ӘДІЛҒАЗЫ ҚАЙЫРБЕКОВТІҢ 10 ТОМДЫҒЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

11Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Ұлттық кітапхананың Көрмелер залында Мәдениет қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Әділғазы Қайырбековтің он томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі болып өтті. 10 томдық шығар­малар жинағы «TST Company» баспа компаниясынан жарық көрген болатын. Алғашқы үш томға – өлеңдері, толғаулары, балладалары мен поэмалары, 4-томға – С.Мұ­қанов пен Ғ.Мүсіреповтің  өмір жолдары, шығармашылық байла­ныстары туралы жазылған эсселер, ғылыми-зерттеу мақалалар, ғылыми баяндамалар, ой-толғамдар,  5-томға –  әдебиет, мәдениет, өнер, ғылым және қоғамдық-әлеуметтік мәсе­лелерге қатысты жазылған мақа­лалар, 6-томға – сыр-сұхбаттар, 7-томға – эсселер, әдеби портреттер, естеліктер, 8-томға – «Тәуелсіздік және қазақ поэзиясы» моно­графиясы, мақалалар, 9-томға – деректі әңгімелер, очерктер, күнделік, әріптестер лебізі, 10-томға – мақалалар және библиографиялық көрсеткіштері топтастырылды.

12Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің филология  факультетін 1978 жылы бітірген Әділғазы Қайырбеков «Лениншіл жас», «Халық кеңесі», «Қазақ елі», «Шалқар» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орын­басары, «Қазақ Энци­кло­педиясы» Бас редак­циясының жетекші маманы  болып қызмет атқарды. 2000 жыл­дан бері Алматыдағы С.Мұ­қанов пен Ғ.Мүсі­реповтің мемлекеттік әдеби-мемо­риалдық музей-кешені­нің директоры болып қызмет атқарады. ҚР Жоғарғы Ке­ңесінің Грамотасымен, «Аста­наның 10 жылдығы» мерекелік медалімен, ҚР  Ұлттық бизнес-рейтингінің  «Даңқ жұлдызы» орденімен марапатталған. Көптеген өлеңдері «Екімың­жылдық дала жыры», үш  томдық қазіргі қазақ әдебиеті антологиясы (Мәскеу), он томдық «Жыр маржаны» қазақ поэзиясының антологиясы жинақтарына енген. Осы кезге дейін он бес кітабы жарық көрді.

Ақынның он томдық шығармалар жинағының жарық көруіне орай Ұлттық кітапхана қорынан автордың шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Шығар­малар жинағының тұсаукесер рәсі­мінде Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Маралтай Ыбыраев 60 жастың асуына шығып отырған ақынды әріптестері атынан құттықтап, шапан жапты. Алматы қалалық Мәдениет басқармасының атынан Рузана Бектұрғанова, Алматы облысы мен қаласы мәдениет және спорт, ақпарат қызметкерлері кәсіп­одағы атынан Алмагүл Есір­кепқызы құттықтап, сый-сияпат көрсетті. Ақын-жазушылар Рафаэль Ниязбеков, Темірхан Медетбек, Әмірхан Меңдеке, Қасымхан Бег­мановтар ақынның он томдық шығармалар жинағы туралы ойларын ортаға салды. Тұсаукесер рәсімінде Әділғазы Қайырбеков өзінің өлеңдерін оқыды.

 

ТАҒДЫР ЖАЗУЫ

Қараңғыны тіліп өткен жарықтай,

Қақыратқан тас қамалды алыптай,

Қылкөпірдің астындағы тамұқтай,

Қарияны толғантқан үш анықтай,

Құпияңды ашсам дедім жалықпай!

 

Қас шебердің төгілдірген зеріндей,

Қазанаттың құмға басқан мөріндей,

Қыз жасауы тұрған үйдің төріндей,

Қамшыдағы тоғыз таспа өрімдей,

Жұмбағыңды шешсем дедім ерінбей!

 

Бозбаланың басындағы бұлғақтай,

Боз даланы басып қалған сырғақтай,

Бесатарды бөлеп қойған құндақтай,

Қошқар мүйіз оюы бар сырмақтай,

Тылсымыңа батсам дедім тіл қатпай!

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *