі өсиет іспеттес болатын. Біздің мойнымызда су тасу, қораны тазалау, шөп шабу, қамыс ору сынды жұмыстың бәрі болатын, сонда да ойнауды да, ойнай жүріп ойлауды да ұмытқан жоқпыз. Сөйтіп, еңбекпен өстік, есейдік, шыңдалдық. Кейінгі жастардың еңбектен көңілі де, қолы да ада қалған. Шынын айту керек, біздің жілік майымыз ауылда толды. Соны бүгінгі жастарымыздан көргіміз келеді. Бүгінде олар үлкендердің айтқанын естіп, түсіне алмайды емес, естісе де түсінгісі келмейді. Әрине, бүкіл жасқа топырақ шашудан аулақпын. Өсіп келе жатқан ақылды, осындай бір терең дүниелерге мән-мағына беріп келе жатқан жастарымыз да жетеді. Бірақ жаңағыдай келеңсіз жәйттар бүгінде жиі ұшырасып жатады. Қалай айтсам екен, мынау бүгінгі өскелең жастарымыз ұлы дүрмектің соңында кетпеуі керек. Нағыз бәйгелерге қатысып, «бәйге дегенде біреудің аяғынан шалып, мұрнын қанату емес, өзін-өзі қамшылау» демекші, өзін-өзі нағыз еңбекте, ұлы істерде көрсетіп жатса бек қуанар едік.

– Бүгінгі ата-аналар тым жұмысбасты болып кетті. Олар соны сылтау етіп бала тәрбиесін балабақшаға, мектепке артып қойған жоқ па? Газет, кітап оқымайтын ұрпақ, бәлкім, содан шығып жатқан шығар, қалай ойлайсыз?

– Мүмкін. Бірақ ол салғырттыққа себеп-сылтау болмауы керек. Адам тауқыметті тартқан сайын бойы да, ойы да мығым, шымыр бола түсуі керек. Біз сол тауқыметпен, қиындықпен өскен ұрпақпыз. Ата-анадан екі ұл, сегіз қыз болдық. Әке-шешеміз түк көрмей кетті. Шіркін, қазіргі күні армандаймын-ау, қолым бір нәрсеге жеткенде, халқыма танымал болған кезімде, ең болмағанда сөзіммен, ең болмағанда жүріп келе жатқан ізіммен, істеп жатқан ісіммен сол кісілердің көңілін бір өсіріп, мәртебесін көтеріп тастаған болар едім ғой деп. Тауқыметтің неше атасын көрсе де, сол ата-анамыз бәріміздің бойымызға тектіліктің, ұлағаттың дәнін себе білді, соның арқасында білім жидық, өсіп-өндік. Міне, жаман болған жоқпыз.

Жастарымыз бастарына түскен қиыншылықтан ой қорыта алмау салдарынан әлгіндей жеңіл-желпі дүниелерге апарып соқтығысып жатыр. Бұрын бір сұхбатымда айтқаным бар еді, «ел болып енді етек жауып жатқан тұсымызда батыстағы «қоқсықтың» бәрі бізге лақ ете қалды» деп. Соның бәрін тамсана көрген жастарымыз «апырмай, нағыз өмір деген сол жақта екен ғой» деп, «біз не бітіріп жүрміз?» дегендей ой түйіндеуі мүмкін.

Өткеннің көлеңкесі болашаққа түседі дейді. Сондықтан біз осы жағын көбірек ескеруіміз керек. Бүгінде мешітке ағылған жастардың қатары көбейді, әрине, оған қуаныш­тымыз. Жұма намазда сәждеге басын қойған өрімдей жастарды көріп сүйсінесің. Бірақ мешіттен, намаздан сыртқа шыға салып адасып жатқандары қаншама! Мұсылмандардың алғашқы төрт халифасының бірі Әзіреті Әлиден «білім артық па, байлық артық па?» деп сұраған екен дейді. Сонда ол: «Білім артық, өйткені ол – пайғамбарлардан қалған мирас, ал байлық – бақылдардан қалған мұра. Білім артық, оны қанша жұмсасаң да азаймайды. Ал байлықты жұмсай берсең, бір күні түгесіледі. Білім артық, оны ұры-қарыдан сақтаудың керегі жоқ. Ал жиған дүниеңді сырт көздерден қорғаштаумен өтесің», – деген екен.

 

«Туған жерін сүймеген ұлдан жауапкершілік күту қиын»

Мынау тағдыр деген маңдайға жазылған майдан ғой. Бұл майданда аман шығу, қол-аяғың бүтін, көкірегіңді ластамай, таза шығу өз қолыңда.

Міне, осының барлығын ата-атаның баласы болған, ертең өзі де балалы болатын жас ойламай болмайды. Бүгінгі жастар ешнәрсеге мойымай, армандай берсе, армандай білсе деймін. Арман деген ірге тасы балалық шақтан қаланатын тәтті ойлар жиынтығы ғой. Адамды алға бастайтын, жетелейтін арман ғана. Негізі, қиялдарға жетелеп, көңіліңді өсірер, жаныңа дем беретін кіндік қаның тамған жер. Туған жерден кіндігімізді үзбеуіміз керек. Туған жерін сүймеген ұлдан жауапкершілік күту қиын. Бұл да қазағымның сөзі. Жастарымыз осы жағын ескеріп жүрсе екен. Біз бүгін жілік майы бүтін ұрпақты армандаймыз, төрдегі басымыз жерге тимесе екен дейміз. Мына еврей халқының «Дін құрыса – тіл сақтайды, тіл құрыса – үн сақтайды, ал үн құрыса – діл сақтайды» дей­тіні бар. Бұл сұмдық қанатты сөз! Біз ел болғымыз келсе, осының үшеуін де сақтап, үшеуін қатар өрбітуіміз керек. Осы түсінікте ғажап бір рух, рухтың жасампаздығы бар. Ұлт болу үшін, мәңгілік ел болу үшін, әрине, осының ең негізгісі, табан тірейтіні – иман.

 

«Қазақы үрдіске тәрбиелеу бір басқа, ал құлықты қалыптастыру бір басқа»

 – Досхан аға, үнемі ат үстінде жүресіз, уақытыңыз тығыз. Дегенмен, немерелеріңізге, олармен қыдыруға, әңгімелесуге уақыт табатын шығарсыз?

– Әрине, айналайын! (үнінен ерекше бір мейірім, ұрпағына деген телегей-теңіз сезім бары сезілді, – Н.Ә.) Қазіргі таңда өмірімнің сәні де, мәні де сол немерелерім. Былайша айтқанда, менің бүкіл марапатым да, атақ-даңқым да бүгінгі ұрпағым! Үлкен ұлымдағы үлкен немерем Айғаным бүгінде кәдімгідей суретші. Салған суреттеріне үңіліп отырып, баланың ойына еріксіз таңғаласың. Мына қараңызшы, бір суретінде қалың ну орманды салыпты. Бір қарағанда ақ қағаз бетінде орман ғана тұр. Бірақ көз тоқтатып, жүрекпен үңіліп қарар болсаңыз, арғы жағынан өзгеше бір әлем іспеттес қыз ұшып келе жатыр. Қандай ғажап! Сол бір суретте кәдімгідей философиялық дүние жатыр. Әлгі ну орманды өмір, қоғам деп алуға болады. Соның ішіндегі анау қалқып келе жатқан аппақ қыз баланың бейнесін елес, періште деп қабылдауға болады, тап-таза, өңі де, үні де тап-таза. Үшін­ші сыныпта оқитын Сәниям бүгінде Ресейдің танымал сазгері Игорь Крутой өткізіп жатқан үлкен бәйгенің екінші кезеңіне өтіп жатыр. Бұл туралы әңгімелесем де жүрегім қуанышқа толып кетеді. Одан кішісі, биыл бірінші сыныпқа өзім жетектеп алып барған Ералым шахматтан Павлодарда, Алматыда өткен жарыстардың жеңімпазы. Қазір ол да Астанада үлкен бәйгеге түсіп жатыр. Құдай қаласа, оны да жеңіспен келеді деп отыр атасы. Кіші қызым Ділдә биыл 10-сыныпта оқып жүр, жүрегінің тазалығына, сергек ойлылығына қуанамын. Екінші ұлымнан кішкентай Сәруар немеремнің кәдімгідей мінезі бар. Әлихан Бөкейханов айтқан ғой, «Ұлтты сүю үшін білім аздық етеді. Ол үшін мінез керек» деп.

Мінез деген адам баласының бойына әкенің қанымен, ананың сүтімен келетін дүние. Ал құлықты қоғам, ортасы қалыптастырады. Міне, осы құлыққа келгенде кез-келген ата-ана өте сақ болуы керек. Қазақы үрдіске тәрбиелеу бір басқа, ал құлықты қалыптастыру бір басқа. Бүгін өнерде де, әдебиетте де құлық бұзылып жатыр, қарапайым өмірде де құлық бұзылып жатыр. Бүгінгі кей жастар аспандағы айды талап етеді, ал оған дейінгі баспалдақ қайда?! Мынау бала туғаннан кейін әуелі кіндігі, сосын тұсауы кесіледі, тілашары жасалып, мектепке барады, одан университетке түсесің, осы баспалдақтарды ұмытамыз-дағы, аспандағы айды алып бер дейміз. «Сол бойда қолыма тие қоймады, сондықтан мен наразымын» дейтіндер жоқ емес. Бұл да әлгінде ғана өзіміз әңгімелеген, қоғамда орын алып жатқан салғырттық мәселесі. Жаңа ғана тілге тиек еткен құлықтың бұзылғаны да салғырттықтан.

Қоғамдағы осындай жақсыны да, жаманды да тара­зылай отырып, оқырманға сауатты ұсынып келе жатқан «Алматы ақшамы» газетінің тізгінін ұстап отырған Қалекең бүгінгі ақсақалдардың өкшесін басып келе жатқан қырағы, ұлтына деген үлкен сүйіспеншілігі бар, үлкен азамат­тарымыздың бірі. Бойында  зиялы адамға тән қарапайым­дылығы мен ұлылығы қатар өрілген жақсы жігіт. Өз басым, бұл азаматты құрметтеймін. «Ақшамды» басқа газеттермен шатастыру мүмкін емес. Сондықтан әсем Алматыға, оның шамшырағы іспеттес «Ақшамға» әрқашан жанашырмыз, тілекшіміз.

– Бізге берген бағаңызға, әңгімеңізге рақмет!

Зиялының сӨзі

* Газет бұл тек ақпарат құралы ғана емес. «Ақшам» мұңы бардың мұңдасына, сыры бардың сырласына, ағасын іздеген ініге – аға, інісін сағынған ағаға – іні, ағайынын іздегенге бауыр бола білетін, егер қапаланып жатса, сабырға шақыратын, қуанып жатса, онысын еселей түсетін бір парасатты газетке айналды.  

* Иә, кей оқырмандар адамның жүрегіне үңілудің, жылт еткен жаңалықтың өзінен жақсылық іздеудің орнына, ықыластарын әлгі айтқан жеңіл-желпі ақпаратқа аударып жатыр, өкінішке орай. Оның арғы жағына үңілмейді. Біз керісінше, құлап-сүрінгендерге сүйеу болатындай дүниелерді көкірекке түйе білуіміз керек.   

* Мынау бүгінгі өскелең жастарымыз ұлы дүрмектің соңында кетпеуі керек. Нағыз бәйгелерге қатысып, «бәйге дегенде біреудің аяғынан шалып, мұрнын қанату емес, өзін-өзі қамшылау» демекші, өзін-өзі нағыз еңбекте, ұлы істерде көрсетіп жатса бек қуанар едік.   

* Иманнан ажырамауымыз керек. Иманнан ажырамаған адам ұлты сүйген, ұлтын сүйген сүйікті пенделерінің бірі болады. Қадыр Мырза-Әлі ағамыздың «Кез-келгеннің өнегелі бір ісін, Көре тұра көрмегендер құрысын. Нең кетеді жақсы десең жақсысын, Нең кетеді дұрыс десең дұрысын?!»  дейтіні бар. Біз осыған  келуіміз керек. Бүгінде, Әбіш аға Кекілбаев айтпақшы, «нартәуекел тайлақтың өркешіне жабыспасақ» болмайды, оны да ойлауымыз керек.   

* Қазақы үрдіске тәрбиелеу бір басқа, ал құлықты қалыптастыру бір басқа. Бүгін өнерде де, әдебиетте де құлық бұзылып жатыр, қарапайым өмірде де құлық бұзылып жатыр. Бүгінгі кей жастар аспандағы айды талап етеді, ал оған дейінгі баспалдақ қайда?!

Әңгімелескен – Нұржамал ӘЛІШЕВА.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *