ДИПЛОММЕН БІРГЕ ҒАШЫҒЫНАН ҰСЫНЫС АЛДЫ

Студенттер сарайында өткен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ақпараттық технологиялар және механика-математика факультеттерін бітіріп жатқан түлектерге диплом тапсыру шарасы биыл үлкен романтикалық жағдаймен ерекшеленді.
Бәрін ретімен баяндар болсақ, еліміздің Әнұранымен басталған салтанатты жиынды факультет декандары, физика-математика ғылымының кандидаты, доцент Байдәулет Урмашев пен PhD, доцент Дәурен Жәкебаев ашып, биылғы бітіріп жатқан 132 магистрант пен 413 бакалаврды, оларға білікті білім, саналы тәрбие берген залда отырған оқытушы-профессорлар құрамын, түлектердің алыс-жақыннан келген ағайын-туғандары мен дос-тілектестерін қызу құттықтады. Биылғы бітірушілердің университетте оқып жүріп білім мен ғылымдағы, спорт пен өнердегі қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, қоғамдық өмірде көрсеткен пәрменділіктерін атап, лайық марапаттарын – төсбелгілер мен Алғыс хаттар табыстады.
Факультеттер басшыларымен бірге ұжымның батагөй ақсақалдары, профессорлар Ж.Сүлейменов, Б.Бөрібаев, У.Төкеев сынды ұлағатты ұстаздары жоғары оқу орнының қабырғасында білім нәрімен сусындап, ғылымдағы алғашқы қадамдарын жасаған, үлкен өмірге жолдама алып отырған жеткіншектерге аталық ақыл-кеңестерін беріп, ақ жол тіледі. Салтанатты шараға әдейі ат басын бұрған жұмыс берушілер де сөз алып, сахна төрінен жаңадан біліктілік куәлігін алған үздіктер мен жалынды жастарды жұмысқа шақырды.
Келесі кезекте жылдағыдай, әр мамандық бойынша алдымен магистратура бөлімін, одан кейін бакалавриатты бітірген түлектерге үлгерімдеріне сәйкес, үздік бітіргендерге, содан соң жақсы бітіргендерге дегендей, ретімен диплом тапсырыла бастады. Жоғары білім туралы диплом алған әр мамандық иелерінен кейін Студенттер сарайына жиналған жұрт арнайы шақырылған эстрада жұлдыздары мен университет бітіріп жатқан өнерпаздардың құйқылжыта салған әндері мен мың бұралған билерін тамашалады.
Әрі қарай ақпараттық жүйелер мамандығының бакалавриат сатысын тәмамдаушылар диплом алатын кезде көрермендер сөз басында айтылған сезім серпілткен романтикалық көрініске куә болды.
Сахнаға сұранып шыққан Алматы Энергетика және байланыс университетінің түлегі, Автоматтандыру және басқару мамандығын оқып, бітірген Бейсембай Жайық Чайзаратұлы атты бозбала өзінің болашақ жары, бүгін «Техника және технологиялар бакалавры» академиялық дәрежесін алып отырған Оразкүл Ержанқызын оқытып, білім берген оқытушы-профессорларға, факультет ұжымына үлкен алғысын білдіріп, жұрт алдында тізе бүгіп, бір құшақ раушан гүлін ұсынып, сүйіктісіне сөз салды, жүзік кигізіп, өзіне мәңгілік жар болуын өтінді.
Куә болған зал толы көрермен екі жасқа баянды махаббат пен бақытты ғұмыр тілеп жатты…
Болат ӘБЕНОВ,
Ақпараттық жүйелер кафедрасының аға оқытушысы.