ДЕТЕКТИВ ЖАНРЫНЫҢ ДАҢҒАЙЫРЫ

(БЕС ТОМДЫҚ ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ)

Жақында «Ана тілі» баспасынан Мәдениет және спорт министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша қазақ прозасында детектив жанрының негізін салып, қасқа жолын қалыптаған қаламгер Кемел Тоқаевтың шығармалары жарық көрді.

Бұл көрнекті қаламгер Кемел Тоқаевтың 95 жылдығына орай шыққан мерейтойлық бес томдық.

Сарбазға арналған сөз-мүсін

 

Қазақ прозасында детектив жан­рының жолашары бола білген қаламгер шығармашылығы тақырыбы жағынан қазыналы да, тәлім-тағылымы жағынан мағыналы болып келеді. Өйткені, оның басты ерекшелігі өзінің бастан кешкені мен көргені жайлы жанымен сезіп зерделей жазады. Ал оның жастайынан бастан кешкені – кешегі сұрапыл соғыс, өмір мен өлімнің бетпе-бет келген сәті, қан майдан – қаһарлы күндер.

Соғыс, елдік пен ерлік халық үшін сын еді.

Ер мұраты да сын сағатта шың­далады. Жаңғырығы алыстай түскенмен әлбетте, мұның бәрі ұрпақтан-ұрпаққа көркем әдебиет арқылы жетеді. Міне, осы орайда соғыс тақырыбына қалам тербеген қаламгерлер қатарында Кемел Тоқаевтың есімі ерекше аталады. Бейбіт күннің құтын қашырған соғыстың сұра­пыл күндерінде ел мен жерді қорғауға қатысқан қаламгер жастық шағының жарқылдаған күндерін соғыстың суық та сұрқай шебінде, оқ пен оттың ортасында өткізді. Өмір мен өлімнің айқасын өз көзімен көрді, күн сайын бораған оқтын астында, аспаннан жауған ажалмен бетпе-бет келді.

Мұның бәрі ұмытылмады, оның бейбіт өмірге келгеннен кейінгі өмір жолында қаламына – қуат, шабытына – шуақ берді. Кейіпкерді қиялдан іздеген жоқ, өзі бастан кешкен қаһарлы күндер­ден тапты, куәгер болған солдат ерлі­гінен алды, көргенін көркемдікпен сомдады. Осылайша қаламның құдіре­тіне сүйеніп өмірге шынайы шығармалар әкелді.

Бұл орайдағы Кемел Тоқаевтың сүбелі шығармасы «Солдат соғысқа кетті» романы бірінші томға берілді. Романға берілген «Ұлы Отан соғысында 22 жасында ерлік өліммен қаза тапқан политрук Қасым Болтаевқа арнай­мын»  деген эпиграммаға қарап автор­дың бұл шығармасына айрықша шы­найылықпен, көкейін тескен тебіре­ністі күймен толғай қалам тербегенін көреміз. Көлемді шығарманың құры­лымдық жүйесі де «Солдат күнделігінен» үзін­ділерімен тұздықтала отырып, майдан­дағы қаһарлы күндер психо­логиясы мен панорамасы тәптіштей таратылады. Оқиғалардың желісі майдандағы өмірді жан-жақты суреттеу арқылы бар қырынан көрінеді. Соғыстың өртіне кеп түскен өрімдей жас жауынгерлердің образы көз алдыңа келеді, соғыстың қайғы-қасіреті мен қатыгездігі жаныңды түршіктіреді. Жаралы жауынгерлер өмірі, оның жан қиналысы, ажал аузындағы арпалыс, жұлынған аяқ пен жаншылған дене­лердің қанға боялған көріністерінің қаз-қалпында берілгені сондай, сол сұрапыл шайқастың куәгеріне айналасың. Жарылған бомба мен жауған оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің сын сағатта өзін қалай ұстап, қалай көрсететіні, олардың әрқайсысының бір-біріне ұқсамайтын көзқарасы, өмірге құштарлығы, батыл­дығы мен батыр­лығы, соған коса кейбір кейіпкерлерінің қорқақтығы мен сат­қындығы, пұшайман пенделігі секілді әйтеуір адамда болатын қасиеттердің бәрі романда шынайы суреттеледі. «Солдат соғысқа кетті» романын ерек­шелеп тұра­тын да осы шыншылдығы, айтарына адалдығы. Бұл роман қалам­гердің жара­тылысын ақиқаттай ашып, сөз өнеріне берік суреткерлік тұлғасын танытады.

Қаламгердің шығармалар жина­ғының бірінші томына «Солдат соғысқа кетті» романымен қатар «Түнде атылған оқ», «Тасқын» повестері берілген. Қазақ прозасында өзіндік орны бар, әр кезең­нің болмысын таразалай отырып тақы­ры­бына тиек еткен, көптеген шығар­малары оқырман талғамынан шыққан қаламгер өмір шындығына деген адал­дығынан жазбаған. Бұл оның қалам­герлік қалыбы, көркем мінезі, оған әр кітабы ақиқаттай куә.

Шытырман оқиғалы шындықтар

Екінші томға берілген қаламгердің кезекті күрделі шығармасы – «Соңғы соққы» романы. Күрделі деп ерекше атауымыздың мәні мынада. Алдымен қаламгердің таңдаған тақырыбына терең зерттеушілікпен барып, өткен өмірдің қиын-қысталаң шағындағы дерегі мен дәйегі, шындығы мен аңызы араласып кеткен оқиғалардың тінін ашуға тайсалмай барғаны тәнті етсе, дәуір тынысына сай дүбірлі оқиғалардың, оған қатысты жандардың қарекеті мен күресінің құпия сырларын аша отырып суреттей білудегі қаламгерлік табандылығы қапысыз шеберлігімен баурап алады. Осы тақырыпты игеру жолында қандай қиындықтар мен кедергілердің барын біле тұра қаламын қайсарлықпен сілтей білуіне қарап, қаламгердің рухани қуатының қандай болғанын бағалау қиын бола қоймас. Шындығында, бұл романның оқиғалары мен кейіпкерлерінің нақтылығы мен дерек­тілігі – өткен өмірдің құйын желін құрықтай білумен пара-пар дерліктей еді. Мұны, әсіресе, белгілі ғалым-әдебиетші, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шериаздан Елеукенов ыждағаттылықпен аса терең зерде­лей жазған еді. «…Романның бірден қызықтыратыны – тарихи құжаттарды ұтымды пайдаланғанынан ба деймін. Жәй шығарыпсалма сөз болмасын деп, өзімше «Соңғы соққыны» Дмитрий Фурмановтың Жетісу өңіріндегі дәл осы азамат соғысы кезеңін суреттейтін атақты «Бүлін­шілік» романымен және Ш.Аймановтың «Атаманның ақыры» көркем фильмімен салыстырып, қазақ жазушысы туындысының ерекшеліктерін ашуға тырыстым. Қазақ жазушысы олардан өзгеше детектив жанрының табиғатына сәйкес ахуалды тұжырымды тілде сипаттап береді. Кемел романының әу бастағы көркемдік бағыты еш күмән туғызбайды. 1916 жылы қазақ халқы – ұлт азаттық туын көтерді. Кемел құбылнамасы – осы шындық», – деп түйіндеудің астарында романның идеялық мұратын меңзеген толғақты ой жатқаны сөзсіз.

Үшінші томның үлесіне «Ұясынан безген құс» романы мен «Қастандық» повесі тиіпті. Жалпы, шытырман оқиғалардың өмірдегі болмысын терең әрі өзіндік тұрғыда танып-білетін, шылауында кетпей оның логикалық қисынымен дамуын зерделей алатын қаламгер әр шығармаға шынайы шындықты арқау етуі – оның қаламгерлік кредосы деуге болады. Оқырманын баурап әкететін «Ұясынан безген құс» туындысынан да осы бір ізгілікті әрі иланымды ұстанымды көреміз. Мұндағы ағайын арасының татулығы, қызғаныштың құрық бойламайтыны, көреалмаушылық, маскүнемдік, зина­қорлық секілді пендеауи қасиеттер мен құндылықтарды оқиғалардың тұздығы ете отырып, Шегебай мен Нояндардың «жымын білдірмейтін жылан» жүрістерін әшкерелейтін мілиса қызметкерлерінің еңбегін боямасыз суреттейді. Мұндағы «Ұясынан безген оңбайды…» сөзі ұлт ұясын қадірлеуге ұласып жатқанын меңзеу – шығарманың тастүйін толғамы.

Қаламгердің көп тер төккен тақырыбы, қазақ проза­сына тың үрдіс әкелген шығармалары негізінен көпке мәлім – шытырман оқиғалы повестері. Бұл повестері байыппен зер салуды, қаламгер ізденісінің тұрақтылығы мен табандылығының айқын айғағындай болған жемісті еңбектер. Бұл прозаға келген жаңа жанр, күрделі де тәрбиелік мәні зор, оқырманды баурау жағы­нан ұтқыр да ұшқыр детектив жанрының шебері ретінде танылған қаламгердің шығармашылық ізденістегі жемісті де жеңісті жылдары іспетті. Қаламгердің бұл шығарма­лары («Сар­ғабанда болған оқиға», «Көшпенді үйдің қонысы қайда?», «Таудағы жаңғырық», «Көмескі із», «Солдат қабірінің басында»)төртінші томнан орын алған.

 

Тұлғатану томы

 

Әлбетте, оқырманды қаламгердің жеке қаламгерлік, адамдық, азаматтық болмысы да қызықтырмай қоймайды. Кемел Тоқаев кім, өмір жолы қандай еді, қаламгерлік тұлғасы қалай қалыптасты, өмір мен әдебиеттегі ізі қандай, ол туралы пікір-пайымдар толғамы нені байыптайды секілді сауалдардың тұратыны сөзсіз. Міне, осы орайда, бесінші томнанкөңілді қызықтыратын, оқырман жауабын білгісі келетін бұл сауалдарға жан-жақты жауап-сырларды, толғам-ойларды қалауынша таба алады дер едік. Мұндағы Кемел Тоқаев өмір жолы, от­басы, өткені мен көргені жайлы туған ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ дипломатиясының аса көрнекті тұлғасы Қасымжомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» эссесі ерекше қызығушылық тудырады және асқан ықыласпен оқылады деп білеміз.  Әке мен анаға деген перзенттік махаббатпен төгілген толғауда ата-анасын сүйіп, оны құрметтеп өткен, олардың жақсылығы мен қуанышын іңкәрлікпен еске алған, оны өмір бойы ұлық тұтып үкілей білген ұлдың сағынышқа толы көңілінің мөлдір моншақтары қағаз бетіне қаз-қалпында түскен, баянсыры әсерлі де айрықша қастерлі. Жүректі тербеп, көңілге нұр құяды, перзенттік адалдықтың осыншалық пәктігі мен парасаттылығы, таңғы шықтай тазалығы еріксіз тәнті етеді. Баяндауы байыпты, толғауы тебіреніске толы өмірбаяндық эссенің жазылуы кере­мет, одан алар әсер де айрықша боларына кәміл сенімдіміз.

Кемел Тоқаев тұлғасын сомдаған замандастары мен қаламдастардың естеліктері де томдықтың мазмұны мен мәнін байыта түскені сөзсіз. Біздің бұдан түйетініміз – нақты деректермен дәйектеліп, өзекжарды ойлармен өрілген осынау естеліктер – Кемел Тоқаевтың азамат­тық биігін, шығармашылық тұлғасын бар қырынан жарқын көңілмен жарқырата жайып салып шынайы болмысын бағалай, шығармашылық ғұмырын ұлықтай да ұзарта түседі.

Жалпы, Кемел Тоқаевты қалың оқырман шытыр­ман оқиғалы дүниелер жазатын әрі онысы көп тиражбен шығатын қаламгер ретінде біледі. Оқиғалары тосын, шиеленісті болып, адамды бірден баурап әкетер, сюжеті қалың қатпарлы повестерін қызыға оқып, жоғары бағалайды. Оның әрбір шығармасы бірден оқырман қолына жетіп, сөреде сарғайып жатпайды. Қаламгер үшін ең үлкен бақыт осы еді. Оның қаламынан туған повестердің аттарын кәнігі оқырман әлі ұмытқан жоқ, өйткені танымал кітаптары әр үйдің кітапханасынан табылады десек қателеспейміз.

Әлбетте, шығарманы оқығанда оқырман суреттеліп отырған оқиғасының шындығына, оның сезілу әрекетіне, суреттеу сипатына, тіпті кейіпкерлердің сөз саптауларына дейін назар аударатыны ақиқат. Оқиғалар желісінің қызғылықты әрі тартымды болуы, айтар жұмбағына – ашар сырына ынтықтыра түсуі, шығарма нанымдылығын арттыра түсер композициялық желінің шымыр боп келуі қаламгердің суреткерлік шеберлігіне тікелей байланысты екені белгілі. Бұл тұрғыда Кемел Тоқаевтың өзіне тән стилі мен баяндау әдебі, көңілді баулар көркем көкжиегі бар.

Қаламгердің әр туындысы оның қай тақырыпқа барса да көркем сөзге деген іңкәрлігін ұлықтай біліп, үлкен жауапкершілікпен барғанын көрсетеді, қаламгерлік парыз жүгін қасиеттей көріп терең сезінеді.

Әр шығармасына осылай қараған қаламгер өмірден көрген-түйген жайлардың, бастан кешкен кезеңдердің әсерінен туындап, дәуірдің кейіпкерлерін сомдау арқылы қоғам мен өмірді барынша шынайы суреттей білген. Өмірлік оқиғалардың нанымды көрінісін көркем тілмен бейнелей де, сөйлете де білу қаламгер қаламы­ның қарымын танытады.

Таңдауын тауып, соған ерік-жігерімен берілген қаламгер қашанда көкейдегіні көркем ойға бөлуге құштар, оның шып-шырғасын шығармай оқырманға жеткізуге әркез асық. Соған орай жазғандары олардың көңіл ырзалығына бөленіп жатса ойдың орындалғаны, қалам сөзінің көкейге қонғаны. Кемел Тоқаев шығар­ма­ларының үнемі көп данамен шығуы осының айғағындай.

Қаламгер шығармаларының дені шытырман оқи­ғалы проза жанрының қазақ топырағында жандануын бірінші болып қолға алып, тың соныға түрен салуы ерекше аталып өтіледі. Өйткені, қиын да тосын жанрды қазақ прозасына алып келу оңай оңтайға келе бермей­тін батылдық десек, Кемел Тоқаев қаламы бұл сыннан сүрінбей өтіп, көптеген шығармаларымен оқырманын қуантқанына ризамыз.

Әрбір шығарма қаламгердің жан толқынысынан барып туады. Ондағы кейіпкерлер, оқиғалар, ойлар мен сезімдер толғанысы қаламгердің өмірлік танымы мен талғамының, сараптауы мен саралауының желісі мен жемісі.

Кемел Тоқаевтың болмысын, қаламгерлік қарамын тану үшін жазғандарын оқу керек. Ал оқыған жанның өз дәуірінің болмысын көркем сөзбен кестелеген қаламгердің еңбегіне риясыз ықыласты болары сөзсіз.

Бес томдық – қаламгердің кемел қазынасы.

 

Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

«Ана тілі» баспасының директоры.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *