Дональд Трамп Ким Чен Ынмен кездеспек

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

 

«Кездесу орнын өзгертуге болмайды»

 

Биылғы жылдың 9 наурызында АҚШ президенті Дональд Трамп  Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесуі мүмкін екенін мәлімдеген еді. Содан бері осы мәселе  халықаралық  деңгейдегі саясаткерлер мен журналис­тердің  жіті назар аударып, жиі сөз ететін тақырыбына айналды.  

Күні кешеге дейін жоғары дәрежедегі Американ – Солтүстік Корея кездесуінің  болатын уақыты мен өтетін жері туралы  әр түрлі ұсыныстар мен болжамдар айтылып келді. Ықтимал елдер қатарында Швеция, Моңғолия, т.б. тіпті Владивосток қаласы аталынды. Соңғы сәттерде  КХДР (Корей Халық демокра­тиялық республи­касы) мен Оңтүстік Кореяның шека­ралық ауда­нындағы Пханмунджон  елді мекенінде өткізіледі десті. Міне, енді кездесу алдағы 12 мау­сымда  Сингапурда өтетін болып айқын белгіленді.

БАҚ өкілдерінің: «Неліктен  Синга­пур елі таңдап алынды?» деген сұрағына  АҚШ әкімшілігінің өкілі: «Мұнда екі президент­тің қауіпсіздігі, Сингапурдың орналасқан жері және бұл елдің Ва­шингтон мен Пхеньян үшін бейтарап­тығы ескерілді», –  деп жауап берді.

Бұған қосымша Ақ үй  баспасөз хатшысының орынбасары Радж Шах: «Сингапур  Құрама Штаттармен де, Солтүстік Кореямен де бірдей қарым-қатынаста. Сондықтан бұл ел Дональд Трамп пен Ким Чен Ынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және  бейтараптықты  ұста­нады деген ойдамыз», – деген түсінік берді. Сондай-ақ, ол ҚХР (Қытай Халық Республикасы) мен Тайвань басшылары­ның алғашқы кездесуі  осы Сингапурда   өткенін еске салды.

Әзірге  АҚШ – КХДР басшыла­рының қандай құрамда кездесетіні, нақты қандай мәселелерді тақылайтыны беймәлім. Әйтсе де, Құрама Штаттардың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео ұшырасудың тек бір күнге ғана жоспарланғанын  айтып қалды.

 

Үш Ким азаттық алды

 

Дегенмен әлем жұртшылығы  Дона­льд Трамп пен Ким Чен Ын кездесуіне  Корей түбегіндегі  күрделі ахуалды жақсартады дегендей үкілі үміт артып отыр. Бұған қуанып жатқандар да, күдікпен қарап  отырғандар да  жетерлік.

Әдеттегідей  Д.Трамп өзінің Twіtter парақшасында:  «Біз екеуміз де бүкіл дүние­дегі бейбітшілік  үшін  маңызды қадам жасауға тырысамыз», –  деп жазды. Соның алдында  Ким Чен Ын  өзінің Трамппен кездесуі өңірдегі  жағдайды оңалтуға бастайды  деп үміттенетінін айтқан болатын. Оның бұл ойын Солтүстік Кореяның ЦТАК агенттігі: «Ол алдағы КХДР мен АҚШ  саммиті Корей түбе­гіндегі оң сипаттағы өзгерістерге бағыт­талған және жарқын болашақ үшін  маңызды тарихи кездесу болмақ», – деген сөздермен аша түсті.

Кездесуге деген ниет пен ұмты­лыстың нышанындай,  Солтүстік Корея басшылы­ғы  тыңшылық және жаулық әрекеттер жа­сады деп айыпталып, соттал­ған  үш амери­кандық азаматты  абақты­дан босатып,  Мемле­кеттік хатшы  Майкл Помпеонмен  ілестіріп АҚШ-қа қай­тарды.

Бұл оқиғаға саяси маңыз бен мән бергендіктен бе екен, Пхеньяннан  түннің бір уағында Вашигтонға жақын маңдағы  Эндрюс авиабазасына ұшып келген оларды   Дональд Трамп зайыбы Меланьямен  күтіп алып, құрмет көрсетті. Әрі мұны Майкл Помпеоның  сыртқы істер  қызметіндегі  алғашқы дипломатиялық жеңісі деп бағалады.

Бір қызығы,  түрмеден босатылған  АҚШ азаматының үшеуі де корей ұлтының өкілдері.  Олардың ең үлкені 65 жастағы Ким Дон Чхол  2015 жылы КХДР солтүс­тік шығысындағы  Расон сауда-эконо­микалық аймағында шпион­дық әрекеті үшін ұсталып, өмір-бақи  қамауда отыру жазасына кесілген.  Қалған екеуі Ким Сан Док пен Ким Хак Сон   Пхеньяндағы  ғылым және техно­ло­гиялар  универси­тетінде сабақ берген. Бұлар да  «жаулық  іс-әрекеттері»  үшін ұзақ мерзімге сотталған-тын.

Базбір саясаттанушылар  Вашигтон мен Пхеньянның  жоғары  деңгейдегі  сам­митіне  27 сәуірдегі  екі Корея басшылары  Мун Чжэ Ин мен Ким Чен Ынның  кездесіп, екі арадағы темір жол қатынасын орнату, түбекті ядролық қарудан тазарту  сияқты бірқатар уағдалас­тыққа қол жеткізгені  жоралғы болды деседі.

Ақиқатын  айтқанда, Трамп пен Ынның  кездесуіне және оның  табысты да нәтижелі болуына басқалардан гөрі   Корея  Республикасы көбірек мүдделі. Сондықтан да саммиттің  өтер күні мен жері белгілі болысымен  Оңтүстік Корея президенті  Мун Чжэ Ин  бұл кездесудің  Корей түбе­гіндегі  денуклеризацияға  және тыныштық пен бейбітшілікке жол ашатынына  үміт пен сенім артып отырғанын  білдірді.

Жапония үкіметі де АҚШ-КХДР сам­митіне тілектес  көңілде.  Бұлар осы кез­десудің  шарапатымен  Солтүстік Корея­ның барлау ұйымдары ұрлап кеткен жапон азаматтарының тағдырына қатысты мәселе  оң шешілсе дегенді айтады.

 

 

Геосаясаттағы тарихи да маңызы зор оқиға болып қалары хақ

 

Еске сала кетсек, АҚШ пен КХДР арасында  бірі-біріне  жылы қабақ танытып,  қарым-қатынасты жақсартуға  ұмтылыс әрекеті бұған дейін де болған.

2000 жылғы 13-15 маусымда  Пхеньянда  қос тараптың саммиті өтіп,  нәтижесінде  оң қадамдары  құбылысы бой көрсеткен. Арада төрт күн өтісімен Ақ үй билігі  өз елінен шығатын кейбір тауарларды  КХДР-да сатуға рұқсат беріп,  сол жылдың шілде айында 5 американдық фирма  Солтүстік  Корея экономикасын  дамытуға қаржы салуға ниетті екендіктерін  мәлімдеген.

Көп ұзамай  2000 жылдың 10-12 қазанында  КХДР  Мемлекеттік қорға­ныс комитеті төрағасының бірінші орынбасары  Чо Мен Нок  Вашингтонға сапар шегіп, АҚШ-тың сол тұстағы президенті Билл Клинтонмен  келіссөз­дер жүргізді. Келіссөздер қорытын­дысында  таяу уақытта  шамамен қазанның аяғында Мемлекеттік хатшы Мадлен  Олбрайттың  Пхеньянға барып,  АҚШ президенті  Билл Клинтонның  Солтүстік Кореяға  ресми сапарын егжей-тегжейлі келісіп қайтатыны туралы коммюникеге қол қойылды.

Айтқандай-ақ,  2000 жылдың 23-25 қазанында  Мадлен Олбрайт  Пхеньянға келіп,  КХДР көшбасшысы Ким Чен Ир, Жоғарғы халық кеңесі тұрақты комитетінің төрағасы Ким Ен Нам және Сыртқы істер министрі Пэк Нам Сунмен  келіссөздер жасады. Оның барысында  АҚШ  прези­денті  Б.Клинтонның  Солтүстік Кореяға сапары  және  КХДР-ның  зымырандық бағдарламасы талқы­ланып, пысықталды.

Осы сапардан қайтар жолда Мадлен  Олбрайт  Сеулге соғып,  онда Оңтүстік Корея президенті  Ким Дэн Жунмен жолығып, пікір алмасты.  Билл Клинтон мен Ким Чен Ир кездесуінің  жемісті болатынына үміт артылды.

Алайда, 2000 жылғы  қарашада өткен президенттік сайлауда  республикалық партияның үміткері кіші Джордж Буштың жеңіске жетуі  жағдайды мүлде басқа арнаға бұрып жіберді. 2001 жылдың  20 қаңтарында билік тізгінін қолға алған Дж. Буш  жап-жақсы ниеттегі екі жақтың жоспарларын түгелдей теріске шығарды.  Сөйтіп,  республикашыл президент  Сол­түстік Корея жөнінде басқаша  саясатқа бет бұрды.

2002 жылдың  3-5 қазанында  АҚШ президентінің Шығыс Азия және Тынық мұхиты аймағы мәселелері бойынша өкілетті өкіл Джеймс Келли бастаған делегация  Пхеньянға  сапар шегіп, Сол­түстік Корея басшылығымен   екі жаққа қатысты өзекті мәселелерді талқылады.   Кездесуде  Құрама Штаттар билігінің бұрынғыдай емес, мүлде басқа көзқарас пен ұстанымда екені анық байқалды.

«Бәрін айта та бірін айт» демекші, егер де сәтін салып, жүзеге асса  расында да  жоғары деңгейдегі  АҚШ–КХДР  кездесуі  ХХІ ғасырдың алғашқы жиырма жылды­ғындағы  геосаясаттағы тарихи да маңызы зор оқиға болып қалары хақ.

Дейтұрғанмен,  қай нәрсені де «мың қарап бір шоқитын» аса сақ  американ жағы  бұл кездесуді болдырмау үшін  әр түрлі келеңсіз де  арандатушылық амал-әре­кеттердің болуы ықтималдығын жоққа шығармайды.

«Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» дейтіндей,  Америка мен Солтүстік Корея  екі ел басшыларының кездесуін қалай  ың-шыңсыз ойдағыдай өткіземіз деп шала бүлініп  жатқанда  Гонконгтағы қызық­құмар біреулер  Дональд Трамп пен  Ким Чен Ыннан аумай қалған  екі  адамды көшеде жүргізіп жұртшылықпен кездес­тіріп комедия қойған. Көріп тамаша­лағандар  37 жастағы Говардтың – Ким Чен Ынның, ал 66-дағы Деннис Аланның – Дональд Трамптың көшірмесі екеніне  ауыздарын ашып таң  қалған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *