ДОМБЫРАҒА АДАЛДЫҚ

Оқу жылы басталғанда қала көшеле­рінен өскелең ұрпақ өкілдерін көптеп кез­дестіре бастадық. Міне, соның бір айға­ғындай ұлт­тық нақыштағы ою-өрнекпен көмкерген қобдишаларын арқалап бір топ жеткін­шек­тер аялдамаға жақындап келе жатты. Орталарындағы домбыра тартуды үйретуден жалықпайтын Тасқын Әлім­бай көзіме оттай басылды.

Әр жылдары мектептерде мерекелі жиын болса, сол жерде жиі кездес­тіретін жас жігіт те мені бірден шыра­мытты. Амандық сұраса бастағанда-ақ жас жігіттің көңілінде кірбің бар екенін бірден аңғардым.

– Қытайда туған және тұрған адам­дар үшін виза тоқтатылды ғой. Ата-анам­мен телефонмен де бұрынғыдай еркін сөйлесе алмаймын, – деп күрсінді ол.

Әкесі Әлімбай Ескелді Іле-Қазақ автономиясындағы емханада 30 жыл оташы болып еңбек етіп, 2010 жылы 60 жасында зейнеткерлікке шыққан екен. Анасы Шолпан Балтабекқызы Қы­тайдың Текес ауданының әкімшілігінде ұзақ жылдар қызмет атқарған. Екі інісі, яғни Жарқын мен Айдын да сол аспанасты елінде тұрып жатыр. Жазғы каникулда етжақындарына бара алмағанына күйзеліп жүргенін Тасқын жасырмай айтып салды.

 – Өзің отбасын құрдың ба?– деп сұрадым ойын бөлмек болып.

– Иә. Қытайдың Құлжасынан Талдықорғанға ертеректе көшіп келген бір отбасының Ұлан есімді қызымен көңіл жарастырдым. Қазіргі күні Наурызбай ауданына қарасты Ақжарда тұрамыз.

 –Мына шәкірттерің «Ақжелеңнен» бе? — деп сұрадым.

–Бұлар жаңадан домбыра үйрену­шілер. Алмалы ауданындағы №2 Оқу­шы­лар үйінде аптасына бір рет жина­лады. Ал оларды үй-үйлеріне өзім апа­рып тастауға міндеттімін. Көлікке отыр­ғызып беталды жіберуге дәтім жібермейді, – деді ол байсалды қалып­пен.

Міне, ғажап, Тасқынның әр балаға, соның ішінде өзіміздің қаракөздерімізге деген жанашырлығы әрдайым дауысы­нан байқалып тұрады.

–       Бұрынырақта мен көрген өнерпаз­дарың ендігі ержетіп, бойжетіп қалған шығар?

–       Әрине. Уақыт зымырап жатыр ғой. Бағдарламашы (программист) мамандығын Кореядан оқып келген Дәулетбек Ерғали қазіргі күні Алма­тының Халықаралық ақпараттық технология университетіне жұмысқа тұрды, сол оқу ордасының домбыра оркестрін жандандыруға да атсалысуда. Ал Назарбаев Университе­тінде оқитын Жаншырай Тұрсынәлі болса «Орда» тобының жанындағы «Жүзім» ансам­блінде жүр. Айдана Алай­зарова – Алматының, ал Сұлтан­бек Тәжіғалиев болса Канаданың Бонк Ковер қала­сының университетіне биыл грантпен қабылданды. Бұлардың екеуі де мек­тепті Алтын белгіге бітіргендер.

Иә, ойлап қарасам өнерге бейім оқушылар жан-жақты болып өсіп жетіледі. Бұл орайда ұлттық аспапта ойнауды үйретіп қана қоймай, әр күйдің шығу тарихын, авторының өмірбаянын, кімдердің қалай орындайтынын, бәрі-бәрін тәптіштеп, домбыра үйренем деушілерге айтудан жалықпайтын Тасқын Әлімбайдың еңбекқорлығы, ізде­німпаздығы, өз халқына деген құр­меті мен махаббаты ерекше. Оны мен 5-6 жыл бұрын-ақ байқағанмын.

Сонымен енді-енді аяққа тұрып, шаруасы түзеліп, үй салып алып, отба­сын құрған кезде Алматыға әке-шешесін, ағайындарын, інілерін көшіріп әкеле алмағанына қапалы жігіттің жәйін бірте-бірте түсінгендей болдым.

2006 жылы Шыңжаң педагогика университетінің Музыка факультетін ойдағыдай тәмамдаған Тасқын Құлжа­ның музыка мектебінде ән-күй пәнінен сабақ береді. 2007 жылы аңсары ауып, Алматыға қыдырып келеді де, әсем ша­һарда түпкілікті қалуға бел буады. Алғашында №62 мектепке қытай тілінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Сөйте жүріп домбыраға қызығушылығы бар балаларды жинап «Мұрагер» ансамблін, кейінірек 2015 жылы №67 мектеп оқушыларынан «Атадан мұра», №36 гимназия жанынан «Ақжелең», лицей қабырғасында «Жігер» домбыра­шылар оркестрін құрады. Әр оқушы­ның өзіндік болмысына бейімделіп, солардың уақыттарымен санаса отырып жасалған тынымсыз еңбек бүгінде нәтижесін беруде. Қалалық, республи­калық байқауларда Тасқын Әлімбайдың шәкірттері жүлделі орындарды иеленуі осының дәлелі. Тек қана соңғы жыл­дарды еске түсірсек, «Ақжелең» ансам­блі 2016 жылы республикалық «Тай жарыс» радио байқауына қатысып, бірінші орынды иеленді. 2017 жылы Грузияның Батуми қаласында өткен «From Georgіa wіth love!» атты өнер сайы­сында 2-орын алды. Ал осы жылдың жаз айында Италияның Пинето қаласына жол түсті. «Great Vіta» senza Frontіere 2018» атты жасөспірімдер ара­сындағы халықаралық өнер байқауын­да аспапта ойнау номинациясы бойынша бас жүлдені қанжығаларына байлапты.

– «Ақжелең» ансамблінде 12 бала бар, соның ішіндегі 5 оқушыны жеке-жеке жарысқа қостым. Мәселен, Құрманғазының «Адайын» Мұратжан Қарабалаев күмбірлетіп 2-орын алды. Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін Мұстафа Құрман орындап, бас жүлдеге қол жеткізді әрі 300 еуроны олжалады. Н.Тілендиевтің «Жекпе-жегін» Темір­лан Сәруаров, Құрманғазының «Балбы­рауынын» Әлмерек Айдарұлы, Әбді­момын Желдібаевтың «Ерке сылқымын» Сұлтан Қадыр орындап 3-орынға ие болды. Сөйтіп, шет елде өткен өнер сайы­сында фольклор номинациясы бойынша «Ақжелең» ансамблі бірінші орынға қол жеткізді. Әсіресе, «Секірт­пе» күйі орындалғанда зал іші гуілдеп кетті. Өйткені, бұл күйді домбыраны иық­қа қойып та, әрі-бері қозғап ойнақ­шыта отырып тартады. Пернедегі сау­сақтың қағыстары да сан алуан болып келеді.

Осы жаңалықты айтқанда, әлгінде ғана мұңайып тұрған Тасқынның көздерінен от ұшқындады. Сірә, ұстаз үшін шәкіртінің жетістігін көруден асқан бақыт болар ма?!

Айтпақшы, Тасқынның өнерпаздары Алматы қаласында өтетін шараларға мерекелік концерттермен әркез қаты­сып келеді. Биылғы жылдың 1 шілдесі — «Домбыра күні» болып ресми түрде жарияланғанын көпшілік жақсы біледі. Сол күні Тасқын Әлімбай төрт мектеп­тен 50 оқушыны «Арбатқа» алып барды. 500-ден астам домбырашының қата­рында күй күмбірлету мәртебесіне шәкірттерінің ие болғанын Тасқын үлкен қуанышқа балайды.

Иә, қайғының дәмін білмейтіндер қуаныштың әнін қайдан ұқсын!

 

Салтанат ҚАЖЫКЕН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *