Домбыра патидiң дүбiрi әлем қалаларына да жеттi

89-4807-3Роза ӘРЕН

Алматының Арбатында ол әр бейсенбi сайын өтiп жатыр  

Газетiмiздiң өткен сандарының бiрiнде Қазақстан қалаларында үлкен қызығушылықпен өтiп жатқан Домбыра пати шарасы туралы егжей-тегжейлi жазған болатынбыз. Ендi оқырмандарға осы пати туралы ақжолтай хабарды жеткiзгiмiз келiп отыр. Қазақтың қара домбырасын әлемге танытуды көздеген қазақтың қарагөз жастары шараны қазiрге дейiн Түркия, Португалия, Ұлыбритания мемлекеттерiнде өткiзiп үлгерiптi.

Домбыра пати – былтыр тамыз айында Астанадан бастау алған бейресми шара. Бiр қуанарлығы, таяуда «Уикипедия» ашық энциклопедиясы Домбыра пати туралы мәлiметтермен толықты. Ендi кез-келген оқырман шараның мақсаты мен сипаты туралы ақпаратты осы жерден ала алады. Бұл парақшада пати туралы «Домбыраны, ұлттық музыканы, ұмытыла бастаған игi дәстүрлердi қайтадан сәнге айналдыру және жалпы қазақшылықты насихаттау мақсатында туындаған флеш-моб форматындағы қозғалыс. Домбыра патилер, әдетте, аптаның белгiленген бiр күнiнде бұқара көп шоғырланатын қаланың қоғамдық орындарында open-air, яғни, ашық аспан астында ұйымдастырылады. Шарада домбырада күйлер тартылады немесе аспап сүйемелдеуiмен әндер шырқалады. Қозғалыстың саяси астары жоқ.

Шараға тек домбырашылар ғана емес, сонымен қатар өзге ұлттық аспаптарда ойнай алатын өнерпаздар және тыңдарман-көрермендер қатыса алады. Қатысушыларды шақыру әлеуметтiк желiлер арқылы жүзеге асады. Шараларда түсiрiлген бейнематериалдар ғаламторда жиi жарияланады.

Домбыра патидiң ресми туылған күнi – 16 тамыз. 2012 жылдың 16 тамызында Астана қаласының бiр топ жастары, атап айтқанда «Керек-Инфо» сайтының қолданушылары Аршат Оразов, Алдан Жылгелдi, Нұрғиса Асылбеков, Маралбек Сағынғанов, Жанасыл Болатбек, Данияр Алан, Алмас Алтай және Нұрберген Мақым атты сегiз жiгiттiң мұрындық болуымен дүниеге келген бiрегей жоба» делiнген.

Ал, ендi өзге мемлекеттерде өткiзiлген патилерге келейiк. Түркияның бұрынғы астанасы Стамбұл қаласында оқып жүрген жастар қазiрге дейiн екi мәрте Домбыра пати өткiздi. Оған Түркияда бiлiм алып жүрген қазақ жастары қатысқан. Сондай-ақ, домбыра тартқан қауымның жанына жиналған жұрттың қарасы да көп болыпты. Туристер мен түрiк ағайындар патишiлердi қайта-қайта суретке түсiрiп әлекке түсiптi. Стамбұлдағы екiншi патиге қатысқан қазақстандық аудармашы Нұрғиса Асылбек өзiнiң әсерiмен былайша бөлiседi: «Стамбұлда осымен екiншi мәрте өткен думанға жергiлiктi жұртшылық, Түркия азаматтары да шынайы қызыққан едi: шара басталар алдында бұрауын келтiрiп жатсақ, әрқайсысы келiп «Бұл — домбыра ғой, домбыра ғой, иә?» деп бiлiмпаздығымен сүйсiндiрдi. Ары-берi сапырылысып жүрген туристер шырт-шырт еткiзiп, суретке түсiрiп жатты. Бұл жолғы Домбыра патиде тыңдармандар Әйгерiм атты домбырашы қарындасымыздың, Сержандай серi iнiмiздiң, Еркебұлан бауырымыздың өнерiне қанықты. Бәрiнiң аузы берiк, күннiң ыстығына қарамастан, ерекше бiр арқалануға куә болдым».

Түркиядағы қазақ жастарының басқосуында Әйгерiм есiмдi ару тартқан «Әлқисса» күйiнiң бейнежазбасы ғаламтор арқылы бiзге де жеттi. Ал, Португалияда бiр топ қазақ қыздарының жағажайда ұйымдастырған Домбыра патиiнiң жөнi бөлек. Шекарашылар тексеруiнде көзге күдiктi көрiнген домбыраны екi бөлуге мәжбүр болған қыздар қасиеттi аспапты қайта жалғап ән айтудан бас тартпады. Қазақ қыздарының португалдық жiгiттердi «Гүлдерайым», «Қазағымның дәстүрлерi-ай» және тағы басқа әндерiмен тамсандырғанын бейнежазбадан көрiп, көңiл бiр марқайып қалды. Бастысы, барлық жерде де көздерiне таңсық көрiнген музыка аспабына қызығушылық танытып, қазақтың ән мен күйiне ден қойған шетелдiктердiң көптiгi анық байқалады.

Ал, Лондон қаласында «University College London» оқу ордасының алдында өткен патиге жиналған жұрттың Қазақстанды қатты сағынғаны көрiнiп тұр. Дәл қазiр Лондон қаласында жүрген Жарасбек есiмдi жас жiгiт

«Қазағым, жұртым, армысың,

Төрт көзiң түгел бармысың?

Көрмегелi көп болдыау,

Сағынып қалды жаным шын.

Сiздердi жырлап өтейiн

Кеткенше бойдан әл-күшiм.

Жәкеңдi ақын еткiзген

– Бауырларының алғысы», – деп, туған елiне өлеңдетiп сәлем жолдаған. Бiр бейнежазбадан Лондонға iссапармен барған аудармашы Нұрғиса Асылбектiң тұманды қаладағы қандастардың көңiлiн аулап, «Сағындым Алматымды» әнiн шырқағанын байқадық. «Лондонда қазақ жастары жиналады, домбыра тартады» дегендi естiп Ұлыбританияның Рединг қаласынан ат терлетiп, арнайы келген бауырлар бейнежазба арқылы «Домбыра дегенде селт етпейтiн қазақ жоқ шығар. «Домбыра» деген сөздi естiп шауып келдiк. Ән мен күй тыңдағанда өзiмiздi Лондонда емес, Астанада отырғандай сезiндiк. Елге сәлем айтамыз» деп жүрекжарды сөздердiн жеткiзедi.

Ал, Алматының Арбатындағы Домбыра пати әдеттегiше әр бейсенбiнiң кешiнде өтiп жатыр. Патидiң алдыңғы шараларының бiрiне белгiлi домбырашы Абдулхамит Райымбергенов, «Алаш айнасы» газетiнiң бас редакторы Серiк Жанболат, ҚР еңбек сiңiрген қайраткерi Асқар Наймантаев келiп қатысты. Асқар Наймантаев ағамыз осы уақытқа дейiн бiр емес, бiрнеше Домбыра патиге шәкiрттерiмен бiрге келiп, ерекше атсалысып жүр. Ешқандай қаржылық қолдауды қажет етпейтiн бейресми патидiң ұйымдастырушыларына ел алдында жүрген ағалардың қолдау бiлдiргенi көңiл қуантады.

Қазiрге дейiн қазақстандық БАҚ-та Домбыра пати туралы көптеген телесюжеттер, мақалалар жарияланып үлгердi. Айта кетейiк, бұған дейiн Домбыра пати Қазақстанның Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Түркiстан, 0скемен, Петропавл, Көкшетау секiлдi 13 қаласында өткiзiлген-дi. Бұл қатар таяуда Талдықорған, Қызылқоға, Сағыз, Орал, Ақсай, Бөкей Орда, Екiбастұз, Порту, Стамбұл және Лондонмен толықты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *