ДОМБЫРА ҰСТАҒАН ҰЛ ҰЛТТЫ ДА ҰСТАЙДЫ

Қазақтың тілі – қазақтың жаны.

Мектептерге домбыра пәнін енгізу керек.

Әкімдердің кездесуі жәй есеп беру үшін емес, олар халықпен күнде кездесу керек.

 

Қали СӘРСЕНБАЙ

 Кеше ғана Абайдың өлеңін жатқа оқып, ғажап үрдісті бастаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қызметіне кіріскелі бері, басқасын былай қойғанда, осы үш сөзі елдің жадында деп ойлаймын. Неге? Халықтың көкейіндегісін дөп басқан сөз.

«Өз тілін білмейтін басшы жазадан басқаны білмейді» дейді Жүсіпбек Аймауытов. Демек, басшымыз өзінің аса қауырт жұмысында үнемі осы қағиданы ұстанса, елді рухани тұрғыдан, ізгілікпен басқаруды ойласа, бұл ел үшін екі есе бақыт деген сөз. Тіл, діл, рух. Осы үшеуі үйлесім тапқан жерде ұлттан ұят қаш­пайды. Бұлардың бәрінің басын қосатын да руханият. Яғни рух – ұят деген сөз.

Өз тілінде сөйлеген басшы халыққа жақындап қана қоймайды, сол халыққа туған бауырынан да артық боп кетеді.

Өзі домбыра тартатын Ел­басы, Тұңғыш Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың Жар­лы­ғымен 1 шілде – Ұлттық дом­быра күні болып жария­ланға­нын білеміз. Бұрнағы күні Астанада осы күн аса жоғары деңгейде аталып өтті. Осы шарада Қасым-Жомарт Кемел­ұлы былай деді:

– Тарихта халқымыздың өз салты мен дәстүрінен алшақтап, ажырап қалған сәттері болғаны жасырын емес. Алайда, Елба­сымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген баста­масының арқасында бүгінде халқымыздың дәстүрлі өнерге деген шынайы ықыласы артып келеді. Ұлттық домбыра күні – соның айғағы. Барша халық осы шуақты мерекені айрықша қуа­нышпен тойлайды. Себебі, қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күм­бірлеген домбыраның үні батыр­ларымызға рух, ақын­дарымызға шабыт берген. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазы­намыз болуға тиіс.

Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Нұрғисалар бастаған күйшілік дәстүрді еліміздің дарынды жастары жалғастырып келеді. Бүгінде ұлттық аспабымыз күллі әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналды. Бұл – қазақтың қасиетті қара домбырасына берілген әділ баға. «Өнер – ұлт келбеті» дейді дана халқымыз. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайта­ланбас асыл дүние. Сондықтан мектепте дом­быра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһан­дану уақытында халқымызға тән бірегей құнды­лық­тарды жаңғырта беруіміз қажет. Төл мәде­ние­тімізге деген қамқорлық әрқашан мемле­кеттің айрықша назарында болады. Біз қазақтың дәстүрлі әнін, күйін елімізге ғана емес, әлем жұртшылығына танытып жүрген өнерпаз­дары­мызға лайықты қолдау көрсете білуіміз керек.

Тоқаев домбыра тарта ма, тартпай ма біл­меймін, бірақ мына бастап жатқан тірлігі (мек­тептерге домбыра пәнін енгізу) тартқанға бер­гісіз. Егер тартпаса аса қабілетті адам ғой, уақыт тапса үйреніп кететініне еш шүбәм жоқ. Кезінде домбыра дидарына дақ түсіп, балалайканың баласына айналдырып жібере де жазған. Дағ­дарыс, қауіп ұлт аспаптарының да басына төн­ген. (Президенттің өз сөзінде «тарихта халқы­мыздың өз салты мен дәстүрінен алшақтап қалған сәттері болғаны жасырын емес» деуі де тегін емес). Бұл қауіптен құтқарған жарықтық пейіште нұрың шалқығыр Болат Сарыбаев, Ахмет Жұбановтар еді. Енді, міне, домбыра әр қазақтың төрінде тұрып қана қоймай, мектепте де қолдан түспейтін аспапқа айналатын түрі бар.

Кемеңгерліктің көзі – күй. Даналықтың дауасы домбыра. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген Қадырдың сөзін қалай айтпай қаламыз. Міне, сол қазақтың халықтық қалпын сақтап қалған ұлы Құрманғазы оркест­рінің репертуарын кешегі кесапат Колбин құпия түрде тексерді деген әңгіме де бүгінде қауесет дей алмайсың.

Домбыра – рух, алапат күш. Ұлы баба­ларымыздың оқулығы дала мен домбыра болған. Дала Демосфендері, түз Толейрандары бар даналық ойларының мәйегін дала дәптеріне домбырамен жазған. Домбыраның мүмкіндігі шексіз. Оның шанағынан төгілген қосбасарлар, ақ желеңдер одан шешен, одан шебер бола бермейтініне дәлел.

Қысқасы, домбыра болмаса бұл елдің тағдыр тәлейі ендігі қалай болары да беймәлім еді.

Айтпағымыз не? Төрінде домбыра тұрған үйге жын-шайтан жоламайды. Ол – рух. Елді ұстайтын да рушыл емес, рухшыл жігіттер. Жігіттер демекші, қайсыбір жолы «Алматы ақшамында» «Әкімдердің кабинетінде домбыра тұруы тиіс» деген мақала жарияланған болатын. Осы мақала әжептәуір пікір туғызып, көпші­ліктен қолдау тапты. Тіпті, сол кездегі Түрксіб ауданының әкімі Устюговтың кабинетінде домбыра тұр деп те естідік. Әу бастан әкімдердің жұмысына шүйілген Мемлекет басшысының домбыраның маңызы жөніндегі мына сөзінен енді әкімдерде жаппай қозғалыс болатын шығар деген ой бар. Төрінде домбыра тұрған әкім де даналыққа біртабан жақындай түсер деген ойдамыз.

Мәселе ұлт жанына жақын осындай ізгі шаралар бұдан былай ел арасында басым сипат ала берсе, біз бабалар болмысына соншалықты жақындай түсер едік. Көпшілік орындардың төрінде, мектепке, пойызға, ұшаққа, т.б. кіре­берісте домбыра тұрса. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында бұл күннің маңызын айқындайтын терең танымға негізделген ашық сабақтар өткізілсе дұрыс болар еді. Ашық сабақ демекші, мектепте домбыра пәнін оқыту оны тек үйретіп қою емес, оның рухани-тарихи мәніне зор,  синкретті сипат беріліп оқытылса жөн.

Балаңыз халықшыл, елшіл болсын десеңіз, өнерге беріңіз. Оның музыкант болуы мақсат емес (ол таланттың шаруасы), домбыра ұстап өскен бала балалықтан ерте алыстап, даналыққа бет бұра бастайды. Домбыра ұстай білген ұл ұлтты да ұстай біледі.

Әлгінде ұлы бабаларымыздың күйші, домбырашы болғанын айттық қой. Әрине, әр қазақтың үйінің төрінде домбыра болуы міндет. Ал бүгінгінің би, болыстары әкімдердің кабинетінің төрінде домбыра тұрса, әлгі біз жиі айтып, кейде жалыға бастаған «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөзге де соншалықты сенім кіріп, әкіміңіз халыққа біртабан емес, толайым жақындай түскен болар еді.

Айтпағым, қазір той жарыстыру емес, ой жарыстыру заманы. Астанадан екінші мәрте бастау алған осынау ұлық мереке енді алдағы уақытта еліміздің бар өңірінде жалғасын тапса кереметтің кереметі сол емес пе!?

Бұл тек өнерді ұлықтау, соған тамсану тойы ғана емес, өз тарихыңды, рухыңды, тегіңді терең тани түсетін шараға айналуы тиіс.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *