ДИПЛОМАТ

  • ТҰЛҒАТАНУ

Ұлт қайраткерi Михаил Есенәлиевтiң туғанына — 85 жыл

7Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Ұлт – бiр ұрпақ пен екiншi ұрпақ арасындағы заңды байланысты берiк сақтай отырып, табиғи жолмен дамы­ғанда ғана ол ұлы мұратына жетедi.

Ғасыр басында қазақ ұлты өз iшiнен өте күштi зия­лылар тобын шығарды. Өздерiнiң интеллектуалдық деңгейi жағынан бұл топ сол тұстағы Ресейдiң ықпалында болған бодан ұлттардың зиялылары арасында өте айбарлы болды. Ол кезде ұлт зиялыларын ұлттық мүдде ғана топ­тастыра алды. Ұлттың ар-ұяты, ақылы, рухани локомо­тивi ретiнде олар отаршылдық саясатта бұқараны бастап алып шықты. Бодан ұлттардың iшiнде метрополияның бiлiмiн терең сiңiрiп оған қарсы ымырасыз ашық күреске шыға бiлдi. Ормандай орыс арасында бiлiм алған Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхан орыс отаршыларына қарсы азаттық, теңдiк сұрап, халықтың сана-сезiмiне ұлттық рух түсiрдi. Ұлттың рухының сiлкiнуiне екпiн түсiрген олар сол жолда жанын да сарп еттi. Басталған iс жарты жолда мертiккен жоқ. Ұлт зиялыларының қазақ ұлтының болашағын айқындайтын ұранын кейiнгi халықшыл, мемлекетшiл жаңа күш – Iлияс Омаров, Михаил Есеналиев, Өзбекәлi Жәнiбековтер жалғастырды. Бұл топ ұлттық құн­дылықтардың тазарып, шынайы тү­рiн­де қалыптасуына барынша белсендi түрде күш салды.

Кез-келген қайраткер өзiнiң моральдық бейнесiн таза күйiнде қалыптастыра алмай тұрып, қоғамның мораль­дық бейнесiн жасай алмасы анық. Жоғары ойлы, адам­гершiлiгi мол адам өз өмiрiн сақтап қалуға бола, адамгер­шiлiгiне зиян келтiрмейдi, ол адамгершiлiгiн сақтап қалу үшiн соңына дейiн ұстамдылық танытып, қажет болса, өзiн құрбан етуге дейiн барады.

Қоғамда әлеуметтiк әдiлетсiздiк төзуге болатын нормадан асып кеткен кезеңде сенiм дағдарысы тереңдей түскен уақыт та болды. Қоғамның төменгi буыны жо­ғарыға сенбедi, жоғары төменмен есептеспедi. Комму­нистiк тәрбиенiң отаршылдық мәнiн әшкерелеуге келгенде қашан да құлықсыздық танытатын ұлт зиялыла­рының үнсiздiгiн бұл жолы билеушi партияның белдi бiр мүшесi сыртқа, халықтың өз ортасына алып шықты. Жылдар бойы партиялық ережеге шөктiрiп, «байлауда жемдеу» тәртiбiне корректировка енгiзген iрi тұлғаның бiрi – Михаил Есенәлиев едi. Ол бүкiл ұлтты тәуелсiздiгiмiздi нығайту жолында Қазақ партиясының туының астына жұмылуға үндедi.

Елiмiздiң суверенитетiн қамтамасыз ету, тәуелсiздiк алу жолында Михаил Есенәлиевтiң атқарған тарихи миссиясы орасан зор. «Бiз демократиялық реформалар жасалуы және оның баянды етiлуi үшiн күресемiз!» деген ұранына өмiрiнiң ең соңына дейiн адалдық таныт­ты. Қоғам мүддесiн бәрiнен жоғары қоя бiлген ол елiне, хал­қына аянбай, кiршiксiз қызмет ете бiлдi. Шенеунiктiк ман­сапқорлықтан, жағымпаздықтан, жалған iс пен сөзден бойын таза ұстады. Ар сөзiн айтуға келгенде, билiк буы­нындағы «данышпандардан» тайсалмады. Ширек ғасырға жуық өмiрiн Ресейде өткiзiп, қабiлет-дарынымен өзгелердi тамсандырған М.Есенәлиевтiң бар аңсары казақ топырағына ауып, оның жусанды даласында тер мон­шағы төгiлдi. Төгiлген тер босқа кетпедi.

Болашағын тарихи Отанынан iздеген Михаил Ивано­вичтiң (бiз дәстүрлi логотивтi бұзбадық, оның аты-жөнiнiң өзi үлкен мақтаныш және ол имидж болып кеткен. авт.) бар бақыты да осында жатыр. Егер ол Ресейде жүрсе, көп парторгтардың бiрi немесе азиялық елдердiң бiрiнде елшi­лiк кеңесшiсi болар едi. Әрине, оған комсомол мектебiнен кейiн Орталық Комсомол комитетiнде, СОКП Орталық комитетiнде қызмет iстеу ұсынылыпты. Бiрақ, Ресей жағдайындағы биiк мансап оның бар болмысын ашуына мүмкiндiк бермеген болар едi. Әйтсе де Михаил Иванович Қазақстан мемлекетiне қызмет ету таңдауында жаңы­лысқан жоқ. Оның тағы бiр бақыты да осында.

М.Есенәлиев Ресейдiң Саратов облысында туып, сонда мектеп есiгiн ашты, жоғары бiлiмдi Мәскеуде алды. Жоғары комсомол мектебiн, СОКП Орталық комитетi жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бiтiрiп, комсомол, партия органдарында жауапты қызметтер атқарды. Алматы қалалық партия комитетiнiң екiншi хатшысы, сыртқы iстер министрi, Орталық Партия комитетiнiң 12 жыл мәдениет бөлiмiн басқарып, қазақ елiнiң ұлттық мәдениетiн гүлдендiру мен оның болаша­ғының жарқын болуы жолында бар бiлiмiн жұмсады. Оның азаматтық тұлғасы да осы қызметте жүрiп барынша айшықтала түстi. Идеологиялық және әлеуметтiк сарын­ның алғышарттарын тасымалдайтын рухани сала – әдебиет пен мәдениет қызметкерлерi М.Есенәлиевтi өз старос­талары ретiнде қалқан тұтты. Сондықтан да ол: «Әдебиет пен өнердiң әрбiр қайраткерi – жеке министрлiк. Олардың әрқайсысымен жеке-дара жұмыс жүргiзу керек» деген принциптiң шеңберiнде прогрессивтi жұмыс iстедi. Қазақ тiлiне мемлекеттiк мәртебе беру жөнiндегi айтыс-тартыстарға белсене араласып, қазақ тiлiнiң беделiн қорға­ған «орыстiлдiнiң» бiрi де – нақ өзi болды. Мұндайда «Әрбiр адам шенеунiк болуы мүмкiн. Бiрақ, әрбiр шенеунiк қазақ бола алмайтындығы» (Мiржақып Дулатов) теоре­масын дәлелдеп бердi. Осыдан кейiн де орыс ықпалындағы қазақтар тiлге, дiнге, дiлге ұйып, сабасына түсуi керек едi. Бiрақ, ықпал ету аймағының әлсiздiгiнен тәуiр бастама өз жолынан ауып кеттi. Тегеурiндi қарсылықтың нәтижесiнде қазiр өз ұлтына менсiнбей қарайтын жат ұрпақ пайда болды. Кейбiреулер осы ұрпақты қазақ ұлтының болашағын айқындайтын жана екпiндi күш ретiнде көрсеткiсi келедi. Бұл – аса қатерлi ұғым. Осы ұрпақтың ұлтқа пайдасынан гөрi зияны мол тиiп отыр. Олардың арасында өз ұлтынан жерiп, сол ұлттың мақтанышы болудан бойын алшақ ұстайтындар да кездесiп қалады. Қазiр ең қауiптiсi де солар болып отыр. Осының бәрiн М.Есенәлиев алдын-ала көре бiлдi, айта бiлдi, ескерттi. Нәтижесi айқын…

Саясаткер деген өз картасымен ғана ойнайтын ойын­шы. М.Есенәлиев саясат тақтасында өз картасын ашып ойнады. Бiрақ, қолына үнемi «мизер» шыға бермедi. Бiрде ұтты, бiрде ұтылды. Әйтсе де, опоненттерiмен бiржақты жауласып кетпедi. Оларды саясат алаңында сындарлы полемикаға түсуге шақырды. Қазақстанның демократия­лық транзит кезеңiнде пайда болған саяси ұстанымдары аморфты, яғни, дәл ештеңе айта алмайтын партияларды елiмiз ой-мүддесiне сай қызмет етуге бұруға ықпал жасады.

Азаматтық сана адам мен мемлекеттiң бiр-бiрiмен қарым-қатынасындағы өзара мiндеттердiң шеңберiнде түзiледi. Тұлғаның мемлекеттi әлеуметтiк тәртiп пен жеке бастың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету факторы ретiнде қарастыруы мемлекеттiң азамат алдын­дағы және азаматтың мемлекет алдын­дағы өзара борыштарлық сезiмiмен то­лық­қанда ғана көрiнiс табады. Азаттық үшiн күрескен азамат­тар Отан игiлiгiн алдымен көруi тиiс. Бiздiң санамызда тым көмескiленiп кеткен сатқын, опасыз, тұрлаусыздық тәрiздi ұғымдар сонда ғана айқындалып, патриотизмнiң қадiрi сонда ғана артатын болады.

Қазақстан өз Тәуелсiздiгiн жария­лаған тұста бiзге күш көрсетiп, тiзе ба­тырғысы келген мемлекеттердiң басы­ның сақинасы ұстап, «ауруын» өршiтiп жiберуге түрлi себептер iздеп бақты. Елiмiздiң тәуелсiз болуын қаламайтын­дар «мыл­тықсыз майдан» жүргiзiп, сыртқы факторды iшкi фактор арқылы өткiзiп жiбергiсi келдi. Халық – мем­лекет пен үкiмет үшiн өмiр сүрмейтiнiн керiсiнше, мемлекет пен үкiмет халық үшiн қызмет ету қажеттiгiн алдыңғы планға алып шыққан да Михаил Ивановичтей азаматтар едi.

Қазiргi стратегиялық отын-энер­гетика саласының 80-жылдардың орта шенiнде тағдыры қыл үстiнде тұрды. Бас коммунист, демократ лидер Горбачевтiң басшылығы тұ­сында Қазақстанның батыс шалғайындағы Теңiз кенiшiнен мұнай мен газдың мол көзi ашылды. Саяси Бюро мәжi­лiсiн­де Горбачев им­периялық пиғылын көрсетiп, Қазақ­стан бас­шысы Қонаевқа қаратып: «Теңiздiң мол газы мен мұнайын өн­деуге Қазақ­станның өндiрiстiк қуаты жетпейдi. Мол қазынаны жеделдетiп ел пайдасына бұру қажет. Сон­дықтан оны Орынбордың не Самараның мұнай-газ кеше­нiне қосу керек. Осыған қалай қарайсыз?» – дейдi. Әрине, Қазақстан басшысы оған келiсiмiн бермейдi. Мұның соңы көп ұзамай Қазақстан басшылығына Колбиннiң келуiмен аяқталады. Горбачев тарапынан Колбинге республикада орыс өкiлдерiнiң салмағы басым екенiн пайдаланып, стратегия­лық маңызы зор мәселенi тағы бiр қоздатып жiберу жөнiнде астыртын тапсырма берiледi. Колбин өз қызметiне кiрiсiмен «Халықтар достығы және қазiргi заман» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өткiзедi. Терең ойлы интеллектуалды саясаткер Михаил Иванович саясаттың дауылын әрiден сезiп, қоғамды тосын импе­риялық жаулап алудан сақтандырып, республика терри­ториясының тұтастығы туралы сөз қозғап, орталық жүргiзген саяси пиғылдың алдын орағытып кетедi. Осы­лайша елiмiздiң сол тұстағы сыртқы iстер министрi қоғам­ды балаң идеализм мен бозбаланың максимализмiне ерiп кетуден сақтан­дырады.

Мұны  ұлт қайраткерiнiң тәуелсiздiктiң таңы алдын­дағы жанайқайы десек те болады. Түрiк мемлекетiнiң тәуел­сiздiгiне қауiп төнгенде Мұстафа Кемал Ататүрiк те дәл осындай сөздi халыққа жанұшыра жеткiзген болатын. Ататүрiк өз сөзiнде: «Негiзгi принцип – түрiк ұлтының абы­ройлы ұлт ретiнде өмiр сүруi. Бұл принцип тек тәуелсiздiкке қол жеткенде ғана жүзеге асуы мүмкiн. Қаншалықты бай және қаншалықты молшылықта өмiр сүргенiмен, тәуелсiздiгi жоқ ұлт өркениеттi әлемде бәрiбiр отар елден артық саналмайды.

Шет мемлекеттердiң көмегi мен қолдауына сүйену адамдық сипаттардан жұрдай, кедейшiлiк, әлсiздiк және мүсәпiрлiктi мойындаудан басқа ештеңенi бiлдiрмейдi. Шындығында да, мұншалық төмен деңгейге түспегендердiң өздерiне басшы етiп шет ел азаматын тағайындауына жол бермеу керек. Алайда, түрiк халқының ар-намысы мен абыройы және қабiлетi өте жоғары. Мұндай ұлттың құл болғанша, жоқ болғаны жақсы…

Олай болса, не тәуелсiздiк, не өлiм!

Мiне, нағыз азаттықты аңсағандардың ұраны осы. Бiр сәт осы шешiмдердi жүзеге асыруда жеңiлiске ұшырадық дейiк. Не болар едi? Құлдық!..».

Қандай үрейлi. Ататүрiктiң бұл байламдары Қазақстан­ның кешегiсi мен бүгiнгiсi және болашағына қаратып айтылғандай.

Адамның бостандығы мен құқығы билiк берген «сый» емес. Көпшiлiгiмiз осының аражiгiн ажырата алмаймыз. Сондықтан да саясаттағы сыртқы және iшкi құбылыстарда билiктiң ықпалында кете барамыз.

Рас, М.Есенәлиев те кеңестiк саяси жүйеде пiсiп, же­тiлдi. Соған орай демократиялық принциптер мен әдiстерге ол жүре үйрендi. Саяси басшылық қызметтегi орны оны саясатта центристiк саяси модельдiң ұлт мүддесiне орай жобасын жасап, аз ғана уақытта саяси дивиденд жинап алуына жол ашты. Бiрақ, ол бiрден аттанға басқан жоқ, бәрi өз уақытымен келдi.

Құқықтық мемлекетте билiктi бөлу олардың өзара әрекет ету ұйымдық-құқықтық механизмiн, әрқайсысы өз құзыры шеңберiне тоқтау және қарама-қарсылықты ұстап тұру мақсатын және сонымен бiрге, өзге билiктерден дербес­тiгiн әрi тәуелсiздiгiн қамтамасыз етудi өзiне қосып алған. Билiктi бөлу – бұл құқық пен мемлекеттiң зайыр­лылы­ғының эталоны. Билiктi бөлмейiнше, құқықтық мемлекет пен құқықтық зандардың болуы да мүмкiн емес.

Кеңестiк жүйеде заң шығарушы билiк формальды жоғарғы сипатта болды. Ал атқарушы билiк қабылданған заңдарды басшылыққа алып, қоғамды басқарды. Билiк тармақтарының дербес және бiр-бiрiнiң билiгiн тежей отырып өзiнiң функцияларын атқаруынан секемденген Горбачев Бас хатшылық пен Жоғарғы Кеңес төрағасын бiр қолға шоғырландырды. Одақтас Республикалар басшы­лы­ғында да саяси басшылықтың стандартты жүйесi қайта­лануы тиiс болды. Осыны түсiнген Михаил Иванович өзiне қаншалықты зиян соғатынын бiлсе де, Колбинмен болған кадр саясаты жөнiндегi әңгiмеде өз ойын ашық бiлдiрдi. Бiр адамның басқалар үстiндегi жеке дара билiгi, бәрiнен бұрын билiк жүргiзушiнi құртатынын саяси контексте жеткiзген М.Есенәлиев: «Бұл қызмет – Ұлттық мемле­кеттiң символы. Ол орында мiндеттi түрде қазақ болуы керек. Көптеген аналардың көз жасының Желтоқсан оқиға­сынан кейiн әлi кеппегенiн, егер мұндай шешiм қабыл­данса, наразылық бiлдiрiп көшеге ешкiм шықпасына, сөйтiп, екiншi Желтоқсан оқиғасының қайталанбасына, тiптi, одан да зоры болатынына» Колбиннiң көзiн жеткiзiп, райынан қайтарады. Өз дәлелдерiн алға тартқан ол: «Бiз саясатшылармыз, мәселенiң мән-жайына көз жеткiзiп, халықтың не нәрсеге наразы екенiн бiлуге, кейде қолдауға, кейде иландыруға, кейде келiсуге және нелiктен басқаша iстей алмайтындығымызды түсiндiруге тура келедi. Халықтың үнсiз қабыл алғанынан сақтану керек. Iшке айдап кiргiзiлген улы ауаның қашан шығатынын, оның қандай бақытсыздық әкелетiнiн сiз де, мен де бiлмеймiз», — деп ойын ашық бiлдiредi. Өзiне Жоғарғы Кеңес төраға­сының орынбасары қызметi ұсынылғанда өзiнiң оның айтқанына көне бермейтiн адам болатындығын, өз көз­қарасының, әр мәселеге өз позициясының болатындығын және оны шешiм қабылданғанша қорғайтынын ескертедi.

Осы оқиғадан соң Горбачевтiң атына хат жолдап, Колбиндi Қазақ Республикасының Жоғарғы Кеңесiнiң төрағасы етiп сайлауға болмайтыны жөнiнде өз ойын ашық бiлдiредi. Осылайша Михаил Иванович өз дүние­танымын, идеялық және еркiн анықтау принципiн, плю­рализмдi, нақты өмiрге сын көзбен қарау принципiн қолдайды.

Оның Бас хатшыға хат жазуының принципi мынаған саяды. Колбиннiң республикада тағы бiр бесжылдыққа қалдырылуы қоғамдық-саяси жағдайды шиеленiстiрiп жiберетiнiн, оның соңы Қазақстанның автономиялы республика ретiнде қайта құрылуына соқтыратынын, бiрнеше аз ұлтты халыққа автономия берiп, бiрнеше Қарабах туғызатынын алға тартады. Осы мақсатта Кол­бин алғашқы жылы-ақ үкiмет пен партия сарайын тазар­туда дайындық жұмыстарын жүргiзгенiн көре бiлдi. Осының өзiнен Колбин саясаткердiң келесi сайлау науқаны туралы, ал мемлекет қайраткерi Есеналиевтiң келешек ұрпақ туралы ойлайтынын көремiз.

Ол – мұндай оқыстан болған оқиғаның бұрын да алдын алған. Қазақстанда немiс автономиясын құру арқылы мәселенi шешiп тастауға болмайтынын, немiстер өздерiн саяси тұрғыда ақтауды Ресейде ғана қалпына келтiре алатынын, сондықтан ұлттық белгiлерi бойынша автономиялық құрылым құруға болмайтынын түсiндiрген кезеңдер болған. Осы көзқарасы арқылы ол Қазақстанда ешқашан да ұлттық автономиялық бөлшектеуге жол берiлмейдi. Қазақстан – бiртұтас ұлттық мемлекеттiк құрылым. Бiздiң негiзгi мүддемiз – Қазақ Республика­сы­ның толық тәуелсiздiгi, территориясының тұтастығы, қоғамдық өмiрдi демократияландыру деген ойды ашық бiлдiрген тұңғыш саяси қайраткер.

Егемендi мемлекеттiң басты мақсатын айқыңдауда iшкi және сыртқы саясаттағы ұлттық мүдделер үшiн республиканың шынайы сипаттағы көп қиыншылық­тарды жеңуiне тура келдi. Қазақстан өзiнiң Тәуелсiздiгiн жариялаған тұста Ресейде империялық-шовинистiк күштер өре түрегелдi. Олар империялық, ұлыдержавалық үстемдiгi мен отарлық олжадан айрылғанына еш келiсе алмады. Ресей мен АҚШ қана емес, Қытайдың өзi Орта Азия ендiгiндегi, тiптi, түркi тектес мемлекеттердiң бiртұтас болып ұйысуын қаламайды. XXI ғасырда мәңгiлiк достықтың болуы мүмкiн емес. Еларалық саясаттың бә­рiнде «мәңгiлiк достық» емес, «мәңгiлiк мүдде» ғана үс­тем­дiк құратыны айқындалып қалды. Саясаткер Есен­әлиев бұл мақсатта түркi бiрлiгiн барынша қорғап бақты.

Түркi халықтарының қазiргi жүрiп жатқан бiрiгу процесi осы ғасырдың басында басталып, тұншықты­рылғанын, оны «бөлшекте де билей бер» принципiн ұстанған әлемдегi саяси билiк иелерi түркi халықтары­ның бiрiгуiне емес, ыдырауына мүдделi болып отырғанын саяси трактатпен айтып, жүйелеп берген де Есеналиев едi. Тоталитарлық жүйе құлағанда бұл жүйе өз қисындарын өзiмен бiрге ала кеттi. Ендi түркi әлемiнiң экономиканы, ынтымақтастықты дамытуда, мәдени алыс-берiстi көбейтiп, рухани ой-жүйесiн қалыптас­тыруда жаңа платформа қабылдау қажеттiгiн ұсынған да Есенәлиев болатын.

Түбi бiр туысқан халықтарының тарихы мен мәде­ниетi, тiлi мен дiнi, әдебиетi мен өнерi, саяси-эконо­мика­лық мәселелерiнiң ұқсастығының өзi осындай тұтасуды, бiрiгудi талап етедi. Ендеше, түрiк мемлекеттерi арасын­дағы интеграция идеясы аспаннан түскен жоқ. Ол адам­зат дамуының бiр бөлшегi ретiндегi нақты тарихи жағ­дайдан туып отыр.

Өмiрдiң барлық салаларында кездескен қиыншылық­тарға бiрге төтеп беруге, өзара ынтымақты болуға бетбұрыс жасау деген сөз. Өйткенi, бiздiң арамызды аса бай тари­хи-мәдени ортақ мұраларымыз жалғап, сабақтастырып жатыр. Ал бұл мұраларды тарихи қазыналарды бiрлесе зерттеп, бiрiге қорғап, келешек ұрпақтар қолына басы бүтiн табыс ету – бүгiнгi түркi халықтарының алдыңғы қатарлы азаматтарының, зиялы қауымның абыройлы борышы.

Мәдениет — ешқашанда ескiрмейтiн, жанды ұғым, ол тарихпен ұштасып жатады. Өз тарихын ұмытқан ұр­пақтың қол жеткiзген мәдениетi ешқашан да толыққанды болмақ емес. Сондықтан, күллi адамзат қауымы сияқты бiздiң түркi перзенттерi де көнеден тамыр тартқан киелi тарихын қастерлеп, ежелгi мұраларға қамқор көзбен үңiлiп, өткеннiң сабақтарын зерделеп, келешекке жеткi­зуге мүдделi. Бұл ұлт қайраткерiнiң түрiк бiрлiгiн нығай­тудағы аманаты болатын.

1990 жылы М.Есенәлиев бiр топ зиялы азаматтармен бiрге қоғамдық-саяси «Азат» азаматтық ұйымын құрды. Қазақстанның Тәуелсiз ел болуы жолында бұл ұйымның ықпалы зор болды.

Михаил Есенәлиевтiң қанатты сөздерi

  • Қазақстан өзiнiң Тәуелсiздiгiн жариялаған алғашқы күннен бастап Ресейде империялық – шовинистiк күштер өре түрегелдi. Олар империялық, ұлы держа­валық ке­шен­нiң үстемдiгiмен қымбат отарлық олжадан айрыл­ғандығына еш келiсе алмайды.
  • Қазақстан автономия жасау арқылы бiз өз немiс­терiмiздiң проблемасын шешпегенiмiз былай тұрсын, ГФР-ды  да қанағаттандыра алмаймыз. Егер бiз бiр талапты орындасақ, Батыс ертең басқасын қояды.
  • Менiң елге, халыққа деген ұлтжандылығыма келетiн болсақ, мен ешқашан, ешкiмге дес бермеймiн. Ал кейбiр сылдыр көмей, жез таңдай «бұлбұлдардың» менi ұлтшыл етiп көрсетуге тырысқан әрекеттерi сәтсiздiкке ұшы­райды.
  • …қоғамның iлгерi басуына басқарып отырғандар  ғана емес, Отанын шын сүйетiн әрбiр интелигент, ағартушы, қарапайым адам мүдделi.
  • Интеллектуал – ойы қисынды және не нәрсеге де өзiндiк баға беретiн адам ретiнде қолайсыз болып көрiнедi, бiрақ, ол — түсiнiгi бар, кең ойлайтын адам.
  • Мәдениет – ешқашан да ескiрмейтiн, жанды ұғым, ол тарихпен ұштасып жатады. Өз тарихын ұмытқан ұрпақтың қол жеткiзген мәдениетi ешқашан да толық­қанды болмақ емес. Сондықтан, күллi адамзат қауымы сияқты бiздiң түркi перзенттерi де көнеден тамыр тартқан киелi тарихын қастерлеп, ежелгi мұраларға қамқор көзбен үңiлiп, өткеннiң сабақтарын зерделеп, келешекке жеткiзуге мүдделi.
Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *