Димекең қатардағы теңiзшiге де көмектесiп едi

Мен Кеңестер одағы кезiнде Солтүстiк флотта әскери мiндетiмдi өтеген едiм. Бiздiң база орналасқан Мурманск қаласы маңындағы айлақта «Ленин» мұзжарғыш атомоходы, «Алдан», «Памир», «СС-1» деген әскери кемелер тұратын. Олар күштi күзетiлетiн. 

Бiр күнi сондағы 6-әскери кемелердiң бригадалық штабына бара жатып, Ержан есiмдi қазақ жiгiтiмен кенеттен кездесiп қалдым. Көптен берi өз қандасымызды көрмегендiктен, екеумiз шүйiркелесе кеттiк. Сөз арасында мен Ержанның Алматыдағы балалар үйiнде тәрбиеленгенiн, жақын туысқандарының бар-жоғын бiлмейтiнiн, дайындықтан соң жақында осындағы құтқарушы әскери кемелер бригадасына түскенiн естiп-бiлдiм. Және ол өзiнен бұрын келген теңiзшiлерден қысым көрiп жүргенiн, сондықтан әскери борышын одан әрi жалғастыру үшiн КОКП саяси бюросының мүшесi Д.Қонаевқа хат жазғанын айтып қалды.

Әрине, мұны естiген соң мен жолдастарымды жинап, Ержанға тиiсiп жүрген теңiзшiлермен сөйлестiк. Олар жағдайды бiрден түсiндi. Мiне, сол күннен бастап Ержанның қызметтестерiмен қарым-қатынасы бiрден өзгерiп сала бердi. Дегенмен, келесi аптада Солтүстiк флот бойынша Бас саяси басқарманың адмиралы келдi де, дереу офицерлердi жинады. Онда ол Дiнмұхамед Қонаевтың Солтүстiк флот қолбасшысы адмирал Любовқа жазған теңiзшi Ержан Дәулетов туралы хатын оқып бердi. Сол жерде Ержан қызмет ететiн кеменiң командирi мен орынбасары тiк тұрып сөгiс естiдi.

Артынан Ержан маған келiп жағдайын айтты. Кеме командирi Ержанды өзiне машина жүргiзушi етiп алып, бiр бөлме бергiзiптi және офицерлер асханасынан тамақтануға мүмкiндiк туғызыпты. Осыны айтқан Ержан екеумiз естелiкке суретке түстiк. Осыдан соң бiздiң команда қызмет орнын өзгертiп, мен Ержанды қайтып көре алмадым. Сондықтан да оның аты-жөнiн құпия қалдырып отырмын. Осы орайда айтпағым, үлкен бiр республиканы басқарып отырған Димекеңнiң қатардағы теңiзшiге көмектескенiн қалың жұртқа жеткiзу едi. Өйткенi, мұндай жақсылықты кез-келген басшы жасай бермейдi ғой…

Марат ҚОБЛАНОВ,

«Шаңырақ-2» ықшамауданы,

Өркен көшесi, 68-үй.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *