«ДОМБЫРАНЫ аяқ астына тастамайық»

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Бізге Алматы қаласының тұрғыны, М.Дулатов атындағы №136 мектеп-гимназиясындағы «Балауса» домбыра үйірмесінің жетекшісі Назира Атагелдиева туралы «Алматы ақшамы» газетінің тұрақты оқырманы, зейнеткер,  айналада болып жатқан жаңалықтарға бей-жай қарай алмайтын, жақсы дүниелерімен үнемі бөлісуге асығып жүретін қоғам белсендісі Райхан Сыздықова айтқан болатын.

 

Қағаздан жасалған домбыра

– Осы бір Назира деген қыз туралы жазсаңыздар екен. Талай баланың қанатын қатайтып, өнер деген үлкен жолға салып жүр. Еңбегіне шексіз ризамын, – деген еді Райхан Тәңірбергенқызы. Өмір көрген үлкен кісілер адам тани біледі ғой. Шынымен де, үкілі домбырасын құшақтай енген ұстаз бізді де бірден баурап алды.

Жамбыл атаның ұрпағы, Айдарлы ауылының перзенті Назира Атагелдиева бала кезінен бастап-ақ күйші әрі биші болуды армандапты. Киелі домбыраны да сол тәтті қиялға бергісіз балалық шағында қолына ұстаған екен.

Әке-шешесі өнерге жақын адамдар болды. Бала күнінде Жамбыл Жабаевтың немересі Әлімқұл атаның бір тойда кіш­кентай Назираның басынан сипап тұрып: «Өскенде домбырашы боласың ба?», – деп сұрағаны есінде. Сол кездерден бастап бүлдіршіннің домбыраға деген әуестігі арта берді. Біраз жыл «домбыра әкеп беріңдерші» деп үйдегілердің жиі мазасын алып жүрді. Атасының қамшысын қолына домбыра сияқты ұстап алып ән айтатын еді. Сон­дағысы «Дудар-айым дудым, папа үшін тудым» деп әндететін көрінеді. Одан соң өзінің қолдан, яғни картоннан қиып жасап алған «домбырасы» бар еді. Сол қағаз-домбырасын құшақтап алып ән айтып жүрген кездерінің өзінде «түбінде үкілі домбыра ұстаймын» деген ішкі сенімі де бар-тын. Әлгі картоннан жасалған домбы­расын көптің көзінен тығылып тартып жүрді. Қағаздан жасалғасын кей жері майысып та қалатын. Баланың домбыра үшін осылай «тер төгіп» жүргенін байқады ма, күндердің күнінде, Назира бастауыш сыныпта оқып жүргенде әкесі қаладағы «Мерей» атты шеберханадан домбыра сатып әкеп берді. Бұған бала өте қатты қуанды. Кішкентай Назира үшін әкесі сыйлаған домбыра ғажап үнді болып естілген сонда.

Екі мамандық иесі

Назира 3-сыныпта оқып жүргенде мектепке Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінен бір күйші-ұстаз келіп сабақ бере бастады. Бұл да басқалар секілді домбыра үйірмесінің сабағынан қалмай қатысып жүріп, бірден үйреніп алды. Міне, оның өнер жолы осылай ұядай жып-жылы ауылдан бастау алған.

Ауылда өтетін үлкенді-кішілі концерт­терден қалмайтын. Сол арқылы балғын өнері шыңдалып, өзі де ширай түсті. Есейе келе болашақта өз алдыма домбы­рашы боламын деген мақсат қоя бастады. Мектеп үйірмесінен кейін, әуелі музыкалық кол­леджден тәлім алуға бет алды. Дайындық курсына оқуға түсті. Кәсіби тұрғыдан біраз нәрсені меңгерді.

Уақыт көшінен қалмай, жеке өмірді де ұмытпай, отбасын құрды. Бірақ үйде отырып қалған жоқ. Сиқырлы музыка өнерін ары қарай жалғастырып әкетті. Сөйтіп, Қыздар педагогикалық универси­тетінің музыка саласы бойынша, халық аспаптары бөліміне оқуға түсті. Ол жерде пианиноға деген қызығушылығы оянды. Сонда жүріп би үйірмесіне де қатысты. Алайда, үкілі домбырасын қолынан тастамады. Пианиноны да үйреніп шықты. Университетті музыка пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірді.

Қызық, Назира бала күнінде домбыра­шы, күйші боламын дей жүріп, ұлағатты ұстаздарына қарап қызығып, мұғалім де болғысы келіп кететін. Кейде өз ойынан өзі шатасып, «қайсысын таңдасам екен» деп өз-өзіне сауал қоятын. Бірақ жоғары оқу орнын тәмамдап, «музыка мұғалімі» деп жазылған дипломды қолына алған уақытта, бала шағынан армандаған екі мамандығын да иеленіп шыққанына қатты қуанды.

 

Өнерлі ұлан өзі-ақ икемді болып келеді

Алғашқы еңбек жолын Медеу ауда­нын­дағы №30 орыс мектеп-гимназиясында хордан және би үйірмесінде биден сабақ беруден бастаған. Сонда гимназия дирек­то­ры Роза Құсайынова: «Назира, сен би курсын оқып, тағы да біліміңді жетілдіріп кел», – деген кеңесін айтып, хореогра­фия­дан сабақ алуды жалғастырды. Одан соң №136 мектепке музыкадан сабақ беруге кірісті. Мектеп директоры Қуатбеков Ерік Нұрғұмарұлы кәсіби маманды бірден қа­был­дады. Содан бері осы Міржақып Дула­тов атындағы №136 мектепте сабақ беріп келеді.

– Қазіргі таңда шәкірттерім қалалық байқаулардың түр-түріне қатысып жүр. Арсен Ысмағамбетов, Айнұр Тілеуханова, Герман Сухоруков, Ақбота Сатыпалды, Рания Рахымжан, Раян Бақтыбек, Аянат Елібай, Дана Дауылбаева сияқты талантты оқушылармен әркез мақтанамыз. 2008-2009 жылдары осы оқушылардың көбісі музыка колледжіне оқуға түсіп кетті. Кейде бір таңқаларлық қызық оқиғалар болып тұрады. Мәселен, Алуа атты жақсы домбы­рашы қыз болды. Өнері адамды сүйсінтпей қоймайды. «Осы Алуа кетіп қалса қайтер екенмін? Басқа қандай оқушылар тап болады?»  деген ойлардың иірімінде жүре­тін­мін. Сосын, Алуа жоғары оқу орнына түсіп кетті де, орнына Алуа атты өте өнерлі бір қыз келді. Әлішер деген өнерпаз баламыз болған. Ол да музыкалық білімін жалғастыру үшін бізден кеткенде, орнына Әлішер деген өнерлі бала келе қалды. Менің шәкірттерімнің ізі осылай жалғаса берді. Ақбота Сатыпалды – халықаралық байқаулардан үш дүркін бас жүлдені иемденген қыз. Раян Бақтыбек те бас жүлде алып жүрді. Балалардың өнерін ашу үшін қосымша сабақтар керек. Олармен жеке айналысуың қажет. Иә, мұның бәрі уақытты талап етеді. Сондықтан өз ісіңді, балаларды сүюің керек. Өнерлі бала әрқа­шан икемді болып келеді екен. Тек дұрыс бағыт беріп отырсаң болғаны. Осы күнге дейін бірнеше байқауға қатысып, 15 кубок алғанбыз. Өмір алда, әлі талай асуды ба­ғын­дыратынымыз анық, – дейді М.Дулатов атындағы №136 мектеп-гимназиясындағы мектепішілік «Балауса» домбыра үйірме­сінің жетекшісі Назира Атагелдиева.

Кәріс, орыс, неміс баласы да домбыра тартады

«Балаусаға» домбыра тартып үйренсем деп бір жылда 50-60 бала жазылады. Бірақ екінің бірі алып кете алмайды деп отыр Назира. Сондықтан ол балалармен жұмы­сын домбыраның қыр-сырын түсіндіруден бастап, осы киелі аспапқа қатысты аңыз әңгімелер тиегін ағыта отырып, оның құді­ретін ұғындыруға тырысады, қызығушы­лықтарын оятады. Бүгінгі таңда үйірмеде кәріс, ұйғыр, өзбек, орыс, неміс балалары да домбыра тартып, жүлдегер атанып жүр.

Назираның үлкен қызы Алтынай да, кіші қызы Аянат та өнерден алыс емес, екеуі де биші қыздар атанып жүр. Алтынай Алматы қалалық мәдени іс-шараларға тұрақты қатысады. Биыл АТУ-дың соңғы курсында. Волонтер, «Халық банкте» еңбек етеді. Ал кішісі Аянат «Балапан» теле­арнасының жұлдызы, тележүргізуші. «Нұрлы жастар», «Би биле, балапан» сынды байқауларға қатысып, көпке танылып үл­герген. Назираның жұбайы Алмас Тергеу­баев та домбырашы, ұста, домбыра жасау­дың хас шебері. Әке жолын қуған Әлмерек ұлдары да домбыра жасаудың оқуына түсті, Алматы Құрылыс және халықтық кәсіп­шілік колледжінің 2-курс студенті.

– Ілгеріде бір мақаладан бір домбы­рашы-күйшінің 25 жыл бойына домбыра үйірмесінде сабақ бергенін оқып, қатты таңқалғаным бар-ды. Іштей «Неткен төзімді жан еді! Қалай 25 жыл шыдады екен?» деген таңданысым болғанымен, өзіме сол ұстазды үлгі етіп алуға тырыстым. Сөйтіп, мен де «осыншама жыл бір үйірмеге дәріс берді» деген атақ алғым келеді. Себебі, мен де қазақтың өнерін дамытсам деген жандардың бірімін. Менің бала кезімде домбыра аспабы тапшы болды. Бағалы, құнды еді. Ал қазір домбыра дегеніңіз қолжетімді, қалағаныңызды таңдап жүріп сатып аласыз. Оған бір жағынан қуанамын. Ал екінші жағынан киелі домбырамыздың тиегі сынып, қос ішегі үзіліп қоқыста жатқанын көргенде ішім ашиды. Себебі, қазақ домбырасын тастамақ түгілі, оның үстінен аттап өтпеген. Сондықтан  біздің қазақ екенімізді көрсететін қоңыр домбырамызды бағалай білейік, – дейді үш дүркін «Үздік ұстаз» төсбелгісінің иегері Назира Атагелдиева.

Шәкірттері  жылына  20-30 кубок, 200-дей грамота иеленетін «Балаусаға» тек сәттіліктер тілейміз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *