ДОМБЫРА МЕН КОМУЗ АЛАТАУДЫ ЖАҢҒЫРТАДЫ

9a2e92756e77ce67c75680e6824abd82_resize_w_520_h_

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндет­тер­ді жүзеге асыру аясында 1–4 қараша аралы­ғында «Ала­тау» дәстүрлі өнер театрында І Халықаралық «AMANAT musіс» конкурс-фестивалі өтеді. Ізгі шара аталған театрдың құрылғанына бір жыл толуына, соны­мен қатар, «Аманат» өнер орталығының бір жылдығына орай Алматы қаласы Мәде­ниет және мұрағаттар басқармасының қолдауымен өтеді.

Балнұр АХМЕТ

Естеріңізге сала кетсек, «Алатау» дәстүрлі өнер театры 2016 жылы Алма­ты қаласының 1000 жылдығына, Тәуел­сіздіктің 25 жылдығына орай ашылған болатын. Киелі қарашаңырақ ақ баталы бабаларымыздан келе жатқан ұлттық өнерімізді дамыту мақсатында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің қолдауымен құрылған. Осы театрдың іргетасы қалануымен бірге, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жан­пейісованың жетекшілігімен «Ама­нат» өнер орталығы ашылған еді. Ұлт­тық өнеріміздің нәрін жас ұрпақ бойы­на сіңіріп, отаншылдыққа, ұлтжанды­лыққа тәрбиелеу мақсатында құрылған өнер орталығы, міне, биыл өзінің бір жылдығын атап өткелі отыр.

Жыр алыбы Жамбыл «Ән – халық үні, оның шындығы, оның ойы мен сезімі» десе, Латиф Хамиди «Халқымыз әнді өмір айнасы деп бекер айтпайды. Ән – халықтың рухани байлығы» деп әсем әннің адам өміріндегі рухани маңызын ерекше атап өткен. Ежелден тамыр жайған дәстүрлі ән өнерін наси­хаттап жүрген қазақтың күміс көмей әншісі, ұлттық өнеріміздің жанашыры Сәуле Жанпейісова жетекшілік ететін «Аманат» өнер орталығы ниет білдіру­ші­лерді сұлу саз әлемінің айдынында жүздіріп, музыка өнеріне жақындатуға мүмкіндік жасау мұратын көздейді. Аталған орталықта өнерге ынта-ықыласы бар қатысушылар домбыра, гитара, фортепиано, скрипка, саксофон тәрізді музыкалық аспаптарда ойнауды үйренеді. Өнер орталығындағы педагог­тар – жоғары музыкалық білімі бар талантты музыканттар, қазақстандық және халықаралық конкурстардың лауреаттары ниет танытушыларды барынша өнерге баулиды.

%d0%b0%d1%84%d0%b8%d1%88%d0%b0

І Халықаралық «AMANAT musіс» конкурс-фестивалінің басты мақсаты – халқымыздың дәстүрлі өнерін дамыту, жас өнерпаздарымыздың өнердегі жұлдызын жағу, рухани кеңістікке жол ашу; конкурсанттардың байқау бары­сында өзара достық қарым-қатынас қалыптастыруына жол ашу; Халық­аралық деңгейде тәжірибе алмасу; Дарын­ды жастарға шығармашылық қолдау көрсету; Патриоттық,  азамат­тық,  мәдени-эстетикалық тәрбие беру; Дарындының даралығын насихаттау; Қатысушылардың шығармашылық әрекеттерінің  түрлері мен бағыттарын дәріптеу.

Конкурс-фестиваль дәстүрлі ән, жыр-терме, халық аспаптары, эстра­далық вокал, халықтық ансамбльдер аталымдары бойынша өтеді. Байқауға шет мемлекеттер мен республика­мыздың барлық облыстарының және Алматы, Астана қалаларының өнер­паздары қатыса алады. Қатысушылар жас шамасына қарай 5–7 жас (кіші топ), 8–12 жас (орта топ), 13–17 жас (үлкен топ), 18–25 жас (ересек топ) аралы­ғында өзара бақ сынасатын болады. Байқауда мәдениет және өнер қайрат­керлерінен, кәсіби мамандардан құрал­ған қазылар алқасы талабы таудай қаты­сушылардың өнерін бағаламақ. Байқау қатысушылары орындау шеберлігінің деңгейі, дарынның ерекшелігі, әсерлі­лігі, сахна мәдениеті, қатысушының жасына репертуарының үйлесімділігі бойынша бағаланады.

Фестиваль аясында 2 қарашада, сағат 19.00-де «Алатауды жаңғыртты домбыра мен қомузым» атты Қазақстан және Қырғызстан дәстүрлі өнер шеберлерінің концерті өтеді. Бұл тамыры тереңнен тартқан екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мен қазақ-қырғыз өнерін насихаттау мақсатындағы бұрын-соңды болмаған жоба. Концерт барысында екі ел өнерпаздары арасында ақындар айтысы, ән айтыс, күй тартыс және би жарысы болады.

4 қарашада, сағат 16.00-де өтетін Гала-концертте конкурс жеңімпаздары және «Аманат» өнер орталығының оқы­тушылары Эльза Қарабалина, Есбол Шаңбаев, Асылай Әпенова, Азамат Шнаров, Гүлмира Ізбасқанова, сонымен бірге Қазақстанның өнер шеберлері Сәуле Жанпейісова, Нүркен Әшіров, Өмірқұл Айниязов, сондай-ақ шет мем­лекеттерден қатысатын І Халықаралық «AMANAT musіс» конкурс-фестива­лінің қазылар алқасының мүшелері Юлияна Кривошапкина (Ресей, Яку­тия) мен Қайрат Салмакеев (Қырғыз­стан) және басқалар өнер көрсетеді. Қатысушыларды марапаттау рәсімі қорытынды гала-концерттегі фести­валь­дің салтанатты жабылуында өткізі­леді. Жеңімпаздар Бас жүлде, 1, 2, 3 орын (әр аталым бойынша) лауреаттық дипломдарымен, кубоктар және медаль­дармен марапатталады. Конкурс-фести­валь аясында қазылар алқасы үздік педагогтарды анықтап, диплом­дармен марапаттайды.

Фестиваль бағдарламасы аясында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Тілеулес Құрманғалиев Жетісу әншілік дәстүрі бойынша шеберлік сабағын өткізсе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Нүркен Әшіров қазақтың күйшілік дәстүрі бойынша сыр шертеді. Өнерсүйер қауым Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ Ұлттық консер­ваториясының доценті Ардақ Исатае­ваның дәрісінен Арқа әншілік дәстүрі туралы маңызды мағлұмат ала алады. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының кандидаты, әнші Сәуле Жанпейісова Батыс Қазақстан аймағының әншілік дәстүрінен шырайлы шежіре шертеді. Сондай-ақ, мәдени шара шеңберінде «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі­мен кездесу ұйымдастырылады. Байқау барысында қатысушылар мыңжылдық тарихы бар ару қаламыздың көрікті жерлеріне саяхат жасайтын болады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *